https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Имам әл-Бұхаридың өмірбаяны

11 May 2015 0 comment Оқылды: 3387 рет

Толық аты-жөні мен тегі

Имамның толық аты-жөні – Мұхаммед ибн Исмаил ибн Ибраһим ибн Муғира ибн Бардизбаһ әл-Бұхари әл-Жуғфи, күния есімі – Әбу Абдуллаһ. (һ.ж.194-256/м.ж.810-870)

Имам әл-Бұхари Һижра жыл санағы бойынша 194 жылы шәууел айының он бірінде жұма күні Бұхарада дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған оған Бұхарадағы бір мешіттің имам-хатибы болған атасы жастайынан діни тәрбие берген. Алла тағала оған бала кезінен-ақ хадистерді жаттап алу қасиетін дарытты. Әбу Жағфар әл-Уаррақ оның еске сақтау қабілетінің ерекше екендігін былайша жеткізеді: «Бірде әл-Бұхаридан: «Сен хадистерді қалай оқып үйрене бастадың?» – деп сұрағанымда, ол: «Он жасымда не одан да ертерек хадистерді оқып, үйрене бастаған кезімде , маған оларды жаттап алу қажеттігі туралы ой келді. Сосын медіресені тастап, әртүрлі ұстаздардан білім ала бастадым. Он алты жасқа жеткен шағымда ибн Мубарак пен Уакиғдың кітаптарын жатқа оқып, олардың айтқандарын ойға тоқып үлгердім. Содан кейін анам және ағам Ахмадпен бірге Меккеге бардық та, сол жерде хадистер жинау мақсатында тұрақтап қалдық. Сөйтіп, он сегіз жасқа келгенімде, сахабалар мен табиғиндер және олардың айтқандары жайлы мағлұматтарды сұрыптауға кірістім»,–деп айтты».

Ол Меккеде төрт жыл тұрып, әйгілі мұхаддис Ахмад ибн Ханбалдың басшылығымен хадистерді зерттеп үйренеді, белгілі дін ғұламаларымен кездеседі. Сосын сол кездегі Ислам халифатының астанасы, ғылыми оқу орталығы ретінде танылған Бағдатта бірнеше жыл өмір кешеді. Кейіннен Мысырға, Шамға,Самарқанға, Нишапурға сапар шегеді. Жүрген жерлерінің бәрінде жаңа хадистерді жинаумен және оларды жүйелеп жинақтаумен айналысады.

Хадистерді іздеу барысында ол, өзінің айтуынша, мыңнан астам мұхаддистермен жолығады, Таяу Шығыс пен Орта Азияның көптеген қалаларын аралайды.

Есте сақтау қабілетінің ерекшелігі

Алла тағаланың оған кереметтей есте сақтау қабілетін дарытқаны оның жас кезінде-ақ белгілі болған. Ол алты жасында-ақ Құранның көптеген сүрелерін жатқа білетін. Хамид ибн Исмаил былай дейді:

  • «Әл-Бұхари Басрада, ол кезде балаң жігіт шағы, бізбен бірге хадис білгілері саналған әртүрлі ғұламалардың сұхбатына қатысып жүрді, бірақ ешнәрсені жазып алмайтын. Біраз күндерден кейін оған: «сен бізбен бірге әртүрлі ғұламаларға барасың да, ешнәрсе жазбайсың. Неге бұлай етесің?» – дедік. Он алты күн өткен соң ол бізге: «Сендер тым көп сөйлеп, мазамды алдыңдар! Қане, не жазғандарыңды көрсетіңдерші»,– деді. Біз өзіміз жазған он бес мыңнан астам хадистерімізді алып ұсындық. сонда ол бәрін жатқа айта бастады, тіпті біз қателерімізді оның айтқанына қарап түзетуге кірістік. Сосын ол: «Мені ғұламаларға уақытты босқа өткізіп, еріккеннен барып жүр деп ойлайсыңдар ма?» – деді. Содан кейін ешкімнің одан оза алмасына көзіміз жетті».

Әл-Бұхаридың ерекше есте сақтау және айна-қатесіз дәл айту қабілетіне ие екендігінің тағы бір дәлелі оның Самарқанда төрт жүздей мұхаддиспен кездескені туралы хабарда көрінеді. Олар Шам мен Ирак аймағындағы хадистердің иснадтарын араластырып, бір хадистің иснадын басқа хадистің мәтініне тіркеп әл-Бұхариға оқып бергенде, ол қайсы мәтіннің қай иснадқа тиісті екенін көрсетіп, бәрін реттеп шыққан. Олардың ешқайсысы бірде-бір иснадтан не мәтіннен қателік немесе дәлсіздік таба алмаған. Осы секілді оқиға Бағдатта да болған екен. Оның бір рет оқып шыққан кітабын жатқа соғатыны туралы да көптеген хабарлар бар.

Имамның қадір-қасиеттері

Имам әл-Бұхари өз өмірін бүтіндей ғылым мен құлшылыққа арнады. Ол: «Мен ешуақытта ешкімнен бір дирхам құнындай нәрсе сатып та алған емеспін және ешкімге бір дирхам құнындай нәрсе сатқан да емеспінә, – деп жиі айтатын. Бірде әл-Бұхаридан оның қалай нан сатып алатыны жайлы сұрағанада: «Мен оны біреуге тапсырамын. Сол сатып әкеп береді», –деп жауап қайтарыпты.

Имам өте арлылығымен, өжеттігімен, жомарттығымен, тақуалығымен, фәни дүниені тәрк етуі және мәңгілік өмірге ұмтылуымен ерекшеленген. Ол өзінің қадір-қасиеті мен абыройының аяқасты етілуіне жол бермеген. Сол замандағы әмірдің бірі баласының әл-Бұхаридан білім алғанын қалап, имамды алып келу үшін кісі жібергенде, ол әмірге: «Білім іздеуші білім иесіне өзі келуі тиіс» деп сәлем жолдап, оған барудан бас тартады. Осы тектес тағы бір оқиға туралы Бәкір ибн Мунирдің жазбаларында кездеседі. Бір күні Бұхараның әмірі Халид ибн Ахмад әз-Зухали имам Мұхаммед ибн Исмаил әл-Бұхариға: «Маған «әл-Жамиғ», «әт-Тарих» және басқа да кітаптарыңды алып кел, не жазғаныңды өз аузыңнан естиін» деп сәлем жолдап, кісі жібереді. Сонда әл-Бұхари оған жіберген адамы арқылы «Ақиқатында мен білімді адамдардың есігіне апарып қорламаймын, егер білімнен әлденеге мұқтаж болсаң, мешітіме немесе үйіме өзің кел» деп жауап қайтарады. Басқа бір деректе, әмір әл-Бұхариға тек өзінің балаларын ғана хадиске үйретуді және ол мәжіліске ешкімнің қатыспауын талап етіп кісі жұмсағанда, имам: «Мен хадис тыңдауға біреулерді қатыстырып, екінші біреулерді қатыстырмай қоя алмаймын» деп сәлем жолдайды.

Ол күндіз жиі ораза тұтып, түндерін құлшылыққа арнап, Құран оқитын, әсіресе, қасиетті рамазан айында ғибадатты арттыра түсетін. Әбу Бәкір әл-Бағдади Мәсих ибн Сағидтың: «Рамазанның алғашқы түні кіре салысымен Мұхаммед  ибн Исмаил әл-Бұхаридың үйіне жолдастары жиналатын да, ол әр рәкәғатында Құранның жиырма аятынан оқып, солармен бірге намаз оқитын және Құранды қатым қылғанша осылай жалғасатын», – деп айтқанын баяндайды.

Бір күні намаз оқып жатқанында имамның он жеті жерінен ара шағады. Намазын аяқтаған соң: «Қараңдаршы, намаз кезінде мені не мазалағанын», – дейді. Адамдар  қараса, денесінің он жеті жерінде араның шаққан ізі бар екен, имам сонда да намазын үзбепті.

Имам әл-Бұхари туралы ғұламалардың пікірлері

Имам әл-Бұхари туралы онымен замандас өмір сүрген ғұламалардың көпшілігі өте жақсы пікірде болған. Мысалы, оның хадси ғылымы саласында «Мүміндердің әміршісі» деген лақап атты иеленгенін айтсақ та жеткілікті. Бұл пікірге ешкім де қарсылық танытпаған. Бірде имам Муслим оның маңдайынан сүйіп: «Уа, ұстаздардың ұстазы, мұхаддистердің мырзасы және хадистер ақауының емшісі, аяғыңды сүюіме рұқсат ет!» –деп, оған кездесудің өтеуі жайлы хадиске қатысты сұрақ қойғанда, әл-Бұхари бұл хадистің олқылығын көрсетіп береді. Сонда Муслим: «Сені күншіл ғана жек көруі мүмкін! Бұл дүниеде саған тең келер ешкімнің жоғына куәлік беремін», – депті.

Биндар: «Мұхаддистердің ең көрнектілері төртеу: рейлік Әбу Зурға, нишапурлық Муслим, самарқандық әд-Дәрими және бұқаралық әл-Бұхари», – деп айтқан. Имам Ахмад: «Хорасанда оған тең келер ешкім болған емес», – депті. Әли ибн әл-Мәдини: «Әл-Бұхари ешуақытта өзіне тең келер ешкімді кездестірген емес», – десе, Исхақ ибн Раһауайһ: «Егер ол Хасанның кезінде өмір сүрсе де, адамдар оның хадистеріне және дүниетанымы мен фикһқа қатысты біліміне сөзсіз мұқтаж болар еді», – деген. Әбулаббас әд-Дағлауи Бағдат тұрғындарының әл-Бұхариға «Сен мұсылмандармен бірге тұрғанда олардан игілік кетпейді. Өзіңнен кейін сенен жақсы табылмайды, сенің орның әрдайым ойсырап тұрады» деген сөздер жазылған жолдау хат жібергенін айтады. Әбу Хатим әр-Рази: «Расында, ол – Бағдатқа келгендердің ең білімдісі»,– деген пікір білдірген. Ибн Хузайма «Мен бұл дүниеде Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадистері саласында әл-Бұхаридан артық хабары бар және хадистерді одан көбірек білетін ешкімді көрмедім», – деп баға берген. Ал, әл-Тирмизи: «Мен Иракта да, Хорасанда да тарихты әл-Бұхаридан артық білетін және хадистердің олқылықтары мен иснадын одан артық талдайтын бірде-бір адамды көрмедім», – деген.

Танымал ұстаздары мен шәкірттері

Имам әл-Бұхари хадистерді өзі барған түрлі елдердегі мыңнан астам ғұламалардан жеткізген. Ең танымалдары төмендегідей:

  1. Хаммад ибн Шәкир.
  2. Таһир ибн Махлид.
  3. Ахмад ибн Ханбал
  4. Әли ибн әл-Мәдини
  5. Мәккә ибн Ибраһим әл-Балхи
  6. Әбу Талха ибн Әли ән-Нәсәфи т.б

Имам әл-Бұхари жинаған хадистерді етсіген кісілердің саны орасан зор. Тоқсан мың адам «Сахихты» әл-Бұхаридың өз аузынан естіген деседі. Оның хадистерін естіп, өзгелерге жеткізушілердің көрнектірелі мыналар:

  1. Муслим ибн Хажжаж
  2. Әт-Тирмизи
  3. Ән-Нәсәи
  4. Ибраһим әл-Харби
  5. Ибн Әбу Дуния
  6. Абдулла ибн Мұхаммед ибн Нәжиһ т.б.

Имам әл-Бұхаридің еңбектері

Ғалым хадисші артынан көптеген пайдалы еңбектер қалдырды. Олардың бір шамасы мыналар:

  1. Әл-Жәмиъус-сахих
  2. Әл-Әсмә уәл-куна
  3. Әт-Тарихуль-кәбир
  4. Әс-Сунән фил фиқһ
  5. Әл-Әдәбул муфрад т.б.

Имам әл-Бұхаридің еңбектерінің ең көрнектісі «әл-Жамиъус Сахих» атты хадис жинақтаған кітабы.

Бұл кітап мұсылман әлемінде үлкен абырой-беделге ие жинақ. Аса жоғары бағаланатын хадис жинақтары алтау. Олар:

  1. Имам әл-Бұхаридың (милади 870 жыл дүние салған) «әл-Жамиъус-сахих» кітабы.
  2. Имам Муслим ибн Хажжаж әл-Қушайридың (милади 875 жылы дүние салған) «Сахихы»
  3. Әбу Дәуід Сүлеймен ибн Ашғас әс-Сижистанидің (милади 888 жылы дүние салған) «Сунаны»
  4. Мұхаммед ибн Иса әт-Тирмизидің (миләди 892 жылы дүние салған) «Сунаны»
  5. Ахмад Шұғайб ән-Нәсәидің (милади 915 жылы дүние салған) «Сунаны»
  6. Мұхаммед ибн Язид ибн Мәжәһтың (милади 886 жылы дүние салған)

Имам әл-Бұхаридің «әл-Жамиъус-сахих» кітабының бұл тізімде бірінші орында тұруы кездейсоқ емес. Сондай-ақ, ғұламалардың басым көпшілігі әл-Бұхаридың «Сахихы» Муслимнің  «Сахихына» қарағанда әлдейқайда дұрысырақ әрі көбірек пайдалы деп есептейді. Дегенмен Әбу Әли ән-Нисабури Муслимнің «Сахихын» сенімдірек деп есептеу керек деген және бұл пікірмен Мағриб ғұламалары да келіседі.  Әйтсе де, көпшілікке бұл екі кітаптың да дұрыс екені жақсы мәлім.

Имам әл-Бұхаридың «Сахихы» және оның құрастырылу тәсілі

Әбу Абдуллаһ әл-Бұхари өз жинағын «әл-Жамиъул-муснад әс-сахихул-мұхтасар мин умури Расулилләһи уә сунәниһи уә әййәмиһ» (Алла елшісінің іс-әрекеттерінен және сүннеттері мен күндерінен алынған сахих хадистердің толық иснадты ықшамдалған жинағы) деп атаған. Барлық ғұламалар онда ең сенімді хадистер бірінші рет тақырыптық жүйе бойынша жинақталғанына бір-ауыздан келіседі. Ал енді әл-Бұхаридың «Сахих» үшін хадистерді топтау мен оларды құрастыру ұстанымы туралы сөз қозғасақ.

Ән-Науауи былай дейді:

  • «Имам Әл-Бұхаридың (р.а.): «Сахихқа» керекті хадистерді алты жүз мың хадис арасынан таңдап алу үшін он алты жыл жұмыс істедім және оны Аллаһ тағаланың алдына барғанда һзімді ақтайтын дәлел еттім» деген сөзі бізге бірнеше жолдар арқылы жетті».

Ол Пайғамбарымыздың (с.а.у) сөздерін өз құлағымен естіген немесе іс-әрекетіне тікелей куә болған адамдар арқылы жеткен хадистерді ғана «Сахихқа» қосқан. Хадисті жеткізушінің қандай адам болғанына, оның адамгершілік сипатына ерекше көңіл бөліп, әлдебір жаманаты шыққан не бір теріс іске қатысы анықталған адамдар арқылы жеткен хадисті сахихтар тізімінен өшіріп отырған.

Имам әл-Бұхаридың:

  • «Мен «әл-Жамиъ» атты еңбегіме тек сахих хадистерді ғана енгіздім, ал кейбір сахих хадистерді кітаптың тым көлемді болғаны үшін қоспадым» – дегені туралы хабар бар.

Ән-Науауидың хабарлауынша, Абдул-Қуддус ибн Хаммам былай деген:

  • «Бірнеше шейхтардан: «әл-Бұхари «Сахихтың» тарауларының мазмұнына түсініктемені Пайғамбардың (с.а.у) қабірі мен мінбері арасында отырып құрастырған және осы түсініктемелердің әрбірін жазардан бұрын екі ракағат намаз оқыған» дегенді естідім»

Имам әл-Бұхари, ұстаздары мен басқа да хадис жеткізушілерден жазып алған екі жүз мың хадисті қоспағанда, ел аузындағы алты жүз мың хадисті тексеріп шыққан. Осыншама көп хадистерден жинағына бар болғаны жеті мың үш жүздей ғана, яғни бір пайыздан сәл-ақ артық хадисті таңдап алған соң, төрт топ етіп «әл-Жамиъус-сахихты» құрастырған. Егер олардың біразының қайталанатынын ескерсек, жинаққа енген хадистердің саны одан да азая түседі. Ал бұл хадистер Пайғамбарымызбен (с.а.у) тікелей жүздескен екі жүз сегіз адамнан жеткен. Бұл имамның алдына қойған міндеті мен хадистерді тексеріп, таңдап, сұрыптап алуға қаншалықты үлкен жауапкершілікпен қарағанын айғақтайды. Оның жазған еңбегі аяқталып біткен күннен бастап-ақ бүкіл мұсылман қауымының бірауызды пікірі бойынша Алланың кітабынан кейінгі ең жақсы кітап деп танылды және ол бүгінде де беделін титтей болсын жоғалтқан жоқ. Имам жинаққа он алты жыл өмірін арнады.

Имам әл-Бұхари «Сахихын» қай жерде жинақтаған?

Хаким «Найсабур тарихы» атты кітабында Әбу Амр хабарлаған Әбу Абдуллаһ Мұхаммед ибн Әлидің мына сөзін келтірген:

  • «Мен әл-Бұхаридың: «Осы кітапты жазумен айналысып Басрада бес жыл тұрдым, әр жылы қажылыққа барып, сосын Меккеден Басраға қайта оралып отырдым. Бұл кітапты Алла тағаланың мұсылмандар үшін игілікті етуін үміт етемін», –деп айтқанын естідім» 

Әбу Амрдың хабарлауынш, Әбу Абдулла: «Расында да Алла тағала ол кітапты игілікті етті», –деген.

Ән-Науауи: «Хадистердің білгірі Мұхаммед ибн Таһир әл-Мақдисидың: «әл-Бұхари «Сахихын» құрастырумен Бұхарада шұғылданды, бірақ ол Меккеде болған деушілер де бар» –дегені турады хабар жетті», – дейді.

Ән-Науауи, Омар ибн Мұхаммедтің мына сөзін келтіреді:

  • «Мен әл-Бұхаридың: «әл-Жамиъды» құрастырумен Харам мешіті аймағаныда шұғылдандым және Алла тағаланың рақымына бөлеуін өтініп, екі рағағат намаз оқымай, сондай-ақ ол хадистің дұрысығына көз жеткізбей тұрып, бірде-бір хадисті жинаққа қоспадым» – деп айтқанын естідім», – дегенін хабарлайды. Әл-Мақдиси: «Оның шындыққа жақынырағы біріншісі деп есептеймін».

Бұл хабарлардың бәрі де шындық тезінен шығып, имам әл-Бұхари «Сахихын» он алты жыл бойы құрастырса, оның бір бөлігін Меккеде, бір бөлігін Мәдинада, бір бөлігін Басрада, тағы бір бөлігін Бұхарада жинақтаған болуы әбден мүмкін, анығы Аллаға мәлім.

 «Сахихқа» енген хадистердің саны

Қайталанатындарын қоса есептегенде, «Сахихта» иснадтары бар хадистер саны – жеті мың екі жүз жетпіс бес, ал қайталанғндарын есепке алмағанда, олардың саны төрт мыңға жуық.

Өмірден озуы

Имам әл-Бұхари өмірінің аяқ шенінде туған қаласынан, сол кезде шамамен Самарқаннан бір шақырым жердегі  Хартанк елдімекеніне қоныс аударады. Сол жерде жанына жақын адамдардың арасында өмір сүріп,  Алла тағалаға «Мені Өз жағыңа ала гөр!» депе жалбарынумен жүріпті. Өйткені, оған бүлікшілер қауіп төндіруде болатын. Содан көп уақыт өтпей ауырып, Һижра санағы бойынша 256 жылы сенбі күні, ораза айты мерекесі қарсаңында дүниеден озған. Алла тағала оны рақымына алғай және оған разы болғай!

Алла тағала имам әл-Бұхариды рақымына бөлеп, оған ерен еңбегі үшін  жәннәттың төрінен орын нәсіп етсін![1]

[1] Сахих әл-Бұхари қазақша аудармасы
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз