Имам Ағзам һижраның 80 (699 ж.) жылында Ирактың Куфа қаласында дүниеге келген. Толық аты-жөні – Нұғман ибн Сәбит, ұлты парсы. Өз ғасырының ірі ғалымы болғандықтан оны – «имам Ағзам», «ең үлкен имам» деп атаған.
Имам Ағзамның көзқарастары басқа ғалымдарға қарағанда кеңпейілділік, жеңілдік дінінің рухына сай келгендіктен, «Әбу Ханифа» деп аталған. Арабша «әбу» тек қана әке мағынасында емес, сонымен қатар, бір нәрсеге өкілдік, иелік мағынасында келеді.
Әбу Ханифа деп аталу себебіне бірнеше деректер келтіріледі.
1. Әбу Ханифа – «Ханиф» ислам дініне шынайы беріліп, соның жолымен жүрген яғни «діннің әкесі» деген мағынаны білдіреді.
2. Әбу Ханифа – «Ханиф» парсыларда сол кезде сия сауыттың аты болған екен. Имам Ағзам сол кезде сия сауытын жанынан бір елі тастамайтын еді. Сондықтан оны «сия сауыттың» әкесі деп атаған деседі.
3. Әбу Ханифаның «Ханифа» атты қызы болған. Соның құрметіне Әбу Ханифа деп аталған дейді.
Алайда бұлардың ішінде ең шындыққа жақыны бірінші келтірілген дерек яғни «діннің әкесі» деген атау болып табылады. Өйткені оның Ханифа атты қызы болмаған тек қана бір ақ ұлы болған дейді.
Әбу Ханифаның әкесі Сәбит туралы деректер аз сақталған, бірақ оның бай саудагер болғаны белгілі. Ол бала күнінде өзінің әкесі — яғни, Әбу Ханифаның атасымен бірге мұсылмандар әміршісі, әрі діни ұстазы қадірлі хазіреті Әли ибн Әбу Талибпен кездесу бақытына ие болады. Сонда мұсылмандар әміршісі Сәбитке және оның ұрпақтарына аса жоғары Аллаһ Тағаладан береке тілеп, дұға қылған болатын.
Оның әкесі кішкентай кезінде қайтыс болып кетеді. Әбу Ханифаның жас кезінде негізгі қызыққан ілімі – діннің иман негіздерін зерттейтін «кәлам» саласы еді. Куфа – Ирактың ең үлкен шаһарының бірі. Ол жерде көптеген ағымдар болған. Аса зерек имам Ағзам сол ағым өкілдерімен пікір таласып, ой жарыстырған.
Хазіреті имам Ағзам сахабалардың он алтысын көрген, оның сегізінен хадистерді риуаят еткен.
Имам Ағзамның жалпы 40 мыңға жуық шәкірті болған солардың ішінде бес мыңы (мужтаһид) ғалым шәкірттер болған деген деректер келтіріледі.
Ал өзінің дәріс алған ұстаздарына келер болсақ олардың саны 4 мыңға жуық болған. Ең үлкен ұстазы табиғиндерден болған Куфалық Амир ибн Шарахил. Ол кісі Пайғамбарымыздың 500 сахабасын көрген еді.
Әбу Ханифа харамнан барынша сақтанатын еді. Егер бір нәрседен шүбәланса, заттарын дереу садақаға таратып жіберетін. Бірде досы Хафс ибн Абдурахманға заттарын тапсырып, сатуға жібереді. Заттарының арасында бір киімнің нұқсан екенін ескертіп, осы киімді сатқанда ақаулығын айт дейді. Досы киімдерді сатуын сатқанымен, әлгі киім жайлы ескертпені ұмытып кетеді. Алған адамның кім екені де есінде қалмаған. Кейін осы мәселені Әбу Ханифа білгенде, сол заттардан түскен барлық қаржыны садақаға таратады. Сондықтан дәулетінде береке бар еді.
Хадис іліміндегі орыны:
Халаф ибн Аюб: «Аллаһ Тағаладан жеткен ілім Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с ға келді, одан кейін Оның сахабаларына келді, одан кейін табиғиндерге келді, одан кейін имам Ағзамға және оның серіктеріне келді. Қалаған адам осы сөзге келісіп риза болсын, қаласа осы сөзге ашуланып іші күйсін»- менің айтарым осы деген екен.
Әбу Юсуф: «Хадис түсіндірмесін Әбу Ханифадан артық білген адамды көрмедім. Сондай-ақ Әбу Ханифа «сахих хадистерді» де маған қарағанда көп білетін еді»-дейді.
Абдулла ибн Дауд: «Әрбір мұсылман намазында Әбу Ханифаның ақысына Алладан тілек-дұға етіп, оның фиқһ үкімдерін жадында алып жүруі уәжіп» деген.
Меккелік Ибраһим: «Әбу Ханифа заманының озық ойлы, білгір адамы еді»-дейді.
Яхиа ибн Наср: «Әбу Ханифаның: «Менде хадис ілімінен бірнеше сандық бар. Мен солардың ішінен пайдалану үшін бір азырағын ғана шығардым» дегенін естідім»-дейді.
Фиқһ саласындағы орыны:
Уакиъ ибн Аль Жаррах (имам Шафиъдың ұстазы): «Әбу Ханифадан өткен фақиһ ғалымды және одан өткен ықыласты намазхан адамды көрмедім»-деген екен.
Имам Шафиъ: «Кімде кім фиқһ ғылымын үйренгісі келсе Әбу Ханифа мен оның серіктерінің жолын ләзім тұтсын. Өйткені адамдардың баршасы фиқһ ілімінде Әбу Ханифаның алдында оның жанұясы сияқты»-деді.
Наср ибн Шамил: «Әбу Ханифа келіп фиқһты айырып-ажыратып адамдардың көкірегін оятпағанда олар сол күйінше фиқһ ілімін білместен ұйықтап жата берер еді»-дейді.
Әбу Жаъфар Ар-Рази: «Әкемнің: «Әбу Ханифадан өткен фақиһ ғалымды, одан өткен тақуа адамды көрмедім» деп айтқан сөзін естідім»-дейді.
Жаъфар ибн Рабиъ: «Әбу Ханифамен 5 жыл тұрдым. Сондағы менің байқағаным: Әбу Ханифа қашан көрсең үндемей жүрер еді. Егер фиқһ жөнінде бір мәселе сұрала қалса ашылып сөйлегені соншалық тасқындаған селдей ағыза жөнелер еді»-дейді.
Жарир: «Ағмаш деген ғалым егер фиқһ жайлы күрделі мәселе көтеріле қалса, дереу Әбу Ханифаға жіберер еді»-дейді.
Расында Әбу Ханифа фиқһ саласын ретке келтіріп, оны баптарға бөлген ең алғашқы адам. Одан кейін Мәлік ибн Анас осының негізінде өзінің «Муатта» атты еңбегін жарыққа келтірді.
Оның ақылдылығы мен зейіні:
Язид: «Әбу Ханифадан өткен тақуа зейінді адамды көрмедім»-дейді.
Харижа ибн Мусъаб: «Мыңдаған ғалым-машайықтарға жолықтым. Солардың ішінен үшеуінің зейініне, біліміне таң қалдым. Олардың бірі Әбу Ханифа болатын»-дейді.
Оның құлшылық-ғибадаттары:
Суфиан ибн Ғуайнаһ: «Біздің заманымызда Меккеге келген адамдардың ішінен Әбу Ханифадан көбірек намаз оқитын адам болмады»-дейді.
Мутиъ: «Түннің бір уағында Меккеге тауап етейін деп келгенімде тауапшылардың арасынан үнемі Әбу Ханифаны көретін едім»-дейді.
Әбу Ғасим ән-Нәбил: «Әбу Ханифа намазды көп оқығаны соншалық замандастары оны «қазық» деп атар еді»-дейді.
Хафс ибн Абду Рахман: «Әбу Ханифа отыз жыл бойы түнгі намаздың бір ракағатына Құранды оқып шыққан еді»-дейді.
Оның Алладан қорқынышы:
Язид ибн Камит: «Әбу Ханифа Алладан қатты қорқынышта болатын. Бірде Али ибн Хусайн деген азаншы құтпан намазына «залзала» сүресін оқыды. Әбу Ханифа саптың артында еді. Намаз біткеннен кейін адамдар тысқа шыға бастады. Сонда мен Әбу Ханифаның жүзіне қарағанымда отырған күйде терең тыныстап, қатты ойланып отырғанын көрдім»-дейді.
Оның тақуалығы және шыдамдылығы:
Меккелік Ибраһим: «Көптеген Куфалықтармен мәжілісте болдым. Солардың арасынан Әбу Ханифадан тақуарағын көрмедім»-дейді.
Яхиа ибн Қаттан: «Әбу Ханифамен бірге талай сұқбаттарда болып, оның сөздерін тыңдадым. Алла атымен ант етейін! Оның жүзіне барлап қарайтын болсаңыз оның Алладан қатты қорқатынын оның бет-әлпетінен оқысаңыз болатын еді»-дейді.
Ибн Һишам: «Әбу Ханифа аманатқа өте ықтиятты адам еді. Егер бір сұлтан оны қазынаның басшысы етіп тағайындауды немесе арқасынан дүре соғуды ұйғарса, ол сөзсіз Алланың азабынан гөрі бұл дүниедегі азапты қалап, өзіне дүре соғуды таңдап алар еді»-дейді.
Хасан ибн Салих: «Әбу Ханифа тақуалығы соншалық харамнан қатты сақтанатын еді. Кейбір халал нәрселерден күмәнданатын болса оны да өзінен аулақ ұстар еді. Одан өткен тақуа, өзінің нәпсісіне және біліміне сақ адамды ешқашан көрмедім. Сондай-ақ оның бұл сақтығының бәрі қабірге даярлық еді»-дейді.
Сахл ибн Музахим: «Әбу Ханифаның үйіне кіргенімізде оның үйінен тек қана қамыстан тоқылған алашадан басқа еш нәрсе көрмедік»-дейді.
Мужалид: « Һарун Рашидпен бірге отырған кезімде, біздің үстімізге кездейсоқ Әбу Юсуф кіріп келді. Сонда Рашид оған қарап тұрып маған Әбу Ханифаның мінез-құлқын сипаттап берші дегенде, ол: «Алланың атымен ант етейін! Алла Тағала харам еткен нәрселерден өзін барынша тиған, байлардан алыс жүретін, үнемі үнсіз, ой үстінде жүретін орынсыз көп сөйлейтін мылжың емес еді.
Бір мәселе жөнінде сұралатын болса, білсе жауап беретін.
Ей, мүміндердің патшасы! Өзі үшін және діні үшін көп ойланатын, сондай-ақ өз бойындағы кемшіліктерді тезінен түзеуге әрекет ететін. Ешбір жанды сыртынан ғайбаттап жамандамайтын керісінше оның жақсы жақтарын айтатын еді. Сонда Рашид: «Міне бұл ізгі адамдардың мінез-құлқынан!» деді.
Шарик әл –Қази: «Әбу Ханифа көп ойланып, аз сөйлейтін сондай-ақ фиқһ үкімдеріне ыждаһаттылықпен көңіл бұратын. Өзінің қол астындағы шәкірттеріне өте шыдамдылықпен, байсалды түрде тәлім беретін. Егер шәкірті қолында жоқ кедей болса оны қажетті нәрселермен қамтамасыз ететін. Сондай-ақ оның жанұясына да жәрдем беретін. Шәкірті алдынан оқып бітіріп шықса оған: «Харамды халалдан ажыратып, орасан зор байлыққа ие болдың»-дейтін. Сондай-ақ кемеңгер әрі ақылды адамдар арасында таласып-тартысудан аулақ жүретін ізгі жан еді»-дейді.
Имам Зуфар: «Әбу Ханифамен 20 жылдай сұқбатта болдым. Адамдар арасында одан бауырмашыл, одан шыншыл пенде көрмедім. Бар күш-жігерін ілімге және Аллаға құлшылық жасауға арнайтын. Мәжілістен тұрғаннан кейін аурулардың көңілін сұрайтын немесе жаназаға қатысатын немесе кедей адамдарға қарайласатын немесе олардың мұқтаждығы үшін ары бері жүгіретін. Күн батып, түн болған кезде құлшылыққа отырып, Құран оқитын. Осы тәртіппен өмірінің аяғына дейін осылай күн кешірді.
Әбу Ханифа өмірінің 52 жылын Омеядтар заманында 18 жылын Аббасидтер дәуірінде өткізді. Бұл екі династия пайғамбарымыздың с.ғ.с. ұрпақтарын жасқы көрмей, оларды үнемі қуғындыққа ұшыратып отырды. Олардың соншалықты қысым жасауының себебі- қолдағы биліктен айрылып қалмау тұғын. Имам Ағзам қашанда Аллаһтың елшісінің ұрпағының жанында болып. Оларға қолдау көрсетіп отырды. Бұл – әділеттілікті жақтау мен пайғамбарымызға деген сүйіспеншіліктен туған іс-әрекет еді.
Әбу Ханифа осы екі ерекшелігі үшін екі династиядан қорлық көрді. Бірде Омеядтардың ең соңғы халифасы Мәруан ибн Мұхаммедтің Ирактағы әкімі Язид ибн Омар ибн Хубайра Әбу Ханифаның «Сейіттерге» жақтасқанын біліп, шақырып алып әдейі сынады. Мемлекеттік әртүрлі лауазымды қызметтерді ұсынды. Барлығын қабыл етпеді. Оны зынданға тастап, жапа шектірді.
Аббаситтік халифа Мансұр имам Ағзамға қазылық қызметті ұсынды. Ол тағы да жөн көрмеді. Ақырында оны қапасқа қамап ауыр жапа шектірді. Оның зындандағы халін Рашид Уасиди: «Күнде зынданнан шығарып, қамшымен он мәрте ұратын. Тіпті жүз он дүре соғып, қазылықты қабыл ет!»-деп күштейтін. Ол да: «Мен бұған лайық емеспін», — деуден танбайтын. Дүре соғылып жатқанда: «Аллаһым, құдіретіңмен мыналардың жамандығынан сақта», деп дұға ететін. Әбу Жағфар Әлмансур бірде Әбу Ханифадан: «Ей, Нұғман, ілімді кімнен алдың?» -деп сұрайды. Әбу Ханифа: «Омардың ізбасарларынан, Әлидің ізбасарларынан, Абдулла ибн Масғудтың ізбасарларынан алдым. Ибн Аббастың заманында одан ілімді ешкім болмады»,-деп жауап береді.
Әбу Ханифа барша мұсылмандарға пайғамбарымыз с.ғ.с. көрсетіп кеткен жолды үйретіп, «әл-Фиқһул-Әкбар» деп аталатын ақида кітабын мұра етіп қалдырды.