“Аллаһым, Жәннатта бұларды маған қоңсы әрі
жолдас ет!”.
(Хадис)
Мәдиналық мұсылмандар Пайғамбарымызға (с.а.с.)
және иман еткен басқа да мұсылмандарға құшағын
айқара ашып, оларды өздерінің бауырына басқанша
тағатсызданды. Ислам тарихында «екінші Ақаба серті»
деп аталған келісім кезінде Мәдинадан Меккеге Аллаһ
расулын өз жерлеріне шақырып, оған көмектесуге серт
берген жетпіс бес кісі бар еді. Олардың арасында екі
әйел болатын. Солардың бірі – Несібе деп танылған
Үмму Умара.
Үмму Умара – Пайғамбарымыздың Мәдинаға
мұғалім етіп жіберген парасатты сахабасы Мус’аб
ибн Умәйрдің себепкерлігімен мұсылман болған,
иманы берік әйел сахаба. Ол Аллаһ пен Расулының
(с.а.с.) жолында шыбын жанын пида етуге әзір бола-
тын. Қанқұйлы Ұхұт ұрысында Пайғамбарымызға бер-
ген сертінде тұрып, әйел басымен шайқасқа қатысып,
теңдессіз ерлік көрсетті.
Жаужүрек Несібе бұл шайқасқа күйеуі, екі
баласымен бірге қатысты. Шайқастың басында
мұсылмандардың күші басым болғанмен, Аллаһ
расулының әмірін ұмытып орындарын тастап кеткен
оқ атқыштардың қателіктерінен мұсылмандар ауыр
шығынға ұшырады. Осы тұста Аллаһ расулының
(с.а.с.) маңындағы сахабалардың біразы шейіт болып,
оның айналасында өте аз адамның қалғанын көрген бұл
қаһарман әйел Аллаһ елшісіне бір зиян келмесін деп, өзі
қорғауға ұмтылды. Аллаһ елшісін өлтіруге жанталасқан
мүшріктерден Аллаһ расулын шамасы жеткенінше
қорғауға тырысты. Пайғамбарымыз “Ұхұт күнінде
оңыма да, солыма да қарағанымда Үмму Уммараның
өліспей-беріспей шайқасып жатқанын көрдім” деп
оның ерлігін дәріптеген.
Осы шайқаста баласы жараланды. Ол баласының
қолын дереу таңып, оған: “Балапаным, кәне, Аллаһ
расулының (с.а.с.) алдында шайқасып, оны дұшпаннан
қорға”, – деп өз баласын Аллаһ расулының (с.а.с.)
жолында шайқасуға жұмсады. Несібенің өзі де бұл
шайқаста қатты жарақат алған еді. Ұрыс кезінде азу-
лы мүшрік Ибн Камия Пайғамбарымыздың жүзін
жарақаттап, екі тісін сындырды. Пайғамбарымыздың
қан жауып кеткен жүзін көргенде жауыз мүшріктің
жанын жаһаннамға жөнелтуге асыққан Умму Умара
оған қылышын сермейді. Алайда екі қабат сауыт киіп
алған дұшпанына бұл шыбын шаққан құрлы да болмай-
ды. Ибн Камия ұрыста тұрысты білмейтін Несібенің
иығын семсерімен сойып түседі. Басқа сахабалар
ержүрек әйелге жәрдемге үлгеріп, жанын аман алып
қалады. Оның жарақат алғанын көрген Аллаһ расулы
Абдуллаһқа: “Анаңның жарақатын таң”, – деді. Шы-
бын жанын шүберекке түйіп шайқасқан бұл отбасына
“Аллаһ сендердің отбасыларыңа мейірім-шапағатын
жаудырсын!” деп дұға етті.
Мұны естіген Үмму Умара шабыттана түсіп: “Уа,
Расулаллаһ! Аллаһтан Жәннатта бізді өзіңмен көрші
етсін деп тілек тіле”,– дейді. Бұл бақытты, жаужүрек
әйелдің көңілін қалдырмай, алақанын көкке қаратып,
ол : “Аллаһым, бұларды жәннатта маған қоңсы әрі
жолдас ет”, – дейді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл
дұғасын естіген Умму Умараның төбесі көкке жетіп:
“Бұдан кейін басыма қандай қиындық келсе де көтеріп
алуға мен әзірмін” – деп Аллаһ елшісіне (с.а.с.) деген
сүйіспеншілігін жеткізді.
Осы кескілескен шайқаста қаһарман Үмму Умара
он үш жерінен жарақат алды. Иығынан алған жарақаты
жыл бойы жанын қинап әрең жазылған еді.
Үмму Умара Пайғамбарымыздың (с.а.с.) тұсында
Ұхұт соғысынан басқа Хайбар және Хунәйн ұрыстарына
да қатысты.
Хазірет Үмму Умара жаужүректігімен қатар жақсы
жар, аяулы ана да еді. Ол бары мен базарын Ислам жо-
лында жұмсап, балаларын да солай тәрбиелеп өсірді.
Оның ұлы Хабиб Аммауандан Мәдинаға қайтар
жолда өзін пайғамбар деп жариялап жүрген жалғаншы
Мусәйләмаға кезігеді. Мусәйлама Хабибтен: “Сен
Мұхаммедтің пайғамбар екендігін растайсың ба?”, –
дегенде, ол мақұлдап оң жауап қатады. Мусәйлама:
“Менің де Аллаһ расулы екеніме куәлік етесің бе?”, – де-
генде, Хабиб тіксініп: “Ешқашан да мұны айтпаспын”,
– дейді. Өзіне жақпаған бұл жауаптан Мусәйлама оның
бір қолын шауып түсіреді. Сұрағын қайталап қойғанда,
қаһарман әйелдің ұлы Хабиб “жоқ” деген жауабынан
тайынбайды. Мусәйлама оның екінші қолын да шау-
ып түсірді. Қылышын төндіріп қиындық көрсетсе де,
иманы берік Хабиб алаяқ Мусәйламаны мойындамады.
Ашуға булыққан Мусәйлама Хабибті өлтірді.
Қайғылы хабарды естіген анасы баласының шейіт
болғанын сезіп, өзін жұбату арқылы сабыр шақырды.
Алайда оны күйзелтіп жанын жегідей жеген бір мәселе
бар еді. Ол жалғаншы Мусәйламаның тірі жүруі бола-
тын. Жаужүрек Үмму Умара: “Егер мұсылмандар бұл
залымға қарсы қол жинап аттанар болса, қылышымды
асынып мен де солармен бірге шығармын”, – деп бұл
тілегінің орындалуын, ұлының кегін қайтаруды сабыр-
сыздана күтті.
Ақырында көптен күткен күн де келіп жетті. Ха-
лифа Әбу Бәкір бүлікшіл, жалғаншы Мусәйламаға
қарсы әскер жасақтады. Бұл әскерге өзінің екінші ұлы
Абдуллаһпен бірге Үмму Умара да қосылды.
Йәмәмада қаңқұйлы шайқас болып, Несібе ха-
ным бұл ұрыста да үлкен ерлік көрсетіп, бірнеше
жерінен жарақат алды. Ақырында мұсылмандар жеңіп,
Мусәйламаның жаны жәһаннамға кетті.
Оның өлгенін естіген Үмму Умара қуаныштан
сәждеге жығылып, Аллаһқа шүкіршілік етті.
Мұсылман әскері Мәдинаға жеңіспен оралғаннан
кейін Әбу Бәкір қаһарман әйелдің жағдайын сұрау үшін
арнайы үйіне барды. Ол халифа болып тұрған кезінде
бұл даңқты әйелге әрдайым құрмет көрсетіп өтті.
Аллаһ елшісін жанынан да жақсы көріп, ол үшін
шыбын жанын аямаған, Жәннатқа баратындығымен
сүйіншіленген Үмму Умараның қашан және қай жерде
қайтыс болғандығы жайлы нақты мәлімет жоқ.
Алау Әділбаев
Саңлақ сахабалар кітабынан алынды