https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Әйел теңдігін сұраған сахаба кім?

15 Mar 2017 0 comment Оқылды: 977 рет

Ол – Асма Язидқызы Ансари есімді сахаба әйел. Қоғамда әйел құқығы деген тіркес көп қолданылады. Әдетте, бұл тіркес әйел құқығының шектелуімен байланысты айтылады. Алайда, әлмисақтан Аллаға  иман еткен қазақи санаға әйел құқығын шектеу жат әдет. Қазақ үшін әйел – ол ана, қарындас, апа Һәм, бұған қоса – туған қызы. Әйел құқығын мұсылманша айтатын болсақ, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дәуіріне зер салған жөн. Дәл осы ретте «Әйелдердің шешені» деген лақабымен әйгілі Асма Язидқызы Ансаридің қиссасы еріксіз еске түседі. Ол ділмарлығы және шешендігімен танымал болатын.

Асма (р.а.) шамамен 81 хадис риуаят еткен. Ухуд шайқасында бұл әйелдің шаңырағында үлкен қаза болды. Әкесі, бауыры, немере ағасы және ағайын ағасы бір мезгілде шейіт болды. Сонда әйел: «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аман болса, басқа түскен қайғы түк емес», - деп имандылығының беріктігін көрсетеді. Әрине, бұл пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алып келген Құранға, Пайғамбардың тұлғасына, ең бастысы, Құдіретті Жаратушыға деген махаббат екені ақиқат.

Асма Язидқызы сахабалар ортасында тұрған Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп:

- Әкем жолыңызда құрбан болсын, мен Сізге әйелдер атынан келіп тұрмын. Менің жаным сіз үшін құрбан екенін біліңіз. Сізге шыққанымды естіген әрбір әйел – менің пікірімде. Ақиқатында, Алла Тағала сізді барша еркек пен әйелге пайғамбар етіп жіберген. Біз сізге һәм сіздің Құдайыңызға иман еттік. Біз, әйелдер қауымы - шаңырақтың іргетасымыз әрі сіздердің – ер азаматтардың рақатымыз, балаларын құрсағымызда көтереміз. Ал, (сіздер) ерлер қауымы – жамағатқа шығуда, көпшілік орында бас қосуда, науқастың көңілін сұрап баруда һәм жаназаға қатысуда, қажылық етуде бізден артықсыздар. Бұған қоса, Алла жолында жорыққа шығасыздар. Егер еркек үлкен-кіші қажылыққа шықса, жаугершілікте жорыққа аттанса, біз сіздердің мал-дүниелеріңізді қорғап, киім-кешектеріңізді тігіп, бала-шағаны тәрбиелеп, шаңырақта қаламыз. Ей, Алланың Елшісі! Сіздерге осы ізгі амалдарда біздер әйелдер ортақтаса аламыз ба? - деді.

Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бүтін болмысымен сахабаларға бұрылып: «Бұрын-соңды мына әйелдің сөзіндей сөз естідіңіздер ме?» - деді де, Асмаға қарап:

- Әй, әйел баласы! Артыңда қалған әйелдерге айта бар, олар күйеуіне жақсы әйел бола білсе, ризашылығын тапса және күйеуінің қалауымен жүре алса, осының барлығы еркектердің сауабына пара-пар болады, - деді. Сұрағына жауап алған Асма (р.а.) қуаныштан Аллаға мадақ пен ұлықтау айтып кетіп бара жатты. Бұл хадис Табарани мен Баззар еңбектерінде жазылған.

Бүгінгі таңда әлемдік және мемлекеттік әйел құқығын қорғау ұйымдары бірлесе атқармақ боп әрекет етіп жатқан шараларды сонау құлиеленушілік қоғам дәуірінде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) толығымен айтып жеткізіп, оны жүзеге асырған. Бұған қоса, әйел мәселесінде заманауи құзырлы ұйымдар аса мән бере бермейтін нәзік мәселе аталмыш хадисте қозғалуда. Ол – әйелдің шаңырақтағы маңызды орны мен қызметі. Әйелдің ғана қолынан келетін шаруа: бала тәрбиесі мен шаңырақ жылуын сақтау. Міне, бұл жайлы Құран Кәрімде: «Сендердің тыныштық пен тыным табуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы әрі араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік пайда етуі – Оның белгілері...» («Рум» сүресі, 21-аят) деп, осы ақиқатты паш етуде.

Сахаба әйел Асманың «шаңырақтарыңыздың іргесіміз» деуінде үлкен мән бар. Ал, «жандарыңызға рақат береміз» деген сөзін жоғарыдағы аят растауда. Расында, ер азамат түзден қайтқанда жаны жай табатын шаңырақ пен көңіліне шаттық сыйлайтын адал жарға аса мұқтаж. Ал, әйел болмысындағы күйеуіне деген адал сезімі мен сүйіспеншілігі Алла Тағаланың құдіретінің бір көрінісі. Міне, әйел құқығы Құран мен хадисте жоғары дәрежеде бекітіліп қойылған. Шариғатымызда жыл он екі ай әйелдің мәртебесі биік.

Ал, «әйел теңдігі мен құқығы» деп жар салатын жалған ұраншылар нәзік жандылардың иығына ер азаматтың міндетін арта салды. Осылайша, әйелді Исламда атам заманнан бекітілген заңды құқығынан айыруда.

Төлеби ОСПАН,

Ақтөбе облысының өкіл имамы   

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз