https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Саид ибн Зәйд

31 Шілде 2021 0 comment Оқылды: 587 рет

 

“Ислам үшін жылаймын. Омардың шейіт болуы – Исламда ашылған бір ақау. Бұл ақау қияметке дейін жабылмайды”.  (Саид ибн Зәйд)  Хазіреті Саид (р.а.) – көзінің тірісінде Жәннатпен сүйіншіленгендердің бірі. Әкесінің аты – Зәйд ибн Амр. Әкесі Алланың барлығы мен бірлігіне сенген таза жүректі, ақиқатқа көзі ашық кісілердің бірі, Пайғамбарымызға (ﷺ) пайғамбарлық берілместен бұрын да тек тәңірлік (тәухид) дінін ұстанатын. Өз дәуірінде Ханифтік атпен белгілі болған хазіреті Ибраһимнің дінінде болғандығын “менің тәңірім – Ибраһимнің Аллаы, дінім де – Ибраһимнің діні” деп білдірген[1]. Зәйд Мекке мүшріктерінің дінін көңіліне медет тұтпай, жансыз пұттарға табынудың ақымақтығын ерте сезініп, шынайы дінді іздеп шарқ ұрды. Сирияға дейін сапар шегіп көптеген христиан және яхуди дін ғалымдарымен кездесті. Алайда олардың берген жауаптары бойында қоз боп жанған оттың ұшқынын сөндіре алмады. Зәйдтің бойындағы бұл жалынды байқаған бір поп шірктен және әр түрлі жаңылыс сенімдерден алшақ хазіреті Ибраһимнің ханиф дінін ұстануын ұсынды. Зәйд ханифтікті үйренгеннен кейін Меккеге қайта оралды. Зәйд мүшріктердің жабайы, жат әдеттерінен бойын аулақ ұстады. Ішкілік ішпеді, қыз балалаларды тірідей көмуге қарсы тұрды. Өз бүлдіршіндерін шімірікпестен топыраққа көмбекші болғандарды көрсе, олардың қыздарын аман алып қалып, тастандыларды өсіріп жеткізген соң, қыздарын қайтып алғылары келгендердің тілегін аяқ асты етпейтін. Зәйд “Аллаым, саған қалай құлшылық жасалынатынын білсем, солай құлшылық етер едім” деп көп қынжылатын. Өзінің ұлы Саидтен жиі-жиі “бір Аллаға сенейін бе, әлде мың тәңір мен пұттарға ма?” деп сұрайтын. Міне, әкесінің осындай халі Саидтің Исламды тез қабылдауына себеп болған-ды. Мұсылман болған соң Пайғамбарымызға (ﷺ) әкесінің басынан кешірген күйін әңгімелеп, оның жағдайының қалай болатынын сұрағанда, Алла Елшісі “Оны қиямет күнінде жалғыз өзін бір үмбет қылып тірілтеді”–[2] деп Саидті сүйіншіледі. Саид ибн Зәйд 19-20 жасар албырт шағында мұсылман болды. Алла Елшісі (ﷺ) дінін уағыздай бастаған уақытта Оның айтқандарының әкесінің ұстанымына сәйкестігіне көзі жетіп, мұсылмандықты қабылдады. Ол РасулАлла саусақпен санарлық сахабаларымен Әркәмнің үйінде жиналмастан бұрын – он үшінші немесе он екінші болып Исламды қабылдаған болатын[3]. Саид ибн Зәйд (р.а.) – Омар ибн Хаттабтың күйеу баласы. Омардан (р.а.) бұрын қарындасы мен күйеу баласы Исламды қабылдады. Хазіреті Омар олардың мұсылман болғанын естіген кезде терісіне сыймай тепсініп, екеуінің сазайын тартқызамын деп салып-ұрып үйіне барады. Алайда аталарының дінін ұстанып, шірктің күңсіген қоқысында аунаған Омар бұл үйден шыққанда мұсылман болу бақытына ие болған еді[4]. Ислам дінінің тағдыры қылпыған, қиып түсер қылыш жүзінде кезек аунаған сол бір қиын-қыстау кезеңде Исламды қабылдап, Пайғамбарымыздың (ﷺ) жанынан айырылмаған Саид имандылықтың асыл ері боп ғұмыр кешті. Ислам үшін жан аямай күресті. Мұсылман болғаннан кейін ол да басқа сахабалар сияқты мүшріктерден жәбір көрді. Меккеде көзге түсудің өзі қияметке айналғанда, Пайғамбарымыздың рұқсатымен Эфиопияға һижрет етті. Кейін Мәдинаға көшкенде Ұбай ибн Қағбпен бауырластырылды[5]. Саид ибн Зәйд Пайғамбарымыздың (ﷺ) заманында Бәдір шайқасынан өзге бүкіл соғыстарға қатысты. Бәдір шайқасынан бұрын Саид және Талха ибн Ұбайдуллаһты (р.а.) РасулАлла (ﷺ) Сирияға кеткен мүшріктердің керуені жайлы мәлімет жинау үшін арнайы жібереді. Олардың міндеті – қандай да бір мәліметті қолға түсірер-түсірместен ізін суытпай дереу Мәдинаға жеткізу. Бұл мақсатпен жолға шыққан екі сахаба Мәдинаға қайта оралғанда, Бәдір шайқасының жеңіспен аяқталғандығын естіді. Бұл шайқасқа қатыса алмағандары үшін қатты өкінген екі қаһарманды Алла Елшісі (ﷺ) соғысқа қатысқандардың қатарында санап, екеуін де құр алақан қалдырмады[6]. Бұл бақытты сахаба өмірін Ислам үшін арнады. Пайғамбарымыз (ﷺ) жанына жақын тұтып, Оның маңайынан табылатын. Саид ибн Жүбәйр бұл жайлы: “Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли, Талха, Зүбәйр, Сағд, Абдуррахман ибн Ауф және Саид ибн Зәйд жиһад кезінде РасулАлланың алдында шайқасып, намазда артындағы сапта тұратын”[7] деп, бұл кісілердің Пайғамбарымызға (ﷺ) жақындықтары мен олардың дәрежелерін көрсеткен еді. Пайғамбарымыз (ﷺ) қайтыс болғаннан кейін Саид ибн Зәйд (р.а.) белсенді ғұмыр кешті. Халифа сайлауында да айрықша орны болды. Ислам үмбетінің арасында наразылықтар мен қайшылықтардың тумауы үшін қолдан келгенін аямады. Әділеттің бейнесі Омарды (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) қасындағы мазарына өз қолымен қоярда жүзін ыстық жас жуып кетеді. – Әбу Әуәр, неге жылайсың?– деген адамға хазіреті Саид Исламның тағдыры үшін жылайтынын айтып: – Ислам үшін жылаймын. Омардың шейіт болуы – Исламда ашылған бір ақау. Бұл ақау қияметке дейін жабылмайды[8], – деп хазіреті Омардың (р.а.) Ислам тарихындағы айрықша орнын атаған. Омар Фаруқтың (р.а.) тұсындағы Йәрмук жеңісі мен Сирияның алынуында хазіреті Саид (р.а.) айтарлықтай үлес қосты. Византияға қарсы болған Йәрмук соғысында Саид ибн Зәйд (р.а.) бір әскери жасақтың қолбасшысы болды. Соғыстың қызған шағында Византия әскерлері сол қанаттан соққыны күшейтті. Дұшпан жеңіске жететіндей боп көрінді. Өз шептерін тастамай қасарысып қарсы тұрған қолбасшылар мен әскердің  қатарында Саид ибн Зәйдтің (р.а.) жасағы тұрды. Ол әскерлерінің алдына шығып: – Байыптылық пен жүректілік дүниеде адамға абырой, ақыретте мейірімділік әпереді. Біз екеуін де алуға тырысайық,– деп жауынгерлерді бір серпілтіп тастады. Қолбасшылары көз алдарында арыстандай атылып, тайсалмай шайқасты. Хазіреті Саид (р.а.) Византияның әскер басшысын өлтіргенде, олардың әскерлері арасында жік туды. Жеңісті қолдан әперетін бұл мұрсатты қапы жібермей хазіреті Саид (р.а.) орталық қанатқа күйрете соққы беріп, жеңілейін деп тұрған әскерді жеңіске жеткізді[9].        Ол уақытын ғибадатпен өткізіп, дүние мен дүниелік нығметтерден гөрі ақыреттің сауабына ұмтылды. Мансапқор емес, бірақ өзіне қандай да бір қызмет жүктелсе оны адал орындайтын. Сирияны алғаннан кейін әскер басшысы Әбу Үбәйда ибн Жәррәх (р.а.) Саид ибн Зәйдке (р.а.) Сирия әкімдігін ұсынады. Бірақ, хазіреті Саид соғыс майданында әскер болуды қалайды: – Әй, Әбу Үбәйда! Мен Алла жолында күрескім келеді. Әкімдікті өзің лайық деп тапқан басқа бір бауырымызға бер, – деген еді. Хазіреті Саид (р.а.) ұзақ уақыт әскер қатарында болып, Ирак пен Сирияның Ислам мемлекетінің құрамына кіруіне мол үлес қосты. Кейін ілім нұрын бұл өңірлерге алып барды. Осман Зун-нурәйн мен Әли әл-Муртада (р.а.) жайлы өсек-аяңдарға тосқауыл болуға мейлінше тырысып бақты. Әсіресе, оның жүрегін хазіреті Османның (р.а.) шейіт болуы қатты сыздатты. Бұған байланысты ол Куфа мешітіне жиналған жұртқа: – Аллаға ант етейін! Сендердің Османға жасаған сансыз қастандықтарың Ұхұт тауын орнынан қозғалтқаннан да ауыр, – деп наразылығын білдірді. Ол кезде Куфаның әкімі Мұғира ибн Шубә еді. Бір күні Мұғира Куфаның ең үлкен мешітінде көпшіліктің арасында отырды. Осы кезде мешітке хазіреті Саид (р.а.) кірді. Әкім құрметті сахабаны қадірлеп жанына отырғызды. Осы мезетте куфалық бір кісі кіріп, аузына келгенін айта бастады. Не болғанын түсінбей қалған Саид (р.а.) әкімнен: – Әй, Мұғира, мына адам кімді жамандап жатыр?– деп сұрайды: – Әлиді, – деді. Мұны естіген хазіреті Саид ашуға мініп: – Әй, Мұғира, Мұғира! Сенің көз алдыңда Алла Елшісінің серіктеріне тіл тигізіліп жатыр. Сен болсаң бұған көз жұма қарайсың, – деп кеий сөйлейді: – Мен сендерге өз құлағыммен естіп, жүрегіммен ұққан мына бір хадисті айтайын. Алла Елшісі: “Әбу Бәкір – Жәннатта, Омар – Жәннатта, Осман – Жәннатта, Әли – Жәннатта, Талха –Жәннатта, Зүбәйр – Жәннатта, Сағд ибн Әбу Уаққас – Жәннатта”,– деді. Бұлардың тоғызыншысын да айту керек болса, айтар едім, – деді. Ертесінде мешітке жиналған халық ант етіп, тоғызыншы адамның атын білгенше асықты. Хазіреті Саид (р.а.) олардың өтініштерін жерге тастамай: – Алла атымен сөз беріп тұрғандарың үшін айтайын. Тоғызыншысы – менмін, – дейді: Міне, Жәннатпен сүйіншіленген сахабалар жайлы айтылған хадисті риуаят еткен адамдардың бірі – осы Саид ибн Зәйд (р.а.).       Хазіреті Саид (р.а.) берекелі ғұмырының соңғы жылдарын Мәдинаның А’қиқ деген жерінде өткізіп, шаруашылықпен айналысты. Күндердің бір күнінде оның меншігіндегі жері мен өзінің жері шектесіп жататын Әурә бинт Үуәйс атты бір әйел Мәдинаның әкімі Мәруан ибн Хакамға барып, хазіреті Саидтің (р.а.) үстінен шағымданады. Ол Саид ибн Зәйдтің (р.а.) меншігіне қол сұққанын айтып, жерінің қайтарылуын талап етеді. Әкім мәселені ақ-қарасын шешу үшін хазіреті Саидке (р.а.) бірнеше адам жібереді. Келген топ даулы істі оған жеткізгенде, ол әділетсіздікке ұшырағанын түсініп, оларға былай деді: – Алла Елшісінен естіген бір сөзді сендерге айтайын: “кім өзінікі болмаған бір жерді иемденсе, жердің жетінші қабатында болса да, ол жер қияметте оның мойнына оратылады. Кім өз мүлкін қорғау жолында өлсе, ол –шейіт”. Бұдан кейін хазіреті Саид (р.а.) өз жерінің шегінен қия баспағандығына ант етіп: – Алла, бұл әйел егер өтірік айтқан болса, ажалы келмей оның көзін соқыр қыл. Құдығын да оған мазар ет, – дейді. Жанын күйдірген жала оны қарғыс айтуға мәжбүрледі. Алла зұлымдыққа душар болған кінәсіз жанның дұғасын қабыл етті. Жала жапқан әйелдің көзі көп ұзамай көр болып, бақшасындағы құдыққа түсіп өлді[10]. Бұл оқиғадан кейін Мәдиналықтар біреуге ашуланса, “Алла сені Әурә сияқты көр қылсын” деп қарғыс жасайтын болған екен[11].       Хазіреті Саид ибн Зәйд (р.а.) жетпіс жастан асқанда хижраның 50 немесе 51 жылы қайтыс болды. Абдуллаһ Ибн Омар (р.а.) оның А’қиқтағы үйіне барып, жаназа істерімен айналысты. Сүйегі Мәдинаға жеткізілді. Мәйітті Сағд Ибн Әбу Уаққас (р.а.) жуып, жаназа намазын Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) оқыды[12]. [1] Табақат, 3:379. [2] Усдуль ғаба, 2:307. [3] Усдуль ғаба, 2:306-307. [4] Хазіреті Омар бөліміне қараңыз. [5] Усдуль ғаба, 2:387. [6] Табақат, 3 :382-383. [7] Усдуль ғаба, 2:308. [8] Табақат, 3:372. [9] Асру саадат, 4:281. [10] Хилятуль әулия, 1:96-97. [11] Усдул-ғаба, 2: 388; әл-Исәба, 2: 46. [12] Табақат, 3:384.

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=702

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз