https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Иса (ғ.с.) пайғамбар жайлы

14 Шілде 2016 0 comment Оқылды: 13532 рет

Дүниеге келу тарихы

Иса (Айса, Ғайса) – еврей қауымына келген ақырғы пай-ғамбар. Ол қасиетті Құранда аты аталған жиырма бес пайғамбардың бірі, әрі «Улул азм» деп аталатын бес ұлық пайғамбардың төртіншісі. Иса пайғамбардың жарық дүниеге келуінің өзі мұғжиза болған, яғни Алла тағала оны мұғжиза ретінде әкесіз, яғни ер адамның қатысынсыз әйел затынан ғана жаратты. Анасы – хазреті Мәриям. Иса пайғамбардың (ғ.с.) анасы хазреті Мәриям күллі жаһанды билеген, аң-құстардың тілін білген патша пайғамбар хазреті Сүлейменнің тікелей ұрпағы-тын. Ол сондай пәк, ары таза әрі өте тақуа жан еді. Анасы Мәриямды дүниеге әкелмей тұрып-ақ: «Уа, Раббым! Шынын-да мен құрсағымдағы баламды дүниелік істерден толық босатып, басыбайлы етіп бір Өзіңнің жолыңа атадым. (Осы нәзірімді) менен қабыл еткейсің! Расында Сен бәрін естуші, шексіз ілім Иесісің», – деп нәзір етіп, Алла жолына атаған болатын. Сөйтіп хазреті Мәриям бала күнінен қасиетті ғибадатханада қызмет етіп, онда Зәкәрия пайғамбардан жақсы тағылым, өнегелі тәлім-тәрбие алып, иләһи ілімнің қайнарынан сусындап өсті. Бой жеткен шағында ел-жұрттан оқшауланып ғибадатхананың бір бұрышында күндіз-түні Раббы-сына құлшылық етуді әдетке айналдырды. Күндердің күнінде Алла тағала оған Жебірейіл (ғ.с.) періштені өте келісті де, нұрлы адам бейнесінде: «Ұл табасың», – деген сүйінші хабармен жіберді. Сөйтіп хазреті Мәриям Алланың қалауы һәм құдіретімен Иса (ғ.с.) пайғамбарға жүкті болды.
Міне, осынау ғибратты оқиға қасиетті Құранның Мәрям сүресінде былай баяндалады: «(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): Бұл Кітапта Мәриям жайлы да айтып бер. Ол кезінде жанұясынан уақытша қол үзіп, (тек құлшылық ету һәм Алланың құдіреті мен жалпы жаратылысқа ой жүгіртіп, терең ойға шому мақсатында) қасиетті ғибадатхананың шығыс жағында оңаша қалған еді.
Сөйтіп ол адамдар мен өзінің арасына перде тұтып, ел-жұрттан барынша оқшауланған еді. Сол кезде Біз оған Рухымызды (яғни Жебірейіл періштені) жібердік, ол оған нұр нұсқа (өте келісті) адам бейнесінде көрінді.
Мәриям оны көргенде, қо-рыққаннан селк ете түсіп: «Мен сенен (яғни жамандығыңнан сақтай гөр деп) Рахманға сыйы-намын. Егер Алладан шынымен қорқатын тақуа жан болсаң, (маған тиме)», – деді.
Сонда Рух оған: «Мен бар болғаны, саған пәк перзент сыйлау үшін келген Раббыңның елшісімін», – деді.
Сол кезде Мәриям (таңырқап): «Маған бірде-бір (ер) адамның қолы тимесе, мен қалайша бала табамын? Сондай-ақ, мен әсте ардан безген жеңіл жүрісті әйел болған емеспін», – деді.
(Сонда Алланың атынан сөйлеп тұрған Рух): «Солай болмақ, (бұл Алланың пешенеңе жазғаны)! Раббың: «Мен үшін ол оп-оңай. Біз оны (яғни оның ер адамның қатысынсыз дүниеге келуін) адамдарға (құдіретіміздің шексіздігін көрсететін) айқын дәлел, сондай-ақ Бізден келген рақым қыламыз.
Бұл енді үкімі кесілген іс», – дейді» – деді.
Мәриям ол балаға жүкті болып, соныменен ұзақ бір жерге кетті. Сонда оны толғақ қысып, құрма ағашының түбіне барды да: «Әттең-ай! Мен бұдан бұрын өліп қана мүлде ұмытылып кеткен болсам еді», – деді.
(Періште) оның астыңғы жағынан: «Кейіме, Раббың астыңнан бір бұлақ жаратты», – деп дабыстады. «Құрманың бұтағын өзіңе қарай сілк. Саған жас құрма түседі» (деген үн келді).
Ал енді же де, іш. Көз айым бол! Егер адамдардан біреу көрсең: «Аса қамқор Алла үшін ораза атадым. Сондықтан бүгін еш адаммен сөйлеспеймін» де.
Сонда баланы көтеріп еліне келді. Олар: «Әй Мәриям! Расында сен өрескел бір нәрсе келтірдің», – деді.
«Әй һарұнның қарындасы! Әкең де жаман кісі емес, шешең де жаман жолда емес еді».
Мәриям баланы көрсетті. Олар: «Бесіктегі бір бөбекпен қайтып сөйлесеміз?», – деді.
(Бала): «Рас мен Алланың құлымын. Маған кітап беріп, пайғамбар қылды», – деді.
«Сондай-ақ мені қайда болсам да құтты етті де, тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырды».
«(Мені) шешеме мейірімді етіп, бір озбыр және қиқар қылмады».
«Маған туылған күнімде, өлер күнімде және тірілтіліп, тұрғызылатын күнім де амандық болады».
Міне, осы: Олар шүбәланған Мәриям ұлы Ғиса (ғ.с.) жайындағы Алланың хақ сөзі.
Алланың баласы болуы мүмкін емес. Алла (Т.) одан мүлде пәк. Ол, бір істің болуын қаласа, тек қана оған «бол» дейді. Сонда ол, бола қалады.
«(Иса пайғамбар қауымына): «Расында Алла менің де Раббым, сендердің де Раббыларың. Олай болса, Оған ғана құлшылық етіңдер. Міне, нағыз тура жол осы», – (деген еді).
Алайда, діни топтар (же-бірейлер мен христиандар ол жайлы әр алуан пікірді ұста-нып) бір-бірімен талас-тартысқа түсті. Бар ақиқат айқындала-тын, әрі күллі адамзат жауапқа тартылатын ұлы сот күні Аллаға күпірлік қылғандардың жағ-дайы нендей өкінішті десеңші» («Мәриям» сүресі, 16-37-аяттар) аятты қарау керек.
Пайғамбарлық келіп, дағуат жүргізуі және хауарилері
Алла тағала Мәриямұлы Исаға отыз жасында киелі төрт кітаптың бірі Інжілді түсіріп, оны Исрайыл ұрпақтарына ақырғы пайғамбар етіп жіберді. Иса пайғамбар үш жыл бойы: «Уа, Исрайыл ұрпақтары! Менің де Раббым, сендердің де Раббыларың болған бір Аллаға құлшылық етіңдер! Кімде-кім Аллаға серік қосса, шүбәсіз Алла оған жұмақты харам қылады және оның ақыр соңында барып паналайтын жері тозақ болады» («Мәида» сүресі, 72-аят), – деп, қауымын тынбай тура жолға, бір Аллаға ғана табынуға үндеді.
Бір деректе хазреті Исаға (ғ.с.) бар-жоғы он екі-ақ адамның ергені айтылады. Құранда олар «хауари» деп аталған. Хауари сөзі «ақ», «ізгі» және «адал дос» деген мағыналарға саяды. Иса пайғамбардың хауарилері оған шын берілген аса сенімді һәм иманы берік жандар еді. Хақ пайғамбар оларды жан-жаққа жіберіп халықты хақ дінге шақырып отырған. Құранда баяндалғандай, бірде хауарилер хазреті Исадан: «Уа, Мәриямұлы Иса! Раббың бізге көктен (тағамға толы) дастархан түсіре алады ма?», – деп мұғжиза көрсетуін сұрайды. Сонда Иса оларға: «Егер шынымен мүмін болсаңдар, Алладан қорқыңдар, (әдептілік сақтаңдар һәм Алланың құдіретіне шәк келтіруші болмаңдар)», – деп ескертеді. Хауарилер: «Біз бар болғаны сол берекелі дастарханнан дәм татуды, сол арқылы (иманымыздың күшейіп) жүрегіміздің жай табуын және сенің бізге рас айтқаныңды біліп, соған куә болуды қалаймыз», – дейді. Сонда Мәриямұлы Иса қолын жайып: «Уа, Раббымыз! Бізге көктен дастархан түсіргейсің! Осы күн біз үшін һәм бізден кейінгілер үшін мейрам һәм Өзіңнен келген бір белгі, ғаламат мұғжиза болсын. Бізге сол арқылы ризық-несібе бере гөр! Расында Сен – ризық берушілердің ең қайырлысысың», – деп жалбарынады. Сол кезде Алла тағала пайғамбардың дұғасын қабыл алып: «Мен оны сендерге сөзсіз түсіремін. Алайда содан кейін араларыңнан кімде-кім күпірлік қылатын болса, шүбәсіз, Мен оны ғаламда жан баласына көрсетпейтін азаппен азаптаймын» («Мәида» сүресі, 112-115-аяттар), – деп ескертеді. Бір деректе дастарқанның түскен күні жексенбі күні еді делінген. Кейіннен христиандар осы күнді мереке күні етіп жариялайды. Иса пайғамбардан кейін оның дінін әу баста осы хауарилер уағыздады. Алайда уақыт өте келе бұл діннің негізгі қағидалары кейінгі ұрпақтың қолымен барынша бұрмаланып, қатты өзгеріске ұшырады.
Пайғамбардың (ғ.с.) түр-тұлғасы, мінез-құлқы және оған берілген мұғжизалар
Мәриямұлы Исаның (ғ.с.) түр-тұлғасы жайлы Құранда еш нәрсе айтылмаған. Оның түр-тұлғасы һәм мінез-құлқы жайлы мәліметтер бізге пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері арқылы жеткен. Онда Исаның пайғамбарымыз (с.ғ.с.) секілді толық та емес, тым арық та емес, қысқа да емес, тым ұзын да емес орта бойлы, кең иықты, мығым денелі болғандығы айтылған. Сондай-ақ, оның көз-қарасы өткір болған. Шашы да пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шашына ұқсаған тым қысқа да, өте бұйра да емес, тым ұзын да, өте жұмсақ та емес, сәл ғана бұйрасы бар, ұзындығы құлағының сырғалығын жауып тұратындай өте келісті болған. Саусақтары салалы еді. Өңі қызыл шырайлы аққұба, сондай келісті жан еді делінген. Ал оның басқа да қасиеттеріне келсек, Құранда: «Бір күні періштелер: «Уа, Мәриям! Шынында Алла сені Өз тарапынан келетін бір Сөзбен (нәрестемен) сүйіншілейді. Оның аты әл-Мәсих Мәрямұлы Иса. Ол дүниеде һәм ақыретте беделді, текті және Алланың ең жақын құлдарынан болады». Сондай-ақ, ол бесікте де, ересек-егде шағында да адамдармен тілдесетін және салиқалы жандардан болады», – деп айтты», – делінген. («Әли Ғимран» сүресі, 45-46-аяттар).
Ал мұғжизалары жайлы айтатын болсақ, негізі Мәриямұлы Исаның өмірге келуі де, көкке көтерілуі де мұғжиза еді. Ол өзінің хақ пайғамбар екенін дәлелдеу үшін қауымына көптеген мұғжизалар көрсетті. Құранда бұл жайлы: «Біз Мұсаға Кітап бердік және одан кейін де пайғамбарларды бірінен соң бірін жіберіп отырдық. Мәриямұлы Исаға да (пайғамбарлығын дәлелдейтін) айдан анық мұғжизалар бердік һәм оны Қасиетті Рухпен (Жәбірейілмен) желеп-жебедік», – делінген («Бақара» сүресі, 87-аят). Мысалы, ол балшықтан құс жасап, сосын оған Алланың рұқсатымен дем үрлеп жан бітіретін. Сондай-ақ, оның заманы медицинаның өте күшті дамыған шағы еді. Ол өз заманындағы дамыған медицинаның шамасы келмеген дерттерге шалдыққан жандарды дертінен құлан таза айықтыра білді. Атап айтқанда, тумысынан зағип жандардың көзін ашатын. Алапестерді бір сипағаннан-ақ емдеп жазатын. Тіпті, Алланың қалауымен өлген адамның өзін қайта тірілтетін. Сондай-ақ, ол адамдарға ғайыптан хабар беретін. Адамдардың үйлерінде не ішіп, не жеп жүргендерін және жиған-терген мал-дүниелерін өз көзімен көргендей дөп басып айтып беретін болған.
Көкке көтерілуі
Мәриямұлы Иса (ғ.с.) Исрайыл ұрпақтарын үш жыл қатарынан ақиқатқа шақырып, хақ дінге үндегенде, оған бар болғаны ат төбеліндей бір топ адам ғана иман келтірді. Сондықтан да Исрайыл ұрпақтарының ішінде оның досынан дұшпаны әлдеқайда көп болды. Ақиқатқа жаны қас арам пиғылды дұшпандары оған үнемі қастандық жасаудың айла-амалын іздеді. Олар өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін Иса Мәсіхтің (ғ.с.) басына дүние тігіп, тұс-тұстан іздеу салғанда, хауарилердің бірі екіжүзділік танытып оны сатып кетті. Ол: «Ұстап бергенім үшін мұншама мал-пұл бересіңдер», – деп, ақшасын алған соң, оларды пайғамбар отырған үйге бастап келеді. Есікті ашып: «Іздеген Исаларың осында», – деп, босағадан бірінші болып аттап ішке кіреді. Иса (ғ.с.) олардың келетінін Хақ тағаланың өзіне берген аяны арқылы алдын-ала білген-тін. Сол себепті ол дұға оқып Раббысына жалбарынып отырды. Раббысы оның дұғасын қабыл етіп: «Уа, Иса! Шүбәсіз сені бақиға аттандыратын олар емес, мына Менмін. Сені (жан-тәніңмен) Өз құзырыма көтеріп әкетемін және сені күпірлік қылғандардан құтқарып, пәк екеніңді айқындаймын. Сондай-ақ, қиямет-қайымға дейін соңыңнан ергендерді күпірлік қылғандардан үстем етемін. Содан кейін барлығың Маған қайтасыңдар. Сол кезде пәниде бір-біріңмен таласып-тартысқан мәселелеріңе қатысты араларыңда билік айтып, үкім шығарамын», – дейді.
Әлгі мұнафық ішке кіргенде, Жәбірейіл періште пайғамбарды өзімен бірге көкке көтеріп әкетеді де, әлгі сатқын Алла тағаланың құдіретімен Иса пайғамбардың бейнесіне еніп, одан аумай қалады. Сөйтіп қандықол жауыздар үйге кіріп Исаның өзін емес, әлгі екіжүзді сатқынды бас салып ұстап әкетеді. Сонда ол жан дауысы шыға: «Мен Иса емеспін, мен сіздерді бастап келген адаммын ғой!», – деп қанша жерден ақталса да, оның сөзіне ешкім құлақ аспайды. Осылайша олардың айқышқа керіп, әбден азаптап өлтірдік дегендері анығында Иса пайғамбар емес, оның бейнесіне енген екіжүзді сатқын еді.
Кейбір деректерде бұл мұнафықтың аты Тайтанос болғандығы айтылады. Олар Тайтаносты айқыш ағашқа керіп байлап өлтіргелі жатқанда, ол соңғы сөзін айтып: «Маған сенбесеңдер, қалтамды қараңдар. Берген ақшаларыңды көресіңдер», – деп жалынады. Қандары қарайған топ оның сөзін елемейді де. Алайда, әбден қинап өлтіргеннен кейін, қалтасын қарағанда, расында да, өздерінің ұстатқан ақшаларын көріп қатты таңғалады. Сол кезде ғана істің мән-жайы-ның басқаша болғанын аңғарады. Дереу Тайтаносты іздей бастайды. «Ең алдымен үйге сол бастап кірді. Біз үйді тінтіп шыққанда, Исадан өзге ешкімді көрмедік. Егер ол анық Иса болғанда, бізге оны ұстап берген Тайтанос қайда кетті? Ал бұл Тайтанос болса, онда Иса қайда кетті? Ақша дар ағашына шегелеп өлтірген адамның қалтасынан шыққанына қа-рағанда ол Иса болмағаны ма? Сонда ол көкке ұшып кетті ме?», – деп, бастары қатады.
Құранда бұл оқиға былай баяндалады: «Ол кәпірлер: «Біз Алланың елшісі Мәрямұлы Иса Мәсіхті расында да өлтірдік», – деп айтқаны үшін (Алла оларға қаһарын төгіп, жүректерін мөрлеп тастады). Алайда олар оны өлтіре де алмады, айқышқа керіп аса да алмады. Бірақ олардың көзіне солай көрінді (негізінен өлтірілген басқа біреу еді). Расында Иса жайлы сөз таластырғандардың да бұл мәселеде күмәндары бар. Олар бұл мәселені нақты білмейді, тек ой-жорамалға сүйенеді. Шүбәсіз, олар оны өлтіре алмады. Керісінше, Алла оны Өз құзырына көтеріп әкетті. Алла аса үстем, асқан дана. Кітап иелерінің қайсыбірі болмасын өлместен бұрын оған (лайықты түрде) иман келтіреді. (Алайда жан алқымға келгенде айтылған бұл иманның оларға пайдасы болмайды, өйткені) Иса қиямет күні оларға қарсы куәгер болады» («Ниса» сүресі, 157-159-аяттар).
Иса пайғамбардың (ғ.с.) дүниеге әкесіз келуі қандай таңғажайып мұғжиза болса, оның жан-тәнімен көкке көтерілуі де дәл сондай мұғжиза. Мұсылмандардың сенімі бойынша көкке көтерілген пайғамбар күндердің күнінде Хақ тағаланың қалауымен жерге түсіп, жер-жаһанда бұрын-соңды болмаған лаң салып, бүлік шығарған бұзғыншы Тажалға қарсы тұрып, тойтарыс береді. Бұған қоса бұзылған христиандарды тура жолға салады. Шоқынған айқыштарын сындырып, доңыз етін жеуге тыйым салып, оларды иманға, хақ дінге келтіреді. Бұл жайлы біраз сахих хадистер бар.
Інжілдің өзге қасиетті кітаптардан қандай ерекшеліктері бар?
Алла тағала Исрайыл ұрпақтарына жіберген соңғы елшісі Мәриямұлы Исаға (ғ.с.) Інжілді түсірді. Інжіл де әу баста ақиқатты жар салып, Исрайыл ұрпақтарын тура жолға үндеген иләһи кітап болатын. Алайда ол да Тәурат сияқты уақыт өте келе адам баласының қолымен бұрмаланып, көптеген өзгерістерге ұшырады. Бұған дәлел бүгінгі таңдағы христиандардың қолындағы Інжілдің алуан түрлі болып, бір-біріне ұқсамайтындығы.
Құранда сол әуелгі саф Інжілдің мынадай бес түрлі ерекшелігі баяндалған: ол тура жолдың қайнар көзі болған. Інжіл түскен шақта Исрайыл ұрпақтарының арасында ақида-сенім мәселесінде адасушылықтар, ауытқушылықтар көп кездесетін. Сондықтан да қасиетті Інжіл нағыз хақ сенімнің негізгі қағидаларын қамтыды;
Інжіл тұнып тұрған нұр еді. Өйткені ол адамдарды қараңғы зұлматтардан жарыққа шығарып, жүректерді иман нұрымен нұрландыратын;
Інжіл өзіне дейінгі иләһи кітаптарды, соның ішінде Тәуратты растады;
Інжіл күллі адамзатқа жіберілетін Алланың ақырғы елшісі хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) келетінін сүйіншіледі;
Сондай-ақ, Інжіл тақуа жандарға насихатшы болды, онда адамдар үшін көптеген насихаттар мен өнегелер бар еді.

                                    

                                   Қаратал ауданының бас имамы Таласбеав Абудардан

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз