Әбу Абдуррахман әс-Суләмиден жеткен хабарда Осман ибн Аффанның (р.а) Алла Елшісінің (ﷺ) тікелей өзінен Құран жаттағандығы айтылады. Ол бір сөзінде: «Бізге Құран үйреткен жандар – мысалы, Осман ибн Аффан, Абдуллаһ ибн Масғұд және басқалар өздерінің Пайғамбардың аузынан он аят естіп және соны жаттағаннан кейін, ондағы білімді сіңірмейінше және толық амал жасамайынша келесі аяттарға көшпейтінбіз деп айтатын. Олар: «Біз Құранды, білімді және амалды бір мезгілде үйрендік» дейтін» деген екен (Бұхари). Сол себепті, әрбір сүрені жаттауға қыруар уақыт жұмсайтын. Алла Тағаланың Өзі Құранның негізгі мәнісін: «(Ей, Мұхаммед) Біз саған түсірген Кітап – берекелі. (Адамдар) оның аяттарына зейін қойып зерделеулері үшін әрі ақыл иелері еске алуы үшін (түсірдік)» («Сад» сүресі, 29-аят) деп түсіндірмей ме? Осман Аффан (р.а) – Ислам тарихында Құран аяттарын жазбаша түсірген алғашқы тұлға. Ол Алла Елшісі (ﷺ) оқыған қысқа сүрелерді шарапатты қолдарымен жазған. Алла Елшісінің (ﷺ): «Сендердің араларыңдағы ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің» деген хадисті (Бұхари) жеткізген саңлақ сахаба осы – Осман ибн Аффан (р.а). Пайғамбардың (ﷺ) көзі тірісінде Осман (р.а) оған Құранды толықтай оқып берген. Османның оқитын Құран жазбасы тесіктер пайда болғанша ескіріп кеткен екен. Себебі, ол Құранды көп оқитын және толық жатқа білетін. Османнан (р.а) Құран үйренген ең танымал шәкірттер: әбу Абдуррахман әс-Суләми, әл-Муғира ибн әбу Шихаб, әбул-Асуад және Зирр ибн Хубайш. Өмірінің соңғы жылдарында оның үйін дұшпандар қоршап алғанда әйелі шығып: «Сендер оны өлтіресіңдер ме әлде жайына қалдырасыңдар ма? Оның ізгілігі өзінде қалады, ол түні бойы үздіксіз Құран оқыды және оны толықтай бір ракат намазда аяқтады» деп айтқан екен. Османның (р.а) рухы Құраннан нәр алған және оның ұстазы Алла Елшісі (ﷺ) болды. Осман (р.а) Құраннан құлшылыққа лайық болған Жалғыз Алланы таныды. Пайғамбар (ﷺ) осы туралы айтылған ұлы аяттарды сахабаларының жүрегін ұялату үшін көп еңбек етті. Алла туралы дұрыс түсініктерін қалыптастырып, Оның алдындағы міндеттеріне бекем болуларын күзетті. Осман ибн Аффанның (р.а) әлемнің жаратылуы, Алланың күш-құдіреті, Жәннат пен Тозақ, нәпсі мен шайтанға қарсы күрес туралы түсінігі мен білімі Алла мен Оның Елшісінің (ﷺ) айтқандарына сәйкес келетін: «(Ей, Мұхаммед!) Сендер жерді екі күнде жаратқанға күпірлік танытып (сенбей қарсы келіп) және Оған өзгелерді теңдес жасайсыңдар ма? Ол (Алла) – бүкіл әлемдердің Раббысы, деп айт». Әрі Ол онда (жерде), оның үстіне берік тұрғандарды (тауларды) орнатты әрі оған береке берді және онда (жердегі) ризық несібелерін толық төрт күнде мөлшерлеп белгіледі. Бұл сұраушылар үшін. Кейін Ол түтін (бу) күйіндегі аспанға қарап, оған және жерге: «Ерікті немесе мәжбүрлі түрде келіңдер» деді. Ол екеуі: «Біз ерікті түрде келдік» деді.Әрі Ол (Алла) оларды екі күнде жеті аспан етіп жасады және әрбір аспанға өзіне қатысты ісін білдіріп (реттеп бекітті), Әрі Біз төменгі аспанды шамдармен безендірдік және онымен қорғадық. Бұл – бәрінен Үстем, бәрін Білушінің белгілеп бекітуі» («Фуссилат» сүресі, 9-12-аяттар). Алла Елшісінің (ﷺ) Османға (р.а) байланысты айтқан хадистері § Алла Елшісі (ﷺ) Арис құдығының маңында отырғанда оған қызмет ету үшін күзетіп отырған әбу Мұса әл-Ашғариға өзіне кіруге рұқсат сұраған үш адам туралы: «Оны кіргіз және Жәннат туралы хабармен сүйіншіле» деген. Бұл үшеуі – Әбу Бәкір, Омар және Осман еді. Осылайша, Осман көзі тірісінде Жәннатпен сүйіншіленді (Бұхари, Муслим). § Әнәс ибн Мәликтен (р.а): (Бірде) Пайғамбар (ﷺ) Әбу Бәкір, Омар және Османмен бірге Ухуд (тауының) үстіне шыққанда, (тау) дірілдеп кеткен. (Сонда Пайғамбар (ﷺ)): «Тыныштал, ей, Ухуд! Өйткені сенің үстіңде пайғамбар, сыддық және екі шәһид тұр»,—депті (Бұхари). § Айша анамыздың (р.а) сөзінен: «Алла Елшісі (ﷺ) менің үйімде аяқтары жалаңаш күйінде жатқан. Әбу Бәкір кіруге рұқсат сұрап еді, осы қалпын өзгертпеген күйі рұқсат берді және олар сөйлесті. Одан кейін Омар кіруге рұқсат сұрап еді, тағы да әлгі қалпын өзгертпестен рұқсат беріп, екеуі сөйлесті. Кейін рұқсатты Осман сұрады. Алла Елшісі (ﷺ) орнына тұрып, киімін жөндеп қойды. Ол кірді, екеуі сөйлесті» Кеткеннен кейін Айша анамыз (р.а): «Әбу Бәкір кіріп еді, сен қалпыңды өзгертпедің. Омар кіріп еді, тағы да қалпыңды өзгертпедің. Ал Осман кіргенде орныңнан тұрып, киіміңді жөндедің» дейді. Сонда Пайғамбар (ﷺ): «Алланың періштелері ұялатын адамнан мен қалай ұялмайын?» деді (Муслим). Муслимде келетін басқа хадисте Алла Елшісі (ﷺ) өзінің Осман кіргенде қалпын өзгерте қойғандығын былай деп түсіндіреді: «Расында, Осман – ұялшақ адам және мен осы қалпымда оған кіруге рұқсат берсем, ол келген нәрсесін сұрамай кете ме деп қауіптендім». § Алла Елшісі (ﷺ): «Менің үмбетімнің ең мейірімдісі – Әбу Бәкір, Алланың дініне қатысты ең қаталы – Омар, өзінің ұялшақтығында ең ықыласты – Осман, рұқсат етілген мен тыйым салынғанды бәрінен жақсы білуші – Муаз ибн Жәбал, Алланың Кітабын ең жақсы оқушы – Убайй, мұрагерлікке қатысты барлық шартты білуші – Зейд ибн Сәбит. Әр үмбеттің өзінің сенімдісі болады, менің үмбетімнің ең сенімдісі – Әбу Убайда әл-Жаррах» деген (Ахмад). § Расында, Пайғамбар (ﷺ) көзі тірісінде Османның (р.а) кезінде болатын бүлік туралы да айтып кеткен. Ол Осман туралы: «Сол күні мынау бетін бүркеуші адам қаза болады», «Ол уақытта бұл адам тура жолда болады» (Ибн Мәжәһ) деп айтқан. § Алла Елшісінің (ﷺ) Османға (р.а) ұзатқан екінші қызы Умму Күлсім (р.а) қайтыс болғанда күйеу баласын өте жабырқаңқы халде көреді. Сонда: «Егер біздің үшіншіміз болса, оны да саған ұзататын едік» деген екен. Бұл хадис Алла Елшісінің (ﷺ) Османды жақсы көргендігін, сенгендігін нұсқайды. § Алла Елшісі (ﷺ) бірде қызы Рұқияның (р.а) жары Османның (р.а) басын жуып жатқан кезінде кіріп келіп: «Қызым! Әбу Абдуллаһқа жақсы қарым-қатынас жаса. Шын мәнінде, барлық сахабаларымның арасында оның мінез-құлқы маған ең жақыны» деген екен. § Табук жорығына мінетін мың көлік және мың динар берген Осман (р.а) туралы Пайғамбар (ﷺ): «Осы күннен кейін не істесе де ол іс Османға зиянын тигізе алмайды» деп екі рет айтқан. § Осман ибн Аффан (р.а) Алла Елшісінің (ﷺ) тапсырмасымен Мекке тұрғындарымен келіссөз жүргізуге кеткенде оның қайтыс болғандығы туралы сыбыс тарайды. Сонда Худайбиядағы ағаш түбінде сахабалар соңғы демдері қалғанда Алла Елшісімен (ﷺ) бірге күресеміз деп ант береді. Жәбир ибн Абдуллаһ онда мың төрт жүз сахабаның болғандығын айтады. Алла Елшісі (ﷺ) сол күні өзінің оң қолымен ишарат білдіріп, «бұл – Османның қолы» деп, Осман (р.а) үшін ант береді. Басқа нұсқаларда сол сәтте: «Осман Алла мен Оның Елшісінің (ﷺ) тапсырмасын орындап жүр» деп айтқандығы келтіріледі. Тирмизидегі хадисте Алла Елшісінің (ﷺ) Осман (р.а) үшін берген қолының сол жерде өз қолын берген басқа сахабалардың қолынан артық болғандығы айтылады. § Османның (р.а) өмірінің соңғы жылдарында және өлімінен кейін де дін дұшпандары оның ең маңызды жорықтарға қатыспағандығын айтып айып тағады. Төмендегі хадис осындай негізсіз айыптарға толық жауап саналады. Ибн Омардан (Алла әкесі екеуіне разы болсын). (Бірде) оған мысырлық бір кісі келіп: —Уа, Ибн Омар! Мен сенен бір нәрсе жайлы сұраймын, маған соны айтып берші: «Ухуд (шайқасы) күні Османның қашып кеткенін білесің бе?—дегенде, (Ибн Омар): —Иә,—депті. —Сен оның Бәдірде болмағанын және (шайқасқа) қатыспағанын білесің бе?—деп (сұрайды). —Иә,—дейді. Кісі: —Сен оның ризашылық анты(Худайбияда) кезінде болмағанын және оған қатыспағанын білесің бе?—деп (сұрайды). —Иә,—дейді. (Сонда мысырлық): «Аллаһу әкбар!»—дейді (таңданғанының белгісі) (Сол кезде) Ибн Омар: «Бері кел, саған түсіндіріп берейін. Ухуд күні қашқанын айтсақ, расында мен Алла оны ғафу етіп, кешіргеніне («Әли Имран» сүресінің 115 аятында Алла Тағала оларды кешіргендігін айтқан) куәлік беремін. Бәдірде болмағанына келсек, оның некесінде Алла Елшісінің (ﷺ) қызы бар еді және ол науқас болатын. Сонда Алла Елшісі (ﷺ) оған: «Расында, саған Бәдірге қатысқан кісінің сауабы мен үлесі (беріледі) (Яғни, ауру әйелімен бірге қалса, шайқасқа қатысқандар қатарында сауап алып, олжадан да үлес берілетінін айтты)»,—деген-ді. Ал енді ризашылық анты кезінде болмағанын айтсақ, Мекке қойнауында Османнан құрметтірек біреу болғанда, оның орнына (Пайғамбар (ﷺ) меккеліктерге) соны жіберер еді, (бірақ) Алла Елшісі (ﷺ) (оларға) Османды жіберді. (Осман Меккеге умра ниетімен келген мұсылмандарға кедергі жасау мақсатында әрекет етіп жатқан меккеліктермен келіссөз жүргізу үшін жіберілген-ді. Оның соңы мұсылмандар үшін тиімді келісімшарт түзумен аяқталды) Ал ризашылық анты Осман Меккеге кеткеннен кейін болды, сонда Алла Елшісі (ﷺ) өзінің оң қолын (көтеріп): «Мынау—Османның қолы!»—деді де, сосын онымен (екінші) қолын ұрып: «Бұл—Осман үшін!»—деген болатын»,—депті. Содан кейін Ибн Омар (мысырлыққа): «Ал енді осыны есіңе сақта да, жөніңе бар!»—деген екен. Осман ибн Аффанның (р.а) даналық сөздері: v «Егер біздің жүрегіміз таза болғанда Ұлы Алланың сөзіне тоя алмас едік». v «Расында, Алламен болған сырға қарай алмаған бір күннің туғанын қаламас едім» (Құран меңзеледі). v «Маған бұл дүниеде үш нәрсе сүйікті етілді: ашты тойдыру, жалаңашты киіндіру және Құран оқу». v «Мына төрт нәрсенің сырты – құндылық, іші – міндет саналады: Тақуаларымен қарым-қатынас – құндылық, ал олардан алған үлгіге ілесу – міндет. Құран оқу – құндылық, оған сай амал ету – міндет. Қабірді зиярат ету – құндылық, ал өлімге дайындалу – міндет. Аурудың халін сұрау – құндылық, ал одан өсиет алу – міндет». v «Уа, адамдар! Алладан қорқыңдар, расында, тақуалық – табыс. Ақиқатында, адамдардың ең ақылдысы – жанын бойұсындырған, өлімнен кейінгі оқиға үшін еңбек етуші және қабір қараңғылығы үшін Алланың нұрымен қамданушы. Құл көзі көретін бола тұра Алланың оны соқыр күйінде тірілтуінен қорықсын. Біліңдер, Алланың өзімен болған адам ештеңеден қорықпауы тиіс. Ал Алланың Өзі қарсы болған адам неден үміт етеді?!» v «Алланың құлы қандайда бір бұзақылықты құпия түрде жасамасын, Алла оны бет әлпетінен немесе тілінен суырылып шығатын сөздерінен көрініс тапқызып қояды». v «Расында, Алла Құран арқылы тыйыла алмағанды басшы арқылы тыйдырып қояды». v «Дүние қызықтарына құнығу – жүректегі қараңғылық, ал мәңгілік өмірге ұмтылу – жүректегі нұр». v «Күншіл адам үшін сенің қуанышта болған кезінде оның қайғыға батуы – жеткілікті жаза». v «Егер мен Тозақ пен Жәннаттың арасында қай жаққа барарымды білмеген халде тұрсам, оны білгенше топыраққа айналып кетуді қалар едім» v «Иман келтірушінің бес түрлі қорқынышы бар. Бірінші, ол Алла өзінен иманды алып қояды деп қорқады. Екінші, періштелер ертең Қиямет күні масқаралайтын амалдарын жазып қояды деп қорқады. Үшіншіден, шайтан амалдарымның зая болуына себеп болады деп қорықады. Төртіншіден, өлім періштесі кенеттен жанымды алып кетеді деп қорқады. Бесіншіден, бұл дүниенің қызықтары азғырып, мәңгілік өмірге дайындықтан алыстатады деп қорқады». v «Мен төрт нәрседен құлшылықтағы ләззатты таптым. Бұл біріншіден, Алланың парыз еткендерін атқару. Екіншіден, Алланың тыйғандарын орындау. Үшіншіден, Алланың сауабынан үміт етіп жақсылыққа шақыру. Төртіншіден. Алланың ашуынан сақтану үшін тыйым салынғаннан қайтару».
www.asylarna.kz