Көзі тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген сахаба Абуррахман ибн Ауфтың (оған Алла разы болсын) есімі аталғанда оның есепсіз байлығы мен Алла жолында жасаған садақалары еріксіз еске түседі.
Аса маңызды іс қолға алынарда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)сахабаларына керек-жарақтар үшін садақа беруді тапсырады. Және қайтарым сыйын Алла Тағаланың беретіндігін айтады. Сонда алғашқылардың бірі болып Абдуррахман ибн Ауф үйіне жүгіріп кетеді де, 200 унция көлемінде алтын әкеледі. Мұны көрген Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын): «Уа, Алла Елшісі, Абдуррахманның жасағаны күнә. Ол өзінің жақындарына ештеңе қалдырмады» дейді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Абдуррахман, сен өз отбасыңа бір нәрсе қалдырдың ба?» деп сұрайды. Ол: «Иә... Мен өз жұмсағанымнан әлдеқайда көбін әрі артығын қалдырдым», - деп жауап береді. «Сонда ол қанша?» деп сұралғанда: «Алла мен Оның Елшісі уәде берген ризық, жақсылық және сауап» деп жауап берген екен.
Тағы бірде халықтың керек-жарағына қаражат керек болғанда Абдуррахман ибн Ауф(оған Алла разы болсын) үйіндегі ақшасын әкеліп: «Уа, Алла Елшісі, менде төрт мың бар, оның екі мыңын Жаратушы Иеме қарызға бердім, екі мыңын балаларыма қалдырдым» дейді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла бергеніңе де береке берсін, бермегеніңе де береке берсін» деп дұға жасайды.
Осыдан кейін ол аз уақыттың ішінде ең бай мұсылмандардың қатарына енеді. Байығаны соншалықты, тіпті, жеті жүз түйені жүгімен қоса Алла жолында жұмсайтын дәрежеге жетеді, керуендері ең сапалы тауарларды тасымалдап, үнемі табыспен оралатын. Мұншалықты берекеге таңғалған Абдуррахман(оған Алла разы болсын): «Қандайда бір тасты көтерсем, астынан алтын мен күміс шығатын секілді еді» деп баяндайды.
Алайда, мәртебелі сахабаны мұншалықты байлығы құлшылықтан ешқашан тосқан емес, ол осы нығметтері үшін есеп беретінін ойлағанда көз жасын тыя алмай, құлшылығын арттыра беретін. (Абд-әр-Рахман Рафат әл-Баша)