1. Құранмен қарым-қатынасы Мұсылмандардың төртінші әміршісі Әли ибн әбу Талиб (р.а) Құранмен өмір сүрді. Үнемі оқитын, жаттайтын, түсінетін және соған сай амал жасайтын. Ол: «Кім Құран оқып, кейін қайтыс болып, Тозаққа түссе, Алла Тағаланың мұғжизаларын салмақты түрде қабылдамағандардан болды», «Ақыл-есі бола тұра «Бақара» сүресінің соңғы аяттарын оқымастан ұйықтаған ешкімді көрмедім» деген. Және Құран оқушылар туралы: «Бұл адамдар нұрлы, ақиқатында, Алла Елшісі ﷺ оларды бәрінен артық жақсы көретін» деп айтты. Өзінің Құранға деген ұқыпты қатынасы арқылы оған қатысты барлық білімді игерді. Оның: «Алламен ант етейін, мен әрбір түскен аят туралы білемін, оның неге байланысты түскенін, қай жерде түскенін және кімге түскенін білемін. Расында, Алла маған сау жүрек пен және шыншыл тіл берген...», «Менен Алланың Кітабы туралы сұраңдар, ақиқатында, әрбір аяттың түнде не күндіз, тауда не жазықты түскенін білемін» деп айтқаны да жеткізіледі. Әбдул Барр Әлиді (р.а) Алла Елшісінің ﷺ көзінің тірісінде Құранды толық (жатқа) білушілердің қатарында болды деп санаған. Сауаттылығы себепті, Алла Елшісінің ﷺ аузынан аяттарды жазбаша түсіретін. Және аяттарды әдемі жазумен жазуға ерекше көңіл бөлетін. Әріптерді бір-біріне жақын, бірақ қатарларын алыс етіп орналастыратын. Куфада тұрған кезінде де Құранды көшіретін адамдарға үлкен әріппен жазуды тапсырып: «Алла анық еткен нәрсені анық етіп жасаңдар» дейтін болған. Сондай-ақ, ол Құранды сипаттай, ұлылығын және маңыздылығын сыза отырып былай деген: «Алланың Кітабынан ұстаныңдар. Онда сендерге дейін өмір сүргендер туралы әңгімелер, бізден кейін не болатындығы жайлы хабарлар, араларыңда болып жатқан барлық мәселенің шешімдері бар. Ол –әзіл емес, айырушы сөз. Кім тәкәппарланып, оны тастап қойса Алла оны жазалайды, кім тура жолды одан іздемесе, Алла оны адастырады. Құран – Алланың мықты арқаны. Ол – даналыққа толы ескерту және тура жол. Құмарлықтар оны бұрмалай алмайды, білім иелері оған тоя алмайды. Оның ғажайыптары таусылмайды. Кім оған сай сөйлесе, ақиқатты айтты. Кім онымен үкім айтса, әділеттік жасады. Кім Құранға еруге шақырса, ол тура жолға түсірілген». 2. Білімі және дінді терең түсінуі Сахабалар арасындағы үлкен ғұламалар деген топтың қатарында болған Әли (р.а) білім алу мәселесіне асқан жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайтын. Өзінің білім қорын «бұл үлкен ізденіс пен табандылықтың нәтижесі» деп түсіндіретін. Үнемі Алла Елшісінің ﷺ жанында болып, ұялшақтығын жеңіп жиі сұрақтар қоятын. «Ей, білім иелері! Оған сай амал етіңдер, шын мәнінде, ғалым – өз біліміне сай амал етуші және білімі амалына сай келуші» деген Әли (р.а) әрбір алған біліміне амал жасауды басшылыққа алды. Тағы бір сөзінде: «Білім амалға шақырады, ол жауап бермесе, білім кетіп қалады» деген. Әли (р.а) өз заманында пәтуа берген санаулы сахабалардың қатарында болды. Ибн Аббас (р.а): «Егер сенімге лайық адам бізге Әлидің (р.а) пәтуасын келтірсе, біз басқасын іздемейтінбіз» деп айтқан. Айша анамыз (р.а) Әлиді (р.а) мақтап былай деген: «Ол сүннетті бәрінен артық біледі». Ал Мұғауия (р.а) Әли (р.а) қайтыс болғанда: «Білім Әли ибн әбу Талибтің қазасымен бірге кетті» деген. Хасан әл-Басри (р.а) оның қазасынан кейін сөз алып: «Кеше сіздерді алғашқыларды білімімен басып озған және өзгелер оны басып оза алмайтын жан араларыңыздан кетті» деп айтқан екен. Масрұқ (р.а): «Алла Елшісінің сахабаларының білімі Омарға, Әлиге, Ибн Масғұдқа және Абдуллаһқа (оларға Алла разы болсын) көшірілген» деген. Білімнің шыңына жеткендігі соншалықты, Әли (р.а) Иракта жүрген кезінде: «Менен сұраңдар!» деп айтатын. Бұл оның мақтаншақтығы немесе тәкәппарлығы емес, өз білімін өзгелерге үйретіп кетсем деген ізгі ниетінен туған еді. Сахаба Сағд (р.а): «Адамдардың ешқайсысы «Менен сұраңдар!» деп айтпаған деген екен.Сонымен қатар, көптеген ғұламалар еңбегінде Әлидің (р.а) ақындық қабілеті болғандығы туралы айтылады. Тіпті, оның көптеген өлеңдері де жинақталған екен, алайда, оның ақындық қабілетін дамытып, ой жүгіртуге уақыты болма бермеген деседі. 3. Қарапайымдылығы Алла тәрбиелеген Пайғамбар ﷺ қарапайымдылықтың шыңына жетсе, Пайғамбар тәрбиесін көрген Әлидің (р.а) қарапайымдылыққа жақын болмауы мүмкін емес нәрсе. Ол Ислам үшін қаншама шайқастарда қолбасшылық жасап, жеңіске жетіп жүрген кезінде де, алып мемлекетті басқарған кезінде де қарапайымдылығынан танбады. Бірде Әли (р.а) дирһамға құрма сатып алып, үлкен матаға орап көтеріп бара жатады. Мұны көргендер «Сенің орныңа алып жүрейік» деп таласа бастайды. Сонда ол: «Жоқ... Отбасының отағасы тасу керек» деп жауап береді. Ол өзінің қартайып, қауқары кеткен шағында да отбасына деген қамқорлықты ұмытпайтын. Және «Қарапайымдылық адамға құрмет көрсетеді» дейтін. Көкесі әл-Аббастың (р.а) аяғын, қолын сүйіп: «Уа, көкем! Маған разы бол!» дейтін. Ал Дирар ат-Тай (р.а) ол туралы: «Оған ұзын емес киім, қарапайым тамақ ұнайтын, ол өзін біздің арамыздағы қарапайым біреу секілді ұстайтын, сұрағанымызға жауап беретін, өтінгеніміз туралы әңгіме айтатын...» деген. Харун ибн Ъантара (р.а) әкесінің сөзінен жеткізеді: «Мен Әли ибн әбу Талиб Куфада кезде оған кірдім және ескі түкті матаға оранып суықтан дірілдеп отырғанын көрдім де оған: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Алла саған және сенің отбасыңа мына мүлікке рұқсат берді, ал сен неге бұлай етесің!?» дедім. Сонда ол: «Алламен ант етейін, мен сендердің мүліктеріңнен еш нәрсе алмаймын. Ал мына матаны Мединеден өзіммен бірге алып келдім» деп жауап берді». Әлемдегі ең бай әрі ең жылы киімді қолына алдыртуға толық шамасы жететін мұсылмандар әміршісі дәл осылай қарапайым өмір сүрді. Адамдар оны изар, иығына іле салған сыртқы киіммен және қолына ұстаған таяқпен базардан көретін. Бір қарағанда бәдәуиді еске салады. Әбу Матар ибн Абдуллаһ (р.а) айтады: «Ол бірде киім сатып алу үшін саудагерлердің бірімен үш дирһамға саудаласа бастады. Әлгі саудагер оны танып қойғанда, алмай кетіп қалады. Кейін бір жас баламен саудаласып, үш дирһамға киім алды. Адамдар оған: «Бұл мұсылмандардың әміршісі ғой дегенде жас бала оның артынан жүгіріп барып, дирһамын қайта ұсынды. Сонда Әли (р.а): «Бұл не дирһам? Мен оның сатқан бағасына разымын, ол да менің сатып алған бағама разы» деп кетіп қалады. Және ол мұсылмандар әміршісі болғаным үшін бағаны арзандатып жібереді деген қорқынышпен өзін танып қойғандардан ештеңе сатып алмайтын». Адамдар Әлиден (р.а): «Неге сен өз көйлегіңді әрдайым жамап жүресің?» деп сұрағанда: «Жүрек бойұсынғыш қалыпқа түседі, ал мүмін оған ереді» деген. Яғни, ол жыртығы жамалған киімдерді тәкәппарлық пен өзіне сүйсінуден сақтанып, барынша қарапайым өмір сүру үшін киетін болған. 4. Жомарттығы Әли ибн әбу Талиб (р.а) ел басқарып тұрған кезеңде өте кедей бәдәуи келіп: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Менің саған өтінішім бар, саған келмес бұрын Алладан сұрадым, сондықтан орындайтын болсаң, Аллаға мақтау, саған алғыс айтамын. Егер орындай алмасаң, Аллаға мақтау айтып, сені кешіремін» дейді. Сонда Әли (р.а): «Ұялмас және абыройыңды сақтау үшін өтінішіңді жерге жаз!» дейді. Әлгі кісі жерге жазды сонда Әли (р.а): «Маған киім қажет!» деді. Оған киім әкелінде, кедей кісі қуанып оны киіп алды. Содан кейін: «Маған жүз динар қажет!» деді. Динар әкелісімен, кедейге береді. Қатты қуанған бәдәуи Әлиге (р.а) өлеңмен алғыс айтып, үнемі жақсылықпен еске алып жүруге уәде береді. Әли ибн әбу Талиб (р.а) мұқтаждардың қажеттілігін үнемі қанағаттандыратын және олардың намысы мен абыройына нұқсан келтірмей, бәрін де асқан жұмсақтықпен, даналықпен атқаратын. Әли (р.а) үйіне келген қонақты қуанышпен қарсы алатын, діндес бауырларын үлкен құрмет көрсететін, қажеттіліктерін сұрап, көмектесуге тырысатын. Бір сөзінде: «Міне, маған қонақ келмегелі жетінші күн болды... Алла осылайша мені қор етіп қойды ма деп уайымдаймын» деген. Тағы бірде: «Діндегі бауырыма беретін жиырма дирһам, кедейге садақа ретінде беретін жүз дирһамнан артығырақ» деп, жомарттықты алдымен кімге таныту керектігін де үлгі етіп көрсетті. Мұсылмандардың әміршісі Әли (р.а) өз артынан көптеген уақфтық жер қалдырды (яғни, қайырымдылық мақсатында мүлікті мұраға қалдыру). Мұсылмандарға берілген жерден түскен қаражаттың барлығын да садақаға жұмсайтын. Бұл туралы: «Аштықтан қарныма тас байлап жүрген кезеңдер де болған, ал қазір менің садақам төрт мың динарға жетті» деген. Әли (р.а) өзіне мүлік жинамады және артынан ештеңе қалдырмады. Мұны әл-Хасанның (р.а) мына бір сөздері айғақтайды: «Сіздердің араларыңыздан артынан алтын да, күміс те қалдырмаған, тек қана қызметші сатып алуға даярлап жүрген жеті жүз дирһамын қалдырған адам кетті». 5. Құлшылықтағы табандылығы Әли (р.а) өзінің мәнді де мағыналы ғұмырында Алланың табанды әрі ықыласты құлы болып өтуге барын салды. Түндерін намазбен безендіріп, Алла Тағаланың: «Олар жамбастары төсектерден ажырап, өздерінің Раббысынан қорқып және үміт етіп тілейді әрі Біз өздеріне ризық етіп бергеннен жұмсайды» деп мақтағандарының қатарында болды («Сәжде» сүресі, 16-аят). Дирар ибн Дамра (р.а) Әли (р.а) туралы: «Ол бұл қызылды-жасылды әлемді бөтенсінетін және қараңғы түнді жақсы көретін. Мен Алланың алдында куәлік етемін, оны түн орын алып, жұлдыздар жағылғанда шағып алғандай селк етіп, қайғыға батқан жандай жылап тұрғанын көрдім. Қазірде оның «Раббымыз біздің, біздің Раббымыз! деп айтып жатқанын естіп тұрғандаймын» деп сипаттап, бетін жастары жуып кеткенше жылаған. Бірде Әли (р.а) түнгі намазда ұзақ тұрады. Оған бір адам кіріп, бақылап отырады да намазын аяқтағанда: «Күндіз ораза ұстайсыз, түндеріңіз намазбен, арасындағы шаршап-шалдығу бар...» дейді. Сонда Әли (р.а): «Мәңгілік әлемге сапар ұзақ, оны бағындыру үшін оған түннің біршама бөлігін де арнау керек» деп жауап берген екен. Әли (р.а) сөздерінің көпшілігінде адамдарды Алланың жазасынан қорқып, сақтануға, Алла Тағаланың әрдайым және барлық жерде бақылап тұратынын ұмытпауға шақыратын: «Ей, адамдар! Сөйлегендеріңді еститін, жүректеріңде нені жасырғандарыңды білетіннен қорқыңдар! Қашсаңдар қуып жететін, қашпасаңдар ұстап алатын өлім келмей тұрып асығыңдар!»; «Ей, адамдар! Құл Раббысынан басқа еш нәрсеге үміттенбеуі және өз күнәсінен артық басқа нәрседен қорықпауы қажет. Және ол білмегенін үйренуден, білмейтін нәрсесі туралы сұралғанда «Мен білмеймін» деп айтудан ұялмауы тиіс». Әли (р.а) тақуалардың сипаты туралы: «Олар – лайықтылар, пікірлері дұрыс, киімдері жүріс-тұрыстары секілді қарапайым. Олар көздерін тыйым салынғаннан бұрады, өздеріне тек пайда беретін нәрсеге ғана назар аударады. Жоқшылықта да, баршылықта да бойұсынушы, ұстамды келеді. Жаратушының ұлылығын таниды, қалған нәрсенің бәрін оның қасында әлсіз көреді. Жүректері мұңға батқан. Ешкімге зұлымдық жасамайды,бұл дүниеден аз ғана нәрсе алады. Бұл өмірде көп сабыр сақтағандарға, мәңгілік өмірде ұзақ демалыс күтіп тұр. Түнде намазға тұрады. Құран оқып, сәждеге құлайды, құтылуға асығады. Ізгі істерге келгенде азсынады. Олар Раббыларынан және өз істері үшін берілетін жазадан қорқады. Кедейлікте қол жайып сұраудан тыйылады, қайғыда сабыр сақтайды, Аллаға берген нығметтері үшін алғыс айтады. Олардан басқалар үнемі жақсылық күтеді, жамандығынан ешкім қауіптенбейді»; «Тақуалық – Ұлы Алланың алдындағы қорқыныш, Оның Кітабына сай амал, азға қанағат және өлімге дайындық» деген болатын. Ал одан Алланың ең жақсы құлдары туралы сұрағанда: «Олар игі іс жасап, оған қуанатындар, күнә жасап, артынан Алладан кешірім сұрайтындар, сынаққа тап болғанда сабыр сақтайтындар, ашуланғанда кешіретіндер» деп жауап берген. «Мүміннің әрбір назары ғибрат, әрбір үнсіздігі – ой жүгірту, әрбір сөзі – даналық болуы тиіс» деген. Өмірінің басым бөлігін қиындықтармен, сынақтармен өткерген Әли (р.а) әрдайым сабыр сақтаумен болды. Және өзгелерді де сабырға шақырып: «Кімнің сабыры жоқ болса, оның иманы жоқ», «Сабыр ешқашан сүрінбейтін мініс көлігі секілді...» дейтін.
Ақпарат көзі: http://asylarna.kz