Имам Ағзам Әбу Ханифаның ұлы Хаммадқа және шәкірттеріне айтқан ақыл-кеңестерінен
1. Адамдар ортасында сұрақ сұралмаса, жөнсіз сөйлеме!
2. Жастық шағыңда білімге ұмтыл. Өйткені жастық шағың – көңіл-зейінің таза болатын сәт.
3. Әрдайым Алладан қорық, аманатты орында. Адамдарға үгіт-насихат жаса.
4. Ешкімді өзіңнен төмен санама. Өз орныңды білгеніңдей, басқалардың да орнын, қабілетін тани біл.
5. Білімсіз адамдармен, әсіресе, діни тақырыптарда талас-тартысқа түспе.
6. Пікірталас ережесіне бағынбайтындармен және таластан пайда көздейтіндермен тартыспа.
7. Біреу сенен сұрақ сұраса, нақты жауап бер. Көп мәлімет бермек болып сөзіңді шашыратып алма.
8. Кәсіпсіз-нәсіпсіз он жыл қалсаң да, білімнен бет бұрма.
9. Шәкірттеріңе өз балаңдай мейірлен, олардың білім-ғылымға ынтасы артсын.
10. Адамдардың айыбын іздеме, керісінше жақсылықтарын көр. Тек діни тақырыптарда қателері көрінсе, көргендеріңді басқа адамдарға одан сақтанып, еріп кетпеулері үшін ғана айт. Бұл мәселеде ешкімнің байлық-билігінен сескенбе, ешкімнің дінді бұзуға, бидғаттарды құптауға дәті бармайтын болсын. Өйткені бұл мәселеде сенің әрі діннің жәрдемшісі Алла тағала болады.
11. Басқалардан артық құлшылық жасауға құлшын, ілімнің жемістері бойыңнан көрінсін.
12. Ғалымдары бар жерге барғаныңда ол жерде өзім ғанамын деген ойға берілме. Халықты айналаңа жинауға талпынба. Олардың ұстаздарына тіл ұзатпа. Орынсыз пайдасыз таласпа. Дәлелсіз дәйексіз сөйлеме. Қарапайым адамдардың бірі секілді бол. Әйтпегенде олар қызғанады.
13. Әрдайым Алла тағалаға қалай көрінгің келсе, адамдарға да солай көрін.
14. Пікірталасқа түскенде қорқақ болма. Әйтпесе білгеніңді шатастырып аласың, тілің күрмеледі.
15. Көп күлуден сақтан, өйткені, ол жүректі өлтіреді.
16. Сабырлы, байсалды бол. Табансыз тайғақ болма.
17. Ісіңде асығыстыққа бой алдырма.
18. Жеке қалғаныңдағыдай, адамдар арасында да Алланы есіңе ал.
19. Әр айда ораза ұстайтын күндерің болсын. Бұл жағынан сенен басқалар үлгі алсын.
20. Өлімді жиі есіңе ал.
21. Ұстаздарың үшін қайыр дұғада бол.
22. Азан шақырылғанда дереу мешітке жүгір.
23. Адамдардың сырын жайма.
24. Сараңдықтан сақтан. Ашкөз, жалғаншы болма. Сасқалақ болма. Әр ісіңде кісілігіңді, адамгершілігіңді сақта.
25. Көбіне ақ немесе ашық өңді киімдер ки.
26 Дүниеге сонша құмар болма, көңілің, пейілің кең болсын. Кедей болсаң да, қанағатшылдығыңды, көңіл байлығыңды ұстанымың қыл.
27. Заттарыңды кім көрінгенге емес, сенген кісілерге тапсыр. Жұмысыңды солармен тындыр.
28. Түкке тұрғысыз мына жалған дүниені үнемі төмен сана, өткінші екенін есіңнен бір сәт шығарма. Алла тағаланың қасындағылар бұдан сан есе қайырлы әрі мәңгілік екенін ұмытпа.
29. Бір қауым сені алға шығармаса, намазда және басқа істерде де олардың алдына шықпа.
30. Ілім мәжілістерінде ашуланба, өзіңді білімсіздермен тең көрме.