Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі, қазақ халқының соңғы ханы – Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келіп, 1847 жылы Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік – Сеңгір аңғарында шәйіт болды. XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі бабаларымыздың елі мен жерінің біртұтастығын қорғап қалудағы қатты наразылығы, қазақ мемлекеттігінің тарихындағы ұлы оқиға болды.
Ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановтың жазып қалдыруынша (шығармалар жи-нағы, III том, 486 бет), Абылай хан он екі әйелінен қырық қыз, отыз ұл сүйген. Ұлдарының бізге белгілері: Сағындық – Шуақбай атты Қарақалпақ бегінің қызы – Сайман ханымнан: Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім; Қашғар бегі Кенже Сарттың қызы – Бабақ ханымнан: Шеген, Рүстем, Оспан, Сыздық, Әбі-тай, Әбділда; Қалмақ ханы Қалдан – Сереннің туысы – Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым; Сырғалдақ қожаның қарындасынан: Тоқ, Қасым, Арық; Атығай – Қарауылдың қызы Тоқта ханымнан: Сығай, Тоғай, Сүйік, Әли, Құлан, Тоғым; Орыс сұлудан (тұтқын): Шама; басқа әйелдерінен: Ғұмыр, Байыр, Жәңгір, Сыпатай. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Аға-тай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген.
Абылай хан 1781 жылы 69 жасында қайтыс болғаннан кейін оның ең үлкен ұлы Уәли (1738-1819 ж.ж.) әкесінің орнына хан болып сайланады. Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі өзінің шырқау шегіне жеткен кезде Уәли 1774 жылғы 2 маусымда Орынбордың генерал-губернаторы Рейнсдропқа былай деп хат жазады: «Сізге дұғай сәлем жолдай отырып айтатыным төменгідей: Жоғары мәртебелі Сіздің Шыныят мырза арқылы жіберген хатыңызды алдық, тек әкем Абылай хан болмады, ол қалың қолмен сырттағы жауға аттанған еді, жауымыздың тас-талқанын шығарғандығы жайлы хабар алып отырмыз. Ал, мұнда елді оның орнына мен басқарып отырмын. Сіздер де қандыбалақ қарақшыны ұстапсыздар, бұл хабарды естіп мен қуанып қалдым. Себебі ұлы мәртебелі императордың біз жауына жау, досына доспыз ғой!» (А.И.Дмитриев-Мамонов. Орал мен Сібірдегі Пугачев көтерілісі. Санкт-Петербург. 1907, 139-140 бб.). Орыс бақылаушысы Чучаловтың айтуынша, «Уәли әкесі Абылай сияқты өркөкірек, алған бағытынан қайтпайтын қайсар, әрі құбылмалы» жан болған (XVIII-XIX ғ.ғ. қазақ-орыс қатынасы. Алматы, 1964, 106 б.). 1782 жылғы 25 ақпанда Ресей патшасы II Екатерина Уәли ханды Орта жүздің ханы етіп бекіту туралы әмір еткен грамотаға қол қояды. Петропавл бекінісінде Уфа мен Симбирск генерал-губернаторы генерал-поручик Якобийдің қатысуымен Уәлидің хан болып таққа отыруының және ант беруінің рәсімі өткізіледі.
1781 жылы Ресейде Кіші жүздің ханы Нұралы мен Айшуақ сұлтан тұтқынға алынғанында, Уәли хан бұған наразылық білдіреді. Уәли ханның бұл әрекетін ұнатпай қалған Орынбордың генерал-губернаторы, барон Игельстром оған былай деп жауап қайтарады: «Жоғары дәрежелі хан, ұлы мәртебелі императрица Сізге тек қана Орта жүзді билікке берді, ал қазақтың Кіші жүзінің ісі, ондағы жағдай Сізге мүлде тапсырылмаған болатын» (Қазақ КСР тарихына байланысты материалдар.т. IV, 1940, 102 б.).
Уәли ханның Ғұбайдолла, Есім, Тәуке, Ғаббас, (Аббас), Жошы, Төрежан, Әбілмәмбет (Мәмке), Хамза, Шыңғыс, Абылай (Әбен), Шөген (Шепе), Әлі (Әлжан), Қанқожа, Бегалы деген 14 ұлы болған. Уәлихан өлгеннен кейін оның тұңғышы Ғұбайдолла хан болып сайланады. Алайда патша өкіметі бұл шешімді бекітпейді. Тек қытайлықтар ғана 1823 жылы Ғұбайдолланы хан деп таниды. Қазақ хандығын таратуды мақсат тұтқан Ресей империясы «Сібір қазақтарын басқару туралы» арнайы Жарғы шығарып, қазақ жерінде сыртқы округтерді ұйымдастыра бастайды. Және де мұрагер – ханзаданы Көкшетау округінің аға сұлтаны етіп тағайындап, оған медаль беріп, шапан жабуға шешім қабылдайды. Ғұбайдолла ақ патшаның бұл шен-шекпен, сыйлығының бәрінен бас тартып, туысы Қасым сұлтанның баласы Саржанмен бірге Ресей императрицасына наразылық танытады. Ол 1824 жылы Қытаймен байланыс жасауға әрекеттеніп жүргенінде сотник Карбышевтың отряды оны Баянауылда тоқсанға жуық сұлтан – билерімен бірге ұстап, кейін Ғұбайдолланы Березовкаға жер аударады.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысына Патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғысының» қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жоюы, қазақ елін жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберуді көздеген жымысқы саясаты негіз болды. Әуелі бұл саясатқа өз наразылығын қарт сұлтан Қасым төре білдірді. Ол 1824 жылғы 17 қыркүйекте Батыс–Сібір генерал – губернаторы Капцевичке ультиматум іспеттес мынандай хат жолдады:
«… Сіз менің мына сұрақта-рыма жауап берсеңіз екен:
1) Сіздер неге біздің халыққа қысымшылық жасап отырсыздар?
2) Біздің жерде неге құрылыстар салынып жатыр?
3) Суымызға неге ау құрылған?
4) Орыстар иемденіп жатқан көлдерден неге қазақтарға тұз алуға болмайды?
Осының бәрі кімнің бұйрығымен жасалып отыр?
Менің әкем мен ағам Уәлидің мұрагері, хан болып сайланған Ғұбайдолла серіктерімен бірге зорлықпен ұсталды. Ғұбайдолла Ресейге қандай қиянат жасаған екен? Маған айтыңыздар! Ал қазақтарға жамандық жасаса, анығын білу өзіміздің де қолымыздан келеді. Егер менің бауырымның не істегенін ашып айтпасаңыздар, бізге өкпелемейсіздер, сәті түскенде жауапқа тартамыз.
Біздің қол астымыздағы, сіздерге бодан болған қазақтарға жамандық жасамаңыздар, себебі, әкем Абылай хан мен мемлекет басшысы Императрица арасындағы бейбіт келісімде шекара көр-сетілген.
Егер де біздің жердегі салынған құрылыстар жойылмаса, қазақтарға деген қастандық тоқталмаса – бұл жағдайда ренжімейтін боласыздар. Ресей жерін алатын болсақ, оған байланысты біздің арам ниетіміз жоқ. Ал,енді, Сіздер бізге қарсы соғыс ашатын күнде біз қарап отыра алмаймыз. Ресей тарапынан жасалған түрлі алдау, арбау және қастандыққа көнетін шамамыз жоқ. Сөз боп отырған мәселелер жайындағы ойларыңызды дереу хабарлаңыз…». Бұл хатқа Қасым сұлтанның мөрі басылып, қолы қойылған. Ресей билеушілерінің қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетауда өз әскери бекіністерін салуы, Солтүстік, Шығыс Қазақстанда суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп орыс-казак шаруаларының өз иелігіне бөліп алуы, жергілікті халыққа алым-салықтың өсуі ұлт-азаттық қозғалысын тұтатты. Ресей империясының бұл саясатына алғашқыда Ғұбайдолла сұлтан қарсы шықса, кейін оны Саржан сұлтан басқарды. Алайда Ресейге қарсы күресте одақтас болған Қоқан хандығының сатқындығынан 1836 жылы олардың тікелей нұсқауымен Саржан сұлтан өлтірілді, 1840 жылы Қасым төре қаза тапты. Осы кезде тарих сахнасына Қасым сұлтанның баһа-дүр батыр ұлдары, Саржан сұлтанның туған інілері Кенесары мен Наурызбай шығып, қалың қазақ елі Кенесарының соңынан ерді.
Ағасы Саржан сұлтанның жасағында болып, әскери өнерін шыңдаған Кенесары қаншама қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді, Ресей құрамына кірмеген аймақтардың тәуелсіздігін сақтауды басты мақсат тұтқанымен, ол отаршылдарға қарсы соғысты бірден бастаған жоқ. Ол бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап, Николай І-патшаға, Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовскийге, В.А.Обручевке, Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчаковке хат жолдады, тиісті талаптар қойды. Ол өзінің Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған хатында: «Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Өлкейек, Тоғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып, қаптаған бекіністер тұрғызылды. Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің тілегім – екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі», — деді.
Кенесары Қасымұлы 1837 жылғы желтоқсанда Николай І – патшаның өзіне осындай мазмұнда хат жазғанды. Ол өзінің Ресей патшасына жолдаған алғашқы хаттарының бірінде тіпті, императорды атасы Абылай хан заманында екі ел арасында орын алған бейбіт қатынасқа және шекара есебінде қабылданған межеге қайта оралуға шақырады. «… Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта, — деп жазады Кенесары император Николай І-патшаға, — халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады; біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылық- тар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып Сіздің төменгі қарауыңыздағы бас-шыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын», — деп жазғанды. Алайда заңды талап – тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына қатты қауіп төнгендіктен, Кенесары ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастады. Ақылды саясатшы және шебер әскери қолбасшы ретінде ол соғысқа жан-жақты дайындалды. Жасағына қаружарақ соғу, соның ішінде зеңбірек құю үшін орыс және өзге ұлт шеберлерін де өзіне тартып, оларға жақсы жағдай жасады. Көп ұзамай Кенесарының қол астына 20 мыңға жуық сарбаз жиналып, олардың ішінде Орта жүздің арғын, қыпшақ руларымен бірге Кіші жүздің де шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы тағы да басқа руларының, Ұлы жүздің үйсін, дулат тағы да басқа руларының сарбаздары болды. Кенесары ұлт-азаттық көтерілісінде Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар тәрізді батырларға арқа сүйеді.
Мұндағы Иман батыр 1916-1917 жылдардағы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісін басқарған Әбдіғапар Жанбосынұлының сардары болған Амангелді батырдың атасы. 1838 жылдың басында Ақмола округтік приказынан патша қызметіндегі жансыздар Жақан Көпин мен Сасық Көпенбаевтар сыйлық әкелген болып Кенесары ставкасына кіріп, қысқы қимылдарға дайындалып жатқан жасақтың жайымен танысқан ғой. Кейін олар өз мәлімдемелерінде: «Қазақтардың барлығы да қаруланған. Кенесарының қос тігуді бұйыруы мұң екен, қас қағым сәтте екі жүздей қос тігілді, бұған қоса қардан отызға тарта баспана жасалды да, солардың іші түгел қазақтарға толды, әр қоста 7-ден 10-ға дейін адам бар. Бұл тобыр, шамасы, 2700 қазаққа дейін жетеді, солардың арасында қыпшақ руларының басшылары – Иман мен Жартыбай да бар» деп жазады. Осы мәлімдемеге қарағанда Иман батырдың Кенесары жасағы-на қосылған кезі – 1838 жыл, ал Кенесары жасағының жағдайын ойлаған жанашыр, жайсаң қолбасшы.
Абылай ханның ұрпағы Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісінде қандай қолбасшы, тарихта қандай ұлы тұлға болғандығы туралы орыс тарихшысы Н.Н.Середаның өзі былайша тамсана ой толғайды: «Кенесары өз жасақтарының мәртебелі әміршісі бола білді. Оның рухы дем берген жауынгерлерге еуропалық әскер қолбасшыларының өзі қызығар еді. Жортуылда жолындағының бәрін жайпайтын дала дауылындай екпінді де тегеурінді Кенесары ешбір бөгет алдында кідірмейтін, қайта кездескен кедергі оның қайрат-жігерін жанып, шамырқандыра түсіп, көздеген мақсат жолындағы тосқауылдарды талқандар керемет күш бітіріп, одан сайын өршелендіріп жіберетін. Кенесарының бойындағы күллі осындай қасиеттерді көшпенділер биік бағалап, оның қаракет-қимылына қатысушылардың жүрегі басшысына деген шексіз сүйіспеншілікпен соғып, жанын пида етуге дейін барғызады». Ал енді ағылшындық Томас Аткинсон Кенесары Қасымұлы туралы былай деп жазды: «Кенесары қазақтардан ғажайып жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны тамаша игерген, шапшаңдығына көз ілеспейтін Кенесары жігіттері өзінен күші басым жаудан қаймықпай соғысып, жеңіп шыға беретінін естігенім бар. Егер білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскер құрар еді. Оларға тарихта даңқы асқан Шыңғыс хан жиһангерлерінің керемет қасиеттерінің бәрі тән».
Кенесарының жасағы көп ұлтты болды. Оның қол астында орыстар да, башқұрттар мен татарлар да, қарақалпақ, түрікпен, өзбек, қырғыздар да қару-жарақ жасап, оқ-дәрі әзірлеп, соғысқа қатысып әртүрлі жұмыс, әскери қызмет атқарды. Шайқастарда қолға түскен тұтқындарға да Кенесары қорлық-зорлық көрсетпеді. Тұтқында болған урядник Андрей Ивановтың айтуынша, тұтқындар отын дайындау мен құдық қазу жұмыстарына ғана жегілген. Кенесарының бұйрығымен тұтқындар әртүрлі ауылдар мен жеке байларға таратылып берілген. Кенесары тұтқындардың қожайындарынан оларды жақсылап тамақтандыруды, зәбірлемеуді үнемі талап етіп отырыпты.
Қазір кейбір тарихшылар, журналистер Кенесарыны Кавказда Ресейдің отарлау саясатына қарсы шыққан имам Шәмілге, оның көтерілісін мұсылмандардың қасиетті соғысы – жиһадқа теңестіртіреді. Олар: «Егерде Кенесары ғазауат жарияламаған болса, патша үкіметі оның қол астындағы әскерлердің арасына іріткі салу мақсатымен 1837 жылы Омбы мұсылмандарының діни басшысы Ахун Мұхаммад Шариф Әбдірахмановты Ақмолаға жібермес еді…» деп жазады. Біз білетін ақиқат: Кенесары Қасымұлы үш жүзді толық қамти отырып, қазақ елінің Абылай хан тұсындағы территориялық тұтастығын, дербестігін қалпына келтіруді өз күресінің ең басты мақсат-мұраты етіп жоғары қойды.
Кеңес дәуіріндегі қазақ халқының тарихнамасында ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстары бір-бірінен бөлшектеліп, жеке-жеке қаралып келді де, оған Ресейдің империялық саясатына сәйкес баға берілді. Сөйтіп, 1785-1797 жылдардағы Сырым Датұлы, 1824-1836 жылдардағы Саржан сұлтан, 1836-1837 жылдардағы Исатай- Махамбет, 1837-1847 жылдардағы Кенесары, 1856-1857 жылдардағы Жанғожа батыр, 1916-1917 жылдардағы Әбдіғапар Жанбосынұлы бастаған отаршылыққа қарсы ұлт-азаттық көтерілістер бір-бірімен сабақтастырыла зерттелген жоқ. Қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерілістері ұлттық шеңберінен көтеріліп, әлемдік ұлт-азаттық қозғалысының тұғырына қондырылмады. Македонскийдің, Шыңғысханның қалың қолын тоқтатып, қаһарын басқан көшпенділер өркениеті отырықшылар цивилизациясынан бір саты төмен қойылып, тіпті, Кенесары бабамыз тек қана хандық билік үшін таласқан, өте қатал, сұм тиран кейпінде бейнеленіп, қазақтың тәуелсіздік үшін қан кешкен ұлттық батырларына қасақана қара күйе жағылды. Әйтпесе, әлем тарихында есімдері алтын әріппен жазулы тұрған басқа халықтардың ұлтазаттық көтерілістерінің көсемдерінен біздің Сырым, Махамбет, Кенесары тәрізді баһадүр бабаларымыздың несі кем?!
Ағылшындық Томас Аткинсонның (1799-1861 жж.) қазақ сахарасында жеті жыл өмір сүріп, еліне оралғаннан кейін «Орта Азия мен Батыс Сібір» (1857 ж.), «Амур бойына саяхат» (1860 ж.) деген еңбектерді жазғаны мәлім. Ол Аягөз тұсынан өткен кезде Кенесары туралы көп әңгіме естіген екен, біз тағы да Т.Аткинсонның сөздеріне арқа сүйесек, ол Кенесары туралы былай деп ой толғайды: «Кенесарының жеке басы көзсіз батыр, ұландары арасында шексіз беделді болатын, оған олар құдайдай құлшынатын, жетесіз кеткендерді де аямайтын, оларды өлім жазасы күтетін. Жаумен кескілескен айқастарда ұран салып, айбалтасы жарқылдап, соғысқа бірінші кіретін. Бұл жігіттерге сенім беретін, оның көптеген бастамасының баянды болуына негіз қалайтын… Одан тек қырғыздар ғана емес, тіпті өздерінің қоныстарының шебінде отырған орыстар да Кенесарының батыл шапқыншылығынан сескенетін…». Ал енді Ресейдің әскери тарихшысы В. А. Потто кезінде Кенесарыны қазақтардың Шамилі деп те атаған болатын.
1841 жылы қыркүйекте үш жүздің өкілдері жиынында Кенесары қазақ халқының ханы болып сайланды. Сол жылы Кенесары ханның әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 жылы Ресей үкіметі Кенесары ханға қарсы кең көлемді әскери жорық ұйымдастырды. Соған қарамастан, Кенесары ханның әскері Ресей армиясы мен Ресей жағында күресуші қазақ сұлтандарына бірнеше рет ойсырата соққы берді. Әсіресе 1843 жылдың қыркүйегіндегі Орынбор жасағымен шайқас бір жұмаға созылды. 1844-1845 жылдары Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі шырқау шегіне жетті. Ол бастаған елді үш жақтан қоршап, Қарақұмға шегінуге жол бермеу үш бірдей жасаққа жүктелсе де Кенесары оларды жер қаптырып, құтылып кетті. Кенесары кейін Константинов қамалына шабуыл жасады. Жантөрин мен полковник Дуниковский бастаған орыс әскерімен шайқасып, сұлтан жасағына тылдан тиісіп, жойып жіберді. Осы ұрыста 44 сұлтан қаза тапты. Кенесарыны қарудың күшімен бағындыра алмасын білген патша өкіметі онымен келіссөз жүргізіп, қапияда қолға түскен сүйікті жары Күнімжан ханымды тұтқыннан босатты. Кенесары өз ставкасын Жетісуға көшірді. Ұлы жүзден оған Байсейіт, Сұраншы, Саурық, Тойшыбек, Байзақ батырлар жасақтарымен келіп қосылды. Тарихта Кенесары хан парасатты әмірші, әскери өнерді жетік меңгерген қолбасшы, жаужүрек батыр ғана емес, ғажайып дипломат, данагөй де болған тарихи тұлға. Сол күндері отарлаушы орыс мемлекеті қазақтарға қарсы Хиуа, Қоқанды, қырғыздарды айдап салса, қырғыздар Орта жүзге Ұлы жүзді қарсы қоюға жанталасып, Хиуа Есет батырды Жанғожаға, Жанғожаны Кенесарыға қарсы қоюға тырысты. Патша өкіме-ті болса, сатқын сұлтандарды Кенесарының соңына салып қойды. Осындай аласапыран заман туса да Кенесары хан жеке басының қамынан елінің біртұтастығы мүддесін жоғары қойды. Тапқырлы-ғымен талай қиын мәселелердің түйінін шешті. Сатқындыққа, әділетсіздікке, мейірімсіздікке қатал қарап, қатты қаһарланса да парасаттылық танытар тұста ашуын ақылға жеңдіре де білді.
Қалижан Бекқожин атамыздың «Батыр Науан» деген дастаны бар. Ол алғашқысында «Тарту» деген жинақта жарияланған болатын. Ақынның сөзімен айтсақ, оқиға «Кененің кең пейіштей Сарыарқасында» басталады. Кене ханды батырлары ортаға алып, сары қымызды сапырып ішіп, қобыз тартып, думандатып отырады. Сол сәт Сыр жағасындағы Жаппас деген рудан шыққан бір жігіт келіп, Ахмет деген төренің орыс офицерімен бірлесіп елін шауып кеткенін, сүйген қызын тартып алғанын, елінің еркін өмірінің тыныштығын бұзғанын айтады. Мұны естігеннен кейін Кенесары кек қайтарыңдар деп батырларын жорыққа аттандырады. Ақын осы дастанында Кенесарының батырларын ашулы арыстанға, жаралы жолбарысқа, ақиық ақ сұңқарға балайды. Осы жорықта Наурызбай батырдың Ахметтің басын шауып, орыс офицерінің аяққолын байлап, Кенесары ханға алып келгендігін баяндайды.
«Қазақ жері Ресей империясының басыбайлы меншігі» деген тезис ашу – ызасын туғызып, қолына қару ұстатқан Кенесары ханның мәрттігін паш еткен тарихи оқиғалар көп. Ел есіндегі естелік болып бізге жеткен сол оқиғалардың бірінде мынандай сыр шертіледі:
… Кенесары бір күні өзінің хандық рухына сүйеніп, Торғай өңірінде отырған қыпшақтардың биі Балғожаға (Ыбырай Алтынсариннің атасы, М.С.) елшісін жіберіп, оған көтерілісшілерге ұландар жасағын қосуды бұйырады. Балғожа би: «Ақ патшаға берген антым бар. Антты аттай алмаймын. Кенесарының әскеріне қосатын жасағым жоқ, – деп хан елшісін кері қайтарып жібереді. Кенесары хан бидің әділ жауабына жаулықпен жауап қайтара алмай, енді оның жеке басына тиісуге сылтау іздейді. Сонан соң оған жаушы жіберіп: «Балғожа бидің Кертаңдақ дейтін тұлпары қара емес, хан мінуге лайықты ат. Би сол дүлдүлін маған берсін» деген сәлемін жеткізеді. Мұны естігенінде Балғожа би: «Астымдағы атымды хан Кененің атасы Абылай тіріліп келсе де бере алмаймын», – деп күш көрсетеді.
Ханға қарсы шыққан Қыпшақ биін жазаламақ болып Кенесары Сарыторғайда жайлауда отырған Балғожаның ауылын шабады. Қанына қарайған хан жасағына: «Шаңырағын ортасына түсіріңдер. Бір сабақ жібін қалдырмай түйелерге артыңдар. Ордадағы барша жанды шешіндіріп, жерошақ басына жинаңдар», — дейді. Хан бұйрығы бұлжытпай орындалады. Сол кезде жүздік басы Кенесарының жанына келіп: «Хан ием! Анау төбе басында бір салт атты тұр. Біздің ісімізге кіжініп тұрған тәрізді. Атынан түсіріп, алдыңызға айдап алып келейін бе?», — дейді. Оған Кенесары: «Қажеті жоқ. Ол, шырағым, Балғожа би. Ол өзінің астындағы атына сеніп тұр ғой. Бұл күні осы қазақ сахарасында оның дүлдүліне жететін жылқы жоқ», – деп жауап қайтарады.
Осы кезде ошақ басындағы топтан қолаң қара шашы арқасына төгілген сұңғақ бойлы, хас сұлу келіншек ханға қарай бет алады. Ұландар оның жолын кес-кестеп:
- Әй, қарабет, абыройыңды ашып, қайда барасың? Кейін қайт! – деп айқай салады. Ол төбесінен үйірілген қамшыға да селт етпеген күйі:
– Кетіңдер жолымнан! Мен абыройымды ел алдында ашайын деген жоқпын. Оны ашқан хан. Енді оны өзі жапсын. Төбемнен қамшы үйіретін мен сендердің күңдерің, қатындарың емеспін! – деп саңқ ете қалады. Мұны естіген Кенесары ұландарға: «жіберіңдер, тимеңдер» деп бұйырады.
Сонда хан алдында қасқайып тұрып қыпшақ қызы:
– Ұлы мәртебелі хан ием, – дейді. Мен туған күні тағдырдың бұйрығымен Сіз әкем Балғожа бидің құтты қонағы болған екенсіз. Сонда Сіз: «Мына балам дүниеге келді. Балама қандай көрімдік берсем лайық болар екен?» –деп толғаныпсыз. Әкем: «Хан ием, балам ер жеткенде Сізден осы көрімдіктің орнына өзіне керегін қаласа қалай болады?» деп сұрапты. Сіз сол сөзге тоқтапсыз. Әке–шешем осы оқиғаны жыр қылып айтып отырушы еді. Сол күн бүгін туған тәрізді. Егерде рұқсат етсеңіз, мен өз өтінішімді айтайын деп едім.
Қайсар қыпшақ қызының сөзін үн-түнсіз тыңдап тұрған Кенесары хан:
– Өз өтінішіңді айта ғой, айналайын, – дейді. Сонда жас ару:
– Сіз өзіңіз бермекші болған көрімдігіңіздің орнына менің тілегімді орындауға берген сертіңізде тұрсаңыз, Балғожа бидің ордасы қайта құрылсын. Дүние-мүлік қазқалпында қайтарылсын. Бір сабақ жіп жоғалмасын. Тұтқындағы адамдардың бәрі босатылып, ауылымыз қайтадан мамыражай тірлік кешсін, – дейді.
Хан бұйрығымен хас сұлудың тілегі орындалады. Кенесары оны алдына шақырып алып, «Шырағым тілегің толық орындалды ма? Дүниемүлкің түгел ме?» деп сұрайды. Қыпшақ қызы шындықты жасырып қала алмай: «Хан ием, екі бұлғынның елтірісі жоқ», – дейді. Кенесары хан екі қадам жердің екі жағына екі найзаны қадатып, от жағып, ұландарды шешіндіртеді де ортасынан өткізіп, бәрін де тінткізеді. Алайда жоғалған екі бұлғынның елтірісі табылмайды. Кенесары хан түнерген қалпы үндеместен атының басын Ұлытауға бұрып, аттанып кетеді. Тек түнде жасағының арасына жансыздар жіберіп, бітеу елтіріні аяғына киіп алған алаяқ ұланды анықтап, оны дереу өлім жазасына бұйырады. Осы кезде Балғожа би де Кенесары ханның жасағына жетіп, «уәденің құдай сөзі екенін», сол себепті жасақ бере алмағанын айтып, ешқандай ер жігіттің қойнындағы қатыны мен астындағы атын басқаға бермейтінін әзілдеп түсіндіріп, ханнан кешірім сұрайды. Оның қаталдығы мен мейірімділігінің қатар жүретініне таңтамаша қалғанын әңгімелеп, ордасына қонаққа шақырады. Сөйтіп, хан мен би қайта татуласады. Тек Балғожа би кейін қызына айтқан көрінеді: «Әй, балам-ай. Сен балалық жасамай, даналық жасап, бір ғана Балғожа бидің ауылының – амандығын сұрап алмай, бүкіл Торғай халқының амандығын сұрасаң да ол саған беретін еді ғой. Енді жасақ қоспағаны үшін еліміздің басқа рулары хан еркіне қарай, маңдайларына жазылғанын көре жатар», – деп. Расында да Кенесарыға қарсы шыққан Торғайдағы бір жаппас ауылының адамдары қатты жазаланады. Өйткені, олар Наурызбайды қырық батырымен бірге қырып тастамақ болғанды. Сонда қырық шатырда түнемелік ұйықтап жатқан қырық батырды шетінен бастап бір-бірлеп өлтіріп келе жатқанында бір адам Науан батырдың шатырының жанынан өтіп бара жатып, «Науан батыр, күн бұзылып кетті-ау» – депті. Ол осылайша қастандықтың басталғанын тұспалдап хабарлап, оны Наурызбай түсініп қалыпты да, шатырының бүйірін қылышымен кесіп сыртқа сытылып шығып, қалың қамыс арасына кіріп кетіп, ажалдан қашып құтылыпты. Мұны кезінде торғайлық талантты қаламгер Әбдірашит Бектемісов ағамыз да жазып кеткен еді-ау, шіркін.
Көтеріліс қан төгусіз болмайды. Қалың елі – қазағының Тәуелсіздігі жолында ұлт-азаттық көтерілісінің басшылары қатаңдық та танытқан, сатқындарды жазалап та отырған. Бұл орайда профессор Мәмбет Қойгелдиев былай дейді: «Он жылға созылған егес барысында Кене хан мен патша әкімшілігі арасында қазақ бұқарасына ықпал үшін тынымсыз күрес жүрді. Кене хан Батыс Сібір генерал-губернаторына жолдаған хатында:
«… Мен, әрине, өз жағыма Баянауыл, Қарқаралы және Ақмоладағы өз халқымның біразын алдым, алда әлі де халқымызды өз жағыма тартпақ ниетім бар», — деп ашық мәлімдеді. Міне, осы мақсатқа жету жолында қарсылық жетекшісінің тізесінің жеке ауыл, ірі сұлтан мен байларға батқаны рас. Бұл репрессиялық шараларға бара отырып, Кенесары Қасымұлы бүкіл қазақ қоғамын өзіне бағындыруға, ал отаршыл әкімшілік жағында болған немесе өзін қолдағысы
келмеген жеке сұлтандарды жазалауға барды, сол арқылы қоғамды ортақ мүддеге жұмылдырудан үміттенді».
Кенесары Қасымұлының күрес жорықтары, дипломатиялық қарым – қатынастарына терең ой жіберген адам оның жаңа замандағы жаңа саяси жағдайда өзінен бұрынғы Есім, Тәуке тәрізді қазақ хандарының жалпы түркістандың бірлік үшін күрес дәстүрін жалғастырғанын, ол бастаған көтерілістің Орталық Азия кеңістігіндегі антиимпериалистік қарсылықтың алғашқы көрінісі екендігін айқын аңғарады. Расында да Кенесарының осындай мақсат–мүддені көздегеніне нақты бір дәлел, қырғыз тарихшысы ғалым Белек Солтонаевтың екі кітаптан тұратын «Қызыл қырғыз тарихы» атты еңбегінде Кенесары ханның 1846 жылғы көктемде Жетісу жеріне келгенінде қырғыздармен бітім жасасып, отарлаушы орыс империясына қарсы күресуге шақырғандығын баяндауы. Яғни, Кенесары хан сол жолы «қырғыздармен өзара елдесейік деген ниетпен… қырғыздың басшы адамдары Жангарач, Жантай, Тыналы, Төрегелді деген кісілеріне елші жіберген. Сонда жіберген елшінің аталған кісілерге айтқаны: «Орыс деген көп ел, беттескен жауын талқандап, жеңіп, қаптаған селдей болып, Еділ – Жайықты кешіп, Оралдан өтіп, Сарыарқада сыңсып жатқан қалың қазақты алып, Ертістен шыға Ілеге жақындап қалды. Әлі-ақ Алатау, Іле, Шу бойларына ат қояды. Арыны өте қатты, әскері өте көп, қырғыз-қазақ ежелден ел шетінде, жау бетінде ылғи да бір едік, жақсылық-жамандығымыз, қуаныш-сүйінішіміз ортақ, мал-жанымыз аралас ел едік. Жауға қарсы бірге қамданайық! Қазақ-қырғыз бір болсақ, Ташкент, Қосқан, Самарқан біздің ығымыздан көп алыс кетпейді, мен елшімін, ханымның бұйрығын айттым, егер де бірікпесеңдер сендерге көп күш түсер. Кене ханның тапсырғаны осы сөз».
Кенесары хан азаттық үшін айқаста бірге болуға шақырғанымен, патша шенеуніктерімен құпия байланыстағы қырғыз манаптары бас тартып, оның қатыгездігі, жауыздығы жөнінде небір сұмдық өсектерді таратты. Кенесарыға жақ ауылдарды шауып, малын айдап әкетті. Атақты Саурық батырды мерт етті. Оған шыдай алмаған Кенесары 1847 жылы Қырғыз жеріне басып кірді. Тек өз жақтастары ішіндегі опасыздық салдарынан Кенесары қырғыздардың қолына түсті. Батыр аңғал деген ғой. Ағасының қолға түскенін естіген Наурызбай батыр қол жинап, оны құтқару үшін соғыс ашудың орнына, «Ағамнан жаным артық па?» деп өз еркімен Кенесарының қасына барып тұтқынға түсті. Сонда Кенесары: «Қап, батырым, бекер жасадың-ау. Наурызбай бәрі-бір құтқармай қоймайды, деп мені босатқалы отыр еді», – деп қатты өкініпті.
Мәрт адамның қазасы да таңғажайып қой. Қырғыздар Наурызбай батырды найзаға шаншып, көкке көтеріп: «Наурызбай, енді қалайсың?» деп сұрағанында, ол: «Сенен әлі де найза бойы жоғары тұрған жоқпын ба, сақау қырғыз», — деп жауап беріпті. Ал енді Кенесарыны жазалайтын жерге арқанмен байлап әкеліп, айбалтамен басын шаппақ болғанында ол тауға, күнге қарап тұрып жиналғандардың етжүрегін елжірете ерекше бір қазақ әнін шырқапты…
Осылайша Кенесары айуандықпен өлтірілді. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық берді.
Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН