https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИННІҢ ДІНИ ТАНЫМЫ

07 Feb 2024 0 comment Оқылды: 369 рет

Қостанай өңірінде дүниеге келіп, әкесінен ерте айырылған Ыбырай Алтынсарин қазақтың қамын ойлаған ұлы тұлғаның бірі әрі аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы болып, ел жадында есімі сақталды. Азан шақырып қойған шын аты – Ибраһим.

Ол нағашы атасы, Торғай өңіріне белгілі Балғожа бидің тәрбиесінде өсті. Атасы немересінің біліммен сусындап, ертеңгі күні елге қызмет етсе екен деген мақсатпен 1850 жылы Орынборда ашылған орыс-қазақ мектебіне оқуға береді. Оқуда жүрген немересіне Балғожа атасы өзінің аман-саулығын өлең жолдарымен білдіріп:

«Үміт еткен көзімнің нұры балам,

Жаныңа жәрдем берсін Хақ тағалам.

Атаң мұнда анаңмен есен-аман

Сүйініп сәлем жазды бүгін саған», - деп жазған екен.

Атасынан алған тәрбие мен қаннан дарыған ақындық ер жете келе Ыбырайды биікке шығарды. «Кел, балалар, оқылық!»  деген өлеңі талай қазақ баласының көкірегін оятып, ғылым-білімге үндегені аян. Осы өлең жолының басы «Бір Аллаға сыйынып» деп басталып, «Кел, балалар оқылық!» деп жалғасын табуының өзі ақиқатты аңғартып тұрғандай. Қазақ халқының бір туар шоқ жұлдызы, педагог ағартушы Ыбырай Алтынсаринның елуге жетер-жетпес аз ғұмырында орын алған діни танымы жайында бірер сөз қозғай кеткен жөн болар.

Өмір жолын ұстаздықпен ұштаған Ыбырай Алтынсарин бар ғұмырында мектеп ашып, қазақ педагогикасының негізгі іргетасын қалады. Білім ісінің ұйымдастырушысы бола жүріп, талай қазақ баласын ілімге қызықтырып, тәрбиемен де шұғылданды. Торғай бекінісінен 1864 жылы өзі ашқан мектепке жатып оқитын 14 қазақ баласын қабылдағанына қатты қуанып, осы істері жайында профессор Н.И.Илминскийге хат жолдап, онда Ы.Алтынсарин былай деп жазады: «Осы жылы қаңтардың 8-күні менің көптен күткен арманым орындалып, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі де жақсы, есті балалар... Қазақтар мектепке балаларын беруге ынталы екенін көрсетіп отыр. Оларға ең алдымен мемлекеттің заңын үйрет деп өтініш жасап жүр. Сондағы ойлары кейін олардан законшіктер, демек өсекші-шенеуніктер шықсын дегені ғой. Олардың көздегені осы. Мен әзірге оларға бұл жөнінде ешнәрсе айтқан жоқпын... Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кірістім. Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын...»

Ы.Алтынсарин аталған хаты арқылы өскелең жастарды тек біліммен шыңдап қана емес, сонымен қатар оларды адалдыққа, өзгенің ала жібін аттамайтындай әділдікке, қоғамға пайдасы тиер адамгершілікке тәрбиелеудің мән-маңызын білдіруде. Ағартушы  педагог  патша  үкіметінің  халықты  діннен  бездіру саясаты басталған уақытта тіршілік кешті. Мұнысына қарамастан мұсылманшылықты өзіне мұрат етіп, қарымды қаламынан туған өлеңімен де ислам дінін насихаттай алды.

Рас сол заманғы озбыр саясаттың бір ұшы қазақты тілінен, дінінен мәңгүрт ету болды. Аталған сұмпайы саясаттың әрекеті қазақтың өз қолымен жасалынғаны олар үшін олжадай еді. Тіпті, дін атын жамылған миссионерлер бет-бейнесін жасырып, қара халықтың қолымен от көсеу арқылы өз мүдделеріне қол жеткізуді көздеді. Мың айласы бар олар орыс алфавитін қазақ мектептеріне енгізе отырып, өз мақсаттарын ұдайы насихаттап бақты.

Алайда ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсаринның тәлімдік мектебінен түлеп шыққан жас өрендер алған білімдерін айлакер миссионерлердің мүмкіндігіне емес, қазақтың болашағын бекемдеуге қолданды. Тіпті, Ыбырай Алтынсаринді өз қазағына жау жасамақ болып, Кеңес дәуіріндегі педагогикалық әдебиетте оның ислам дініне қарсы, атеист етіп көрсету  пікірлері де айтылған. Өйткені, бұл атеистік идеология үшін ауадай қажет болатын. Н.И.Ильминскийге жазған бір хатында Ы.Алтынсарин: «Күлсеңіз, күле беріңіз, мен кейбір оқытудан бос уақыттарда оларға ресми түрде молда болып та қоямын, сөйтіп, оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді де қосып айтамын», - деп келтіреді.

Тіпті солақай заманның өзінде Ы.Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінде жүргізілетін діни тәрбиеге жеңіл қарамай, оған ерекше мән берген. Өзгенің өктемдігінің жүруіне қарсы болып, қазақ жастарының санасын бөтен діннің насихатымен улауға жол бермеді. Жоғарыда отырғандарға мектепте дін сабағы оқылатын кезде қазақ балаларына жеке діни тәрбие берілуі қажеттігін алға тартып, бұл жөнінде талап та қойған. Ы.Алтынсаринның В.В.Катаринскийге жазған хаты осыны айғақтайды. Онда былай дейді: «Сізге өте бір қайғылы хабар білдіруіме тура келіп отыр. Біздің Бессонов Александр Григорьевич, сірә, есінен айрылған болар деймін. Өйтпесе, оның өз оқушыларына істеген сорақылықтарын басқаша түсіне алатын емеспін.…Бақсам, ол оқытушылар мектебінің 3-және  4-кластарында, оқытушылардың қарсы болуына қарамастан, бір ай бойы інжіл мен оның парыздарын уағыздай бастапты. Осының нәтижесінде, бір жағынан, ол оқушыларға өшігіп, қатал қарай бастайды да, екінші жағынан, оқушылар оқудан бас тарта бастапты. Тіпті ол шәкірттерін залым деу сияқты сөздерге дейін және оларды кластан  желкелеп шығаруға дейін барыпты...».

Орыс мұғалімінің қазақ балаларына інжіл мен оның парыздарын уағыздағанын естіп, оған өзінің қарсы екенін білдіріп, ренішін осылай хатпен жазып жеткізген. Ағартушы ұстаз Ы.Алтынсарин ұлтының қамын күйттеп, қазақ жастарының бойындағы тазалық, адамгершіліктің һәм рухани мұрасы мұсылманшылығына сызат түспей, сақталуына осылай ат салысқан. 

Тағы да сол кезеңдегі қазақ жастарына жасалған миссионерлік әрекет. Красноуфимск қаласындағы ауыл шаруашылық мектебінде оқып жүрген бір топ қазақ шәкірттеріне қайшы әрекеттер жасалады. Бұл олардың наразылығын тудырады. Мұны естіп ызаланған Ыбырай өзінің досы В.В.Катаринскийге былай деп хат жазады: «Тағы бір наразылық яғни қазақ  оқушыларының наразылығы  Красноуфимскіде ауыл шаруашылық мектебінде туып отыр. Мұның себебі: мұсылман дәстүрін мүлде елемеу, яғни шошқа етін асып беру, оқушыларға шошқа бақтыру, орыс балалармен бірге ғибрат еткізу деседі. Мұның бәрі де ұнамсыз нәрсе ғой… Сондықтан әзірше іс насырға шаппай тұрғанда, сонда барып, оқушыларға түсіндіріп,  наразылықты жойғым келеді. Ал егер қажет болған жағдайда директордың өзімен де сөйлескім келеді».

Ы.Алтынсарин қазақ балаларына христиан дінін зорлап үйретушілерге үзілді-кесілді қарсы болды. Сондай-ақ, мектептерде дін сабағының өту мүмкіндігін пайдаланып, қазақ балаларының діни танымын дұрыс қалыптсатыру әрі жастардың дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа кетпеуі үшін «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» («Шариятул-ислам») атты оқулық жазып, 1883 жылы Қазан қаласында бастырған. Кітаптың кіріспе сөзінде Ы.Алтынсарин: «Ей, дін қарындастарымыз, бізге ең әуелі керегірек іс – сол, әуелі білмек керек немен мұсылман болатынымызды. Мумин мұсылманның мұсылман аталуы құр мұсылман киімін киіп, мұсылман арасында жүргеннен емес. Әуелі иманды болып, ол иман деген не екенін түсініп, түсінген соң сол иман ішіндегі сөздерді шексіз шын көңілмен дұрыс деп білген кісіні мұсылман деп атайды. Соның үшін Құдай тағаланың пенделеріне парыз еткен парыздарының ең әуелі иман болса керек. Иманнан соң дін ғылымы дүр», - деп жазады.  Осылайша «Мұсылманшылықтың тұтқасы» деп аталатын еңбегінде бір құдайдың барлығын алға тартады. Аталған кітап уақыт өте балалардың мұсылман дінінің қағидаларын игеруіне айтарлықтай үлес қосты. Ы.Алтынсарин «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» кітабында бүкіл дүниені, жан-жануарларды айта келіп: «Мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық-қадір екендігіне дәлел болса керек» деп тұжырымдайды. Сондай-ақ, иманнан кейінгі парыз амалдар намаз, ораза, зекет, қажылық секілді құлшылықтарға жеке-дара тоқталады.

Мұнымен қоса, адамдарға тиісті-тиіссіз мінездерге арнайы баб та қарастырған. «Пенденің көңілінде болатын пиғыл екі түрлі-ді. Бірі – көркем, бірі – бұзық сипатты» деп жазады осы бабтың басында. «Ей, жарандар, дүниеде ешкім мәңгі тұрмайды. Аз уақыт дүниеде қонақ хисабында тұрып, жаман пиғылды жаман хұлықты болып, ахиретіңізге не жанға, не денеге пайдасы жоқ нәжіс ұстап қайтпаңыз. Адам баласы бұл дүниеге ахирет деген түпкілікті орнында қорек ету үшін азық жия шығарылған Құдай тағаланың махлұғы болса керек. Дүниеде таза мінез бен қайырлы істер істеп ахиретке қайтсаңыз, сол өзіңіздің жиып қайтқан жақсылықтарыңыз – ахиретке бірге баратын дәулеттеріңіз», - деп жаман мінезден сақтандыра отырып, көркем мінез арқылы ақырет табысына қол жеткізуге болатындығын баян етеді. 

«... Енді құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан еш уақытта  да қайтпаймын» деген Ыбырай Алтынсарин соңғы сәтіне дейін патша әкімдерінің отарлау, қазақтарды орыстандыру, тіпті шоқындыру саясатына барынша қарсылық білдіріп, өзінің ұлт жандылығымен халқына өшпес мұрасын қалдырды.

Сонау уақыттары Кеңес үкіметінің жүргізген жетпіс жылдық құдайсыз дәуірі қазаққа теріс ықпалын тигізіп, асыл дінінен едәуір ажыратқаны мәлім. Алла бұйыртып, халқымыз тәуелсіздік алып, мәңгілік егемендігіне қол жеткізді. Сол егемендіктің алғашқы жылдары Ы.Алтынсаринның қаламынан туындаған  «Мұсылманшылдықтың тұтқасы» атты еңбегі халқымызға елеулі қызмет жасады деп айтуға болады.

Осы еңбек дінімізбен қайта танысуымызға айтарлықтай жол ашты. Еңбектің өшпей, күні бүгінге дейін жалғасуы бабамыздың дінге деген жанашырлығы мен шын ықыласының жемісі болар. Ыбырай атамыз діннің мұраты үшін жазған кітаптың кіріспесінде: «Оқығандар хайр дұғаларынан қалдырмағай» деп жазған. Олай болса, Ы.Алтынасарин атамыздың өмірінде орын алған діни-танымынан ғибрат алып, Алладан елге жасаған тынымсыз еңбегінің сауапты һәм ақыреті үшін жемісті болуын тілейік.

Қайырбек Отызбаев,

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

орталық мешітінің наиб имамы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз