https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Имам Әбу Мансур әл-Матуруди өмір сүрген кезеңдегі әлеуметтік және саяси жағдай қандай болды?

14 Apr 2019 0 comment Оқылды: 1041 рет

С: Имам Әбу Мансур әл-Матуруди өмір сүрген кезеңдегі әлеуметтік және саяси жағдай қандай болды?

Ж: Имам Әбу Мансур әл-Матуруди өмір сүрген кезеңдегі әлеуметтік және саяси жағдай Кез келген қоғамда терең із қалдырған тұлғалар, міндетті түрде қоршаған әлеуметтік, саяси және мәдени шарттардың әсері мен ағысына қарай қалыптасады. Көбіне кәламшы және тәпсірші ретінде танылған Матуридидің ғылыми танымының қалыптасуы мен Матуридилік мектебінің пайда болуын дұрыс түсіне білу үшін, оның өмір сүрген дәуірінің, қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, экономикалық және саяси жағдайынан хабардар болу керек. Сонымен қатар, сол кезеңдегі ағымдар мен олардың пайда болуына әсер еткен факторларды да жан-жақты қарастырған жөн. Адам баласы алғашқы білім баспалдағын отбасынан және қоғамнан үйренері сөзсіз. Әлбетте, бұл білім кісінің келешегіне өз әсерін тигізбей қоймайды.  Матуриди еңбектерінің дені кәлам, фиқһ методологиясы және тәпсір саласына арналған. Ақида саласындағы ұстаздарының тізбесі Имам Ағзам Әбу Ханифаға барып тіреледі. Ол Әбу Ханифаның ақидаға байланысты еңбектерін оқып, өз көзқарасын Әбу Ханифаның пайымдауларының шеңберінде, «кәлам» әдісі арқылы жүзеге асырған. Сол себепті Матуриди Әбу Ханифаның ізбасары ретінде саналып, мәзһабы ханафи мәзһабы болып саналған[1]. Әбу Ханифа мен Матуриди еңбектерін салыстыра зерттеген Әбу Зәһра Әбу Ханифа көзқарастары Матуриди тұжырымдарының қайнар көзі екенін, мұны Матуридидің өзі де мойындағанын дәлел ретінде келтіреді. Ханафи мәзһабының үлкен ғалымдарының бірі Захид әл-Кәусари де «Ишаратул-мәрам» атты еңбегінде Матуридидің Әбу Ханифаның еңбектерін нақты қолданып, оларды жете зерттегенін айтады[2]. Бұдан имам Матуридидің имам Ағзамның сенімдік көзқарастарын тереңдете зерттегендігін аңғарамыз. Шынтуайтында, Матуриди Әбу Ханифаның көзқарастарын оқып үйреніп, оның мәзһабына (мектебіне) бағына отырып аят хадистерді қолданумен қатар, ақыл ойға да басты үлкен мән берген. Самарқанда әрі сол аймақтағы ағымдар мен бағыттарға қарсы пікірталастарында кәлам әдісін қолдану арқылы үлкен жетістіктерге жеткен[3]. Матуридидің туып өскен Самарқанд аймағы Бұхара, Термез сияқты маңызды мәдени қалаларды қамтыған Мауараннаһр аймағы. «Мауараннаһр» сөзі араб тілінде «Екі өзеннің арасындағы өлке» деген мағынаға келеді. Бұл Орта Азияда Жайхун (Әмудария) өзенінің арғы жағындағы түркілер қоныстанған территорияға берілген жеке географиялық атау. Бір кездері КСРО-ның құрамына кірген бұл аймақ қазір Өзбекстанды, Қарақалпақстанның шығыс бөлігін, Тәжікстанды, Қырғызстанның оңтүстігін, Қызылқұм шөлі мен Қазақстанның бір бөлігін алып жатыр. Бұл жердің ең маңызды егіншілік пен сауда орталықтары Бұхара мен Самарқанд қалалары болған. Географиялық жағы егістікке бейім жасыл, сулы аймақ-ты.   Самарқанд қаласының атауы алғаш рет Ескендір Зұлқарнайынның шығысқа жасаған жорығы туралы деректерде айтылады. Ескендір бұл қаланы бірнеше рет жаулап алған екен. Бұл аймаққа мұсылмандар иелік еткенше бірнеше өзге халықтың қол астында болған. 711-жылы Мауараннаһрды Құтайба ибн Муслим басып алады. Басқару жүйесі Әмауи халифаты Мәмуннің Саман ұлдарына яғни Әсад ибн Саманға берілгенше, (819ж.) орталықтандырылған халифалық арқылы басқарылды. Мұғтасым дәуірінде (833-842жж.) Мауараннаһр тұрғындары толықтай мұсылман болып, шапқыншылыққа қарсы тұрды. Сол кезде олар Ханафи мәзһабын ұстанатын[4]. Саманидтер әулеті дәл осы кезеңде жаңа мемлекет құрып, Мауараннаһр аймағына иелік етті. Мәселен: 819-жылы Нұх ибн Әсад − Самарқандқа, Ахмед ибн Әсад − Ферғанаға, Йахия ибн Әсад − Шашқа, Илиас ибн Әсад − Хератқа әкім болды. Орталық Бұхара қаласы болғанымен, Самарқанд халқының саны көп болатын. Ірі қалаларға жағдай жасалып, олар ғылым орталықтарына айналдырылды. Мәзһабаралық пікірталастар кеңінен етек алып, қызу тартыстар жүргізілгендіктен, ел билеушілер оқымыстылар мен діндар ғұламаларды дін мен ғылымды жандандыруына жағдай жасады. Сөйтіп, Саманидтер әулеті Ислам дініне қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарының дұрыс жолға қойылып, кемелденуіне елеулі үлес қосты. Елде тәпсір, құқық, хадис, тасаууф, кәлам, тіл мен әдебиет секілді түрлі ғылым салаларындағы білімдарлар бой көрсете бастады. Тіпті, елдегі мұсылман емес адамдарға да ерекше кеңпейілдік танытылды.  Әсіресе, Абдулла ибн Тахирдің (829-844ж)[5] «Ғылыммен айналысатын адамға жағдай жасалу керек. Ғылым – жалқаудың емес, ізденушінің жанынан табылады»[6] деген сөзінен сол дәуірде ғылымға өте көп мән берілгендігін көруге болады. Мауараннаһрдың Хорасаннан басқа аймақтарында сенім мәселесі бойынша мұғтазилиттердің көзқарастары кеңінен тараған еді. Бұған Матуридидің мұғтазилиттерге бағытталған шығармасы – «Бәйану уәһмил муғтазиләт» сынды туындылары дәлел бола алады. Сондай-ақ, танымал хадисші ғұламалардың шығуына да, бәлкім, осы мұғтазиланың көзқарастары бірден-бір себеп болуы керек. Өйткені, хадис әдебиетінде бірнеше маңызды қайнаркөздерді жинақтаған ғалымдар осы аймақтан шыққан. Олар ислам әлемін шарлап Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерін бір жерге жинаған. Мауарауннаһр аймағынан шыққан Кутуби Ситта яғни ең сенімді деп табылған 6 хадис жинағы имамдары секілді бірқатар танымал хадис ғұламаларын кездестіруге болады. Атап айтқанда, Исхақ ибн Рухия (238/872), Йахия әз-Зухли, Ибраһим ибн Йсхақ әл-Әнмати (303/916), әл-Хасан ибн Суфиан (300/916), Абд ибн Хумайд (249/863) т.б.  [1]    Әбу Зәһра М., Исламда итиқади сияси ве фықхи мезхеплер тарихы, ауд: С.Кая, Стамбул, 1996. 183-184-б.  [2]   Әбу Зәһра М., Бұл да сонда, 185-б.  [3]  Толық мағлұмат үшін қараңыз: Исламтану және араб филологиясы мәселелері атты конференция жинағы, Алау Әділбаев, «Орта Азиядан шыққан ғұлама – Матуриди», Алматы. 95-б.  [4]  Йусуф аль-Аш. Тариху асрил хилафатил Аббасия. Бейрут. 144-б.  [5]   Хорасан әкімі. 84 жасында қайтыс болған (Ибн ал-Асир, ал-Камил фит тарих, VII. 20-б.)  [6]   Бартольд, Туркестан, 271-б.

fatua.kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз