“Фатима – менің бір бөлшегім. Оны ренжіткен адам
мені де ренжіткен болады, оны қуантқан адам мені де
қуантқан саналады”.
(Хадис)
Хазірет Фатима – Пайғамбарлар мөрі, Екі Жаһан
Сұлтанының (с.а.с.) сүт кенжесі. Пайғамбарымыздың
пәк ұрпағын жалғастырған ең сүйікті қызы. Пайғамбары-
мыздың (с.а.с.) басқа қыздарынан: Рұқииядан туылған
Абдуллаһ кішкентай кезінде қайтыс болған. Үммү-
гүлсүмнен ұрпақ болмаған, Зейнептен туылған Әли
сәби кезінде шетінеп, оның екіншісі Умамадан бала
болмаған. Аллаһ расулының (с.а.с.) үш қызы да
Пайғамбарымыздың өзінен бұрын қайтыс болған.
Ол жер жаһандағы ең бақытты, Ислам дінінің
дүниеге алғаш есік ашқан сәтінде Ұлы Елшіге (с.а.с.)
иман еткен, өмір бойы жақсылықтарын жыр ғып өткен
асыл жары Хадиша Кубрадан Пайғамбарымызға әлі
пайғамбарлық міндеті берілместен аз ғана уақыт бұрын
дүниеге келген.
Оның ес біліп, етек жапқан кезі мүшріктердің
Аллаһ елшісіне дұшпандықтарының асқынып,
қысастық көрсете бастаған кезге сай келді. “Қаралы
жылда” Хадиша Кубра дүние салып, Фатима ананың
аялы алақанынсыз қалады. Мейірімділік пайғамбары
(с.а.с.) оған әрі әке, әрі шеше бола білді.
Өзінің ұрпағын осы қызы жалғастыратынын сезіп
білген Пайғамбарымыз оны көзінің қарашығындай
көретін. Үйінен ұзап шыққан сайын жалғыз қызын
мейірлене сүйетін. Сапардан оралғанда да ең алдымен
осы қызының үйіне соқпай кетпейтін.
Хазірет Фатима да әкесін шексіз сүйді. Әкесін
мұңлы көрсе, қайғыға батып, қуанғанын көрсе, жүзіне
күлкі үйіріліп шыға келетін.
Пайғамбарымыздың ағасы, қорғап-қолдаушысы
Әбу Тәліп қайтыс болғаннан кейін оның бар кезінде
батып жасай алмаған зұлымдықтарын мүшріктер ба-
рынша істеп бақты. Әсіресе, Аллаһтың сүйікті елшісі
(с.а.с.) намазға тұрғанда ойларына келген қорлықты
жасады. Маңдайын сәждеге қойған сәтте түйенің ішек-
қарнын арқасына қотара салатын. Жүрген жолына тікен
төсеп, тас атып, басына топырақ шашатын.
Жағдай жан төзгісіз деңгейге жеткен күндердің
бірінде Аллаһ елшісі (с.а.с.) үсті-басы сауыс-сауыс
топырақ болып табалдырықтан аттағанда шешесінен
бір айырылып, жалғыз әкесінің жүдеу көңілін екі
көріп, хазірет Фатима оның мойнына асылып бота-
дай боздады. Көздері қанталаған мүшріктер сүйеніші
болған әкесіне бір қиянат жасай ма деп қорқып, жаралы
жүрегі сыздады. Әлемді қараңғылықтың тоңмойын тар
қапасынан құтқаруға жіберілген Ардақты елші (с.а.с.)
Аллаһқа деген шексіз сеніммен: “Қорықпа, ботақаным!
Аллаһ сенің әкеңді қорғайды”, – деп көңілі жаралы
қызын жұбатты.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) Меккеден Мәдинаға
көшкенде бала-шағасын уақытша тастап кетуге мәжбүр
болған еді. Мәдинаға барып орналасқаннан кейін Мек-
кеде қалып қойған қыздары Фатима мен Үммүгүлсүм
және жұбайы Сәуда анамызды қасына алдырады. Осы-
лайша “Фатима – менің бір бөлшегім. Оны ренжіткен
адам мені де ренжіткен болады, оны қуантқан адам
мені де қуантқан саналады” деп әспеттеген сүйікті
қызымен аман-есен қауышады.
Хазірет Фатиманы сахабалар да жақсы көріп,
құрмет көрсететін. Әкесіне аумай тартқан оны “Үмму
Әбиһа” (Әкесінің анасы) деп атайтын еді. Бұл жайлы
Айша анамыз былай дейді:
“Фатима үйге кіргенде Расулаллаһ орнынан тұрып,
қызының маңдайынан сүйіп өз орнына отырғызатын.
Пайғамбар оның қасына барған кезде ол да орнынан
тұрып, әкесін сүйіп өз орнын беретін. Жүріс-тұрысы,
мінез-құлқы жағынан дәл Фатимадай Аллаһ расулынан
аумайтын адам көрген емеспін.”
Сахабалардың арасындағы хазірет Әбу Бәкір
мен Омар сынды ұлы тұлғалар Пайғамбарымызбен
(с.а.с.) туыстасу үшін оның сүйікті қызына құда
түсті. Пайғамбарымыз оларға: “Қызым Фатима үшін
Аллаһтың әмірін күтудемін”, – деп, ұсыныстарын
қабыл етпеді.
Фатимада хазірет Әлидің де көңілі бар еді. Алайда
Пайғамбарымыздың Әбу Бәкір мен Омар сияқты жан
қиыспас достарының ұсыныстарын қабыл етпегенін
біліп, Әлидің құда түсуге батылы бармады.
Сөйтсе де Әли (р.а.) тәуекелге бел байлап,
көңіліндегі көрікті ойын Пайғамбарымызға (с.а.с.)
жеткізбек болды. Алайда жеме-жемге келгенде
ұялғаннан тілі күрмеліп сөйлей алмай қалады. Оның
сыңайын айтқызбай байқаған Пайғамбарымыз: “Сен
Фатиманы қалыңдыққа сұрауға келгендейсің ғой”,
– дегенде Әлидің “иә” деуге ғана шамасы келді.
Пайғамбарымыз одан мәхир ретінде не бере алаты-
нын сұрағанда, ол өзінің ештеңесі жоқ екенін айтты.
Пайғамбарымыздың Әлиге берген бір сауыты бар бо-
латын. Соны сатып, мәхирін өтеуге келісті.
Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) қызы Фатиманың
некесін өзі қиды. Хазірет Әли мен Фатиманы екі жағына
отырғызып, Ұлы Жаратушыға қол жайып:
“Аллаһым! Екеуінің некесін қасиетті ет. Олар-
дан өрбитін ұрпақтарды да мүбәрак ет! Аллаһым,
оларды шайтанның азғыруынан сақта”, – деп тілек
тілеп, “Ықылас” сүресі мен “Муауиззатәйн” сүрелерін
оқыды.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дұғасының берекетімен
бір жылдан кейін хазірет Хасан, одан кейін Хусәйн
дүниеге келді. Пайғамбарымыз “Дүниеде иіскеп сүйген
қос райханым” деп екі немересін екі тізесіне отырғызып
ерекше еркелететін. Пайғамбарымыздың мүбәрак
ұрпақтары осы екі немересінен тарады.
Бірде Пайғамбарымыз үстіндегі шапанымен хазірет
Әли, Фатима, Хасан мен Хусәйннің үстін жауып тұрып:
“Аллаһым, міне мыналар Әһли Бәйтім Сен олар-
ды өзіңнің разышылығың болмаған істерден қашық
Үйленетін кезде ері тарапынан қалыңдығына міндетті түрде
берілуге тиіс белгілі мөлшердегі ақша не алтын.
ет”, – деген болатын. Осы отбасынан кейін Ислам
үмбеті үшін үлкен қызмет сіңірген көптеген ғалым,
әулие кісілер дүниеге келді. Пайғамбарымыздың әһли
бәйтке деген сүйіспеншілігі – тек өз кіндігінен тарауы-
нан емес, олардың Ислам үмбеті үшін қызметтерінің
маңыздылығынан туындағандай.
Аллаһ расулы (с.а.с.) ірге тасын өзі қалаған бұл
шаңырақпен терең байланыста болды. Өз қолында
өскен ақылды да парасатты Әлиді жанындай жақсы
көрген Пайғамбарымыз шаңырақтың шайқалмауы үшін
қолынан келгенін аямады. Бір күні хазірет Әли мен
жұбайы Фатиманың (р.а.) арасында бір келіспеушілік
туып қалады. Мұны ести сала Пайғамбарымыз олардың
үйіне жеткенше асығады. Көзінің қарашығындай екі
сүйіктісінің арасындағы келеңсіз жайтқа мұңайған
Пайғамбарымыз неке қиған кездерін естеріне са-
лып, екеуін екі жағына отырғызып татуластырды.
Үйден шыққан кезде Пайғамбарымыздың шат жүзін
көргендер: “Уа, Расулаллаһ! Үйге кірерде мұңды едіңіз,
ал, қазір қуанып тұрсыз. Мұның себебі не екен?”, – де-
генде, ол: “Өйткені, ең жақсы көретін екі адамымды
татуластырдым”, – деп қуанышын жарияға жар са-
лады.
Расулаллаһтың (с.а.с.) дүниедегі ең сүйікті екі
адамы Пайғамбарымыздың өзі сияқты қарапайым өмір
сүрді. Аллаһ елшісі оларды солай тәрбиелеген еді.
Пайғамбарымызға қатты ұқсайтын Фатима анамыз
әкесі сияқты өз тірлігін өзі істейтін. Алайда шелекпен
су тасып, тас диірменмен ұн тарта-тарта екі алақаны
мүйізденіп кеткен жұбайының жағдайына Әлидің
қабырғасы қайысып, жаны ашитын.
Бір шайқаста мұсылмандардың қолына тұтқындар
мен олжа түседі. Олар Мәдинаға жеткізілгенде Аллаһ
елшісіне (с.а.с.) әркім келіп өз бұйымтайын білдірді.
Хазірет Әлидің кеңесімен Фатима анамыз да әкесіне
бұйымтайын айтпақ болады. Пайғамбарымызды үйінен
таба алмаған хазірет Фатима оның жұбайларына
келгендегі шаруасын айтып кетеді.
Өзі жоқта сүйікті қызының келіп-кеткенін, үйіне
көмекші ретінде бір қызметші сұрағанын естіген
Пайғамбарымыз сол сәтте хазірет Фатиманікіне тар-
тады. Фатима анамыз төсегінде жатқан еді. Әкесін
көріп, орнына тұрмақ болғанда Пайғамбарымыз оны
тұрғызбай, қасына отырады. Ол әкесінің тізесінің
суықтығын бүйрегімен сезді. Мейірім Пайғамбары
(с.а.с.): “Қызым, Суффа сахабаларының қажеттілігін
өтеместен саған еш нәрсе бере алмаймын. Бірақ, саған
бұл қызметшіден де қайырлы бір нәрсе үйретейін.
Ұйқыға жатар кезіңде 33 рет Субханаллаһ, 33 рет
Әлхәмдулиллаһ, 33 рет Аллаһу Әкбәр деп жатсаң, сенің
сұраған нәрсеңнен сол артық”, – деген еді. Хазірет
Фатимаға әкесінің разышылығынан артық еш нәрсе
де қажет болмағандықтын, ол Пайғамбарымыздың
айтқандарын құп алды.
Пайғамбарлар падишасы хазірет Мұхаммед
(с.а.с.) бойын сырқат меңдеп жатқанда, жан деген-
де жалғыз қызы Фатиманы қасына ымдап шақырып
құлағына сыбырлайды. Хазірет Фатиманың басына жай
түскендей есеңгіреп, өңі қашып, еңіреп жылап жіберді.
Пайғамбарымыз екінші құлағына сыбырлағанда жүзі
күлімдеп сала берді.
Бұл жағдайды көріп, таңданған Айша ана-
мыз Фатимадан мұның сырын сұрайды. Ол: “Бұл
Аллаһ расулының жеке сыры” деп айтпай қояды.
Пайғамбарымыз дүние салған соң Айша анамыз мұның
себебін қайтара сұрағанда, “Алдымен әкем өзінің бұл
дүниемен жақын арада қош айтысатынын айтты. Сол
үшін жыладым. Екіншісінде арғы дүниеде отбасының
арасынан өзіне бірінші болып менің қауышатынымды
айтты… Қуануымның себебі сол”, – деп жауап берген
еді.
Әкесі дүние салғанда хазірет Фатима үшін өмірдің
мәні қашты. Күндіз-түні көз жасын төгіп, жүрегі
қан жылады. Пайғамбарымыздың жоқтығына бар-
жоғы алты ай ғана шыдай алды. Алты айдан кейін
Пайғамбарымыздың айтқаны айдай келіп, сүйікті
әкесіне туыстарының арасынан ең алғаш қауышқан
хазірет Фатима болды.
Хазірет Фатима хижраның он бірінші жылының
Рамазан айында ақтық сапарға аттанды. Жаназасын
құдай қосқан қосағы хазірет Әлидің өзі шығарды.
Алау Әділбаев
«Саңлақ сахабалар» кітабынан алынды