https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ПАЙҒАМБАР(ﷺ) ҚАНДАЙ ӘКЕ ЕДІ?!

19 May 2017 0 comment Оқылды: 1328 рет

«Отан – отбасынан басталады» деген сөз бар. Енді «Отанның іргетасын қалайтын отбасының үлгісі қандай болуы керек? Отбасы қатынастары Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінде қалай құрылған? Қандай мәселелерге ерекше көңіл бөлу керек?» деген сұрақтарға ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі өмір жолынан жауап іздеп көрелік.   Оның (ﷺ) отбасы алдындағы жауапкершілігі   Асыл дінімізде  әр отағасы – өз шаңырағына жауапты бірінші тұлға. Ол отбасы мүшелерін жақсылыққа тәрбиелеуге міндетті. Қарамағындағыларға имандылықты, ибаны, адамгершілікті және басқа да ізгі қасиеттерді үйретуші. Сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өміріне қарағанымызда, осы тұрғыда көптеген жақсы қасиеттерді көреміз. Алла Елшісіндегі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көркем өнегенің үлкен бір парасы, әрине, отбасылық өмірге қатысты. Өмірлік серіктеріне сыйлы жар, перзенттеріне әке, немерелеріне ата болып қана қоймай, бүкіл мұсылман үмбетіне осынау істердің қыр-сырлары мен жауапкершіліктерін үйретіп кетті. Ол өсиеттерінде еркектердің міндеті – бала-шағасын асырау екенін айтып өтті. Бір хадисте: «Сендердің біреулеріңнің қолына арқан алып, отын арқалап, оны сатып күн көруі Алланың рызық берген құлдарына барып алақан жаюынан әлдеқайда қайырлы» деп айтылады. Біреудің жұмысын жасап беріп пұл табуды бойына ар-намыс санап тәкаппарланғандар үшін үйіндегі отбасы мен бала-шағасының көздерін жәутеңдетіп, әркімге телміртіп қойғаннан гөрі кез-келген кәсіпті жасап, олардың қажеттілігін тауып беру әлдеқайда қайырлы. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Барлығың бақташысыңдар, баққандарыңа жауап бересіңдер. Адам – отбасының бақташысы және солардан жауапқа тартылады. Әйел – жұбайының, үйінің бақташысы, ол соған жауап береді» (Бұхари) деген. Бұл – отбасындағы жауапкершіліктердің кімге, қаншалықты жүктелгендігінің маңыздылығын көрсетеді.   Оның (ﷺ) балаларына деген махаббаты   Әлидің (оған Алла разы болсын) су тасудан кеудесі ауырып, Фатиманың (оған Алла разы болсын) тұрмыстық жұмыстан қажыған уақыттарында да Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанына сабыр сақтап, қанағат еткен оқиғасын еске түсірейікші. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әке ретінде де адамгершіліктің заңғарында болатын. Үнемі таң намазына мешітке кетіп бара жатып, жолай қызы Фатиманың (оған Алла разы болсын) үйіне соғып, қызы мен күйеу баласы Әлиді таң намазына оятып кететін. Алла Елшісі немерелері Хасан мен Хүсейінді (оларға Алла разы болсын) құшағына басып сүйетін. Немере қызы Умамә намаз оқып жатқанда келіп, үстіне шығып алса, оны арқалаған күйінше намазын жалғастыратын. Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Баласы бар адам баласымен бала болып ойнасын» деген. «Ойнасын» дегенді еркелетсін, бетінен сүйсін, маңдайынан иіскесін, олардың бала көңілдерімен санассын деп те ұғынуға болады. Немерелерімен ойнағанды ұнататын. Олармен сан түрлі ойын ойнайтын.Бір күні әдеттегідей өзі ат болып Хасан мен Хүсейінді (оған Алла разы болсын) арқасына мінгізіп, ойнатып жүргенде ішке кірген хазірет Омар (оған Алла разы болсын) мына көрініске таң-тамаша болып, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелеріне: «Сіздің қандай тамаша сәйгүлігіңіз бар!», – дейді. Пайғамбарымыз да кідірместен: «Бұл сәйгүліктің қандай тамаша шабандоздары бар!» – деп үстіндегі немерелерін меңзеп, оларға деген құрметін көрсетеді. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларына қандай мейірімділікпен, қамқорлықпен, әділдікпен қараса, балаларға да сондай мейірбан болған. Тіпті, кейде балаларға қосылып ойнаған кездері де болғандығын Ислам тарихы растайды. Немерелері Хасан мен Хусейн хақында: «Ей, Алла! Мен ол екеуін жақсы көремін. Сенде жақсы көр, сенде жақсы көр» (Бұхари) деуі немерелеріне деген мейірімін көрсетеді. Қашан да балаларын құшағына алып, аймалайтын (Бұхари). Он баласы бола тұра, ешбірін иіскеп, құшақтамайтынын айтқан бір адамға: «Мейірім етпеген адамға мейірім жасалмайды. Алла жүрегіңнен мейірімді алса, мен не істей алмақпын?!» (Бұхари) деп, сын тезіне алғаны да бар.     Оның (ﷺ) бала тәрбиесіндегі даналығы   Ол балаларын қанағат пен шүкіршілікке тәрбиеледі. Әлидің (оған Алла разы болсын) су тасудан кеудесі ауырып, Фатиманың (оған Алла разы болсын) тұрмыстық жұмыстан қажыған уақыттарында да Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанына сабыр сақтап, қанағат еткен оқиғасын еске түсірейікші. Әли ибн Әбу Талибтен (оған Алла разы болсын): «Фатима қол диірменді (айналдырғаннан) қолының (күстеніп кетуінен) шағымданып жүргенде, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тұтқындар әкелінеді. Бұдан хабар алған Фатима Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) барып (қолға түскен тұтқындардың бірін сұрау үшін), оны таппайды да, Айшаны кездестіріп, (келген мәселесін) соған айтып кетеді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келген соң, Айша оған өзіне Фатиманың келгенін айтады. (Әли айтады): «Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге келді, біз төсегімізге жатып қалған едік. Орнымыздан тұрмақ болған едік, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Орындарыңнан тұрмаңдар!» – деді де, біздің арамызға келіп отырды (олардың басқа тартса, табан ашылатын, табанды жапса, басқа жетпейтін түкті жамылғылары болатын), Мен кеудемде оның табанының салқындығын сездім. Сосын (Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екеуіңе өздерің сұрағаннан да жақсыны үйретейін бе? Төсектеріңе жатарда отыз төрт рет («Аллаһу әкбар» деп) Алланы ұлықтайсыңдар, отыз үш рет («субханаллаһ» деп) Оны барлық кемшіліктен пәк деп дәріптейсіңдер және отыз үш рет («әл-хамду лилләһ» деп) Оған мақтау айтасыңдар, бұл сендер үшін қызметшіден жақсы», – деді». Өзге бір риуаятта: «Әли: «Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) соны естігенімнен бері оны қалдырған емеспін», – деді. Одан: «Сыффин түні де ме?» – деп (сұралғанда), ол: «Сыффин түні де», – деп айтты» деген қосымша келген (Әли өзі Шам өлкесінің тұрғындарымен соғысқан Сыффин шайқасы түнінде де осы сөздерді қалдырмай айтқан) (Муслим). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызметшілерді одан да артық мұқтаж адамдарға үлестіріп, өз отбасын осылай сабырлыққа тәрбиелейді. Олар да адамзаттың ұстазының әрбір сөзінен өнеге алуға тырысатын.   Міне, жер бетіндегі ең үлгілі, ең бақытты, ең өнегелі отбасын Алланың сүйікті Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінен көрдік. Оның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отбасында қандай әке болғанын, балаларына қандай тәрбие бергенін біршама білдік.Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үлгі тұтар отбасы осындай болған еді.

  www.asylarna.kz 


Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз