Дәуіт пайғамбар (а.с.) Дәуіт пайғамбардың есімі Құранның он алты жерінде ұшырасады[1]. Дәуіт пайғамбар хазірет Жақыптың ұлы Яһуданың ұрпағы еді. Дәуіт (а.с.) Исрайылұлдарына жіберілген пайғамбар. Сонымен қатар, өз қауымының патшасы еді. Дәуіттің (а.с.) тұсында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман орнап, Исрайылұлдары бейбіт те берекелі өмір сүрді. Дәуіт (а.с.) темір өңдеудің хас шебері болатын[2]. Құран кәрімде Дәуіттің (а.с.) үні биязы екендігі айтылады. Бұған қоса, Дәуіт пайғамбар Забурды дауыстап оқығанда, оның айналасына таулар жылжып, құстар ұшып келетін болған[3]. Әкесінің аты Иса болатын. Қой бағып жүріп үйірген сақпан тасы өте ұзаққа түсетін. Сом денелі күшті жігіт еді. Сондықтан алып Жалутты шайқас үстінде сақпан тасын бір сілтегеннен мүрдем кетірді. Оның осы батылдығы ел ішіне кең таралып, аты жалпақ жұртқа мәлім болды. Талут та оның бұл іс-әрекетіне тәнті болып, қызын беріп өзіне күйеу бала қылды. Өзі өлер алдында тағына отыруын өсиет етті. Талут бұл өмірден өткенде, таққа хазірет Дәуіт отырды. Исрайылдың он екі руы да оның патшалығын мақұлдады. Біршама уақыт өткен соң, Хақ тағала оған пайғамбарлық міндет жүктеді. Осылайша хазірет Дәуіт патшалық пен пайғамбарлықты бірдей атқарған алғашқы пайғамбар болды. Хазірет Дәуіт қалың қол жинап сол арқылы шартарапты өзіне қаратып, Құдысты астана етті. Сондай-ақ оған елін туралыққа бастау үшін Забур атты қасиетті кітап берілді[4]. Бұл кітаптың жүз елу сүреден тұратындығы айтылады. Забур ибрани тілінде Рамазан айында түскен. Хазірет Дәуіттің өзі хазірет Мұсаның шариғатымен амал еткен. Дәуіт пайғамбар аса тақуа, әр қадамын Аллаһтың разылығы үшін басатын Аллаһтың салихалы құлы еді. Ол күнара ораза ұстайтын. Түннің бір уағында сәждеге бас қойып, Хақ тағалаға көп құлшылық жасайтын. Ол туралы Құранда Аллаһ: «Мықты құлымыз Дәуітті есіңе ал! Өйткені ол өте бойсұнушы»[5], – деп, оның Өзінің құзырында рухы қаншалықты биік құл екендігін айтқан. Хақ тағала оған көптеген мұғжизалар берген. Атап айтқанда, ол сөзге өте шешен еді. Бір нәрсені түсіндіре қалса, тыңдағандар тегіс қанағаттанатын. Сондай-ақ оған ғажайып дауыс берілген. Ол Забурды оқыған кезде, дауысын естіген жан еріксіз тәнті болатын. Һәм темірден түйін түйетін ұста еді. Осы өнеріне сүйеніп әр түрлі құралдар жасау арқылы, өзіне және от басына нәпақа табатын. Өзі патша болса да, ешқашан мемлекет қазынасын жеке басының шаруасы үшін жұмсамайтын. Бірақ ол темірді балқытпай-ақ қамырдай илеп қалаған қалпына келтіретін. Бұл оған берілген мұғжиза еді. Пайғамбар – патша ел ішіндегі қазылық міндетті де өзі атқаратын. Бірде оған екі адам келіп, бірі екінші адамды көрсетіп «мынау менің өгізімді тартып алды» дейді. Әлгі адам «жоқ, алмадым» деп мойындамайды. Жәбірленуші оған куә көрсете алмайды. Кейіннен хазірет Дәуіттің түсінде әлгі адамды өлтіру туралы үш рет аян беріледі. Хазірет Дәуіт әлгі адамға осы әмірді жеткізеді. Бірақ ол «куәсіз адамды өлтіруге болмайды» деп уәж айтады. Дәуіт пайғамбар бұл әмірдің айқын екендігін дәлелдеп бергенде ғана әлгі адам амалсыз мойындап: «Мен оның өгізін тартып алмадым. Бірақ бұрынырақта әкесін өлтіргенім бар. Осы ісімді тірі жан білмейтін. Әйтсе де соның жазасы пешенеме осылай жазылған екен» дейді. Әлгі адам кінәсын мойындаған соң, жазаға тартылып өлтіріледі. Осы оқиға желдей есіп Исрайыл халқына тарайды. Сол сәттен бастап халқы жасырын түрде қылмыс жасауды сап тияды. Патшалық пен пайғамбарлықты қатар алып жүрген Дәуіт (а.с.) қырық жыл тақта отырып дүниеден өтті.
Сүлеймен пайғамбар (а.с.)
Дәуіт пайғамбардың (а.с.) он тоғыз ұлы бар болатын. Солардың бірі хазірет Сүлеймен еді. Дәуіт пайғамбар қайтыс болғанда, Сүлеймен не бары он екі жаста болатын. Оның қалған бауырлары жиналып, патшалықты қаршадай жасына қарамастан Сүлейменге берді. Ол жас болса да, ел арасында парасаттылығы, зеректігі және дінді өте терең білгендігімен танымал болды. Сондай-ақ хазірет Сүлейменге сиқыршылардың сиқырын бұзатын әрі құстың тілін білетін ілім берілген еді. Сүлеймен патша таққа отырған сәттен бастап, Ақса мешітін тұрғызуды қолға алды. Құрылысқа адам мен жындардан мықты шеберлер мен ұсталарды жинады. Бұлардың арасында шайтандар да, әрі олардан дәріс алған адамдар да бар болатын. Осы адамдар күндердің бірінде адам мен жынның шайтандарын хазірет Сүлейменге қарсы айдап салып, ел ішінде бүлік шығарды. Тіпті Сүлеймен патшаның тағына дейін тартып алды. Әйтсе да хазірет Сүлеймен бұған ешқандай қамықпай, қайта өзінен қателік кеткенін сезінді. Бір күні Хақ тағалаға: «Ей, Раббым! Менен өзге ешбір жанға нәсіп болмайтын дүние-мүлік пен патшалық бер»[6], – деп дұға етеді. Хақ тағала оның дұғасын қабыл етіп, өз қалауынан да артық несібе берді. Сүлеймен пайғамбарға желдің өзі бағынып, оны тағымен қоса қалаған жеріне апаратын болды. Желдің жылдамдығы таң атқаннан күн батқанға дейін екі айшылық жол еді. Сүлеймен шеберлерін жинап елінде балқыған мыстан бұлақ ағызды. Оған берілген тағы бір нығмет болатын. Өзіне қарсы шыққан адам мен жындардың аяқ-қолдарын шынжырлап, оларды теңіз астынан інжу-маржан шығаруға, қалалар салуға пайдаланды. Олардың ешбірі сол тұтқыннан қашып құтыла алмады. Кез келген жын яки адам сол жерден қашатын болса оны дереу жалындаған от күйдіріп азаптайтын[7]. Жын мен адамнан құралған мықты шеберлер Сүлейменнің бұйрығымен сәулетті құрылыстар, мүсіндер, көлдей ыдыстар мен тай қазандар жасады. Хақ пайғамбар тағына қайта отырған соң үш бөлек әскер жасақтады. Бұлар жын, адам және құстардан құралған жер қайыстырған қалың қол еді. Ол осы қалың қолын бастап, желге мініп, қалаған жеріне барды[8]. Бірде ол Ақса мешітін бітірген соң, қажылық үшін Меккеге барды. Қайтарда Тайыфтан өтіп бара жатып бір қойнауға кезікті. Сол жерде құмырсқаның илеуі бар еді. Олар өз ризықтарын жинау үшін, қойнауға жайылып кеткен болатын. Сүлейменнің қалың қолын көрген құмырсқа патшайымы: «Уа құмырсқалар! Тезірек илеуге қайтыңдар. Мына жақтан Сүлеймен патшаның жер қайыстырған қалың қолы келе жатыр. Егер сендер тезірек жасырынбасаңдар, олар езіп жаншып өте шығады. Қанеки, тездетіңдер!» – деп дауыстайды. Хазірет Сүлеймен жан-жануарлардың тілін түсіне алатын. Ол құмырсқаның сөзін есітіп күлімсіреді де: «Раббым, маған және әке-шешеме рақым еткен нығметтеріңе шүкір етуімді әрі өзің разы болатын іс істеуімді нәсіп ет те өз рақымыңмен салихалы құлдарыңның арасына қоса гөр!»[9] деп дұға етіп шүкіршілік білдіреді. Әрі қарай сапарын жалғастырған Сүлеймен патша түске қарай Санға деген жерге келді. Ол жер қатты ұнағандықтан, сонда түстенбекші болды. Алайда су таба алмады. Сүлеймен патшаның әскерінің ішіндегі Һұдһұд деген құсқа шөл далада су табу міндеті жүктелді. Ол су тапқан кезде, сол жерді айналып ұшып жүріп алатын. Осы жолы ол ұшып жүріп өзіне ұқсас бір құсты көріп қасына қона кетеді. Екеуі бір сәт шықылықтап тұрды да, жұптасып бір жаққа ұша жөнеледі. Сол уақытта Сүлеймен патша Һұдһұдқа тапсырма бермек болып жан-жағына қарайды да, көзіне түспеген соң: «Әлгі һұдһұд қайда кеткен? Егер ол жоқ болса, әскер сусыз қалады. Ол рұқсатсыз кетіп әскери тәртіпті бұзғаны үшін қатаң жазаланады. Егер өзінің іс-әрекеті дұрыс деп ойлайтын болса, маған айқын дәлелдерін алып келсін. Әйтпесе оны менің қолымнан ешкім құтқара алмайды!» – деп ашу шақырады. Көп кешікпей Һұдһұд та келіп: «Уа, патшам! Мен сен білмеген бір нәрсені біліп келіп отырмын. Пәлен деген жерде Сәбә деген ел бар екен. Олардың падишасы әйел екен. Онда дүниенің түр-түрі бар. Тіпті өзінің үлкен тағы да бар көрінеді. Сөйте тұра өзінің де, халқының да, күнге табынып жатқандарын өз көзіммен көрдім. Әзәзіл оларды осал жерлерінен ұстап, шірк істердің барлығын керемет қып көрсетіп, жолдан тайдырыпты. Олар осы бетімен кете берсе, тура жолды мүлде таба алмайды. «Көктер мен жердегі көместі көрнеуге шығаратын, өсімдіктерді өсіретін, сондай-ақ олардың көрнеу, көмес істегендерін білетін Аллаһ тағалаға неге сәжде етпейді? Ұлы ғаршының Раббы Аллаһ, Одан өзге ешбір тәңір жоқ»[10], – деп болған жайды баян етеді. Сәбә елінің падишасы – Бәлқис болатын[11]. Сәбә елі Санға қаласынан тура үш күндік жер еді. Сүлеймен патша: «Жарайды, сөзің рас па, әлде жалған ба байқап көрелік», – деді де, аздан соң оған бір хат беріп: «Мына хатымды алып барып әлгі падишаның алдына таста да, сол жерде күтіп тұр. Олардың не жауап беретіндерін біліп қайт», – дейді. Һұдһұд хатты алып ұша жөнеледі. Ол патша әйелдің қасына барып хатты тастады да, жоғарыдағы бір жерге барып қонақтап отырды. Бәлқистың үш жүз он екі кеңесшісі бар еді. Әрбір кеңесшісі он мың адамның өкілі болатын. Ол кеңесшілерін жинап: «Менің алдыма бір хат келіп түсті. Ол хатта: «Хат Сүлейменнен: Рахман, Рақымды Аллаһтың атымен бастаймын. Маған қарсылық көрсетпеңдер. Бағынғандарыңды білдіріп алдыма келіңдер», – деп жазыпты. Осыған не айтасыңдар?» дейді. Олар: «Біз мықты қаруланған қалың қолмыз, осал жандар емеспіз. Бірақ бұйрық беру сенің қолыңда. Сен не десең, біз соған әзірміз», – деп жауап береді. Бәлқис ұзақ ойланып ақырында: «Сөз жоқ, патшалар бір елге кіретін болса, сол жерді жермен-жексен етіп, елдің ақсүйектерін қор қылады. Біз одан да оған арнайы сыйлық әзірлеп, елшілерімізден беріп жіберейік», – деді. Бұған барлығы келісті әрі осыны бұлжытпай орындады. Сүлеймен патша олардың келетінін Һұдһұд арқылы алдын-ала біліп алған. Елшілер келіп сыйлығын ұсынғанда, ол қаһарланып: «Сендер маған мал, дүние беріп көмектескелі жүрсіңдер ме? Аллаһ тағалаға шүкір, Оның бергені сендердікінен әлдеқайда көп. Сыйлықтарың өздеріңе. Маған оның лақтың терісіндей де қадірі жоқ. Тезірек елдеріңе қайтыңдар! Көп кешікпей оларды шыбын құрлы көрмейтін жер қайысқан қалың қолыммен барып елдерінен түгелдей қуып, астынан тағын, басынан бағын алып сорын қайнатамын», – деп қайтарып жібереді. Жаушылар Бәлқисқа тездетіп барып болған жайды баяндайды. Амалы құрыған Бәлқис уәзір, қолбасшыларын ертіп жолға шығады. Сапарға шығысымен, Сүлеймен патшаға шабарманын жіберіп, бағынғалы келе жатқанынын хабарлайды. Бәлқис тағын қатты жақсы көретін. Ол жолға шығарда, сол тағын сарайдың ең құпия жасырын жеріне қойып, құлыптап кілттерін өзімен бірге алып жүретін. Сүлеймен пайғамбар оның жолға шыққанын мұсылман болуға бет бұрды деп есептеп, мұғжиза көрсетпей-ақ иманға күмәнсіз келуіне бір себеп іздеді. Ол дереу жын мен адамдардың үлкендерін шақырып алып: «Ей, көсемдер! Олар маған мойынсұнып келуден бұрын әлгі әйелдің тағын араларыңнан жылдам алып келетін біреу бар ма?» – деп сұрайды. Сонда «Ифрит» деген бір жын: «Оны орныңнан тұрмай жатып алып келемін. Рас, осыған шамам жетеді», – дейді. Ол сөзін тамамдағанда, кітап іліміне жетік бір адам: «Оны көзіңді ашып-жұмғанша алып келемін», – деп жауап береді. Ол «алып келемін» демей жатып Сүлеймен Бәлқистің тағының өз қасында тұрғанын көрді. Сөйтіп дереу Хақ тағалаға шүкіршілік айтты. Бұл жерде жын мен адамның арасында бір жарыстың орын алғанын көреміз. Жындар сол тақты бірнеше секундта алып келмек болады. Алайда ғалым адам оны қас қағым сәтке жеткізбей алып келеді. Негізінде жындар бірнеше секундта мың шақырым жерге барып келе алады. Алайда адамда мұндай жылдамдық жоқ. Осы оқиғадан адамның өз ғылымы арқылы жындардан да жылдам қимылдай алатынын ұғынамыз. Жын мен адам өмірге бір мақсатпен келген. Айырмашылығы жында күш көп, ақыл аз, адамда ақыл көп, күш аз. Жын бір яки бірнеше тонна жүкті бір өзі көтеруі мүмкін бірақ ақыл-санаға жүйрік емес. Сондықтан олар да адам-халифаға бағынады. Кейбір деректерде тақ келген кезде, Бәлқистің сарайындағы дауыстар да бірге келген деседі. Бұл Сүлейменге қатысты мұғжиза болғанымен, ғылымға ой тастауда. Қазіргі кезде дыбыс пен бейнені бір сәтте қашықтан алу мүмкіндігі болса, болашақта заттарды да демде қашыққа тасымалдау жолға қойылуы мүмкін. Құран бізге осы жаңалыққа ишарат етуде. Сүлеймен пайғамбар шеберлеріне бұйрық беріп, тақтың ою-өрнегін өзгертіп тастайды. Яғни Бәлқис сол таққа өздеріне тән пұтқа табыну белгісін салдыртқан еді. Сүлеймен патша сол тақтағы барлық күнге табынуға қатысты ою-өрнектерді жойып, орнына тәухидті бейнелеткен еді. Бәлқис келгенде, оған тағын көрсетіп: «Тағың осындай ма еді?» – деп сұрайды. Ол әрі бері қарап «Осыған қатты ұқсайды. Задында бізге бұрын мәлімет беріліп бойсұнған едік», – дейді. Бәлқис ою-өрнек өнерін жақсы білетін. Ол өзінің тағына бейнеленген тамаша бедерлерден тәухидтің хақ, күнге табынудың жалған екенін айқын байқайды. Сондықтан оның мұсылман болуына сәл ғана қалған болатын. Хазірет Сүлеймен оны сарайға ертіп кіргізді. Сарайға кірген жерде хауыз жасап, оны суға толтырып бетін әйнекпен жауып қойған еді. Бәлқис суды көріп бетіндегі әйнекті байқамай суды кешпек болып етегін көтере бастады. Сонда Сүлеймен патша оған: «Расында, ол – әйнектен жарқыратылып жасалған сарай», – деді. Бәлқис сол сәтте Сүлеймен патшаның дүние-мүлік жағынан да, парасаттылық пен сана жағынан да, өзінен әлдеқайда асқақ та биік екенін аңғарды. Өзінің осы уақытқа дейін Хақтан жырақ мағынасыз ғұмыр кешіп келе жатқанын түсініп: «Сүлейменмен бірге барша әлемнің Раббы – Аллаһқа мойынсұнып, мұсылман болдым»[12], – деп тілін кәлимаға келтіреді. Бәлқис иман келтірген соң, онымен еріп келген уәзірлері де, қолбасшылар да, қызметшілері де тұтастай мұсылмандықты қабылдады. Ол жерде көп уақыт тұрып, Ислам дінін үйренеді. Бәлқистің өзі Сүлеймен патшаға тұрмысқа шығып, кейіннен еліне қайтады. Осылайша Сүлеймен патшаның Һұдһұдының дәлелі рас шығып, әлгі құстың арқасында Сәбә деген тұтас бір ел жақсылыққа бет бұрды. Һұдһұд құстың жаннатқа кіруінің де сыры осында жатыр еді. Сүлеймен патша осындай алып патшалықта табаны күректей қырық жыл бойы Хақ тағалаға шүкіршілік етумен күн кешті. Баяғы аяқ-қолы шынжырланып бүкіл қамалдар мен сарайлар салған шайтан-жындар ол өлгенге дейін соның қол астында ауыр жұмыстар істеп ғұмыр кешті. Хақ тағала оларды бір адамға бағындырып, өздерінің адамзатқа ешқандай әсері жоқ қауқарсыз, бейшара екендіктерін дәлелдетті. Тіпті олар бұрын адамдарға ғайыптан, болашақтан хабар береміз деп алдайтын. Алайда ажалы жеткен күні хазірет Сүлейменнің олардың көз алдарында өлгенін болжағыш бола тұра білмей қалуы өте күлкілі еді. Иә, Сүлеймен патша бір күні таяғына сүйеніп сарай салып, қамал қалап жатқан жындарға қарап тұрған болатын. Жын шайтандар қастарында бақылап тұрған Сүлейменді көріп ауыр жұмыстарын дамылсыз істей берді. Бір кезде аяқ астынан ажал жетті де, Сүлеймен патша таяқ ұстаған күйі жан тапсырды. Алайда жын - шайтандар оны өздеріне қарап тұр деп ойлап жұмыстарын жалғастыра берді. Осылайша бірнеше күн өтті. Сол кезде бір құрт келіп әлгі аса тяқты кеміріп жей бастады. Уақыт зулап өтіп бір күні асатаяқ мүжіліп сынды да, Сүлеймен пайғамбар таяқпен бірге жерге құлап түсті. Жын-шайтандар сонда ғана Сүлейменнің (а.с.) бақилық болғанын аңғарып, аяқ-қолдарындағы кісенді бұзып жан-жаққа қаша жөнеледі. Құранда: «Егер жындар ғайыпты білгенде, өздерін текке азапқа салып, ауыр жұмыс істеп қиналмас еді»[13], – дейді. Аллаһ тағала осы оқиғадан бізге жын- шайтанның адамды бағындыратындай емес, тым қауқарсыз екенін ұқтырады. Сүлеймен пайғамбар қайтыс болған соң, ол үстемдік еткен алып мемлекет Яһуда және Исрайыл болып екіге бөлінеді. [1] «Бақара» сүресі, 251; «Ниса» сүресі, 163; «Маида» сүресі,78; «Әнғам» сүресі, 84; «Әнбия» сүресі, 78 [2] «Әнбия» сүресі, 78, 80 [3] «Сад» сүресі, 19-20 [4] «Исра» сүресі, 55; «Ниса» сүресі, 163 [5] «Сад» сүресі, 17 [6] «Сад» сүресі, 35 [7] «Сәбә» сүресі, 12 [8] Таббара, Маал-әнбия фил-Қуран, 288-295 беттер [9] «Нәміл» сүресі, 19 [10] «Нәміл» сүресі, 25 [11] Таббара, Маал-әнбия фил-Қуран, 297 бет [12] «Нәміл» сүресі, 41-44 [13] «Сәбә» сүресі, 14