Әбу Бәкір Сыддық (р.а) – ықыласты мүміндер мен шыншылдардың мырзасы, Пайғамбарлардан кейінгі ең ізгі жан. Жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның алғашқысы. Оның ісі мен сөзі әркімге де үлгі. Әбу Бәкір (р.а) сахабалардың арасындағы дінді озық білетін жан еді. Алла Елшісі (с.а.у.): «Егер маған адамдардың арасынан ең жақын дос таңдау мүмкіндігі берілсе, сөзсіз, Әбу Бәкірді таңдаған болар едім. Алайда ол менің діндес бауырым әрі жолдасым» (Бұхари), «Осы екеуінен үлгі алыңдар – Әбу Бәкірден және Омардан» (Тирмизи), - деген. Әбу Бәкірдің (р.а) шын есімі – Абдулла ибн Осман ибн Амир ибн Амир ибн Ка’б ибн Са’д ибн Тайм ибн Мурра ибн Ка’б ибн Люайй ибн Ғалиб әл-Құрайши ат-Тайми. Яғни құрайыштың тайми руынан шыққан. Адамдар оны бала кезінен Әбу Бәкір деп атайтын. Әбу Бәкір (р.а) текті әрі өзгелерге құрметті жандардың отбасында дүниеге келген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайын атасы, хазреті Айшаның әкесі. Хазреті Әбу Бәкірдің (р.а) Расулуллаһға (с.а.у.) деген адалдығы мен сүйіспеншілігі таңғажайып еді.Расулуллаһтың (с.а.у.) бала кезінен ең жақын, жақсы көретін досы еді.
Әбу Бәкір (р.а) Расулуллаһқа (с.а.у.) пайғамбарлығы білдірілместен бұрын сауда мақсатында Йеменге барған. Сол сапарында Йемендегі Азд тайпасынан көп кітап оқыған бір қарт адамға жолығады. Бұл қария хазіреті Әбу Бәкірге (р.а) қарап: «Сен Мекке халқынансың ғой шамасы» дейді. Хазіреті Әбу Бәкір (р.а): «Иә, солай» деп екеуі әңгімені былай жалғастырады:
- Сен құрайыштансың ба?
- Иә.
- Бәни Тамимненсің бе?
- Иә.
- Тағы бір белгі қалды.
- Ол не?
- Ішіңді аш, көрейін
- Мақсатың не, айт.
- Кітаптардан оқыдым, Меккеде бір пайғамбар шығады. Оған екі адам көмектеседі. Бірі жас, екіншісі егде адам. Жасы небір қиындықтарды жеңілдетеді. Көптеген бәле-жалаларды жояды. Ал егде адам болса ақ құба, ашаң тұлғалы, қарнында бір қара меңі бар болады. Мен сол адамды сен деп ойлаймын. Ішіңді аш, көрейін.
Содан соң хазіреті Әбу Бәкір (р.а) ішін ашады, кіндігінің үстіндегі қара меңді көргенде: «Уаллаһи, сол адам сенсің» деп, Әбу Бәкірге (р.а) көп насихаттар айтады.
Хазіреті Әбу Бәкір (р.а) жұмысын бітіргеннен кейін қоштасуға жаңағы адамға барады. Пайғамбарымыз туралы бірнеше өлең оқуын сұрайды. Ол кісі он екі шумақ өлең оқиды. Хазіреті Әбу Бәкір (р.а) оларды жаттап алады.
Хазіреті Әбу Бәкір (р.а) сапардан Меккеге оралғанда Уқба ибни Муайт, Шәйба, Әбу Жәхл, Әбул Бухтари сияқты құрайыштың алдыңғы қатарлы адамдары оның үйіне барады.
Әбу Бәкір (р.а) оларға: «Бір жағдай болды ма?» деп сұрады. Олар: «Мынадай жағдай болды, Әбу Тәліптің жетімі пайғамбарлық туралы айтуда, сендер және ата-бабаларың жалған дінненсіңдер дейді. Егер сен болмағанда оны бұл кезге дейін тірі қалдырмас едік. Сен Оның жақын досысың. Бұл істі сен шеш» дейді.
Хазіреті Әбу Бәкір (р.а) оларды жіберіп, пайғамбарымыздың Хадиша анамыздың үйінде екенін есітіп, барады. Пайғамбарымыз оны қарсы алғанда: «Йа, Мұхаммед! Сен туралы айтылып жатқандар не сөз?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мен Хақ тағаланың пайғамбарымын. Саған және бүкіл адамзат баласына жіберілдім, иман келтір, сонда Алла тағаланың ризалығына қауышасың және жаныңды тозақтан қорғайсың» дейді. Әбу Бәкір (р.а): «Бұған дәлелің бар ма?» деп сұрайды. Расулуллаһ (с.а.у.): «Ана Йеменде көрген қарт адамың туралы оқиға дәлел» дейді.
Хазіреті Әбу Бәкір (р.а): «Мен Йеменде көптеген қарт пен жас адам көрдім» дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ол қарт саған он екі шумақ өлеңді тапсырып, маған жіберді» деп, сол өлеңдерді оқиды. Хазіреті Әбу Бәкір (р.а): «Мұны саған кім айтты?» деп сұрағанда: «Менен бұрынғы пайғамбарларға келген періште айтты» дейді. Осыны естігеннен кейін Хазіреті Әбу Бәкір (р.а): «Қолыңды берші» деп, пайғамбарымыздың қолынан ұстап: «Әшһәду ән Ла илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ» деп мұсылман болады.
Әбу Бәкір Сыддық (р.а) иман келтіргендердің біріншісі болды. Расулуллаһ ауырып қалғанда Оның орнына адамдарға имам болып, алдына өтті. Алла тағала Расулының досы ретінде хазреті Әбу Бәкірді (р.а) Құран кәрімде білдірген, «Сол кезде Расулым досына "Мұңайма" деп жатқан еді» делінген. Үшіншілері Алла тағала еді. Алла тағаланың өзімен бірге болған адам болса, күмәнсіз, құрмет пен үстемдік тұрғысында басқалардың ең үстемі. Ол тақуалығымен және Аллаға шын берілген құлдығымен де ерекшеленді. Хазіреті Әбу Бәкір(р.а) Құранды түсіну және сүннетті білу жағынан да сахабалардың арасындағы ең білгірі. Өйткені, үнемі Расулуллаһпен (с.а.у.) бірге жүріп, бойындағы бар қабілетін Исламды, Құранды үйренуге бағыттаған еді. Хазіреті Әбу Бәкір қай аяттың не үшін және қалай түскендігін өте жақсы білетін. Ол жомарттығы жағынан да алдына жан салмайтын. Бұл жайлы хазіреті Омар(р.а.) былай дейді: “Исламның кең таралуы үшін Расулуллаһ (с.а.у.) бірде жәрдемдесуімізді бұйырды. Бұл менің байлығымның ең көп кезі. Ішімнен “әй, осы бүгін Әбу Бәкірден озбасам ба” дедім. Мал-мүлкімнің жартысын Алла Елшісіне (с.а.у.) әкеліп табыс еттім. Алла Елшісі (с.а.у.) “Ей, Омар! отбасыңа не қалдырдың?”– деді. “Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым”,– дедім. Біраздан кейін Әбу Бәкір келді. Ол мал-мүлкін тегіс алып келген екен. Расулуллаһ (с.а.у.) одан, “ей, Әбу Бәкір, сен отбасыңа не қалдырдың?”,- дегенде оның жауабы мынау болды: “Оларға Алла пен Расулының (с.а.у.) сүйіспеншілігін қалдырдым”. Мұны естіген мен “бұдан кейін жақсылық жасау жолындағы жарыста мен одан ешқашан да оза алмаспын” деп түйдім. Алланың Сүйікті Елшісі (с.а.у.) Әбу Бәкірдің (р.а.) жомарттығы мен жанқиярлығын үнемі жоғары бағалап мақтан тұтатын. Ол (с.а.у.): “Маған дүние-мүлкі мен сұхбаттасуы жағынан адамдардың ең жомарты Әбу Бәкір” десе, басқа бір хадисінде: “Әбу Бәкірден басқа істеген істерінің құнын өтей алмаған ешкімім жоқ. Біздің қасымызда оның жомарттығы сондай, қиямет күні оның қарымын тек Алла қана бере алады”,– деген. Ол жақсылық пен жомарттық шыңына шықты. Хазіреті Әлиден(р.а.) Әбу Бәкір (р.а.) жайлы сұрағанда: – Ол бәрімізден озды. Аллаға ант етемін, біз қандай да бір іске ұмтылсақ, Әбу Бәкір бәріміздің алдымызда жүретін,– деген екен. Расулуллаһ (с.а.у.) дүние салғаннан соң беделді сахабалардың келісімімен бірауыздан халифа болып тағайындалды. Өйткені сахабалардың барлығы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көңіліндегі адам Әбу Бәкір (р.а.) екенін жақсы білетін. Әбу Бәкір (р.а.) халифа болып тағайындалған күннің ертесінде мешіттегі мінберге шығып, халыққа былай деді:
- Уа, халайық! Міндетімді өз деңгейінде дұрыс орындасын десеңіздер маған қалтқысыз бағынып, жәрдем етіңіздер. Егер жаман жолға бет алсам, тура жолға түсіріңіздер. Туралық - бір аманат, жалған - бір қиянат. Иншаллаһ, араңыздағы ең әлсізі менің қасымда ақысын алғанша - ең күштіңіз, араңыздағы ең күштіңіз де - мойнында біреудің ақысы бар кезде оны иесіне алып бергенге дейін ең әлсізі болады. Мен Алла мен Оның Расулының жолынан ауытқымасам, сіздер де маған бағыныңыздар. Алла мен Оның Елшісінің әмірлеріне қарсы келсем, маған бағынбасаңыздар да болады. Өзім және сіздер үшін Алладан кешірім тілеймін деді.
Әбу Бәкірдің (р.а.) қарапайымдылығы, кішіпейілдігі мен әділдігі халифа болып тағайындалғаннан кейін де бір мысқал өзгермеді. Ол өз күнін өзі көріп, отбасының нәпақасын өз маңдай терімен табудың жолдарын ойлап, соған ұмтылды, мемлекет қазынасынан ақша алу үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Ол саудамен айналысқысы келді. Сондай күндердің бірінде базарға беттеген оның алдынан хазіреті Омар (р.а.) шығып, оған халифа болғандығы үшін "байтул-малдан" айлық тағайындалуын ұсынды. Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.): "Алған бұл айлығымды кері өтей алмаймын ба деп қорқамын",- деген еді. Бірақ Омар (р.а.) оған уақытының тек мемлекет істеріне ғана жетерін, сауда жасауға уақыт қалмайтынын айтып, ақырында қазынадан күн көруіне жетерлік айлық алуға көндірді. Бірақ ол қайтыс боларда алған айлығының өзінің мирасынан есептелініп, өзінен кейін келетін халифаға берілуін өсиет етіп жазып кеткен.
Міне, Алла Елшісінің (с.а.у.) құрметіне ие болып, артында аңызға толы өмір қалдырған хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) хижраның он үшінші жылы, 22-ші Жәмадулахир айында 63 жасында дүниеден озды еді.
Әбу Бәкір(р.а) бір хұтбасында былай деді:
Бүкіл мақтаулар Алла тағалаға тән. Оған хамд етіп, Одан жәрдем сұраймын. Одан кешірім сұраймын, Оған сенемін, Оған сыйынамын. Хидаятты Алладан күтіп, адасушылықтан, төмендіктен, күмәннан және соқырлықтан Оған сыйынамын. Алла дұрыс жүруді нәсіп еткен адам дұрыс жолмен кетеді. Ал Ол адастырған адам дос та, ұстаз да таба алмайды... Бүкіл болмысыммен сенемін, Алладан басқа құдай жоқ. Ол жалғыз және серігі жоқ. Мал-мүлік пен сұлтандық Оның иелігі, мақтаулар Оған тән.Тірілтетін де, өлтіретін де Ол. Және Ол ешқашан өлмейтіндей тірі. Қалағанын үстем қылады, қалағанын төмендетеді. Бүкіл қайырлылықтар Оның қолында. Оның бүкіл нәрсеге күші жетеді.
Бүкіл болмысыммен сенемін, Мұхаммед алейһиссалам Оның құлы және пайғамбары. Оны бүкіл адамзатқа мейірім және бүкіл адамзатқа сүйеніш, әрі дәлел ретінде жіберген. Ол жіберілген кезде адамдар болуы мүмкін болған жағдайлардың ең жаманы ішінде еді. Сауатсыздық қараңғылығына көмілген күйде еді. Діндері ойдан шығарылған, мемлекеттері жалған және жасанды еді. Алла тағала ақиқат дінін пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам арқылы құнды етті.
Ей, мүминдер, Алла сендердің көңілдеріңді бір-біріңе жақын қылды. Оның ниғметінің арқасында сендер бауыр болдыңдар. Бұдан бұрын бір от шұңқырының жағалауында тұрған едіңдер. Сендерді ол жақтан Ол шығарды. Олай болса, ей, иман келтіргендер! Аллаға және Оның Расулына толығымен мойынсұныңдар! Алла тағала «Расулға мойынсұнған адам Аллаға мойынсұнды деген сөз» деген. (Ниса 3)
Ей, иман келтіргендер! Сендерге әр істе, әр жағдайда Алла тағаладан қорқуларыңа насихат етемін. Өздеріңе ұнаған істерің мөлшерінде, сендерге қиын келетін жағдайларда да ақиқатты ұстаныңдар. Мынаны біліп алыңдар, дұрыс сөзден басқа ешбір сөз қайыр мен пайда келтірмейді. Өтірік айтқан адам жаратылысының хикметін адастырды, ал мұны істеген адам құрыды. Ей, адамдар! Тәкәппарланудан сақтаныңдар. Топырақтан жаратылып, қайтадан топыраққа айналатын болмыстың тәкәппарлануы қандай мағынаны білдіреді? Бүгін бар, ертең жоқ болатын бір болмыстың өз-өзін ұнатуы қаншалықты түсініксіз жағдай!
Ей, адамдар! Жұмыс істеңдер және нәпістеріңді келешекте баратын ахиретке дайындаңдар. Алдарыңда шешілуі қиынға соққан нәрселерде Алланың іліміне жүгініңдер. Келесі әлемге өтуден бұрын бір нәрсе дайындаңдар, ол жаққа барған кездеріңде алдарыңнан шықсын.
Алладан қорқыңдар, Оның әмірлері мен тыйымдарын жақсылап тыңдаңдар. Сендерден бұрын келіп-кеткендерден ғибрат алыңдар. Және ұмытпаңдар, Раббыларыңның алдына міндетті түрде барасыңдар және кіші-үлкен барлық істеріңнің өтемін көресіңдер.
Сонымен қатар, Алла қалағанын кешіруі мүмкін. Ол кешіруші.
Өздеріңді жақсылап танып алыңдар, тек өз кемшіліктеріңмен әуре болыңдар. Жәрдем сұралатын жалғыз құдірет иесі – Алла тағала. Одан басқа ешбір күш ештеңе істей алмайды да, бұза алмайды да.»
ӘбуБәкір (р.а) тағы бір жұма хұтбасында былай деп айтады екен:
«Жүздері әдемі, бал-бұл жайнаған, жастығымен мастанып менменсігендер қайда? Қалалар салып, сол салған қалаларын алып қабырғалармен қоршаған патшалар қайда? Ұрыс майданында жеңіс нәсіп болып, шаттанғандар қайда? Олардың барлығы уақыттың тезіне бас иіп, қабір қараңғылығындағы мекендеріне барды емес пе? Олай болса, амал жасауға асығыңдар, амал жасауға ұмтылып қалыңдар! Өздеріңді құтқаруға асығыңдар! Өздеріңді құтқаруға асығыңдар!»
Көксу аудандық Балпық би мешітінің бас имамы Е.Ерімбет