Хазреті Әбу Бәкір(Оған Алла разы болсын) халифа болып тұрғанда, күніге кешкілік жұмыстан соң, жаяулатып қала сыртына шығып кетеді екен. Қасына ешкімді ертпейді. Қайда баратынын да, не істейтінін де тірі жанға айтпайды. Бірде оны досы Омар(Оған Алла разы болсын) аңдиды. Сөйтсе Әбу Бәкір(Оған Алла разы болсын) қала сыртындағы жаман лашыққа кіреді. Ет пісірім уақыттан соң шығып, қалаға қайтып кетеді. Ол кеткен соң әлгі лашыққа Омар(Оған Алла разы болсын) кірсе, өзі ауру, көзі соқыр кемпір мен бір-екі бала ойнап отыр. Амандасып болған соң, Омар(Оған Алла разы болсын):
– Апа, қалай күнелтіп жатырсыз? - деп жағдай сұрайды. Сонда ауру кемпір:
– Шырағым, көріп отырсың, тұрмыс ауыр. Әйтеуір бір мұсылман күнде келіп, азын-аулақ азық әкеліп, тамақ пісіріп, ыдыс-табақ, кір-қоңымды жуып кетіп тұрады. Оған Алла разы болсын, айналайын, - депті. Мұны естіген Омар(Оған Алла разы болсын):
– Уа, Әбу Бәкір (Оған Алла разы болсын) сен бізге шектен тыс меже қойыпсың. Енді қайтіп біз сенен артық сауап жинаймыз, - деп жылап жіберіпті.