https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ұзайыр көрген мұғжиза

04 May 2016 0 comment Оқылды: 1378 рет

Алла Тағаланың барлық нәрсеге күші жететінін білеміз. Ол бізді жоқтан бар етіп жаратты, әрі көптеген жақсылықтар мен ырыздықты берді. Барша мақұлықтарды біздерге мойынсұндырды. Мінсек - көлік, жесек тамақ болатын жануарларды біз үшін жаратты. Бүкіл мақұлықтың өмір сүруі үшін аспаннан су түсірді. Адамзатты жер бетінің халифасы етті.

«Дүниедегі осылардың барлығы нені білдіреді?» десек, Бұл – Алла Тағаланың құдіретінің шексіз екенін білдіреді. Барша құбылыстар Алланың әмірімен орындалатыны сөзсіз, әрі оған ешқандай күман болмауы тиіс.

Қасиетті Құран Кәрімде баяғыда өмір сүрген бір кісінің басынан өткен таңғажайып оқиғасы баяндалған. Одан көп ғибрат, сабақ алуға болады. Бұл оқиға Алла Тағаланың құдіретін, ұлықтығын көрсетеді. Енді сол жайтқа тоқталсақ.

Ол өте байсалды да ақылды кісі болатын. Үнемі Жаратушы Иемізді ұлықтап, мадақ айтатын. Аллаға серік қоспай, жан-тәнімен құлшылық жасайтын. Тәңіріміз берген ақылды Ислам діні жолында пайдалану керектігін жақсы білетін. Бұл кісінің есімі - Ұзайыр еді.

 Бірде Ұзайыр бақшасына кіріп, онда сәл аялдап, ағаштардың піскен жемістеріне қарап, бұл нығметтерді берген Раббысына шүкірлік айтады. Сол тамсанумен себетін жүзім, інжір секілді тәтті жемістермен толтырып, есегіне мініп үйіне қайтады. Жолда Алла Тағаланың құдіреті, ұлықтығы туралы ойлап келе жатып, байқамай адасып кетеді. Өз жолына қайтадан түсуге талпынғанымен онысынан ештеңе шықпайды. Осылай арлы-берлі жүріп, белгісіз бір ауылдың үстінен түседі. Еш тіршіліктің ізі байқалмайды. Ауыл тұрғындарының барлығы қаза тауыпты. Ұзайыр бұл елді бұрын білмейтін. Есегінен түсіп, ауылды жаяу аралауға көшті.

 Үйлердің төбесі опырылып ортасына түскен. Қабырғалары құлап, үйінділерге айналған. Адам сүйектері қурап, шіріп, әр жерде шашылып жатыр. Ол бұл көріністерге таңдана қарап, ауылды аралап жүріп, есегін де, себетін де, үйіне бара жатқанын да ұмытты. Ойраны шыққан ауылға қарап : «Көріп тұрғанымның барлығы қирап, шіріп, шашылып қалған. Қиямет күні Алла Тағала осыншама денелерді қалайша қалпына келтіріп, тірілтер екен? Ғажап! О, Раббым! бұл істерді қалай жүзеге асырасың?» - деп терең ойға шомды.

 Негізінде, ол Алла Тағаланың қайта тірілтетініне сенетін. Бірақ, мұның қалай болатынын білгісі келіп, көңілін тыныштандырғысы келді. Алла Тағала дәл осы сәтте оның ойын құп алды. Ұзайыр жан-жағына үңіле қарап келе жатқан еді, кенеттен жерге құлап түсті. Көзі жұмылып, қимылсыз қалды. Жүрек соғуын тоқтатты. Не болды? Ұзайыр дүниеден өткен еді. Оның артынан есегі де өлді. Енді не болмақ? Осылай өлген қалпында қала бере ме?

 Ұзайыр осылайша еш қозғалыссыз 100 жыл жатты. Бір ғасыр өткеннен кейін Алла Тағала оны қайтадан тірілтті. Ол өзін ұйқыдан жаңа тұрғандай сезінді. Ал ақиқатында әлдеқашан жан тапсырған болатын. Жаратушы Иеміз оны өз сұрағына толық жауап беру үшін тірілткен еді. Сол мезетте аспаннан бір періште түсіп, Одан: «О, Ұзайыр, сен бұл жерде, қанша жатқаныңды білесің бе?», - деп сұрады. Ол: «Көп ұйықтаған жоқпын, бір немесе жарты күн шығар», - деп жауап берді. Періште: «Ұзайыр, сен ұйықтаған жоқсың, өлдің. Алла Тағала сені 100 жыл мерзімге өлтірді. Сен оны білмейсің. Бұл уақыт аралығында қалалар өзгеріп, сен білетін әрі сені танитын адамдар дүниеден өтті. Құдіретті Тәңіріміз сені толғандырған сауалдың жауабын өз тағдырың арқылы бермек. Бұл - сен үшін бір сабақ. Осылайша өліктер шіріген сүйекке айналып кетсе де, Жаратушы Иеміздің оларды қайта тірілтетініне көз жеткізетін боласың. Сен 100 жыл өліп жаттың. Тек шашылған сүйектерің ғана қалған еді. Кейін Алла өз құдіретімен оларды жинап, жан бітірді. Иә, сен осылайша қайта тірілдің. Ал, енді, қазір өлгеніңе дейін өзіңде болған нәрселеріңді дәлел ретінде көресің», - деді. Ұзайыр бұл сөздерді бар ынта жігерімен тыңдап, періште сөзінің жалғасын естуге ынтықты.

 Уа, бауырларым! Келіңіздер, періштенің әңгімесін ары қарай тыңдайық:

 «Уа, Ұзайыр, бұл ауылға кіріп, өз-өзіңе сұрақтар қоймастан бұрын, есекке мініп, бір себет жеміс алып, үйіңе кетіп бара жатқан едің, солай ма?», - деп сұрады. Ол: «Иә, солай, бірақ, қазір есек пен себет қайда?», - деді. Періште: «Бері кел, міне сенің себетің. Жақсылап қара, ондағы жемістерің мен тамақтарыңды Алла Тағала өзің қалдырған кездегідей қойыпты ма? Енді бері кел, мына шашылып жатқан сүйектерге қара. Бұл - есегіңнің сүйектері. Қарап тұр, қазір сүйектер жиналып, Алла оларға қайта ет бітіреді. Біраздан кейін есегің тіріледі.

 Әр себеттегі жемістер, тамақтар бұрынғы қалпына келіп, есектің сүйектері жиналды да, ет пен жан бітті. 100 жыл өліп жатпағандай қайтадан қимылдағанын көріп, таңданысы арта түсті. Ол иманының күшейгенін сезді. Барлығын көзімен көргеннен кейін сенімді түрде: «Мен Алланың  әр нәрсеге шамасы жететінін білемін», - деді. Сосын періште оған: «Бұл - қанша заман өтсе де, Қиямет күні өліктердің тірілетіні ақиқат екеніне көз жеткізуің үшін болды. Енді, мұны басқа адамдар да біліп, сенуі керек. Иә, Ұзайыр, енді көріп, білгендеріңді басқаларға айт. Олардың да сенімдерін оят», - деп сөзін қорытындылады.

 Ұзайыр қайтадан жолға шықты. Бірақ, барлығы өзгеше еді. Өйткені, айналадағы бар нәрсе өзгеріп, жаңарып кеткен. Адамдар да, үйлер де мүлдем басқа. Алла Тағала бұл мұғжизаны Ұзайырдың басқаларға айтып, олардың да имандары күшеюі үшін көрсеткен еді. Бірақ, уақыт өте келе, мүміндердің көпшілігі адасып, оны шектен тыс ардақтап: «Ұзайр Алланың  ұлы», - дей бастады. Бұл - Жаратушы Иеміздің қаһарына ұшырататын кәпірлік іс еді.    Сүйіспеншілік пен махаббат тек Аллаға ғана арналуы керек. Одан өзге ешкімді ерекше жақсы көруге болмайды. Сондай-ақ, бір Құдайдан басқадан қорқу да дұрыс емес. Иман келтіріп, қайта кәпір болғандарды Тәңіріміз ешқашан ұмытпайды.

 Уа, бауырларым! Ұзайырдың басынан өткен бұл оқиға Құран Кәрімде Бақара сүресінің 259-аятында баяндалған.

Әлбетте, сіздер де хикаяның соңында Ұзайыр айтқандай: «Біз де Алланың әр нәрсеге күші жететінін білеміз», - дейсіздер деп ойлаймын. Иә, расында, Алла Тағаланың әрнәрсеге шамасы жетеді.

Хикая мазмұнымен танысып, бұндағы мән-мағынаны түсінгеннен кейін Аллаға деген махаббаттарыңыздың артатыны сөзсіз. Біз Ұзайырдың өзіне берілген мұғжизадан кейін адамдарды хақ жолға шақырғанына сүйсініп, оны жақсы көріп қалдық. Бірақ, бұл ұнату сезімі орташа дәрежеде болғаны дұрыс. Біз жақсы көрген нәрселерімізді Алла Тағалаға серік етпейміз. Бәни Исрайыл қауымы - яһудилер Перғауыннан қорқып, оған сиынды. Ұзайырды жақсы көріп, оған да сиынды. Самири олардың ақылдарын шатастырып, бұзауға табындырды. Ал, біз ондайға бармауымыз керек.

 Алла Тағала сіз бен бізге береке беріп, жақсылық пен сауаптарымызды көбейтсін. Әмин.

Серік ҚҰЛМАТОВ

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз