https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Абдуллаһ ибн Омар

03 Шілде 2019 0 comment Оқылды: 1409 рет

“Адамның бойында мына қасиеттер болмайынша, ол шынайы ғалым бола алмайды: Өзінен білімі мол адамды күндемейді, өзінен төменгілерді кемсітпейді. Ілімін дүниелік пайда үшін сатпайды”. (Абдуллаһ ибн Омар) Әділеттің бейнесі хазіреті Омардың тоғыз ұлы болды. Солардың ішінен “ибн Омар” Омардың ұлы деген атқа ие болған, ибн Омар дегенде алғаш еске түсер баласы– Абдуллаһ. Хазіреті Абдуллаһ әкесі мұсылман болған кезде бес жаста болатын. Мұсылман отбасында өскен ол пұттарға табыну тәрізді жаман ғадеттен аман қалды. Исламды түсінерлік жасқа толғанда бірден иман келтірді.  Мәдинаға һижрет жасалған кезде жасы әлі онға да толмаған еді. Бәдір шайқасы қарсаңында қайткенде де соғысқа қатысуды мақсат етті. Өзі сияқты тағы бірнеше бала өздерін үлкен етіп көрсету үшін аяқтарының ұшымен сапқа тұрып, Алла Елшісінің (ﷺ) әскер қатарына алуын қатты қалайды. Бойлары жеткенмен жастары әлі кішкентай болғандықтан оларды Алла Расулы әскер қатарына алмады. Ұһұт шайқасында да жастары толмағандықтан әскерге алынбады[1]. Ол достары сияқты жанары жасқа, көңілі мұңға толып үйіне қайтты. Сол түні таң атқанша көз ілмей, “Алла Елшісі мені өз жолында күресу үшін сахабаларының арасына алмайтындай қандай кінәм бар еді?” деп назаланды. Тек бір-екі жылдан кейін ғана жасы жеткеннен кейін Хәндәқ шайқасына қатысу мүмкіндігіне ие болып, әскерге алынып, көптен көксеген арманына жетті[2]. Ибн Омардың тақуалығы, құлшылығы, сезімталдығы мен сүннетті ұстануы жөнінен әкесі Омардан да асып түсетін. Сахабалардың сүннетке деген сүйіспеншілігі шексіз. Сүннетке мойынсұнып, оны ұстануға келгенде Абдуллаһ ибн Омардың орны, тіптен, айрықша. Тек қана ғибадат мәселесінде емес, күнделікті тұрмыста да Пайғамбарымыздың (ﷺ) әр іс-қимылын айнытпай қайталайтын. Пайғамбарға деген сүйіспеншілігі де алабөтен. Имам Мәліктің ұстазы Нафи бірде хазіреті Абдуллаһ екеуі бірге Арафаттан ылдилап келе жатқанда ибн Омар бір шұңқырға түсіп шығады. Оның бұл қылығына айран-асыр қалған Нафи: “Ей, имам, бұл шұңқырда не істедің?”,– дейді. Ибн Омар былай деп жауап қатады: “Пайғамбарымыз Арафаттан түсіп келе жатқан кезде, мен Оған еріп отырдым. Осы жерге түсіп дәрет сындырды. Менің қажеттілігім болмаса да, оның істегеніне кереғар еш нәрсе жасағым келмеді[3]”. Оның сүннетке құлай берілгендігі соншалық, Алла Елшісі (ﷺ) суды демін үш рет алып ішсе, ол да дәл солай ішетін. Басқаша ішкенін ешкім көрмеген-ді. Кішкентай бір қимылдың өзін Алла Елшісі (ﷺ) қалай істесе, айнытпай тура солай қайталайтын. Сол кездің өзінде кейбіреулер мұны ерсі көретін. Ибн Омардың жүрегі Пайғамбарымызға (ﷺ) деген сүйіспеншілікке толы еді. Ол зәру істері шығып қалмаса Пайғамбарымыздың қасынан екі елі ажырамауға тырысатын. Пайғамбардың (ﷺ) мүбарак білім мектебінде білімге сусындап, уақытының көпшілігін ілім үйренуге арнады. Пайғамбарымыз қайтыс болған кезде ибн Омардың жүрегі мұңға толды. Пайғамбарымыз жайлы сөз бола қалса көз жасы моншақтай жөнелетін. Сапарға шығарда және кері қайтқанда міндетті түрде Пайғамбарымыздың (ﷺ) қабірін зиярат ететін. Абдуллаһ ибн Омарды Пайғамбарымыз (ﷺ) да жанындай жақсы көріп, оған ақыл кеңес, өсиеттерін жиі айтатын. Хазіреті Абдуллаһ һижреттен кейін өмірін Ислам-ды үйренуге атаған “Суффа асхабына” қосылды. Осылайша кішкене бала кезінен бастап, Пайғамбарымыздың ілім кәусарынан сусындаған бақытты сахабалар санатына кірді. Пайғамбарымыздан және оның сахабаларынан ілім үйреніп, білімін жетілдірді. Ілім мәжілістеріне қатысып, діни мәселелерді терең білетін ықпалды сахабалардың біріне айналды.       Ислам тарихында “төрт Абдуллаһ” деген атпен әйгілі сахабалардың бірі – осы ибн Омар. Ол – 2630 хадис риуаят ету арқылы Әбу Һурәйрадан кейін ең көп хадис риуаят еткен сахаба. Оның тәпсир, фиқһ, әсіресе, хадис ілімінде орны ерекше. Хазіреті Абдуллаһ хадис риуаят еткен кезде өте абай болып, бұл маңызды іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Риуаят еткен хадистердің әр сөзіне, тіпті әріптеріне де мұқият болатын. Бір мағынаға келетін болса да, Пайғамбарымыздың қолданған сөздерін ғана қолданып, Пайғамбарымыздың хадистерін қаз-қалпында жеткізуге ерекше мән беретін. Хадистердің кейінгі ұрпаққа келіп жетуінде Абдуллаһтың қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бар ғұмырын хадисті жаю жолында сарп етті. Бізге келген хадистердің көпшілігі ибн Омардың хадис алқасына сүйенеді. Мәдинада хадис үйрету тобын құрып, елге хадис үйретті. Хадис үйрету үшін бүкіл күш-жігерін жұмсады. Хадис ғылымында Абдуллаһ ибн Омар → Нафи → Малик ибн Әнәс арқылы келген хадистер ең мықты риуаяттар болып саналады. Хадис ілімінде бұл хадис шынжырын “алтын шынжыр” дейді. Абдуллаһ ибн Омардан Абдуллаһ ибн Аббас, Жабир ибн Абдуллаһ, Саид ибн әл-Мусаииб, Саид ибн Жубәйр, Хасан Басри, Нафи’, Мужаһид, Тауус және өзінің балалары Хамза, Біләл, Абдуллаһ және Ұбайдұллаһ сынды ғалымдар хадис үйренген. Сондықтан да ол “муксирун” (көп хадис риуаят еткен) сахабалардан болды. Абдуллаһтың шәкірті Нафи өзінің азат еткен басыбайлысы еді. Абдуллаһ ибн Омар ғалым болумен қатар тақуа әрі атымтайдай жомарт, кеңпейілді, дарқан жан еді. Үйі қонақтан босамайтын. Кешкі асын жалғыз өзі ішкен кездері өте сирек. Қонақ жоқ болса, шақыртып алатын. Құл азат етуді қайыры көп іс көретін. Имам Нафидің айтуынша, ол мың құл азат еткеннен кейін қайтыс болған және шын ықыласымен соны тілеген. Абдуллаһ Ибн Омар Пайғамбарымыз (ﷺ) қайтыс болғаннан кейін алпыс жыл өмір сүріп, көп пәтуа берген. Алайда пәтуа берерде аяғын аңдап басатын. Алладан қорыққандықтан қандай да бір  үкім беруден тартынатын[4].    Бір мәселенің анық-қанығын толық білмесе немесе оның шешіміне күмәнданса “мен бұл мәселені білмеймін” деп білмейтінін ұялмай мойындап, кішіпейілдік танытатын. Жұрттың бәрі оның бұл қасиетіне сүйсінетін.   Бірде біреу келіп, бір мәселе жайында пәтуа сұрады. Хазіреті Абдуллаһ кеңесші бола алмайтынын айтты. Алайда пәтуа сұраған адам қайта-қайта келуін қоймағанда еріксіз оған “саған бола өзімді Тозаққа апарар көпір құра алмаймын” деп, жаңылыс-жаңсақ нәрсе айтып қоюдан барынша тартынған еді. Істеген әр ісін Алланың ризалығы үшін жасайтын. Абдуллаһ ибн Омар – тек хадисші емес, сонымен қатар үлкен фақиһ. Ол өмірін Мәдинада өткізді. Мәдинаның фиқһ ғұламалары пәтуаларының көбінде оған сүйенген. Әһли сүннеттің төрт имамының бірі, имам Маликтің фиқһында хазіреті Абдуллаһтың пәтуалары өте көп кездеседі. Оның пәтуалары жиналар болса, көлемді бір кітап болады. Мысырлық ғалым М. Рәууәс Кал´ажи “мәуду’ату фиқһи Абдиллаһ ибн Омар” деген атпен бір кітап шығарған (Бейрут, 1986).   Ол өте жомарт, қияметке дейінгі Ислам үмбетінің жол сілтеуші жарық жұлдыздарының бірі болды. Мейірімді, жұмсақ мінезділігімен қоса әділетсіздікке куә болғанда жаны шыдамайтын. Ақиқатты айтудан тайсалмайтын. Мұсылмандар арасынан бұрқ ете қалған бүлікке қатыспай бейтараптылық ұстанды. Бүліктерге (фитнә) араласпады. Не хазіреті Әлидің тарапына, не сириялықтардың тарапына қосылмады. Ибн Омардың (р.а.) әһли бейтке деген құрметі жоғары еді. Залым Хажжажға қарсы келуден қаймықпайтын. Бірде Хажжаж жұма хұтбасын ұзақ созып жібереді. Бұған шыдамаған Абдуллаһ “күн сені күтіп тұрмайды ғой” дейді. Ішіне кек сақтаған Хажжаж Абдуллаһтың өліміне себеп болады. Ол хижраның 78-жыл санауында 86 жасында қайтыс болды. Оның төмендегі сөздері ілім іздегендерге шын мәнінде жол көрсетеді: “Бойында мына қасиеттер болмайынша, адам шынайы ғалым бола алмайды: Өзінен білімі жоғарыны күндемейді, өзінен төменгілерді кемсітпейді. Ілімін дүниелік пайда үшін сатпайды.”[5]

[1] Бухари, мағази, 6.

[2] Табақат, 4:143.

[3] Муснәд, 2:131.

[4] О. Кескиоглу, Фықыһ тарихи ве Ислам һукуку, Анкара, 1999, 72.

[5] Сахабилер ансиклопедиси, 1: 187-188.

fatua.kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз