Қазақ халқының ертеден ұстанып келе жатқан діні Ислам болғандықтан, арабша білмейтін қарапайым халыққа Құран Кәрімнің мағыналарын жеткізу үшін қазақ азаматтары Құран мағыналарын аударуды бірнеше рет қолға алды.
«Құранды ана тiлiмiзге аударуда мықты талпыныс жасаған ислами ғалым Сәдуақас Сәлменұлы Ғылмани едi. 1960-70 жылдары аралығында Сәдуақас Сәлменұлы Ғылмани (Сәкен халпе) бiр жүз он сегiз мың сөзден тұратын «Қазақша-арабша» сөздiктi жаза жүрiп, Құранның алғашқы үш тарауын қазақшаға аударған. Бұл қолжазбаны 1970 жылға дейiн Қазақ елiнiң облыс орталықтары мен қалаларындағы имам-молдалар кезекпен оқып, Құранның Сәкен қалпе аударған қолжазбасымен сауатын толықтырды. Ал ғұламаның мүбәрак қолынан шыққан Құранның үш тарауының қазақша аудармасы осы күнге дейiн Алматыдағы Сәдуақас Ғылманидың мұрағатына мұрагер болып отырған кiшi қызы – Әмина Сәдуақасқызы Әбдiкәрiмованың қолында сақтаулы тұр.
Қытайға қараған Шығыс Түркiстан аймақтарындағы қазақтар Құран Кәрiмнiң қазақша нұсқасымен Ғазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлы секiлдi дарынды ғалымдардың аударуымен 1990 жылы танысты. «Құранның» бұл нұсқасы Бейжің қаласындағы «Ұлттар баспасынан» ұлттық әлiпбиiмiзбен (араб графикасы) жарық көрдi.
1991 жылы жарыққа шыққан ҚМДБ ұйымының бұрынғы мүфтиі Ратбек қажы Нысанбайұлының мен Уақап Қыдырханұлының Құран мағыналарын қазақшаға аудармасы.
Халифа Алтаймен орындалған Құранның «Құран Кәрим. Қазақша мағына және түсінігі» деп аталған қазақ тіліне аудармасы. Ол аударған Құран араб графикасымен 1989 жылы жарық көрдi. Осы нұсқаны 1991 жылы Халифа Алтай Дәлелхан Жаналтаймен бiрлесiп, «Құран кәрiм, қазақша мағына және түсiнiгi» деген атпен мол тиражбен Сауд Арабиясының баспасөз уәзiрлiгi тарапынан кирилл әрiптерiмен шығартып, Қазақ елiне жеткiздi. Халифа Алтай аударып шығарған «Құранның» бұл нұсқасы Қазақстаннан сырт: Ресей, Моңғолия, Қырғызстан,Өзбекстанда, Әзiрбайжан елдерiнде тұратын қазақтардың үлкен рухани байлығына айналды. Бұл кітап Медине қаласындағы патша Фаһдтың Құран Кәрімді басуға арналған комбинатында басып шығарылады.
Белгiлi араб тiлi маманы Нұралы Өсеров 1991 жылы Мәскеудегi «Радуга» баспасынан «Құран Кәрiмнiң қазақша тәпсiрлерiн» жариялады. ( Қуат Беркінбай Құран Кәрімнің қазақша аудармалары (қаз.). On.kz (30 қараша 2010 жыл).
Осы аталған аудармалардың ішінде халық ішінде кең таралған нұсқа Алтай Халифанікі болды. Сан қырлы тағдыр иесі Халифа Алтай кім еді?
Алтай Халифа (1917-2003) – 18 желтоқсанда Шығыс Түркістанда туған. Дін және қоғам қайраткері, жазушы. Сауатын ауыл молдасынан ашқан. 1933-1938жылдары Қытайдағы қуғын-сүргінге байланысты ел-жұрты Баркөл, Гансу, Цинхай аймағына қоныс аударған. 1940 жылы Алтай Халифа және Елісхан, Зайып бастауымен бірнеше мың адам Тибет арқылы Үндістанға барып, 1941 жылы Кашмир өлкесінде тұрақтады. Одан кейінгі өміріҮндістан мен Пәкістанда өтіп, осында арабша, урдуша білім алған. 1951 жылы Пешавар қаласында Қытайдан көшіп келген қазақтар қоғамы құрылып, сонда жауапты хатшы болды. 1953-1954 жылы Пәкістандағы қазақтардыңТүркияға көшін ұйымдастырушылардың бірі. Алтай Халифа Түркияда шығармашылықпен айналысып, Шығыс Түркістаннан басталған азапты сапар туралы өмірбаяндық кітаптар жазды. 1991 жылы Қазақстанға біржолата көшіп келді. Ислам дінін уағыздап, діни кітаптар аударып, таратуға еңбек сіңірген. 1991 жылы Алтай Халифа аударған Құран Кәрімнің қазақша мағынасы мен түсінігі Фахд баспаханасында басылып, 800 мың данамен таратылды. 1995 жылы “Сияр нәби” атты кітабы жарық көрді. 1995-2000 жылы Қазақ радиосынан әр жұма сайын ислам дініне байланысты арнайы хабар жүргізді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанынан құрылған “Инабат” имандылық тәрбие орталығының төрағасы болды. Халықаралаық “Алаш” сыйлығын алды.
«Қазақ түріктерінің шежіресі», «Естеліктерім», «Ата жұрттан Анадолияға дейін», «Алтайдан ауған ел» атты кітаптары жарық көрген. «Құран Кәрімді», «Кәләм Шарифді» аударған, көптеген діни кітаптардың авторы.
«Мен Халифа Алтай ақсақалмен Қазақстанның біраз жерін араладым. Жұртшылықпен кездескен көптеген сәттерін өз көзіммен көрдім. Міне сондай кезде қай жерге барсақ та, кімдермен кездессек те, жиналған жұрттың бәрі Халифа ақсақалды айрықша қадір тұтатынын, ол кісіні бір көріп, сөзін тыңдағанды ерекше уақиға деп бағалайтынын байқадым. Халифа Алтай ақсақал келе жатыр десе, ауылдағылар тайлы-таяғы қалмай алдынан шығатын, кездесулер өткізетін жерге жұрт лық толып, сыймай кететін. Тіпті, күн сайын қарбалас тіршіліктен қолдары босамай жататын аудан, облыс басшылары да Халекеңнің хабарын естісе, барлық жұмыстарын жинап қойып, құрметті ақсақалға сәлем беруге келетін.
Халифа Алтай ақсақалдың мұндай құрметке бөленуі кездейсоқ емес. Кешегі Кеңес өкіметінің тұсында елімізде дінге деген көзқарас ойдағыдай болмады. Халқымызды мұсылмандықтан аластатуға тырысқан саясат жүргізілді. Міне, осындай қиын кезде Халифа Алтай исламның асыл қазынасы мен қасиетті байлығын халқымыздың санасына жеткізу үшін қажымай-талмай қызмет етті. Атажұрттан алыста жүрсе де қасиетті «Құран-кәрімді» қазақ тіліне аударып, өз халқына жеткізуге тырысты. Ислам дініне байланысты өзге де баға жетпес байлықтарды қазақ тіліне аударып, қалың қауымға таратты. Тіпті, Кеңес Одағының тұсында Қазақстанға әлденеше рет келіп, халқымыздың қасиетті ислам дініне деген ынта-ықыласын қайта жаңғыртып сәулелендіруге күш жұмсады. Міне, осы кезден бастап, жұртшылық Халифа Алтайды қазақ халқының арасынан шыққан белгілі тұлға, үлкен дін қайраткері ретінде танып, бағалай бастады.»(Балғабаев С. Халық құрметтеген Халифа Алтай // Алтын бесік. – 2003, №2)
Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырып, өнегелі тағдырымен үлгі көрсетіп кеткен Халифа Алтай есімі есті жанның жадынан өшпесі хақ.
Дайындаған Бейсен Дана