Мұсылмандардың Меккеден Мәдинаға сапар шеккен ұлы көш – хижреттің он жетінші жылы. Ел басқарып отырған халифа Омар келімді-кетімді кісі көп болғандықтан, Пайғамбар мешітін кеңейтпек болады. Ол үшін мешіт маңындағы жерлерді иелерімен келісе отырып, мешітке қосу керек еді. Көп өтпей-ақ мешіт қасындағы жерлердің иелеріне қолқа салды:
– Үйлеріңіз бен жерлеріңізді Алла Елшісінің мешітін кеңейту үшін сатып алсам деймін. Ешкім де өз мүлкін арзанға бағаланады деп ойламасын. Әркім өз жерінің бағасын өзі шамалап айтсын. Мен біреудің жерін қолынан күштеп алып, Пайғамбар мешітін кеңейтуден аулақпын.
Елдің бәрі жерлері мен үйлерінің бағасын өздері айтып, мешіт маңындағы жерлер сатылып алына бастады. Мешітті кеңейтуге едәуір жер де табылды. Алайда күтпеген жерден бір кілтипан кездесе кетті. Ол – Аббастың (Оған Алла разы болсын) келіспеуі еді. Аббас басын алыпқашқан күйі жерін сатпаймын деп тұрып алды. Тіпті мешіт үшін дегенге де көнбеді. Халифа өз ұсынысын тағы қайталады:
– Ей, Аббас! Жеріңді сатқаннан сен ұтылмайсың, арзанға алмаймыз. Біреудің көзінен жасын ағызып, Пайғамбар мешітіне жер алып қосар жайымыз жоқ. Егер жердің ақшасын азырқансаң, онда екі-үш есе көп төлейік. Әйтеуір, сен разы болып жеріңді сат. Осымен бұл жұмысты тәмамдайық. Пайғамбар мешіті кеңейіп халық игілігіне жарасын.
Бірақ, қайдан! Аббас бұған да көнбеді:
–Жоқ! Жер менікі, қанша ақша берсеңдер де сатқым келмейді. Тартып алмақ болсаңдар, онда басқаша!
Мәселе шешілер болмаған соң халифа Сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Қазылық қызметін атақты құқықшы Ұбәй ибн Кааб атқарады.
..Екі жақ та сот алдында отыр. Мемлекет басшысы:
– Біз басшылық ретінде Аббасқа жер құнын еселеп беруді ұсынған едік. Оның бұған келіспейтін жөні жоқ. Жерін берсін, Пайғамбар мешітін кеңейтуіміз керек.
Аббастың жауабы:
– Жер менікі болса, мүлік иесі мен болсам, құнын қанша еселеп берсе де бергім келмейді. Ақшамен қыстаса да, мешітке қосамыз десе де қолымнан күштеп ала алмайды.
Сот үкімі:
–Ислам құқығы бойынша ешкім ешкімнің жері мен мүлкін ақшалай болса да тартып алуға хақысы жоқ. Тіпті мешіт үшін де мүлік иесін күштей алмайды. Аббастың мүлкі Аббастың өз қолында қалады. Үкіметтің оны күштеуіне жол берілмейді!
Соттың бұлжымайтын шешімі шығып, екі жақ та сот үкіміне көніп есікке бет алғанда, аяқ астынан бір дауыс саңқ ете қалды. Міне, қызық! Ол дауыс Аббастыкі еді:
– Ей, Ұбәй! Сот үкімі осымен бітті ме? Нақ осы шешімге тоқталдық па?
–Иә, Соттың нақты үкімі шықты, ешкім сенің жеріңді құнын көп төлесе де күштеп ала алмайды.
– Олай болса, мені жақсылап тыңдаңдар! Сот алдында мен өз шешімімді айтайын: Жерімді дәл қазірден бастап Алла Елшісінің мешітіне қосуға тегін- ақ бағыштадым. Маған бір тиын да пайданың керегі жоқ. Бәрің де куәгер болыңдар, құнын қанша еселеп төлесе де бермеген жерімді су тегін-ақ Пайғамбар мешітін кеңейту үшін халифаға бердім. Бұдан былай мүлік иесі мен емес, мына тұрған халифа.
Ұбәй ибн Кааб:
– Ей, Аббас! Бұныңды қалай түсінуге болады? Басында еселеп төлеген ақшаға бермеген жеріңді қалайша тегін-ақ бермекшісің?
Аббастың берген жауабы, шынында да, таңғаларлық:
– Ислам дінінің адам құқықтарына деген зор құрметін айдай әлемге паш ету үшін!..
Рас, Ислам діні адам құқықтарына зор құрметпен қараған. Тіпті бір жанұяның өзінде ата-ана, бала, отағасының, жұбайының құқықтары деп жеке-жеке тоқталуы да соның айғағы.
Ihsan.kz