Ханафи құқық мектебінің жарық жұлдызы – Әбу Бәкір Мұхаммад ибн Әбу Сәһл Ахмад әс-Сәрәхси. Ислам тарихында көбіне «Имам әс-Сәрахси» атауымен танымал бұл ғұлама Миләди жыл санауы бойынша 1009 жылы (хижри 400 ж), қазіргі Түрікмен еліндегі Ахал өлкесінің (Ahal welaýaty), Иранмен шекаралас Серахс қалашығынан он бес шақырым қашықтықта орналасқан, бұрын өркениет орталықтарының бірі саналатын, ал бүгінде тек үйіндісі қалған сол кезеңдегі Серахс кентінде дүниеге келген. Оның ақылдылығы мен білімінің тереңдігіне әрі зеректігіне сай ұстазы әйгілі Ханафи ғалымы Абдуль Азиз ибн әл-Халуәни оған «Шәмсүль ә’иммә», яғни, «ғұламалардың күн шуағы» деген лақап ат қояды.
Имамның өмір сүрген кезеңі
Имам Сәрахси Қараханидтер дәуірінде, Хакан Әмір Хасан хан кезінде өмір сүрді. Сол тұстағы Қарахан мемлекетінде сыртқы қауіп-қатермен қоса, іштегі кикілжіңдер де аз емес-тін. Әсіресе, үкімет пен халықты аузына қаратқан ғұламалардың арасында келіспеушілік көптеп кездесетін. Халықты есеңгіретіп жіберген үкіметтің салығы күннен-күнге артуына байланысты діндар ғалымдар үкіметтен бұл бейберекетсіздікті доғаруды талап етеді. Сол ғалымдардың бірі Имам Сәрахси еді. Ол салық жөнінде қарапайым халықтың пайдасына шешілетін тура пәтуа (заң) шығарады. Оның бұл әрекеті жергілікті билік иелеріне ұнамағандықтан, «мемлекетке халықты қарсы қойды» деген желеумен 1073 жыл (хижри 466 ж) Өзкент қаласындағы зындандардың біріне тасталады. Он төрт жылдай осы зынданда тұтқында жатқан ғалымды оқу-жазудан мүлдем тиып тастайды. Бірақ сырттағы шәкірттері зынданның айналасына жиналып ғұламадан дәріс алуды доғармады. Осы зынданда өткізген он төрт жыл ішінде ханафи мәзһабындағы фиқһ кітаптарының қайнар-бастауларының бірі болып есептелетін 30 томдық «әл-Мәбсут» атты бағалы туындыны жарыққа шығарады. Оқу-жазуды тиып тастағандықтан, ғалым аталмыш туындыны өзі жатқа айтып, сырттағы шәкірттеріне қағаз бетіне көшіртіп отырған. Бұл еңбекте фиқһ саласындағы бүкіл тақырыптар дәлелдерімен қоса қамтылған. Ханафи ғалымдарының пәтуаларымен қатар, өзге мәзһаб ғұламалардың да тұжырымдары келтірілген. Әсіресе, бұл еңбектің ерекшелігі – дәлел және одан шыққан үкімнің арақатынасын логикалық тұрғыда түсіндіріп кетуінде. Бұл кітап бүгінгі күнге дейін негізгі еңбек ретінде оқылып келеді. Осындай алпауыт еңбекті қатесіз жатқа айтып жаздырған ғұламаға қайран қалмау мүмкін емес.
Ол он төрт жылдан кейін, яғни хижри 480/милади 1087 жылы ақталып, зынданнан босатылады.
Ғылыми дәрежесі және тақуалығы
Имам Сәрахси кішкене күнінен бастап ғылымға бет бұрады. Бухара қаласындағы сол заманның ұлық фиқһшылардың бірі саналатын Шәмсүль ә’иммә Абдульазиз әл-Хәлуани (1060 жыл қайтыс болды) және Әбу Хафс Омар ибн Мансур әл-Бәззәз сыңды ғалымдардан сабақ алады. Шәкіртінің аса зеректігін байқаған әл-Халуани оған бар білгенін үйретеді. Көп кешікпей жас Сәрахси ғылымда ғұламалық дәрежеге жетеді: фиқһ, кәләм, мантық (логика) саласын жетік меңгеріп, Имам Сәрахси атанады. Ұстазы әл-Халуани жоғарыда айтып өткеніміздей «Шәмсүль ә’иммә» деген өзінің атағын, шәкіртіне тапсырады. Пәлсафа және қисын (логика) ғылымын да терең меңгерген ғалымның аты жазған еңбектері арқылы және жүргізген пікірсайыстары арқылы күллі әлемге тарайды.
Имам Сәрахсидің аты атақты әл-Хассаф (261х/874м), Имам Тахауи (ө.ж.321х./933м.), Әл-Кәрһи (ө.ж.340х./952м.), әл-Халуани (ө.ж.452х./1060м.) (р.а.) сыңды ғұламалар қатарында ерекше құрметпен айтылады. Оның ғылыми дәрежесі – «Мүжтәһид филь Мәсәлә». Бұл дегеніміз, өзінің ұстанған мәзһабында үкімі табылмаған бір мәселеге, сол мәзһабтың үкім шығару жолдарын қолдана отырып үкімін анықтауға құзырлы ғұлама.
Ханафи фиқһ мектебінде ғылыми дәрежесіне қарай ғалымдарды жеті топқа бөледі:
- Мүжтәһид фиш Шариға немесе Мүжтахид Мутлақ. Әбу Ханифа, Имам Мәлик, Имам Шафиғи, Имам Ханбали осы топқа жатады. Бұл шариғат ғылымында ең үлкен ғалым дәрежесі.
- Мүжтәһид филь мәзһаб. Мәзһабтың үкім шығару жолдарын пайдалана отырып, үкім шығару дәрежесіне ие ғалым. Мысалы, Имам Әбу Юсуф және Имам Мұхаммад.
- Мүжтәһид филь мәсәлә. Өзінің ұстанған мәзһабында үкімі табылмаған бір мәселеге, сол мәзһабтың үкім шығару жолдарын қолдана отырып үкімін анықтауға құзырлы ғұлама. Мысалы, әл-Хассаф, Имам Тахауи, Әл-Кәрһи, әл-Халуани, Имам Сарахси т.б. осы топқа жатады.
- Асхабут – Тахриж. Бұл топтағы ғалымдар өз бетінше үкім шығармайды, ұстанған мәзһаб имамдарының берген пәтуаларына түсініктеме бере алады. Мысалы, әл-Жассас, Әбу Бәкр әр-Рази т.б.
- Асхабут Тәржиһ. Бұл топқа жататын ғалымдар, ұстанатын мәзһабындағы бір мәселеге берілген бірнеше пәтуаның жергілікті халықтың әдет-ғұрпын немесе заманауи өзгерістер мен қажеттіліктерді назарға ала отырып, ең дұрысын тандай алу дәрежесіне ие ғалым. Мысалы, Хидаяны жазған Шайхуль Ислам әл-Мәрғинани осы топқа жатады.
- Асхабут Тәмииз. Мәзһабтағы айтылған үкімдердің қайсысы қуатты, қайсысы әлсіз екенін ажырата алатын ғалымдар. Мысалы, Нәсәфи, Әл-Маусули, Махмуд Бухари т.б.
- Асхабут Тақлид. Мәзхабтағы үкімдерді ұстанушы ғалымдар.
Имам Сәрахси біліктілігімен қоса, өте тақуа адам болған, күндіз ораза ұстап, түнін ғибадатпен өткізуді әдетке айналдырған. Өмірдің ыстық-суығына қарамай, ғылыми зерттеулерін, үйренгенін өзгеге үйретуді еш доғармаған. Күннің суығында да мейлі кітап оқу болсын, мейлі оқыту болсын, дәретсіз жүрмеген.
Ол бір сөзінде былай дейді: «Мен Бухарада талаба (шәкірт) болып жүргенімде, іш ауруына тап болып, күніне қырық рет әжетқанаға баруға тура келді. Әр барған сайын ағып жатқан суға барып сырт дәретімді алатынмын. Сол кездегі күннің суықтығы соншалық, дәрет алып бөлмеме келем дегенімше сиям қатып қалатын. Қатқан сияны қойныма қысып жылытатынмын. Сия ерігеннен кейін дәрістен түйгендерімді қағаз бетіне түсіруді жалғастыратынмын».
Ол тағы бірде күннің суығынан дәрет алмай, дәріс жазып отырған шәкіртіне ренжіп: «Сені Алла кешірсін. Суыққа бола дәрет алмағаның үшін Алладан ұялмайсын ба?!», – деген екен. Кім біледі, Имам Сәрахсидің осыншама ғылым иесі атануына септігін тигізген себептерінің бірі оның дәретсіз жүрмегендігінде шығар.
Жазған еңбектері
Ғалым өзінің қиын-қыстау кезендерді басынан кешіргеніне қарамастан кейінгі ұрпаққа көптеген бағалы еңбектер қалдырып кетті. Олардың тізімі төмендегідей:
1. ШИФАТҮ ЪАШРАТИС САЪА уә МАҚАМАТИЛЬ ҚИЯМА. Имам Сәрахси бұл еңбекті шәкірттік кезінде жазып шыққан. Кәләм ғылымына қатысты.
2. ШӘРХУ ЗИЯДАТУЗ ЗИЯДАТ. Тұтқында жатқан уақытында жазған еңбектерінің бірі.
3. УСУЛУС СӘРАХСИ. Имам Сәрахси тұтқындағы кезенінің соңғы жылдарында қағазға түсіріп, түрмеден шыққаннан кейін аяқтаған еңбегі. Бұл кітап Ханафи мәзһабының үкім шығару әдістемесін жүйелі әрі ауқымды түрде қамтыған. Екі томнан тұрады. Онда Ханафи мәзһабының үкім шығару әдісін, оның ішінде хадис қабылдау методикасын, оның пәлсафасын, мән-мағынасын түсіндіреді. Бұл еңбегін әл-мәбсут атты фиқһ кітабына кіріспе ретінде жазған. Осы салада жазылған ең бағалы кітаптарының бірі.
4. ӘЛ-МӘБСУТ. Отыз томнан тұратын фиқһ кітабы. Бұл кітапты он төрт жыл бойы зынданда жатқан кезінде, бастан-аяқ өзі жатқа айтып, ал шәкірттері зындан сыртына күнде жиналып, айтқандарын қағаз бетіне түсіріп отырғандығын жоғарыда айтып өттік. Бұл еңбек, негізінде, әл-Хаким әш-Шәһид Әбул Фазл Мухаммад әл-Мәруәзи есімді ғалымның «Әл-Кәфи» атты фиқһ кітабының шархы (түсіндірмесі). Ал, «әл-Кәфи» – Әбу Ханифа шәкірті Имам Мұхаммадтың «әл-Мәбсут» атты еңбегінің ықшамдалған түрі. Имам Сәрахси сол ықшамдалған кітапті қайтадан «әл-Мәбсут» деген атпен ішіндегі фиқһи үкімдерді егжей-тегжейлі таратып айтып, түсіндірме берген.
5. ШӘРХУ СИЯРИЛЬ КӘБИР. Әбу Ханифа шәкірті Имам Мұхаммадтың «әс-Сияруль Кәбир» атты жазған кітабының түсіндірмесі. Бұл түсіндірмені түрмеде бастап, тұрмеден босатылғаннан кейін Ферғанада шәкірттерімен бірге тәмамдаған.
6. ШӘРХУ ЗИЯДАТИЗ ЗИЯДА.
7. ШӘРХУ МУХТАСАРИТ ТАХАУИ. Әбу Жағфар әт-Тахауидің (х.321/м.933) «әл-Мухтасар» атты еңбегіне жазған түсіндірмесі.
8. ШӘРХУ ЖАМИЪИС САҒИР. Имам Мұхаммадтың «Жамиъус сағир» кітабына жазған түсіндірмесі.
9. ШАРХУ ЖАМИЪИЛЬ КӘБИР. Имам Мұхаммадтың еңбегінің түсіндірмесі.
10. ШӘРХУ КИТАБИЛЬ КӘСБ.
Тәрбиелеген шәкірттері
Имам Сәрахси көптеген еңбектер жазумен қатар, жүздеген шәкірт тәрбиелеп шығарды. Олардың ішіндегі ең атақтылары мыналар:
- Осман ибн Али ибн Мухаммад әл-Бәйкәндии әл-Бухари
- Әбу Бәкір Мухаммад ибн Ибраһим әл-Хасири
- Шәмсуль Ә’иммә Махмуд ибн Абдиль Азиз әл-Узженди (Өзкент)
- Бурхануль Ә’иммә Абдуль Азиз ибн Мазә
- Мәсғуд ибн әл-Хусейн ибн әл-Хасан әл-Кәштәни
- Әбу Хафсис Сағир Омар ибн Хабиб
- Рукнуддин Мәсғуд ибн әл-Хасан әл-Қашани
Қайтыс болған жылы
Имам Сәрахси милади жыл санауы бойынша 1073 жылы тұтқындалып, он төрт жылдан кейін 1087 жылы босатылады. Ақталып шыққаннан кейін Имам Сәрахси Мәрғинан атты жерге аттанады. Сол елдімекенде милади жыл санауы бойынша 1090 жылы 81 жасында қайтыс болады. Алла оған разы болсын!