https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Азаншы Біләлдің өмірінің соңы жайында не білеміз?

14 Dec 2016 0 comment Оқылды: 737 рет

Біләл ибн Рабах әл-Хабаши Исламдағы алғашқы азаншы. Әкесінің аты - Рабах. Анасының аты - Хамам. Хақ дінді қабылдағаны үшін Құрайыш мүшріктері тарапынан қатты азапқа душар болады. Қанша азапталса да сенген дінін тастамады. Ақыры Әбу Бәкір Сыддық құнын төлеп, оны азат етеді. Осылайша, қаныпезер мүшріктердің шектірген азабынан құтылады.

Біләл Мұхаммед пайғамбарды (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ерекше жақсы көрді. Оның (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  қасынан бір елі айырылмай, үнемі жанында болды. Біләлдің дауысы әсем еді. Сол себепті, Алла елшісі азан айтуды соған тапсырды. Таң намазының азаны шақырылығанда "ассаләту хайрум минән наум" сөзін қосып айтуды Біләл шығарған. Оның бұл жаңалығын Пайғамбарымыз құптады.Содан бері таң намазының азаны шақырылғанда аталмыш сөйлемді қосып айту дәстүрге айналды.

Пайғамбар бақилыққа көш еткенде Біләлдің көңіліне қаяу түсіп, жүрегі жараланып, қатты қайғырды. Бұрындары өзінің әсем үнімен азан шақырып, елдің жүрегін тебіренткен болса, Пайғамбар қайтқаннан соң көңілсіз күй кешеді. Азан шақырғанда «Әшһәду әннә Мұхаммәдар расулаллаһ - Куәлік етемін, шынында Мұхаммед Алланың елшісі» деген жеріне келген сайын тамағына өксік кептеліп, көзіне жас үйірілетін. Басы айналып, ары қарай азан шақыруға шамасы келмей қалатын. Мұны көріп-біліп тұрған айналадағы жұрт еріксіз көздеріне жас алатын.

Күндердің күнінде Біләл Әбу Бәкірден қаладан кетуге рұқсат сұрайды. Сонда Әбу Бәкір:

- Сен кетіп қалсаң, бізге кім азан айтады?!  - дейді жібергісі келмей. 

- Мен Пайғамбардан кейін, басқа ешкімге азан айтқым келмейді, - деді.

- Бізді тастама, қал. Біздің азаншымыз бол.

- Мені азат еткендегі мақсатың - әміріңде ұстау болса, дегенің болсын, қалайын. Ал, Алла үшін азат еткен болсаң, мені Алла жолына қоя бер.

- Мен сені Алла үшін азат еткенмін, – деп Әбу Бәкір рұқсатын береді.

Халифа Әбу Бәкірдің рұқсатын алғаннан кейін Біләл Сирия жеріне барып, сонда қоныстанады. Өзін Алла жолына арнайды. 

Деректерге қарағанда, бір күні Біләл түс көреді. Түсінде Алла елшісі оған: «Уә, Біләл! Неге сонша жатсынып кеттің. Келіп, бізді көріп кететін уақытың болды ғой», - деп айтады. Шынында да, Медине қаласына бармағалы көп болған еді. Ол атына мініп, Медине қаласына аттанады. Қалаға жетісімен бірінші, сүйікті ұстазы Пайғамбардың жатқан қабіріне келеді. Қабір басында көңілі босап, жылайды. Осылайша ұзақ отырады. Осы тұста, Алла елшісінің қос немересі, кішкентайынан көз алдында өскен Хасан мен Хусейнді кездестіреді. Екеуін сағыныштан қайта-қайта сүйіп, қатты құшақтайды. Таң намазы келген тұста, Хасан мен Хусейн әзіреті Біләлдан азан шақыруын өтінеді. Ұлы ұстазының сүйікті немерелерінің сөзін жерге тастағысы келмеген Біләл мешіттің төбесіне шығып, таң намазының азанын шақырады. Бұл оның сүйікті Алла елшісі қайтыс болғалы бері айтқан екінші азаны еді. Біләлдің әсем дауысын көптен бері сағынып қалған қала жұрты сыртқа шығады. Жан тебірентер жағымды үнінен жүректер толқиды. Азандағы «Әшһәду әннә Мұхаммәдар расуләллаһ – Куәлік етемін, шынында Мұхаммед Алланың елшісі» - деген жерін айтқанда бүкіл халық еңіреп қоя береді.

Біләл хижри 20-жылы алпыстан асқан шағында Сирия өңірінде қайтыс болады. Тарихшылар оның мәйітін қазіргі Дамаск қаласындағы «Бәбу ас-сағир» атты қабірстанда жатыр деседі[1]. Төсек тартып жатқан мезетте қасындағы зайыбы: «Қиналдың-ау!», - дегенде, Біләл: «Жоқ, керісінше рахаттандым. Ертең сүйікті Мұхаммедпен және өзге де сахабалармен кездесетін боламын», - деп айтқан екен.

Зайыбының есімі – Һәләту бинт Ауф, сахаба Абдурахман ибн Ауфтың қарындасы.

Біләлдің Халид есімді ағасы, Ғуфайра есімді қарындасы болды. Бірақ ізін жалғастырар ұрпағы болмады.

Салауатуллаһи алә хайри халқиһи Мұхаммәдин уәалә әлиһи уәсахбиһи әжмәъин!


[1] http://www.naseemalsham.com/

Абдусамат Қасым

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз