Ол таба-и табиғин кезеңіндегі хадис, наху, қирағат салаларында ерекше көзге түскен әйгілі ғалымдардың бірі. Наху ілімінде Куфа тіл мектебінің алғашқы өкілі. Ныспысы Әбу Мұғауия болған Шайбан ибн Абдуррахман (р.а.) Әзұлдарының Наху саласына тән болғандықтан, ән-Нахуи, Басрада туылғаны үшін әл-Басри, Араб әдебиетінен дәріс бергендіктен әл-Муаддиб, Тәмим тайпасының азат етілген жандарынан болғандықтан, әт-Тәмими деп те аталған. Көбіне Әбу Мұғауия ретінде белгілі.
Туылған мерзімі нақты белгісіз, дегенмен Әбу Мұғауия (р.а.) Басрада туылды. Кейіннен Куфаға келді. Біршама уақыт осында ілім ізденді. Кейіннен ілім үйретумен шұғылданып, Бағдатқа кетті. Бағдатта Хашимиттерден Сүлеймен ибн Дәуіт пен бауырларына әдебиеттен сабақ берді. Аббаси халифасы әл-Мәхди дәуірінде 164 (милади 780) жылы Бағдатта қайтыс болды. Абдулмәлик ибн Үмейір, Қатада, Фирас ибн Яхьия, Яхьия ибн Әби Касир, Саммак ибн Харб, Сүлеймен ибн Михран әл-Ағмаш, Әшаш ибн Әби Әби әл-Шаша, Хасан әл-Басри, Абдуллаһ ибн әл-Мұхтар, Зияд ибн Алақа, Осман ибн Абдуллаһ ибн Маухиб, Мансұр ибн Мүтамир, Хилал әл-Уаззан мен басқа да көптеген ғалымдардан ілім үйреніп, хадис-шәріп риуаят етті.
Наху ілімінде Куфа тіл мектебінің алғашқы құрушыларының бірі ретінде Әбу Мұғауия Шайбан ибн Абдуррахманнан (р.а.) төмендегідей көптеген кісілер ілім үйреніп, хадис риуаят еткен: Ибн Құдама, Имам ағзам Әбу Ханифа, Әбу Дәуіт әт-Таялиси, Әбу Ахмед әл-Зүбейри, Мұғауия ибн Хишам, Шабаба, Хүсейін ибн Мұхаммед, Хасан ибн Мұса, Абдуррахман ибн әл- Махди, Юнус ибн Мұхаммед, Әбу Надр, Яхьия ибн Әби Букайр, Уәлид ибн Мұса, Али ибн Жағыд және басқа да көптеген ғалымдар.
Өз дәуірінде әрі кейіннен жетілген әйгілі хадисшілер оны сиқа (сенімді), садық (шын сөзді), сабит (орнықты) деп мойындап, хадис-шәріп риуаят еткендер арасында соны таңдаған.
Ахмед ибн Ханбәл (р.а.): «Шайбан ибн Абдуррахман Яхьия ибн Әби Касирден риуаят еткен хадис-шәріптерде Әузаиден де өткен сабит (мықты, орнықты)» деген.
Әбу Дәуіт әт-Таялиси: «Қатададан риуаят хадис-шәріптерде Шайбан ибн Абдуррахман маған Мағмардан да ұнамды» десе, Мұхаммед ибн Яқуб: «Ол қирағат пен Құран кәрім іліміне ие әрі осымен әйгілі» дегенді атасынан жеткізген.
Әбу Бәкір әл-Әсрам әт-Таи имам Ахмед ибн Ханбалдан: «Хишам әт-Дастуани мен Шайбан ибн Абдуррахман жайында не айтасыз?» деп сұрағанда, ол «Иә, Хишам одан жоғары тұр. Өйткені Хишам хадис хафызы, Шайбан болса кітап хафызы. Шайбан ғалымдардан хадис риуаят етті, хадисі сахих» деді.
Нәсаи, Тирмизи, Ибн Шахин, әл-Ижли мен Ибн Сағыд секілді ғалымдар да оның хадисте сиқа екенін айтқан.
Осман Дарими ғалым Яхьия ибн Муиннен: «Сүлеймен ибн Михран әл-Ағмаштан риуаят еткен хадис-шәріптерде Шайбан ибн Абдуррахман қалай?» — деп сұрады. Ол да: «Барлық нәрседе сиқа (сенімді)» деді.
Риуаят еткен хадис шәріптерінің кейбірі мыналар:
Бәра ибн Ариб (р.а.) жолымен риуаят еткен хадис-шәріптерде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сәлемдесуді жайыңдар, есендікте боласыңдар. Бос нәрсе жаман», — деп бұйырған.
Жабирден (р.а.) риуаят етілген хадис-шәріпте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Соңғы демдеріңде де Алла Тағаладан жақсылық күтумен болыңдар», — деп бұйырды.
Хұзайфадан (р.а.) жеткен хадисте Расулалла (с.а.у.): «Адамның бүлігі отбасы мен дүниесінде, балалары мен көршілерінде. Оған ораза, намаз, садақа, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю кәффарат болады» деген.
Әбу Хұрайрадан (р.а.) жеткен хадис-шәріпте Пайғамбарымыз (с.а.у.):
«Барынша дұрыс қалыптан айнымаңдар. Турашылдықтан айырылмай, турашыл әрекет етіңдер. Мынаны жақсы біліңдер, ешбірің істеген амалдарымен құтыла алмайсыңдар» деді.
Әбу Хұрайрадан (р.а.) риуаят етілген құдси хадисте Алла Тағала: «Мен ізгі құлдарыма ақыретте көз көріп, құлақ естімеген, ешкімнің қиялына да кіріп-шықпаған небір нығметтер әзірледім» деген.
Әбу Сайыдтан риуаят етілген хадисте Расулалла (с.а.у.):
«Қиямет күні ажал әдемі қошқар кейпінде әкелініп, жәннат пен жаһаннам арасына қойылады. Артынша: «Уа, жәннаттықтар, бұны танисыңдар ма?» делінеді. Жәннаттықтар бастарын көтеріп, әлгі қошқарға қарап: «Иә, бұл ажалдың нақ өзі» дейді. Одан кейін: «Әй, тозақтық тұрғындар, бұны танисыңдар ма?» деп сұралады. Олар да бастарын көтеріп қарап: «Иә, оны танимыз» дейді. Содан кейін бұйрық беріліп, қошқар кейпіндегі ажал бауыздалады. Іле: «Уа, жұмақтықтар, енді сендерге өлім жоқ. Жұмақта мәңгілік боласыңдар. Әй, тозақылар, сендерге де өлім жоқ, сендер де енді тозақта мәңгілік азап тартасыңдар» делінеді. Содан кейін: «Сен оларды иләхи бұйрық орындалатын уақытпен, өкініш күнімен қорқыт, олар әлі ғапылдықта. Олар әлі сенбеуде. Күмәнсіз, жер мен оның үстіндегілерге біз иелік етеміз. Олар соңында бізге қайтарылады» деген мағынадағы аятты оқып тұрып дүниеге ишарат жасады.
Әнас ибн Маликтен (р.а.) риуаят етілген хадисте Расулалла (с.а.у.):
«Мәйіт өзін қабірге салып, жолдастары кері қайтып бара жатқанда, олардың аяқ дыбыстарын міндетті түрде естиді».
«Мункар мен Нанкир келіп, өлген кісіні отырғызады. Одан: «Мұхаммед (с.а.у.) жайлы не айтасың?» — деп сұрайды. Егер өлген кісі мүмин болса: «Куәлік етемін, ол Алланың құлы әрі елшісі» дейді. Осы кезде оған: «Тозақтағы орныңды көр. Алла соның орнына саған жұмақтан орын берді» дейді. Іле шала: «Бұлардың екеуін де бірге көреді» деді.
Бұл хадис-шәріпті риуаят еткендерден Қатада (р.а.): «Ол мүминнің қабірі жетпіс зира кеңейіп, бұл орын жасыл желекке толып, реттеліп, адамзат қайта тірілтілетін күнге дейін көркем безендірілген, жанға жайлы орынға айналады», — деп түсіндірді.
1) Тарихи Бағдат, 9 том, 271 б.
2) Инбарур-руат, 2 том, 72 б.
3) Шажаратуз-захаб, 1 т. 259 б.
4) Табақатул-кубра, 6 т. 377 б.
5) Нузхатул-алибба, 2 т. 72 б.
6) Tахзибут-тахзиб, 4 т. 373 б.
7) Әл-Алам, 3 т. 170 б.
8) Mұғжамул-муаллифин, 4 т. 310 б.
Бақ БЕР