Бәдруддин әл-Айни деген есіммен танымал болған ғалым – ханафи мәзһабының көрнекті өкілі фәрі хадис ғылымы саласының майталманы саналады. Ғалымның толық есімі – Махмуд ибн Ахмад ибн Муса ибн Ахмад ибн Хусаин ибн Юсуф ибн Махмуд Қади әл-Қудат (Қазылардың қазысы), лақабы – Бәдруддин, ал шыққан тегі – әл-Айни. әс-Сахауи және Ибн Хажардың айтуынша, әл-Айни 762/1361 жылы рамазан айының он жетісі күні дүниеге келген. Ал Әбул-Махасиннің айтуынша, рамазан айының жиырма алтысы күні дүниге келген.
Ғалымның әкесі қазылық қызмет атқарған. Әкесінің толық есімі – Шиһабуддин ибн әл-Қади Шарафуддин Муса. Ол кісі негізі Хәләб өлкесінің тумасы, сонда 725/1325 жылы дүниеге келген. Кейіннен әкесі Хәләб қаласына жақын орналасқан Айн Тәб елді-мекеніне қоныс аударған. Айн Тәб – тасы тізілген шатқалды, суы мол, бау-бақшалы әдемі, үлкен қала болған.
Бәдруддин әл-Айнидің балалық шағы сонда өтіп, ол жастайынан білім алумен айналысқан. Оның білім есігін ашуына себепкер болған алғашқы ұстазы – әкесі және сол жердегі жергілікті ғалымдар. Ғалым олардан фиқһ, араб тілі және басқа да ілімдерді үйренген. Ол кейіннен фиқһ ілімінде өз әкесінен және басқа ілім иелерінен оза шығып, тіпті, кей сәттерде қазылық істерде әкесіне көмекші болған.
Бәдруддин әл-Айни әкесінің көзі тірісінде білім алу мақсатында алыс қалаларға сапар шеккен. Атап айтар болсақ, Шам және Құдыс қалаларындағы үлкен ғалымдардың алдында отырып бірша ма ғылым салалары бойынша ғылым мәжілістеріне қатысып, білімін жетілдірген. әл-Айни 783/1381 жылы Хәләб қаласына барып ондағы үлкен әрі танымал ғалымдардан дәріс алады. Ол аталған қалада көп бола алмаған. Өйткені 784/1381 жылы оның әкесі өмірден өтеді. Осы жылы әл-Айни қайта сапарға шығып Бәһна, Қаһтан және Малатия сынды елді-мекендердегі ғалымдардың дәрістеріне қатысып, ілім алады. әл-Айни 788/1385 жылы қажылыққа барып, Хижаз аймағындағы елдерге жолы түседі. Сосын Бәйтул-Мақдиске зиарат етіп барады. Ол сонда Шығыс өлкесінің үлкен ғалымы – Алауддин Али ибн Ахмад ибн Мухаммад әс-Сайрамимен кездеседі. әл-Айни ол кісімен жақын араласып, оның сұхбатына қатысып, одан білім алады. Сол кездерде Заһир Барқуқ атты сұлтанмен кенеттен кездесіп қалады. Сұлтан ол екеуіне «Үлкен Барқуқ» медресесінде білім беру үшін Мысырға келуіне ұсыныс білдіріп, шақыртады. Медресенің құрылысы сол жылы аяқталған болатын. әл-Айни сайрамдық ұстазымен бірге Каир қаласына келіп, жоғарыда аталған медресенің ашылу салтанатына қатысады. әл-Айнидің ұстазы Алауддин әс-Сайрами алғашқы дәрісін сол жиынға келген әмірлер мен уәзірлерге және жергілікті қауымға оқиды. Дәріс барысында «Әли Имран» сүресінің 26-аятын жиынға келген қауымның ақылына сай ашықтап, айқындап түсіндіреді. Өз кезегінде қазы Нуриддин ибн Хатиб әл-Жауһари: «Алауддин әс-Сайрами – өз ғасырында ақылдылығы жағынан ғалымдардың төресі еді» дейді. әл-Айни осы ұстазынан ажырамай оның қызметінде болады. Барлық ілімдерде толған айдай толысқанша сол ұстазынан және Каирдың басқа да ғұламаларынан ілім алады. Бәдруддин әл-Айни хадис, фиқһ, тарих, араб тілі және басқа ілімдерге терең бойлаған. Ол үкім хадистердің мәнін түсінуде, мәтіндер мен тізбектердегі жасырын олқылықтарды бірден аңғаруда ерекше қабілетке ие болған. Сол жергілікті фақиһтардың алдында талас-тартысты мәселелердің дәлелдерін салыстыруда өте шеберлік танытқан. әл-Айни үмбеттің ізгілерінің мәзһабтарын және олардың соңынан ерген танымал имамдар жайлы кең ілімге ие болған. Сонымен қатар адасқан топтардың қателескен үкімдері мен тұжырымдарын терең зерттеп, барлық жағынан кеңінен талдаған. Ол – имам, фақиһ, усулшы, үлкен мухаддис, хафиз, тарихшы және араб тілін терең игерген ғалым болған.
Бәдруддин әл-Айни кітап жазу мен дәріс беру істерінен басқа да бірнеше қызметтерді қатар алып жүрген. Атап айтар болсақ олар: есепші, уақф бақылаушысы және қазылық қызмет. Бәдруддин әл-Айни 788/1385 жылы ұстазы Алауддин әс-Сайрамимен бірге Кайрге көшіп барған кезде, мәмлүк сұлтаны әз-Заһир оны Барқуқия медресесіндегі сопыларының қатарына қосады. Ол сол жерде тұрақтап ұстазы Алауидин ас-Сайрамиге көмектесіп жүреді. Арадан біраз уақыт өткен соң әл-Айни аталған медресеге қызметке тағайындалады. әл-Айнидің ол медреседегі қызметі ұстазы қаза болғанға дейін жалғасады. Әбул-Махасиннің айтуынша, айналасындағы фақиһтардың көре алмаушылығы себебінен әл-Айни медреседен шығарылған делінеді. Сол уақыттағы шейхул-ислам Сиражуддин әл-Булқини әл-Айниге жан ашырлық танытып, оған кешірім бергізген соң, әл- Айни Каирде өз шаруаларымен біраз уақыт тұрақтап қалады. Біршама уақыттан кейін әл-Айни өз елін бетке алып, ізгілікпен танымал болған, кедей күйінде қайта оралады. Соған қарамастан Қаламтай әд-Дауадир, Тағри-Барди әл-Қуруми және олардан басқа да үлкен әмірлер оны зиярат етіп тұрған.
Заһир Барқуқ қаза болып, Насир Фараждың уақытында әл-Айнидің мұмкіндігі артады. Яғни әл-Айни 801/1399 жылы зулхиджа айында алғаш рет Тақиуддин әл-Мақризидің орнына Каирдың есепшісі қызметіне тағайындалады. Бірақ ғалымның ондағы қызметі ұзаққа созылмайды. Тақиуддин әл-Мақризи 802/1400 жылы қызметіне қайта оралады. әл-Мақризи белгілі бір себептермен қызметінен қайта босап, оның орнына әл-Айни қайта тағайындалады. әл-Айнидің мемлекеттік қызметтерде осы сынды ауысулары көп орын алған. әл-Айни 846/1442 жылы аталмыш қызметінен біржолата босаған. Ал уақф бақылаушысы қызметіне келсек, әл-Айни алғаш 804/1402 жылы тағайындалған. Арадан көп уақыт өтпей сол жылы қызметінен босап, екінші рет аталмыш қызметке 819/1416 жылы қайта тағайындалып, аталған қызметінде 853/1449 жылға дейін тұрақтап қалған.
Сонымен қатар әл-Айни қазылық қызметке екі рет тағайындалған. Алғаш рет 829/1426 жылы тағайындалып, кейінен 833/1430 жылы ол қызметтен босаған. Арадан біраз уақыт өткен соң әл-Айни 837/1434 жылы қайта қазы болып сайланады. Содан бастап, оның қазылық қызметі 842/1439 жылға дейін жалғасады. әл-Айнидің әр салада қызмет еткен жылдарына назар салар болсақ, үш түрлі қызметті бірге алып жүргенін байқаймыз. Сонымен қатар ол өзін қолдаушы әмірлердің дәуірінде аталған қызметтерімен қатар, еңбек жазудың да, шәкірттерге дәріс берудің де үдесінен шыға білген. әл-Айнидің осы атқарған қызметтерін көрген шәкірті имам әс-Сахауи ұстазын: «Одан алдын да, қазір де, есепші, қазылық, уақф бақылаушысы қызметтерін қоса атқарған ешкім болмаған» деп оны еске алады. Әбул-Мағали әл-Хусайни: «Ол – имам, ғалым, хафиз мутқин, өз ғасырының шейхы әрі ұстазы, заманының мухаддисі еді. Ол риуаят, дираят ілімдерінде дара тұлға, дінге қайшы келушілер мен жаңалық енгізушілерге қарсы Алланың айқын дәлелі болды. Ол имам әл-Бұхаридің «Сахих» жинағына шарх жазды. Оған жазылған шархтар негізінен біркелкі, одан асып түсетін шарх жоқ. Сонымен қатар оның іргелі әрі пайдалы еңбектері өте көп. Сайып келгенде ол – ілімі, тақуалығы, зуһд жағынан заманының атақтысы. Фиқһ пен хадис ілімінде терең білім иесі еді» деген.
Әбул-Махасин ол жайлы былай дейді: «Ол біршама ілімдердің шебері, әрі фиқһ, усул, наху, сарф, тіл ілімдерінің ғалымы еді. Оның басқа да ілімдерде танымы мол, сондай-ақ тарихты ғажап айтуда патшалардың ықыласына бөленген болатын. әл-Айни кем сөзді, аз сөйлейтін, тек ілім жайлы сөйлегенде танымын кемітпей, құлашын кеңге салып, сөздерін бір қалыпты айтатын».
Имам ас-Сахауи болса, ұстазы жайлы тағы бір сөзінде былай дейді: «Ол – имам, тарих, араб тілі ілімдерінің ғалымы, көрнекті хафиз болды. әл-Айни оқу-жазудан бас алмай, көптеген еңбектер жазды. Одан көп еңбек жазған кейінгі ғалымдарды білмеймін. Маған шейх әл-Ғизз әл-Ханбали өз кезегінде әл-Айнидің бір түнде әл-Қудури мәтінін жазып шыққандығын айтқан болатын