Әшғарилік мектептің құрушысы Әбул Хасан Әли ибн Әби Бишр Исхақ Әл-Әшғари һижраның 260 жылы, ал милади 873 жылы Басра қаласында дүниеге келді. Имам Әшғари әйгілі сахаба Әбу Мұса әл-Әшғаридің (өл.44/665) ұрпағынан тарайды.
Имам Әшғари 40 жасына дейін Муғтазила мәзхабының итиқадын ұстанды. Сол уақытқа дейін муғтазила қағидаларын үйрету және оны өзгелерден қорғаумен айналысады. Оның ұстазы әйгілі муғтазила ғалымдарының бірі болған Әбу Али Жуббаи еді (өл.303/916). Имам Әшғари кәлам дәрістерін осы ұстазынан үйренеді.
Имам Әшғари 40 жасына келгенде муғтазила мәзхабын тастап, Ахмед ибн Ханбалдың жолымен жүрген хадисшілер жағына өтеді. Имамның муғтазила мәзхабын не үшін тастағандығы жайлы ғалымдар түрлі себептер айтады. Көпшілік ғалымдардың айтуы бойынша ұстазымен «үш ағайынды» мәселесі жайында тартысып қалып, ұстазын жеңеді де, содан кейін муғтазила мәзхабын тастап кетеді. Бұлай болудың негізгі себебі ретінде мына оқиғаның ұйытқы болғандығы айтылады. 40 жасына дейін муғтазилит түсінігін үйреніп, сол жолда күресіп келген имам түсінде Хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарды көреді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) түсінде оған дұрыс жолды түсіндірмегендігін айтқан екен. Содан бастап муғтазила жолын тастап, хадисшілердің, яғни әһли сүннет жолын ұстануға көшеді.
Осыдан кейін Әшғари біраз уақыт үйінен шықпай әһли сүннеттің еңбектерін оқып, муғтазиламен салыстыра отырып зерттейді. Сөйтіп жұма күнінің бірінде Басра қаласындағы орталық үлкен мешітке барып, мінберге шығады да, жамағатқа: «Мені танып отырған шығарсыздар. Танымағандарыңыз бұдан былай танитын боласыздар. Мен Әбу Хасан Али ибн Исмайлмін. Осы уақытқа дейін муғтазила мәзхабын ұстанып келдім. Осы жолда қызмет еттім. Бірақ, істеген ісімнің дұрыс еместігін ұғынып, тәубе етіп, бүгіннен бастап муғтазила мәзхабын тастадым», — дейді.
Имам Әшғари өмірінің қалған кезеңін әһли сүннет жолында өткізеді. Муғтазиланы тастағанымен, ол өзінің исламға деген қызметіне қаяу түсірмейді. Керісінше, дін дағуа жолындағы ізденісін еселей түседі. Ол кісі ең алдымен өзі шыққан муғтазилаға қарсы күреседі. Әһли сүннет ақидасын қорғау үшін муғтазиланың өз тәсілдерін өзіне қарсы қолданады. Себебі, әһли сүннеттің әдісі ол кезге дейін ақли дәлелдерге орын бермейтін, тек аят және хадис аясында болатын. Ал муғтазила болса ақылды, қисындық қағидаларды көбірек қолданып, қарсылас адамының аузын аштырмай тастайтындай жауаптар беретін. Сондықтан, олар осы әдісі арқасында ислам әлеміне тез арада жайылып, халифаттың ресми мәзхабы дәрежесіне дейін көтерілген-ді.
Имам Әшғари муғтазила ағымын өте жақсы білгендіктен олардың әлсіз тұстарын пайдаланып, идеологиялық тұрғыдан қатты тойтарыс береді. Бірақ, Имам Әшғари әһли сүннет сабына өткен соң ақылды аз қолдану қағидасын ұстанады. Неге десеңіз, діни заңдылықтар мәселесінде көбіне ақыл аздық етеді.
Имам Әшғари тек муғтазила ағымына ғана емес, сонымен қатар адасқан мұсылмандарға, пәлсафашыларға, өзге діндегілерге қарсы исламның иман негіздерін қорғады. Оның пікірлері мен ұстанымы тез арада ислам әлемінің түкпір-түкпіріне тарап, мұсылмандардың көпшілігі Имам Әшғаридің бір жүйеге келтірген иман негіздерін ұстануға көшеді. Әсіресе Ирак, Сирия, Мысыр және Солтүстік Африканың тұтастай осы ақида қағидаларын қолдап, Әшғарилік жүйенің дамуын едәуір жылдамдатты. Имам Әшғари 324/936 жылы Бағдатта дүние салды.
Қазіргі таңда әлемдегі сүннит мұсылмандардың 13%-ін құрайтын Маликилердің барлығы, 33%-ін құрайтын Шафилердің төрттен үші, Ханафилер мен Ханбалилердің аз ғана бөлігі Имам Әшғаридің қалыптастырған иман негіздерін ұстанады. Әшғарилік жолдың кең тараған аймағы Хижаз, Солтүстік Африка, Мысыр, Ирак және Сирия өлкелері болып табылады.
Имам Әшғари мен ұстазы Әбу Али Жуббаи арасындағы «Үш ағайынды» мәселесі былай болған: «Муғтазила сенімі бойынша пенденің ғұмырында жақсы, қайырлы болған нәрсені Аллаһтың жасауы, жаратуы уәжіб. Өйткені, құлды жаратқан Аллаһ болғандықтан оған қажетті нәрсені өзі жаратуы керек. Имам Әшғари бұл мәселеде аз-кем күмәнданып ұстазы Әбу Али Жуббаиға былай деп сұрақ қояды:
- Бірі кәпір, бірі мумин, бірі жастай өлген үш ағайынды жандар жайында не айтасыз?
Ұстазы:
- Мумин болғаны жоғары дәрежеге жетеді (жәннәтқа барады), кәпір болып өлгені азапқа душар болады, жастай дүниеден өткені сауапқа да, азапқа да душар болмайды, — деп жауап береді. Әшғари:
- Әлгі жастай кеткені мумин салих дәрежесіне барғысы келсе рұқсат беріле ме?
Ұстазы:
- Жоқ, берілмейді. Және оның жауабы былай болады: «Сенің бауырың бұл жоғары мақамға мойынсұнумен, амалдарымен жетті. Ал сенің мойынсұнған амалың жоқ». Әшғари:
- Егер жас бала: «Я, Аллаһ, кінә менде емес қой, сен маған ғұмыр бергеніңде саған мойынсұнар едім»,- деп айтса, Аллаһ Тағала не айтар еді?
Ұстазы:
- Жауап төмендегідей болар еді: «Сен өмір сүргеніңде бас көтеріп, қарсы шығып, менің азабыма ұшырайтын едің. Мұны білгендіктен саған ғұмыр бермедім. Сен үшін пайдалы, қайырлы болғанын жасадым». Сонда Әшғари:
- «Сонда кәпір болып дүниеден өткен бауыры: «Әй, әлемдердің раббы! Әй, жанашырлардың ең көп жанашыры! Оның жағдайын білген болсаң, менің де жағдайым Өзіңе белгілі еді. Не үшін оның пайдасына, қайырына болған нәрсені жасадың да мен үшін пайдалы, қайырлы болған нәрсені жасамадың?», – деп айтса, бұған не дейсіз?» дейді.
Ұстазы:
- Уасуасаға түстің (шайтан азғырып отыр), — деп жауап береді.
Әшғари:
- Жоқ, мен уасуасаға түспедім. Өкінішке қарай, шейхіміздің айтар сөзі қалмады, — дейді.
Бұл мәселені әһли сүннет сенімі бойынша қарайтын болсақ, үш ағайындының басынан өткен нәрсе олардың тағдыры болып саналады. Кімнің қашан өлетіндігі дүниеге келместен бұрын оның тағдырына жазылып қойған. Балиғатқа толмай дүниеден өткен балалар сұрақ-жауапсыз жәннәтқа барады. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Үш кісіге қалам жүрмейді. Сауыққанға дейін есі ауысқан адамға, оянғанға дейін ұйықтап жатқан адамға, балиғат жасына толғанша балаларға». (Бухари, Талақ 11. Худуд 22; Әбу Дәуіт, Худуд 17; Тирмизи, Худуд 1).
Мұндай үзірі (себебі) бар пенделер құлшылықтан жауапты болмайды. Құлшылық ете білу үшін ақыл есі сау, балиғатқа толу керек деген қағида бар.
Ал, фиқһта Имам Әшғаридің қай мәзхабты ұстанғандығы жайында түрлі пікірлер айтылады. Әрбір мәзхабты ұстанатын ғалымдар, ислам ғұламасын өз мәзхабтарына жақын санайды. Шындығына келгенде, Имам Әшғаридің фиқһта нақты қай мәзхабты ұстанғандығы белгісіз. Тарихшы Мақризи (өл.841/1441) деген кісі Әшғаридің Ханафи мәзхабын ұстануы мүмкін деген жорамал жасайды. Бұған негіз ретінде муғтазила мәзхабын дәлел ретінде келтіреді. Себебі, муғтазилиттер ақылға көбірек мән бергендіктен, фиқһта Ханафи жолын ұстанған (Әбу Ханифа пәтуа бергенде көбінесе ақылға (рәйге) сүйенетін). Сондықтан осы қағида муғтазилиттер ұстанымына сәйкес келгендіктен, фиқһта олар Ханафи болатын. Имам Әшғари де әдепкіде, 40 жыл бойы муғтазила мәзхабын ұстанып келгендіктен, оның да фиқһта ханафилік жолды ұстану ықтималы басымырақ деп тұжырым жасайды.
Имам Әшғари ақида мәселесінде Ахмед ибн Ханбалдің жолымен жүреді. Сол себепті, ол ақидада көбінесе сәләфилік әдісті ұстанған. Бірақ, ақылды да қолдана отырып «Кәлам әдісін» пайдаланды. Нәтижесінде алғашқы мұсылмандар секілді тек нақылмен шектеліп қана қоймай немесе муғтазилиттер сияқты асып та кетпей (тек ақылға басты орын беріп) орта жолды ұстанды. Имам Әшғариден кейінгі осы мектептің өкілдері ақидаға кейбір өзгешіліктерді енгізді. Мысалы, Имам Әшғари муташабих аяттарды жорамалдамай, керісінше, тәуилге қарсы шығып, бұл мәселеде алғашқылардың қағидаларымен жүрсе, кейінгі келген Имамул Харамәйн әл-Жууайни (өл.478/1085), шәкірті Ғаззали (өл.505/1111), Шәхристани (өл.548/1153) сынды тұлғалар тәуилді еркін қолданған.