https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Сахабалар- шоқ жұлдыздар

15 Nov 2018 0 comment Оқылды: 1036 рет

                        

Сахаба –Алла елшісінің жолдасы,өмірлік серіктері. Пайғамбарды (с.а.у.) көріп, Аллаға иман етіп және өмірден иманды боп озған тұлғалар.

Сахабалар мұһажир және ансар деп үлкен екі топқа бөлінеді. Мұһажир – қоныс аударушы, ал ансар – жәрдемші деген мағынада. Мұһажир Меккеден Мадинаға көшіп келген сахабалар. Олар өз туған жерінде жүрегіндегі иманы және надандықтың соқыр сеніміне мойынсұнудан бастартқаны үшін адам төзгісіз сынақтарға ілігеді. Жаны мен иманын аман сақтап қалу үшін Мадинаға қоныс аударуға мәжбүр болды. Құран Кәрімде:«Мұһажирлерден, Ансарлардан алғаш иман келтіргендерге, жақсылық істеумен оларға ілескендерге Алла разы болды. Әрі олар да Аллаға разы болды. Алла оларға іргесінен тамаша бұлақтар ағып жатқан жәннаттарды әзірледі. Олар онда мәңгі қалады. Міне, сол – зор бақыт», – деп әмір етілген.

Ал, ансарлар Мадина шаһарының тұрғындары. Олар қонақжайлық танытып, бас сауғалап келген мұсылмандармен баспанасын, ас-аухатымен бөліскен жәрдемші сахабалар. Алла елшісіне қолдау көрсеткен ізгі жандар. Сахабалардың жалпы саны жайлы нақты мәлімет жоқ, десек те, Ислам тарихына байланысты жазылған кейбір еңбектерде жүз мың сахабаның болғандығы айтылған.Мысалы, қоштасу қажылығына 40 мың, Табук жорығына 70 мың Сахабаның қатысқандығы жайлы мәліметтер бар. Аз уақыт болсын Пайғамбарымызды (с.а.у.) көзі көріп, иман еткен адам Сахаба деп аталғанымен Ислам дінінің кең тарап, қанат жаюы жолында танытқан ерен ерліктері мен жанқиярлығы жағынан дәрежелері әртүрлі. Дін жолындағы бүкіл соғыстарға немесе кейбіреулеріне қатысулары, Алланың елшісімен (с.а.у.) бірге мүшріктерден жапа шегіп, олардан азап көрулері, мал-мүліктерін, бала-шағалары мен үй-жайын тастап, басқа жұртқа көшуге мәжбүр болуы, сол сияқты дін жолында шейіт болуы тұрғысынан алғанда, олардың арасындағы сахабалар дәрежелерінің әртүрлі болуы заңдылық. Сахабалардың арасындағы бұл дәреже айырмашылығын ғалымдар былай көрсетеді:

Әділетті 4 халифа Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли. 
Көздерінің тірісінде жәннатпен сүйіншіленген он сахаба:
1. Әбу Бәкір,
2. Омар,
3. Осман,
4. Әли
5. Зүбәйір ибн Әууәм,
6. Талха ибн Ұбайдуллаһ,
7. Сағд ибн Әбу Уаққас,
8. Әбу Ұбайда ибн Жаррах,
9. Абдуррахман ибн Ауф
10. Саид ибн Зәйд.

Дар-уль Аркам асхабы. Бұлар: Омар ибн Хаттабтан бұрын иман келтіріп, мұсылман болғандықтарын жасырын ұстап, Аркам ибн Әбул-Аркамның үйінде жиналғандар.

Мұсылман болғандықтары үшін Меккеде зорлық көріп, амалсыз Эфиопияға һижрет еткендер.

Бірінші Ақаба сертіне қатысып, Пайғамбарымызды (с.а.у.) көрген, Оған иман келтірген және серт беріп, қол алысқан ансардың алғашқылары.

Екінші Ақаба сертінде Пайғамбарымызбен (с.а.у.) кездесіп, өмірінің соңдарына дейін оны қорғап-қолдауға сөз берген мұсылмандар. Олардың көпшілігі ансар еді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мединеге жетпес бұрын Құбаға келгенінде, Оған (с.а.у.) келіп қосылған алғашқы мұһажирлер.

Бәдір шайқасына қатысқандар.

Бәдір шайқасы мен Худайбиия оқиғаларының тұсында һижрет жасағандар.

Ридуан сертіне қатысқандар.

Худайбиияда ағаштың астында Пайғамбарымызға (с.а.у.) ант бергендер. Құранда олар жайлы: «Шынында Аллаһ ағаш астында саған серт берген мүминдерге разы болды» делінсе, Пайғамбарымыз (с.а.у.) «сендер бүгін жер бетіндегі ең қайырлы жандарсыңдар»,- деген.

Худайбиия келісімі мен Меккенің алынуы арасындағы уақытта һижрет еткен сахабалар. Бұлардың арасында Халид ибн Уәлид, Амр ибн Ас және Әбу Хурайра сияқты белгілі сахабалар бар.

Мекке алынған кезде және одан кейін мұсылман болғандар.

Пайғамбарымызды (с.а.у.) Меккенің алынуы кезінде және қоштасу қажылығында көрген жас балалар.

Алла баршасынан разы болсын!

 

Көксу ауданы Балпық би мешітінің

бас имамы Е. Ерімбет.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз