https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ең надан тұлға.

18 Nov 2018 0 comment Оқылды: 8159 рет

                                  

Надандық – тек оқымағандық, сауаты жоқтық деген ғана емес. Надандық деп ең алдымен Өзін жоқтан бар еткен, рызық-несібе берген Жаратушысын, адам баласына дұрыс жолды нұсқаушы болып жіберілген пайғамбарын танымау, ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, ататегін, аталы сөздің нарқы мен парқын айыра білмеуді, өмір салты мен замана үрдісін, т.б. осы сияқты өз этносының болмысы мен тіршілік-тынысын жетік білмейтіндікті айтады.

Ізгілік пен парасатқа негізделген ақылдың кемел формасы – сау ақыл болған жерде надандыққа орын аз. Өйткені кемел ақыл надандықтың дұшпаны. Надандық тек білімсіздікпен ғана анықталмайды, надандар жоғары білімді, тіпті арнайы ғылыми дәрежесі бар адамдар ішінде де бар. Бойында кісілігі аз немесе жоқ адамның надандығы басым болады. Кісілікті адамның жаны жомарт болмақ. Жомарт жанға адамның үш қасиеті тән, олар: ыстық қайрат, нұрлы ақыл және жылы жүрек (Абай). Наданда қайрат болуы мүмкін, бірақ ол ыстық емес, салқын; ақыл болуы әбден мүмкін, бірақ ол нұрлы емес, суық-мұз; наданның жүрегі жылы болуы мүмкін емес. Жүрегі жылы жан надандықтан іргесін алыстата бермек. Надандықтың бір көрінісі – мәңгүрттік. Себебі наданда жылы жүрек болмаған соң, онда Жаратушыға, дінге, туған елге, тарихқа, мәдениетке, тілге, ата-анаға, бабаларына деген құрмет сезімі жоқ. Надан таза пайдадан өзгені көзіне ілмейді. Осы хәлді Абай атамыз: “Естілер де ісіне қуанбай жүр, ел азды деп надандар мұңаймай жүр” деп тұжырымдаған.

Надандықтың  тағы бір сипаты – соқыр сенім

Кәпірлерге қарсы күресеміз деп жазықсыз жандарды өлтіру, көп әйел алуға рұқсат етілген деген желеумен, шариғатта талақ етуде бар дегенді арқаланып, ұнатқан қыз-келіншекпен қосылып, құмарын қандырған соң талақ ете салу, түрлі ағымдарға ілесу, «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» дегендей, дұрыс-бұрыстығына, дәлел-дәйегіне қарамай көзсіз сене салу, т.б.

Алладан надан адамдар ғана қорықпайтындығы мәлім. Ал Алла Тағаланың әміріне мойынсұнған мүмін Жаратушы иесін  қатты жақсы көреді, әрі шексіз қорқады. Құран Кәрімде былай делінеді:

«Мүмин сондай адам, Алланың есімі аталғанда жүрегіне қорқыныш түседі.»(Әнфал 2, Хадж 35)

Жаратушы Алла надандықтан сақтасын, екі дүниеде жүзімізді жарық етсін!

                                                                                                           Ақсу аудандық мешіті.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз