https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Ұлық имам шәкірті – Имам Мұхаммад

11 May 2015 0 comment Оқылды: 1308 рет
Абдуссамат Қасым

Мұхаммад бин әл-Хасан бин Фарқад әш-Шәйбәни. Күниясы – Әбу Абдулла. Хижри жыл санағы бойынша 132 жылы, Ирак жеріндегі Уәсыт қаласында бақуатты әскери отбасында дүниеге келген. Ата-бабасының туған жері Сирия өңіріндегі Хараста ауылы. Сол себепті әкесін «Әл-Хасан бин Фарқад әл-Харастауи» деп атаған. Умейяттар дәуірінің соңғы кезеңінде әкесі отбасымен бірге Ирак еліне қоңыс аударады. Міне, осы кезде Уәсыт қаласында Имам Мұхаммад дүниеге келеді. Кейін Мұхаммадтың отбасы Куфа қаласына көшеді. Жас Мұхаммад сол заманда ғылым орталығына айналған Куфада ер жетеді.  Ғылым бесігі атанған Куфа қаласында тұрып, өте зерек Мұхаммадтың ғылымға бет бұрмауы мүмкін емес еді. Ол кішкентай күнінен бастап Құранның кейбір бөлігін жаттап, сол кезден-ақ араб тілі дәрістері мен хадис риуаяты дәрістеріне келіп тұратын. Ол өзінің аса алғырлығы мен қабілеттілігімен, зеректігімен таныла бастады. Бұл ерекшеліктерімен қоса, көркем мінез бен әсем әдепке ие еді. Осы ерекшеліктердің арқасында ол елден үнемі көш алда жүретін.

Әзіреті Әлидің халифалығы дәуірінде ел астанасы Куфа қаласы еді.  Көптеген ғылым иелері шыққан бұл қалада аты әлемге әйгілі бірнеше ғасыр бойы ізінен миллиондаған мұсылман ерген, Куфа Ислам Құқық Институтының іргетасын қалаушылардың бірі Имам Ағзам Әбу Ханифа  тұратын. Зерек жігіт сол Ұлық Имамның шәкірті болуға бел буады.

Жас Мұхаммадтың Әбу Ханифамен байланысы былай басталады: Бір күні Имам Мұхаммад Куфа қаласының Бәну Харам атты шағын ауданына барады. Имам Ағзам сол жердің мешітінде дәріс жүргізіп отыр екен. Жас Мұхаммад өзге балалар сияқты есіктен сығалап Ғұлама ұстаздың сөзін тыңдайды. Ғұлама дәріс беріп тұрып, бір сөзінде: «Егер балиғатқа толмаған бала құптан намазын оқып ұйқтап, ұйқысында ихтилям болса (ұйықтап жатып шаһуаттың бөлінуі – балиғатқа толғандығының белгісі), мұнысын құптан намазының уақыты шықпай жатып байқаса, ол жігіт оқыған намазын қайта оқуы керек», – дейді. Сол сөзден кейін Жас Мұхаммад мешітке кіріп, құптан намазын қайта оқиды. Бұны көрген Имам Ағзам Мұхаммадтан: «Қазір оқыған намазын қай намаз», – деп сұрайды. Мұхаммад Имам Ағзамның жаңа айтқан сөзіне амал еткендігін айтады. Сонда Ұлық Ұстаз жас баланың жаңа ғана естіген үкімді іс жүзіне асырғанына сүйсініп оған: «Бала! Сен біздің дәрісімізді бұдан былай жіберме!», –– деп Мұхаммадты өзіне шәкірт етіп алады.

Осылайша жас Мұхаммад Ұлық Ұстаздың дәрісіне қатыса бастайды. Кейде дәріс уақытында ұстазымен бір мәселенің үкімі жайында келіспей қалатын кездері де болатын. Ұстаз жас шәкірттің алғырлығы мен қабілетін бірден байқап, оған бұрыннан да қатты көңіл аудара бастайды. Өйткені, оның қойған сұрақтары мен талқыға салған мәселелері өте күрделі әрі шетін еді. Қойған сұрағының маңыздылығына тәнті болатын Ұстазы одан «бұл сұрақты біреу айтты ма, жоқ өзіңнің сұрағың ба?» деп сұрайтын. Шәкірт өзінен екенін айтқанда Имам Ағзам таңырқап: «Қойып отырғаның үлкен кісілердің сұрағы ғой. Сен пікірталастарға да келіп тұр», – дейтін. Сол уақыттан бастап ұстаздың лық толған дәріс алқасынан қалмай, ұстазының әр сұраушыға берген жауабын жазып жүретін болды. Осылайша Ұлық Имам бақи дүниеге аттанғанға дейін төрт жыл бойы дәрісіне қатысып, Оның ілімінен сусындап жүрді. Әбу Ханифа қайтыс болғаннан кейін оның орнына шәкірті ғұлама Имам Юсуф дәріс бере бастады. Жас Мұхаммад ары қарайғы ілімін осы ғалымнан жалғастырды. Сондықтан да, «Имам Ағзам Әбу Ханифа мен оның шәкірті Имам Юсуфтың құқықтық жүйесін елге жеткізген және насихаттаған осы Мұхаммад» дейді мамандар.

Имам Мұхаммад сол дәуірдегі Хижаз өңірінің ғалымы, мәлики құқықтық мектебінің негізін қалаушы Имам Мәликтен де дәріс алады. Оған үш жыл бойы шәкірт болған Мұхаммад Имам Мәликтен жеті жүзден астам хадис үйренеді. (Имам Мәлик қайтыс болғанда Мұхаммәд елу жасқа таяп қалған еді. Сегіз жылдан кейін өзі де о дүниеге аттанады).

Ғылымға ғашық Мұхаммад аталмыш ғұламалардан тыс көптеген ілім иелеріне барып ғылым үйренеді. Атап айтсақ: Ғалым Абдуль Малик бин Абдиль Ғазиз, Имам Абдур Рахман бин Амр әл-Әузағи, Имам Зуфар бин әл-Һузайл т.б.

Имам Мұхаммад тапжылмай ғылым үйренудің арқасында өзі де ғалымдық дәрежеге жетеді. Оны ғұлама ретінде өзге мамандар мойындай бастайды. Ұзақ ізденістен кейін ол Куфа қаласына оралып, алған білімін халыққа үйретеді. Көптеген шәкірттер тәрбиелейді. Алыстан келетін шәкірттері одан ілім үйреніп, үйренгендерін өз елдеріне таратады. Шәкірттер Ирак, Харасан, Мәғриб сияқты алыс жерлерден ағылып жататын. Имам Мұхаммадтан бірнеше ғұлама, бірнеше мүжтәһид тәрбиеленді. Олардың арасыда Шәфиғи мәзһабын құрушы мүжтәһид Мухаммәд бин Идрис әш-Шәфиғи (150-204 ж), Яхя бин Мағин әл-Бағдади (158-233ж), Мүхаммәд бин Самаға әт—Тәмими (130-233 ж) т.б. бар.

Имам Мұхаммад Куфада көп қалмай Бағдад қаласына көшті. Ғылымын сол жақта жайып, көптеген еңбектер жазды. Ғұлама Бурхануддин әз-Зәрнужи ол жайында былай дейді: «Мұхаммад бин әл-Хасан (р.а.) түнде ұйықтамайтын еді. Жазып жатқан жазбалары алдында үйіліп тұратын. Бірін бітсе, екіншісіне ауысатын. Және қасына бір шөлмек су қойып қоятын. Ұйқысы келген жағдайда сумен ұйқысын қашыратын. «Ұйқы ыстықтан туындайды» деуші еді».  Бар ынтасымен ғылымға берілген Имам артында баға жетпес еңбектер қалдырып кетті. Еңбектерін Ұстазы Имам Ағзам мен Имам Юсуфтың пәтуаларына арнайды. Оның еңбектері ханафи мәзхабының қайнар көзі десек те болады. Ғалым Мұхаммад Әбу Заһраның айтқаны сияқты «Әлемге кеңінен таралған Әбу Ханифа мәзхабы мен жалпы Ирак құқықтың мектебі Мұхаммәд бин әл-Хасанның кітаптарына борышты». Өйткені, соның жазған еңбектері арқасында Ирак ғұламаларының қазынасы ұрпақтан ұрпаққа жетті.

Имам Мұхаммадтың жазған еңбектерін мамандар екі топқа бөледі. Бірінші топтағы еңбектеріне: әл-Мәбсут (Асл), әл-Жәмиғус Сағир, әс-Сиярус Сағир, әс-Сияруль Кәбир, әл-Жәмиғуль Кәбир және әз-Зиядат кіреді. Бұл кітаптарды «Захирур Риуая» деп те атайды. Өйткені, бұл кітаптарды келер ұрпаққа көптеген (мутәуатыр не мәшһур жолмен) шәкірттері жеткізген. Аталмыш топқа мына үш еңбегін де кіргізсе болады: Мұхаммадтың Имам Мәликтен естіген хадистерін қағазға басқан «Китабуль Муатта» атты хадис кітабы, «Мәдинә ғалымдарына қарсы айтылған дәйектер» және «Китабуль Әсәр» деген еңбегі.

Екінші топтағы еңбегіне: «Захирур Риуаядан» өзге жазған еңбектері кіреді. Олар: «Зиядатуз Зиядат», «Китабуль Кәсб», «Китабун Нәуадир», «әр-Рақият», «Әл-Кәйсаният», «Әл-Журжаният» және «әл-Харуният». Бірінші топтан бұл топтың айырмашылығы, соңғысының келер ұрпаққа жету жолы әуелгісіне қарағанда аз ғана шәкірттері тарапынан жеткізілген. Сондықтан, Ханафи мәзхабында бір нәрсенің үкімін білу үшін әуелі «Зәхирур Риуая» еңбектерінен яғни бірінші топқа жататын кітаптарынан іздейді.

Ғылыми дәрежесіне келер болсақ, Имам Мұхаммад жайында Ибн Тәймия былай дейді: «Әбу Юсуф пен Мұхаммад – Әбу Ханифаның шәкірті. Олардың Әбу Ханифамен салыстырғандағы дәрежелері Имам Шәфиғиді Имам Мәликпен салыстырғанмен тең» деген. Яғни, Имам Шафиғи өз алдына бір тұлға болған болса, аталмыш екі ғұлама да өз алдына бір тұлға. Әл-Хасануль Хажуи әл-Мәлики былай дейді: «Имам Әбу Юсуф пен Мұхаммад, Зуфәр мен бин Зияд мүжтахид болып есептеледі».  Яғни, Имам Мұхаммадты да өзге мүжтәһиттер қатарынан санап отыр.

Ғұлама Шаһ Уалиуллаһи әд-Дәһләуи: «Әбу Юсуф та, Мұхаммад та өз бетінше бір мүжтәхид», – деу арқылы бұл кісілердің ғылыми дәрежелері қаншалықты екенін меңзеген.

Имам Шафиғи ол тұралы: «Мен одан ақылды адам көрмедім. Оның араб тілін жақсы білгендігі соншалықты Құран Мұхаммад бин әл-Хасанның тілімен түскен дер едім», – деп Оның араб тілін өте қатты меңгергендігін айтқан. Сондай-ақ Имам Шафиғи тағы бір сөзінде: «Менің мына екі көзім Мұхәммад бин әл-Хасан сияқты адамды көрмеді. Және оның заманында оған ұқсас адамды еш бір әйел дүниеге алып келмеді», – дей отырып, Имам Мұхаммадқа деген таңырқауын жасыра алмаған.

Ғұлама Әбу Ғабдулла Қасым бин Сәлләм была дейді: «Алланың кітабын Мұхаммадтан артық білетін адам көрмедім».

Хадис ғалымы Даруқутни Ол жайында: «Мұхаммадтың айтқан хадистері мен үшін сенімді», – деген. Әбу Дауд та ол жайында: «Оның риуаяты жерде қалмайды» деген.

Ғұлама Имам Мұхаммад хижри 189 жылы (миләди 805 жылы) Рей қаласында дүниеден озды. Алла оған разы болсын!

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз