Хижри IV ғасырдың басында исламдағы ақылдың орнын бағамдайтын әһли сүннәт кәләмы пайда болды. Бұл ғылымның негізін ирактық Әбу Хасан әл-Әшғари (946) мен Самарқандық имам Матуриди қалады. Матуриди – әсіресе Ислам ақидасы мен кәләм саласында ақыл-ойға басты мән берген, Матуриди деп аталатын үлкен теологиялық мектептің құрушысы (ІX ғасырдың соңы мен X ғасыр басы).
Имамның толық аты-жөні − әл-Имам Әбу Мансур Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әл-Әнсари.
Қазіргі уақытта әлемдегі барша мұсылмандардың 90 пайызын сунниттер, ал қалған 10 пайызын шииттер құрап отыр. Ал сол тоқсан пайыз сунниттердің 87 пайызын «Матуридилік» пен «Әшғарилік» мектебіне қарасты «Әһли сүннет уәл-жамағат» құрауда.
Әһли сүннет фиқһта − төрт мәзһаб: ханафи, шафиғи, ханбали, малики, ал ақида саласында − екі: матуриди және әшғари мектебі бағыттарын ұстанады.
Матуриди өз кезегінде сенім мәселелерін талқылау әрі қамту тұрғысынан Әбу Ханифаның ілімінен көп сусындаған.
Өз дәуірінің кемеңгер ойшылы Әбу Мансур әл-Матуриди артына бірнеше кітап жазып қалдырған, көп шәкірт тәрбиелеген.
Матуридидің еңбектері көбіне мына тақырыптарда жазылған:
Тәпсір мен Құран іліміне қатысты еңбектері
«Китабу Тәуилати Әһли Сунна».
Бұл Матуридидің Құран тәпсіріне байланысты жазған ең құнды еңбегі, өз сөзімен айтқанда «Құран тәуилі». Мұнда имам, орайы келгенде ақида мәселелеріне тоқталып, бидғатшылардың пікірлеріне жауап беріп, оларға қарсы өз ойын айтып отырған. Өзге классик ғалымдардан өзгеше әр аятты жеке бөліп, ақылдық тұрғыда түсіндіре білген. Әһли сүннетті қорғай отырып, мүшаббиһа (мүжәссима), мұғтазиланы сынға алған. Сондықтан да бұл маңызды еңбекті көптеген ғалымдар зерттеген. Әлем кітапханаларында көптеген қолжазба нұсқалары сақталған.
Имам Матуриди бұл айтулы еңбегінде Әһли сүннетке қайшы көзқарастарды рационалдық және нақли (Құран және Сүннет) дәлелдермен терістеген. Тек сенімдік мәселелермен шектеліп қалмай, фиқһтық яғни Әбу Ханифаның көзқарастарымен амал еткен.
«Тәуилату-л Қуръанды» 1971 жылы Каирда Ибраһим және Саийд Ауадайн, Бағдатта 1983 жылы Мұхаммед Мустафизир Рахман, Стамбулда 2003 жылы Бекир Топалоғлу мен Ахмет Ванлыоғлу біршама бөлімдерін түрік тілінде жариялаған.
Матуриди бұл еңбегінде семантикалық тәсілді қолданған. Құранды Құран аяттарымен түсіндірген. Екінші дереккөз ретінде хадисті (тек сахих хадистерді) пайдаланған.
Имам Матуриди тәпсірінде тақырыптарға қатысты Құранның басқа да аяттарын дәлел ретінде келтіреді. Құран аяттарымен қатар хадистерге де орын берген. Бірақ, хадистерді толық зерттеп алмай тұрып қолданбайтын.
Әбул Муин ән-Нәсафи, Әбул Юср әл-Бәздауи, Ибн Әбил Уафа, Хаджи Халифа, Муртада әз-Зәбиди секілді ғалымдар Матуридидің бұл еңбегін жоғары бағалаған.
Дін (Усулид-дин) және Фиқһ әдістемесіне қатысты еңбектері:
Әбу Юсуф (182/798), Әбу Мұхаммед (189/805), Имам Шафиғи (204/819) секілді әдістемеге қатысты еңбектер жазған ғұламалардың бірі имам Матуриди. Оның әдістеме ғылымына қатысты бірқатар еңбектерін төмендегіше атап көрсетуге болады:
- «Китабу Мәһази-ш Шарай фи Усули-д-дин»,
- «Китабу Мәһази-ш Шарай фи Усули-л фиқһ».
- «Китабу-л Жәдал фи усули-л фиқһ»,
- «Китабу-л Усул» немесе «Усулу-л фиқһ».
- «әт-Тәһзиб фи Шәрхи-л Жамии-с Сағир».
Кәләм ғылымына қатысты еңбектері:
- «Китабу бәяни уәһми-л – муътазилә» (Муғтазилердің қиялын баяндау кітабы),
- «Китабу-л рәдди әуаилил-Әдилла ли-л Каъби» (Кағбидің «Дәлелдердің әуелгісі» атты еңбегіне қарсы жауап кітабы),
- «Китабу рәдди тахзиби-л жәдал ли-л Каъби» (Кағбидің «Таласты түзету» атты еңбегіне қарсы жауап кітабы),
- «Рәдду китаб уаиди-л фуссақ ли-л Каъби» (Кағбидің «Пасықтардың барар орны» атты кітабына қарсы жауап),
- «Рәдду-л усули-л хамса ли Әби Мухаммад әл-Баһили» (Әбу Мухаммад әл-Баһилидің «Бес негіз (принцип)» атты кітабына қарсы жауап),
- «Китабу-р әр-Рәдду әла-л Қарамита» (Қарамиттерге қарсы жауап),
- «Китабу-р Рәдд әла-л Усули-л Карамита» (Қарамиттердің әдістемесіне қарсы жауап)
- «Рәдду Китаби-л Имәма ли Бадир Рауафид» (Бадир Рауафидтің имамдық кітабына қарсы жауап),
- «Китабу-л – мақалат» (мақалалар кітабы),
- «Китабу-т Таухид» (таухид – Аллаһты бір деп тану кітабы).
Матуридидің ақидаға байланысты сақталып қалған кітабы – «Китабу-т Таухид». Бұл еңбектің жалғыз нұсқасы Кэмбридж университетінің кітапханасында сақтаулы. Мысыр Александрия университеті, философия ғылымдарының докторы, профессор Фатхулла Хуләйф 1970 жылы Бейрутта еңбекті өңдеп басып шықты. Еңбек ерте кездегі ақида іліміне байланысты маңызды мәліметтерді жеткізумен бағалы. Матуриди онда сол кездегі пікірталастар мен талқыланған күрделі мәселелерді жүйелі түрде жазып қалдырған. Неміс зерттеушісі Ульрих Рудольф бұл кітаптың құндылығымен қатар өзіндік қиындықтарын да, яғни тілдік күрделілігін, еңбектің толықтай сақталмағандығын, бұдан да кең көлемде болуы мүмкін екенін алға тартқан.
Десе де, имам Матуридидің күнімізге дейін жеткен осы еңбегінен-ақ оның кәлам, тәпсір, мәзһабтар тарихы, құқық және методикасы ғылымдары бойынша терең білім игергендігін байқауға болады.
Дереккөздерде ғалымның басқа да еңбектері бар екендігі аталады. Бірақ көпшілігінің анық Имам Матуридидікі екендігі турасында түрлі болжам айтылады.
Қалмахан Ержан,
Теология ғылымдарының докторы, дінтанушы