https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ӘБУ ЖӘҺИЛДІҢ КЕЛІНІ

06 Dec 2017 0 comment Оқылды: 1096 рет

Әбу Жәһилдің баласы Икрима Исламның қас дұшпандарының қатарынан болатын. Мұсылмандарға қарсы шайқаста бес қаруын асынып, алдыңғы шепте жүретін. Мұсылман атаулына жан-тәнімен өшпенділік жасайтын. Міне, сондықтан Мекке фатх етілген жылы пайғамбар (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Икриманы өлім жазасына үкім берді. Тіпті, Харам мешітінде, Кағбаның жабуына жармасып тұрса да, оған кешірім болмайтындығын жариялады.

Әрине, жер бетіне мейірімділік алып келуші рақым пайғамбарының (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осыншама қатаң үкім шығаруының айтарлықтай себебі де бар еді. Мекке шаһарында мұсылмандарға жәбір-жапа көрсеткен адамдар баршылық еді. Десе де, Икриманың қатыгездігі жантүршіктірерлік қылмыс болатын. Сондықтан да, ол сырттай өлім жазасына кесілді. Жағдайы қиын екенін білген Икрима жан сауғалап теңіз арқылы Йеменге қашты.

Икрима әке жолын жалғастырмаса Икрима бола ма?! Әбу Жәһилдің баласы емес пе?! Ол туған жеріне құт боп келген ақиқат діні Исламмен күресті. Әкесі Алла пайғамбарының ата жауы және шайтанның одақтасы еді. Икриманы да осы тағдыр күтіп тұрғандай еді. Әкесі сияқты соқыр сенім жетегінде кету әбден мүмкін еді. Алайда, Икриманың тағдыры түбегейлі өзгере бастады. Алла Тағала адам баласына жол көрсететін болса, жүрегіне иман сәулесін құятын болса оған жақсы көрген адамы арқылы жөн сілтейді, Ең жақын адамдарын жібереді. Икриманы бұл жалғанда шынайы жақсы көретін адамның бірі Құдай қосқан қосағы Үмму Хаким еді.

Харисқызы Үмму Хаким жұбайы Икриманы жанынан артық жақсы көретін. Күйеуінің Ислам жауы боп өмірден озғанын қаламады. Туған жерінен жырақта Алланың қас дұшпаны боп өмір сүргеніне де жүрегі төзбеді. Өмірлік жарының көздері ақиқатты көрмей, шайтанның шырмауына түсіп шыға алмай кетуінен қорықты. Әйелін үлде мен бүлдеге орағанда күйеуін жақсы көру екінің бірінің қолынан келетіні белгілі. Алайда, жолдасының тағдыры қыл үстінде тұрғанда, адамдар түгел дерлік одан теріс айналғанда жақсы көру әрі күйеуінің жанынан табылу әр әйелдің қолынан келе бермейтін әрекет. Үмму Хаким өзі мұсылмандықты қабылдаған болатын. Нар тәуекел деп Алла елшісінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құзырына барып, күйеуі үшін кешірім сұрады. Мейірімділік пайғамбары да Икрима қанды қол қылмыскер болса да, кешірімін берді.

Өшейін деп тұрған үміт сәулесі жанғанына қуанған Үмму Хаким ат-көлігі мен жол азығын-қамдап күйеуіне іздеп жолға шықты. Икриманың шыр етіп дүние есігін ашқан күннен бері естіп көрмеген ең жақсы сүйінші хабарын жеткізу үшін елсіз сусыз шөл даланы кезді. Жол азабын тартып, шаршап-шалдығып әзер дегенде күйеуін тапты. Икримаға жақсы хабарын жеткізіп, туған елге қайтып, пайғамбардан кешірім сұрауға көндірді. Икрима да мұсылман болды. Кеше ғана қас дұшпан болған адам, бүгін жер бетіндегі ең жақсылардың қатарына қосылды. Сахаба мәртебесіне көтерілді.

Бұл әз пайғамбардың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мейірімділігі мен көрегенділігін көрсететін қисса. Сонымен бірге, ерекше мән беретін жайт әйелдің күйеуіне деген шексіз сүйіспеншілігі. Шайтанның құрығына түскен, қолдары бейкүнә мұсылмандардың қанымен малынған күйеуінің тағдырын түбегейлі өзгерту үшін өз өмірін қауіп-қатерге тіккен нәзік жанды әйел туралы қисса.

Бағдат Абдукаримов, «Әл-Ғани» мешітінің бас имамы
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз