https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ИБН СИНА

01 Jun 2021 0 comment Оқылды: 592 рет

 ИБН СИНА

(Дәрігерлердің ұстазы) (980-1037 ж.ж.)  Аты-жөні, шыққан тегі: Әбу Әли Хусейн ибн Абдулла ибн Әли ибн Сина. Бұхара аймағының Афшина ауылында туылған. Содан кейін әкесімен бірге Бұхара қаласына көшіп барған. Жасы онға толмай жатып Құран мен әдебиетті үйренді. Әкесі Бұхараның қасындағы Хармисин деген ауылда шаруа болатын. Әкесі шииттердің исмаилия деген тармағына жататын. Олар өздерінің шежірелерін Исмаил ибн Жағфар ас-Садиққа тірейтін. Ибн Сина жастайынан олардың ақыл мен нәпсі туралы айтыс-тартыстарын естіп өсті. Олар арасында әкесі де бар оны өз топтарының пікірлерін ғана қабылдап, қалған топтардың сенімдерін мойындамауға шақыратын. Бірақ жас Ибн Сина олардың сөздеріне құлақ аса қоймайтын. Ақиқат туралы өзі ізденіп оқығанды қош көретін. Ғылым жолындағы ізденістері        Содан кейін әкесі Ибн Синаның бір ғалымның үйіне әкеліп, оқуға береді. Ол ғалымның аты Абдулла ан-Нәтили болатын. Былайғы жұрт оны философ деп атайтын. Одан бұрын Ибн Сина Исмаил деген ұстаздан фиқһ ілімінен дәріс алды. Жас шәкірт қысқа мерзімнің ішінде фиқһ ілімін үйреніп қана қоймай, шариғат мәселелерін зерттеуде жаңа әдіс-тәсілдерін енгізіп, бұл ілімді жаңа деңгейге көтеріп, ұстазынан асып түсті. Ұстазы бір мәселе туралы айтса, ол мәселенің қыр-сыры мен анықтамасын одан гөрі айқынырақ жолмен жеткізетін. Исмаил ұстазы Ибн Синаға логика ғылымынан да дәріс берді. Бірақ бұл ғылымның ішкі сырларына дендеп ене алмай жалпылама таныстырумен ғана шектелді. Ұстазының бар білетіні сол болып шықты. Сондықтан да Ибн Сина логика саласында жазылған түсіндірме кітаптарын өз бетінше оқып, ақыры бұл ғылымды да жетік меңгерді.       Логика мен ақыли ілімдерді үйренген соң Ибн Сина енді медицина ілімін үйренгісі келді. Ақырындап осы пән бойынша жазылған кітаптарды алып оқи бастады. Ойы ұшқыр шәкірт медицина ілімін үйрену өзіне соншалықты қиын соқпайтындығын байқады. Сондықтан да бұл ілімді қысқа мерзімде үйреніп, жетік меңгерді. Тіпті медицина пәнінен беретін ұстаздарынан дәріс алып жүрген кездің өзінде ол шариғат мәселелері бойынша білімін жетілдіріп, ұстаздарымен пікір таластырып жүретін. Осы кезде Ибн Синананың жасы он алтыда болатын.       Көп ұзамай Ибн Сина медицина пәнінен алған білімі арқылы ауруларды емдей бастады. Ол ем-домдарында оқу кезінде жүргізген тәжірибелеріне сүйенетін.       Бұл кезеңнен мүдірмей өткен Ибн Сина білімін әрі қарай жетілдіру үшін алуға бір жарым жылдай ден қойды. Қайсыбір қиын мәселеге кездесіп, түсінбей қалса, мешітке барып намаз оқып, Алладан сұрайтын. Сөйткенде қиын мәселе оңай шешіліп, көңіліндегі көп түйткілдердің шешімін табыла кететін. Кітап оқып отырғанда ұйқысыраса әл-қуатын қайтару үшін орнынан тұрып, бір кесе салқын су ішетін де оқуын әрі қарай жалғастыратын. Кейде тіпті, ұйықтап жатқанда да оқыған мәселелері туралы түс көретін. Осындай ыждағатты ізденістің арқасында Ибн Сина логика, физика, математика ғылымдарын жете меңгерді.       Содан кейін Ибн Сина құдайлық ілімді үйренуге бас қойды. Сол үшін метафизика кітабын оқи бастады. Бірақ алғашында миына ештеңе де кірмеді, бұл ілімнің қандай мақсатпен құрылғанын түсінбеді. Сөйтсе де түсінуге талпынып кітапты қырық мәрте оқып шықты. Ақырында оны жатқа айтатын да болды. Бірақ ілімнің ішкі мағыналарын түсінбей-ақ қойды.       Бірде кітап сататын базардың мешітіне екінті намазын оқуға бара жатқан кезінде оның алдынан бір саудагер шығып, бір кітапты ұсынады. Ибн Сина кітапты бір аударып қарап шығып, өзіне керегі жоқ дүние деп ойлап иесіне қайтарып береді. Бірақ саудагер: «Сатып ал, мен саған арзанға – үш-ақ дирхемге берейін», – деп қоймағасын оны сатып алды. Үйіне келіп қарап көрсе, бұл Әбу Насыр әл-Фарабидің метафизика ілімі жайында жазған кітабы екен. Көктен іздегені жерден табылып, қырық рет оқып түсінбей қойған ғылымды осы кітап арқылы түсіне бастады. Ақырында кітапты бастан аяқ оқып шықты. Көңіліндегі көкейтесті мәселенің шешімінің тез табыла кеткеніне қатты қуанған ол Аллаға шүкірлік ретінде кедей-кепшіктерге садақа таратты.       Осылайша Ибн Сина он сегіз жасында барлық ғылымдардан мейірі қанғанша сусындап, бірін қалдырмай оқып шықты. Ол оқыған кітаптарының барлығын да жатқа айтатын. Ол кейбір ғылымдардағы алғашқы еңбектерін жас кезінде жазып шықты.       Бірде Ибн Синаға бір кісі барлық ғылымдарды қамтитын еңбек жазу туралы ұсыныс айтады. Ол бұл ұсынысты құп алып, Әл-Мажмуғ атты кітабын жазып шығады. Бұл еңбекте математикадан басқа барлық ғылымдар түгел қамтылған болатын. Ибн Сина бұл кітабын жиырма бір жасында жазып шықты. Одан кейін жиырма томнан тұратын Әл-Хасил уа әл-Махсул деген басқа бір еңбегін жазды.       Арада біраз жылдар өткен соң ғұламаның әкесі қайтыс болды. Көп жағдай өзгерді. Сол кездегі Бұхараның әміршісі Нұх ибн Мансұр Ибн Синаға үкімет істерін жүктеді. Ғұлама бұл жауапкершіліктен бас тартып, Бұхараның тастап, Журжан қаласына кетті. Оның әмірі Әли ибн Мамун болатын. Ибн Сина оның алдына шариғат ғалымдарының киімімен кіріп барады. Осылайша түрлі жағдайлармен Ибн Сина бір жерден екінші жерге көшумен болады. Ол Журжан мен Табарстан аймағының ғылым мен ғұламаларды қатты құрметтейтін әміршісі Қабуспен кездескісі келеді. Алайда оның жолы болмады. Қабус әмірші тұтқындалып, қамалға қамалынды. Содан соң Ибн Сина Даһастан аймағына барып тұрды. Онда қатты ауырып қалды. Одан кейін қайтадан Журжанға қайтып барды. Сонда өзінің ұшан-теңіз біліміне қарамай надандардың арасындағы қадірсіз күйіне күйінген ол былайша өлеңдетті: Білімім елден асқан соң кең дүние маған тар болды,                       Бағам көктен асқан соң сатушы таппай зар болдым.       Ақырында оның білімін бағалаушы адам табылды. Журжан қаласында Мұхаммед Ширази деген ғалым қасына қондырып, Ибн Синаға арнайы үй сатып алды. Ибн Сина оған астрономия ғылымында Әл-Мабдә уа әл-Маад, Әл-Арсад әл-Куллия, Мухтасар әл-Мажисти атты кітаптарды жазып берді және медицина саласындағы атақты кітабы әл-Қанунды жазып шықты.       Содан кейін Ибн Сина Рей қаласына көшеді. Қала жұрты оны кітаптары арқылы танитын болып шықты. Ол осы қаланың әміршісі Мәджд әд-Дәуләмен жолықты. Оны ауруынан емдеп жазды. Содан кейін Қазуин қаласына, одан соң Хамадан қаласына ат басын тірейді. Сонда әмірші Шәмс әд-Дәуләны ауруынан емдеп жазып, оның уәзірі болып тағайындалады әрі жақын досына айналады. Осыдан кейін Ибн Сина алты жыл бойы Шәмс әд-Дәуләның уәзірі болып қала береді.       Бірде әмірші Шәмс дұшпандарына қарсы соғысқа шығып, ойсырай жеңілгеннен кейін оның қасындағы әскер басшыларының бірі бұл жеңілістің себебі Ибн Сина деп, әмірші мен екеуінің арасына от салады. Соның нәтижесінде әскерлер Ибн Синаның үйіне басып кіріп, өзін абақтыға қамайды да, барлық мал-мүлкін тәркілейді. Әскербасылары әміршіден Ибн Синаны жазалап, өлтіруін сұрайды. Бірақ әмірші олай етпейді, бірақ әскерін разы қылу үшін оны елден аластатады.       Осы оқиғадан кейін Ибн Сина өзінің жақын достарының бірінің үйінде қырық күндей жасырынып жүреді. Сосын әмірші Шәмс әд-Дәулә ауырып қалады да, Ибн Синаны іздестіріп тауып, одан бұрынғы іс-әрекеттері үшін кешірім сұрайды. Шипагер оны дертінен емдеп жазады. Осыдан соң әмірші оны қайтадан уәзір етіп тағайындайды.       Шәмс әд-Дәулә дүниеден өткен соң таққа оның ұлы Тәж әл-Мүлк отырады. Ол билікке келісімен Ибн Синаны Ала әд-Дәуләмен жасырын түрде хабарласып тұрдың деп айыптап дереу өзінің алдына келуге бұйырады. Бірақ Ибн Сина өзіне тағылған айыптарды кері қағып, жаңа әміршінің алдына барудан бас тартады. Әмірші жендеттеріне Ибн Синаны тез арада тауып әкелуді бұйырады. Дұшпандары оның Әбу Ғалиб әл-Аттардың үйінде екендігін айтып береді. Жендеттер Ибн Синаны тауып алып тұтқындап, әміршінің бұйрығымен алыс аймақта орналасқан қамалға қамайды. Ибн Сина енді бұл абақтыдан ешқашан да шыға алмайтын болармын деп қатты торығып, мұңға батады. Сондықтан Енді анық кірді ғой бұған басым, Шығарыма үміттен күмән басым, – деген шумақ айтты. Осылай қайғыға батып жүргенде арада төрт ай өтпей жатып, жаңа әмірші Тәж әл-Мүлк мұны түрмеден шығартып, Хамадан қаласына өзінің жанына алдыртады. Дәр әл-Алауия үйіне орналастырады. Ибн Сина мұнда кітап жазумен айналысады. Хай ибн Йақзан атты кітабын және әш-Шифа кітабының алғашқы бөлігін жазып шықты. Сонымен бірге жаңа дәрі-дәрмек түрлерін ойлап шығарады.       Ибн Синаның ең ғажап қасиеттерінің бірі ол қолына түскен кітаптың оңай тұстарына емес, ең қиын тұстарына қатты көңіл бөлетін. Кітап авторының ғылыми деңгейі мен біліктілігін анықтап алу үшін оның түйткілді мәселелерге байланысты пікірін білуге тырысатын.   Ибн Сина – араб тілі мен әдебиетінің білгірі        Ибн Синаның түрлі ғылымдардағы ғұламалығымен бірге тіл мен әдебиет саласында да шоқтығы биік болған. Ол тіл және әдебиет ғылымдарын үш жыл бойы шұқшия отырып зерттеді. Оған мынадай оқиға себеп болған еді. Бірде Ибн Сина әмірші мен бір тіл ғалымымен бірге сұхбаттас болады. Сонда тіл ғалымы оған: «Ей, Ибн Сина! Сен қанша кемеңгер философ әрі данышпан болсаң да тіл білімі саласында ешқандай білім алмаған көрінесің», – деп мұқатады. Ибн Сина оның сөзіне қатты ашуланып, тіл білімін оқуға ден қояды. Сөйтіп үш жыл бойы осы саладағы кітаптарды парақтап оқып шығады. Әуелі Тәһзиб әл-Луға кітабын бастан аяқ оқиды. Ақырында ол араб тілі ғылымының білгір ғалымына айналады. Тіпті, анау-мынау ғалымдарын түсіне бермейтін сирек кездесетін сөздерді қамтыған үш дастан жазып шығады. Ол бұрынғы араб шайырлары сықылды дәстүрлі өлең өлшемдері мен ұйқастарынан өлең шығарған. Өз заманындағы және одан бұрынғы араб тілінің риторикасын да жетік меңгеріп, сол саланың бірегей білікті ғалымына айналды. Тіл-әдебиет саласын да жетік меңгергені туралы ол былайша өлең жолдарымен жеткізген.      Риториканы талап қылсаң, сұра менен – білгірінен,  Көмейі болса уақыт оның, сөйлейтін тілімін мен.                           Өндіріп айтпас өзге ұстазың бұл ғылымнан ештеңе,   Өзі ұстазы һәм білгірі табылмас мендей еш пенде.                           Көрінбестей көмескі еді ақиқаттың ақ байрағы,    Мен келгеннен желбіреді, ғылым да гүл жайнады!        Сондай-ақ, әмірші Тәж әл-Мүлктің тапсырмасымен уәзірлік шенінен айрылып, төрт ай түрмеде тасталып, дертке ұшырағанда да былайша өлеңдеткен болатын.   Бір Аллаға шағынам тауқыметін тар заманның   Бәле төніп әз басыма, түрмеге нақақ қамалдым.   Қасірет-михнат тұс-тұстан ұрады кеп сойылдай,   Бәле атаулы магниттей, өзім болдым шойындай!        Білім үйренудің артықшылығы мен шарапаты туралы айтқан мынадай өлеңі де бар.   Тәрбиеле рухыңды үйренумен ғылым-білімді,    Наданменен бірге болып өткізбе босқа күніңді.              Адам жаны шам болса егер, білім оның от-шырағы,           Алланың шексіз хикметі білте майындай боп тұрады.         Ибн Синаның бұдан да басқа оның тіл мен әдебиеттегі біліктілігін, тез арада өлең шығару қабілеттілігін білдіретін талай өлеңдері бар. Сонымен қоса біраз қасида-дастандарды да жазған. Алайда Ибн Синаның көптеген еңбектері араб тілінен басқа тілдерде жазылған еді. Мысалы, оның парсы тілінде тақуалық, рух, ақыл туралы және тағы басқа тақырыптарда жазған ондаған дастандары бар.  Ибн Синаның қайтыс болуы        Өмірінің аяғына қарай Ибн Сина іш-асқазан ауруына ұшырайды. Ол ауруын өзі емдейді. Бір күнде өзіне сегіз рет укол салатын. Ақырында, ол ауру меңдеп, қатты қиналып, бас айналып құлап қалатын жағдайға жетті. Соған қарамастан ұлы ғұлама қайсарлық танытып, дертпен қатты күресті. Алайда ауруы күшейген үстіне күшейе берді. Одан бұрын ол өзін-өзі емдеп, талай аурудан аман қалған еді. Бірақ бұл жолы бұлай болмады.       Бірде әмірші Ала әд-Дәулә Хамадан қаласына сапар шегеді. Сапарында қасына Ибн Синаны жол серік етіп алады. Жол үстінде Ибн Сина қатты ауырады. Ғұлама әл-қуатының сарқылғанын сезеді. Өне бойында ауруға қарсы тұрарлық қауқар қалмағанын ұғынған ол өзін емдеуін қойып: «Денемді басқарушы күш-қуат әлсіреді, енді емдегеннен еш пайда жоқ», – деді.      Осыдан соң Ибн Сина біраз төсек тартып жатып, көп ұзамай дүниеден озады. Бұл – һижраның 428 жылы еді. Оның жасы елу үште болатын. Мүрдесі Хамадан қаласында жерленді.     Ибн Сина қайтыс болғанда оның жолдастарының бірі мынадай өлең шығарады.                         Шипагердің емдегенін талай жанды көзім көрді,                          Шындығы сол – дертке ұшырап, іш аурудан өзі өлді.                          Енді үйренген ем-домы дертінен оны жазбады,                          Тамаша таланты да арашашы бола алмады.          Ибн Сина жақын достарының біріне былайша өсиет еткен екен: «Бірінші және соңғы ой-пікірің бір Алла Тағала болсын. Әрбір ісіңдегі мұрат-мақсатың да Раббың болсын. Жан-дүниеңмен тек бір Аллаға ғана бағыт ал. Оның алдында әрдайым бой ұсынумен тағзым етіп тұрғайсың. Ақыл-ойыңмен, ұшқыр қиялыңмен Оның жоғары патшалығына көз жіберіп, сапар шек. Раббыңның ұлы белгілері туралы ой тоқы. Әлдеқандай мақсатыңа жетсең, ол үшін Аллаға мадақ айт. Шынында Ол барлық нәрсені біледі. Дәлелдейтін Алланың бірлігіне,  Дүниенің белгі бар әрбірінде!».       Содан соң Ибн Сина сөзін әрі қарай сабақтады. «Шариғат мәселелерімен ғана шұғылданумен ғана шектелмей, ғаламдағы иләһи көріністерге көз салғайсың, денелік ғибадаттарды үздіксіз орындағайсың. Аллаға осы тура жолмен, хақиқи иманмен өмір сүретініңе серт бергейсің. Расында, Алла иман келтіргендердің жанашыры, жалғыз Өзі бізге жеткілікті, неткен көркем Уәкіл».  Ибн Синаның еңбектері        Ибн Синаның философия, логика, тіл-әдебиет, иләһиет, математика, жаратылыстану, анатомия, саз-әуен сияқты талай ғылымдардың салаларында жазып қалдырған жүзге тарта еңбектері бар. Оның ең соңғы еңбегі әл-Ишарат кітабы философия саласында жеткен ең биік мәртебесі болатын. Ал оның ең соңғы зерттеулерінің біір психология саласындағы Рисалат әл-Кәләм алә ән-Нәфс ән-Натиқа еңбегі еді.       Дегенмен, Ибн Синаның атын төрткүл дүниеге даңқты еткен еңбектері негізінен химия және медицина саласында жазылған. Медицина саласындағы еңбектерінен атақты әл-Қанун кітабын айтсақ та жеткілікті. Бұл кітап орта ғасырларда латын тіліне аударылып, он жетінші ғасырға дейін Европа университеттерінде медицина саласындағы бірегей оқулық ретінде пайдаланылған. Одан кейін жаңа ғылыми әдістемелер пайда болды. Зерттеуші-мамандар: «Медицина кемшілікке толы ғылым болатын, Ибн Сина оны толықтырды», – деседі.       Әл-Қанун кітабы медицина саласына қатысты барлық жайттарды қамтыды. Ибн Сина мұнда әрбір дәрігерлік саланың күллі мәселелерін қалдырмай қамтуға тырысқан. Кітап бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде медицина ғылымы туралы алпы түсінік, аурулардың жіктелуі мен олардың шығу себептері туралы басты тақырыптар, оларды емдеу жолдары қамтылған. Сондай-ақ, бұл бөлімде анатомия және адам ағзаларының қызметтері туралы жан-жақты сөз болған.       Екінші бөлімде Ибн Сина медицина ғылымының жай-жапсарына тоқталады. Мұнда дәрі-дәрмектердің құрамы, жасалу жолдары, әрбір дәріні, оның күш-қуатын танып-білу және медицина ғылымның басты заңдары туралы сөз қозғайды.       Үшінші бөлімде адам ағзасының әрбіріне қатысты ауруларға жеке-жеке тоқталады. Бірінші бас ауруларына туралы әңгімелейді.       Ал төртінші бөлімде белгілі бір ағзаға ғана қатысты емес, бүкіл тәнді қамтитын ауруларды сұрыптап, олардың жай-жапсары туралы түсіндірген.       Кітаптың бесінші бөлімінде автор дәр-дәрмектердің құрамы, табиғи дәрмектер жасаудың қыр-сырын баяндайды.       Ибн Синаның аталған әл-Қанун кітабынан өзге де медицина саласында жазған еңбектері көп. Олардың кейбіреулерін өз заманындағы дәрігер-ғалымдарға жауап ретінде жазған. Мысалы, жүрек, қан тамыры, іш ауруларын емдеу жолдары туралы зерттеу жұмыстары т.б. Алайда олардың арасында әл-Қанун кітабының орны ерекше. Нақ осы кітабы арқылы Ибн Сина өз заманындағы медицина ғалымдарының алдыңғы қатарынан бір-ақ шықты. Тіпті, оның кейбір замандастары: «Әл-Қанун кітабының бірінші бөліміндегі білімді игерген адамның өзі медицина ғылымының негіздері мен жалпы түсініктері туралы терең мағлұмат ала алады. Егер Гиппократ, Галениус сияқты ғұламалар тіріліп келсе бұл кітапқа бас иіп, тағзым етер еді», – десіп, бұл кітаптың құндылығын бірауыздан мойындаған.       Ал химия саласында ең бағалы кітаптардың бірі әш-Шифаны жазып шықты. Бұл кітабында ол жаратылыстану ғылымын түгелдей сүзіп шықты десе болғандай. Сондай-ақ, нашар металдарды бағалы металдарға айналдыру жайында өз заманының атақты химия ғалымы Ағлабқа қарсы пікірлерін де келтірген.       Бұл кітабында Ибн Сина таулардың түзілуі, жер сілкіністері мен олардың қозғалыстары туралы, дауыс пен сәуле туралы, бұлттар, су, бу т.б. табиғи құбылыстар жайында да кең көлемде әңгіме қозғайды.       Осылайша Ибн Сина адамзат тарихында энциклопедиялық ғұлама ретінде аты қалады. Ол өзінің ерекше қабілетімен, таңқаларлық дарынымен неше түрлі ғылымдарды ақылына сыйғызып, қорытып дамыта алды. Тіпті ол жалғыз өзі талай ғылымдардың біртұтас кітапханасындай болды десе болғандай. Бір уақытта өзі философ, өзі дәрігер, өзі ділмәр шешен, өзі тіл ғалымы әрі өзі химия мен саз өнерінің білгірі бола білді. Расында да ол әрбір мұсылманның мақтанышына айналды. Ислам әлемінің ең атақты ғұламаларының бірі болды.       Әл-Қанун мен әш-Шифа медицина мен жаратылыстану ғылымдарының адамзаттың ақыл-ой жетістіктерінің алтын қорынан қатарынан орын алды. Сонымен қатар салалардағы құнын жоғалтпаған санаулы оқулықтар.       Ардақты ғалым, философ әрі дәрігерге бүкіл адамзат мүддесіне жасаған қажырлы еңбектері үшін, ғылымда қалдырған өшпес іздері үшін Алла Тағала разы болып, рахымына бөлесін!  

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=238

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз