https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Шәкерімнің қажылық сапары туралы

11 May 2015 0 comment Оқылды: 3142 рет

Абайдың ақырғы кеңесі – Шәкерімді алыс жерлерге, білім іздеуге жіберу болғанын жоғарыда айттық. Әрине, қажылық сапарға аттану Шәкәрім үшін оңай шешім болмаған. Едеуір қаржыны қажет қылады. Бұдан да қиыны, ол бұл кезде үлкен отбасының қамқор әкесі еді. Өз алдына шаңырақ көтерген Әбусуфиян мен Ғафурдан өзге балалары (Қабыш, Ахат, Зият, Жәкім) әлі шиеттей жас-тұғын. «Ұстазы мықтының ұстыны мықты» дейді қазақ мәтелі. Соқтықпалы жердің бітпейтін жанталасының бәрін кейін серпіп, Шәкерiм алғаш рет ұзақ сапар шегеді. “Жылым – қой, жұлдызым – июль” (1919) деп басталатын өзi туралы өлеңiнде ол қажылық сапарын былайша баяндайды:

Пароходта жүрiп жолда,

Әр елде кез келiп молда.

Он үш күн боп Стамболда,

Керек кiтап табылғаны-ай!

Осы шумақ бізге ақынның Стамболға пароходпен жеткенiн, бұл қалада он үш күн болып керек кiтаптарды тапқан қуанышын жеткізсе, біз бұл сапарды басынан, отаны Семей шаһарынан басталық. Үш жарым мың шақырымға созылған ұлы құрылыс – Транссiбiр темiржол торабы 1904 жылы іске қосылған соң Семей өңiрiнен қажылыққа аттанған мұсылмандар бағыты өзгерді. Жаңа бағыт бойынша Семейден Омбы қаласына пароходпен, Омбыдан жолаушылар пойызымен Қызылжар – Қорған – Челябi – Қазан қалаларын басып Мескеуге жетуге мүмкіндік туды. Қажыға беттеген мұсылман баласы Мәскеу вокзалында арнайы жүрдек поезға ауысып, үш сөткеде Ресейдiң Қаратеңiз порты – Севастопольге түсетін. Бұл порттан теңiз кемесi (ғасырдың басында бұл портта «Одесса», “Царица”, т.б. арнаулы кемелер болған) жолаушыларды Түркия астанасы - Стамболға төте жеткізетін. Стамболдан соң да сапар су бетiмен жалғасқан. Яғни жолаушы мұсылман жамағат сумен жүзiп отырып, Египеттiң Суэц каналы басындағы Ескендрия (Александрия) – Саид портына жетеді. Одан соң, Жерорта және Қызыл теңiздерiн жалғаған 160 шақырымдық каналмен жүзiп өтiп кеме Қызыл теңiз айдынына шығады да Сауд Арабияның Жидда портына тұмсық тiрейдi. Ал, бұл порттан Мекке қаласы небары 100 шақырым. Міне, Шекерiм “Пароходпен жүрiп жолда” деуiмен осы бағыттарды айтқан сияқты. Сөз орайы келген соң айтқан жөн, бұрынғы замандарда қазақтар Меккеге Арабстан шөлін басып өткен ескі маршрут та болған. Онда он үш күн бойы түйемен кезу керек екен. Ал Құнанбай заманында қазақтар көбіне Стамболға жетіп, онан әрі кемемен жүзген. Соның бірі – солтүстік Кавказ арқылы Қаратеңіз жағалауына жету (бұл қысқа, бірақ Кіші жүз қазақтарына ғана қолайлы бағыт). Бірі – Орта Азия арқылы өтетін күрделі бағыт (Арқа қазақтары көнеде осы бағытпен жүрген).

Қажылық сапарға шыққан жолаушы ат-арба жалдап өзбектің Ташкент- Самарқант-Бұқара-Чаржу қалалары арқылы, онан соң, қызылбас (қазіргі – Иран) елінің ішімен өтіп, қызылбастың жағалауындағы бір портқа жетуге тиіс еді. Бұл порттың кемесі жолаушыны Каспий теңізі бетінде бір күн, бір түн шайқап Баку шаһарына апаратын. Осы қаладан поезбен төрт күнде Қара теңіз жағалауы – Батуми қаласына жетіп, бұл портта тағы кемеге ауысып, үш күннен соң Стамбол жағалауына табаны тиетін. Мұның айналыс әрі әр елдің шекарасын қиып өтетін, қиыншылығы да, шығыны да молырақ бағыт болғандығы анық. Сондықтан қажылыққа тәуекел ету оп-оңай емес-ті. 1874 жылы Құнанбай Өскенбайұлы бастаған қазақтың 120 белді ақсақалы Мекке, Мәдинеде бас қосады. Мәшһүр Жүсіптің «Қазақ шежіресі» кітабының кіріспе бөлімінде айтылғандай, олар Мекке, Мәдиненің шәріп, шайқыларына өздерінің кім, қандай ұлттың өкілдері екенін түсіндіре алмай қиналыпты. Ақсақалдар «бас қосып, тарих ақтарып», ақыры бір мәмлеге келе алмай, Бағдат шаһарындағы Имам Ағзам кітапханасына желмаяға мінгізіп екі кісі жібереді, соның бірі – Кіші жүзден барған білгір Досжан халфе екен. Сол екеуі бұл сапардан қазақ халқының Әнес сахабадан өсіп-өнген жұрт екенін араб шежіресінен іздеп тауып, нұсқасын көшіріп әкелген-міс…

Құнанбай Меккенің әкіміне қазақтың қай ұлт екенін ұғындыра алмай қиналған тұста сарт пен ноғай екі жақтан «бұлар біздің жұрт» дескен-міс. Сонда Құнекең қасқайып тұрып: «Жоқ, олай болмайды. Біздің қазақ сарт та емес, ноғай да емес, өз алдына бөлек жұрт» деген екен. Сондай-ақ, осы жолы Құнанбай бас болып, Керекуден барған жансары уақ Нұрекен сияқты қалталы байлар қостап, қажыға келген қазақтар үшін Меккеде қонақ үй - тәкие салынғаны мәлім. Қасиетті Мекке қаласында Шәкерім атасы Құнанбай басшылығымен салынған осы тәкиені іздеп, тауып барады. Бiрақ “менен бұрын қажылар кiрiп қалған екен. Оларды ренжiтпей, пәтер алып түстiм” – дейді қажы. Енді ақынның өзі туралы жырына тағы бір үңілейік. Автор келесi шумағында түрiктiң бас қаласы Стамболда ел-елден (түрiк, кавказ-серкеш, үндi, араб, башқұрт, қызылбас елдерiнен) жиылған тамам оқымысты ғалымдармен сұхбаттасып, “сөзге кiрiскенін” паш етеді. Оқымысты ғалымдар болатыны, баршасы ғылым жолын қуған, ақиқатты іздеген жандар, Шәкерiмнің өз сөзiнше, олардың кейбірі “Парижде де оқыған”.

Осы ретте әр ұлттың зиялылары бiр-бiрiмен қалайша түсінісіп, сөзге кіріскен? Бұл сұрақтың жауабын да өзі беріп, “Переводчик түрiк, ноғай” және “әр тiлден словарь алмақпен” дейді қажы. Сөйтсе-дағы, терең ойларды “сынап нағызына нанбақ, Наданға болмады-ау оңай!” деп ағынан жарылады.

Енді бетi күңгiрт бiрер жайға тоқталайық. Бiрiншi, Шәкерiм Париж қаласына барған ба деген меселе. Бұл жайлы ақын өз жазбаларында дерек, тым құрығанда бір ілік бар ма? Өз білуімізше, жоқ. Жаңағы “Парижде де оқыған” деген бір ғана сөзінен өзге. Бірақ, неге екені түсініксіз, осы сөзді «қажы Парижде де болған» деп бұрмалауға әуестік көп. Әрине, мәселе қажының қай қалада болғандығында емес, басты сәттілік өзі секілді ойлайтын және өзінен де биік рухани адамдарды кездестіргендігінде. «Абайдың ақырғы кеңесі – осы сапарым менің көзімнің ашылып, адам қатарына қосылуыма үлкен себебін тигізді» деген сөзінің сыры осында десек дұрыс болар.

Екiншi, Шәкерiм қажылыққа бір емес, екi рет барған-мыс деген сөздің де аракідік естіліп қалатыны бар. Пәлі! Мұндай мағлұматсыз, дерексіз, жалаң сөзді көлеңкеге қарап тон пішумен парапар де де қой. 1902 жылдың күзiнде Түркiстан шаһарында бiр үлкен салтанат өтiп, оған Шәкерiм де қатынасқан деп дәйектейді “Абай” журналының 2005 жылғы №1 санында жарияланған “Түркiстан төрiндегi бас қосу” атты мақаласында әдебиетші ғалым Фадли Әли. Осы тойға шақырылған қонақтардың тiзiмi табылды, оның iшiнде “Құдайбердiұлы Шаһкарим (Шәкерiм) есiмi де бар” деп жазады. Әрине, алты алаштың игі жақсылары бас қосқан алқалы жиынға Абайдай қазаққа аса абыройлы адамның iнiсi Шәкерiмнің шақырылуы таң қалдыра алмайды. Алайда 1902 жылы Түркiстанға «кіші қажылыққа» сапар шеккенi жайлы Шәкерiмнің өзі ештеңе демеген. Демек, күдіксіз емес.

Ахат ақсақал әкесінен естігендерін былайша баяндайды: “Меккенiң тарихи орындарында болып, көп қажеттерiмдi таптым, – деп әңгімелеген екен Шәкерiм. – Мәдинаға бардым. Одан араб халқының ескi замандағы Абу Суфиян сияқты ғалымдары шығармаларымен танысып, кiтаптарын алдым. Қайта қайтқанда бiзден ауру шығып, бiр айдай Стамболда жатып қалдық. Мен доктормен келiсiп, Стамболдың тарихи орындарын тағы ақтардым. Үндi, парсы ғалымдарымен пiкiр алыстым” (Ахат Шәкерiмұлы. Қажылық сапары // Абай. – 1994. – № 9. – 37 б.).

Аталған қалалардан алған кiтаптарын ақын посылка етiп, Семейдегi Абайдың қолдау-көмегiмен оқуын бітіріп, кейіннен банк қызметкерi болған Әнияр Молдабайұлы үйiне (бұл екiқабатты еңселі ағаш үй қазiр де бар - “Алаш арыстары” музейi орналасқан) жiберiп отырады. Бұл жайында: «Мекке жақтан әкей Семейдегі Әнияр деген кісінің адресіне тең-тең посылка жіберіп жатады екен, – дейді Ахат ақсақал. – Оларды Әнияр біздің қалашыдан ауылға жіберіп, оларды үйге жинатып қоятын. «Бұл не?» деп сұрасақ, «Атаң жіберген кәмпит, өзі келген соң береді», деп бізді қуантып қоятын. Әкей келіп ашқанда бір-ақ көрдік, бәрі кітаптар болып шыққанын. Әкей Меккеден жазғытұрым көк шығып, жер кебер кезде келді. Біз арбамен он бес шақырымдай жердегі Шәке ауылынан алдынан шықтық».

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында Мекке сапарына аттанғанда және елге қайтқанда қажылар тіркелген құжаттар сақтаулы. Бұл уақытта қажыға бару қазақта салтқа айналғанын байқататын үлкен тізімде № 221 болып Шәкерім тіркеліп, «Семей облысы, Шыңғыс болысының қырғызы Шакарим Худайбердин» деп көрсетілген.

Далалық генерал-губернаторының Канцеляриясы тіркеген келесі құжатта ақынға № 6424 шетелдік паспорт (бұл паспорттың мерзімі үш ай ғана болған) берілгені көрсетілген. Шәкерім қажылық сапарға 1905 жылдың қараша айында аттанып, келер жылдың наурыз айында Семейге оралған. Канцелярияның №2637 іс-қағазында 1906 жылдың 28 наурызында «Шәкәрім Құдайбердиннен шетелдік паспорт қайтып алынды» делінген.

Қорыта айтқанда, бұрын Шыңғыстау, Семей өңірінен ұзап шықпаған Шәкерiм үшін Мекке сапары беймәлім алыстағы ел-елді, жер-жерді көріп, танысуға мүмкіндік берген әрі рухани соны серпіліс силаған сәт сапар болғаны даусыз. Және, үш айдай қажылық сапардан зердесiн байытып қана қоймай, мол ғылыми-танымдық әдебиеттер жинап оралғанын көремiз.

Асан ОМАРОВ

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз