“Иа Алла, Әбу Һурәйра мен анасын бүкіл мүминдерге сүйікті ет!”.
(Хадис)
Бүкіл Ислам әлеміне аты әйгілі Әбу Һурәйра – Йеменнің Дәус тайпасынан шықты. Хижраның жетінші жылында Исламды қабылдап, нұрлы Мәдинаға көшкен. Алла Елшісінің (ﷺ) жанында төрт жыл тұру бақытына ие болған қадірлі сахабалардың бірі. Көптеген хадистердің кейінгі ұрпаққа келіп жетуіне сүбелі үлес қосқан. Діни үкімдердің жартысына жуығы осы асыл тұлға арқылы біздің заманымызға келіп жеткен.
Пайғамбарымыздың (ﷺ) қонақжайлылығы мен жомарттығының арқасында Алла Елшісінің мешітінде тек қана ғибадат етіп, ілім үйренген, Исламның негізгі қағидаларын сақтап қалу жолында үлкен ыждағат көрсеткен сахабалардың бірі[1].
Тайпа басшысы Туфәйл ибн Амр мұсылмандықты қабылдар-қабылдамас өз руластарының арасында Ислам нұрын таратуға құлшына кіріседі. Оның себепкерлігімен ұшқын шашқан иман шоғы руластарының жүрегінде жалынға айналады. Әбу Һурәйра да Туфәйл ибн ‘Амрдың себепкерлігімен Ислам шуағына шомылған. Жүрегіне иман ұялаған ол Ардақты Елшіні (ﷺ) бір көруге ынтығады.
Әбу Һурәйра Мәдинаға табан тірегенде, Алла Елшісі Хайбар жорығында болатын. Расулалланың нұрлы дидарын көруге асыққан ол кідірместен бірден Хайбарға тартты. Діттеген жеріне де жетіп, Алланың Сүйікті Елшісімен (ﷺ) жүздеседі. Пайғамбарымыз оның атын сұрағанда “Әбдушшәмс” деп жауап қатады. Алла Елшісі “Адам баласы айдың, күннің құлы бола алмайды: сен – Әбдуррахмансың” деп, оған Алланың құлы мағынасына саятын осы атты еншілейді. Алайда ол «Әбу Һурәйра» деген атпен танымал болды. Күндердің бір күнінде Алла Елшісі оның мысықтарға айрықша мейірімділігін көріп, “Уа, Әбә Һирр” (мысықтың әкесі, иесі) деп оны бұдан былай осы атпен шақыратын болды. Содан кейін Әбу Һурәйра деп аталып кетті. Қарапайым да кішіпейіл ол өзі де Алла Расулының қойған атын өзіне лайық деп тауып, осылайша шақырылуын ұнататын. Бұл оның Алланың Елшісіне деген сүйіспеншілігінің белгісі еді[2].
Әбу Һурәйра ең алдымен Аллаға иман келтіруді өз жақынынан бастағанды жөн көреді. Ол Ислам уызының ләззатынан анасының да мақұрым қалмауын қалады. Жөргегінен әлпештеп, аялап, әкесіздікті сездірмей тәлім-тәрбие берген анасының Исламды қабылдауы үшін қолынан келгенін аямады. Алғашында анасы қас қылғанда, қасарысып бақты. Әбу Һурәйра Исламның әсемдігін айтқан сайын, ол Пайғамбарымыздың мүбарак атына тіл тигізіп, ауыр сөздерді қарша борататын. Көп уақыт осылай өтті. Жанындай жақсы көретін анасының қараңғылықтың тар қапасында қалуы оның жүрегіне инеше шаншылып, шөңгеше қадалды. Қалай айтса да, анасын көндіре алмады. Амалы таусылған Әбу Һурәйра тілектері сөзсіз қабыл болатын Алланың сүйіктісіне уайымын ақтарып: “Расулалла, анамды қаншама рет Исламға шақырдым, иілетін түрі жоқ. Онысымен де қоймай, сіздің қасиетті атыңызға ауыр сөздер айтады. Бұдан былай шыдай алар емеспін. Анамның тура жолға түсуі үшін Аллаға дұға етуіңізді өтінемін”, – деді.
Адамзаттың Ардақтысы (ﷺ) оның өтінішіне құлақ асып, дұға жасады. Оның дұғасын Алла Тағала аяқасты етпейтінін жақсы білген Әбу Һурәйра үйіне құстай ұшып жетіп, есікті қағады. Іштен анасының “күте тұр” деген жарқын даусын естіп, жүрегі атша тулап бөгеліп қалады. Иман келтіргеннен кейін бой дәрет алу керектігін де үйренген анасы осыларды орындап болған соң ұлына есік ашып, “Балам, мен де сенің айтқандарыңды қабылдаймын; Лә иләһә илләллаһ, Мухаммадур-Расулуллаһ” деп тілін кәлимаға келтіреді. Мұны естіген Әбу Һурәйраның төбесі көкке жетті. Бір сағат бұрын Алла Расулына (ﷺ) мұңын төгіп жыласа, енді сүйінші сұрау үшін Оған қарай тұра жүгірді. Пайғамбарымыздың дұғасының қабыл болғанын айтып, толқыған күйі тағы өтініш қылады:
– Уа, Расулалла, бүкіл мүминдер мені және анамды жақсы көрсін деп дұға етсеңіз, – дегенде, Алла Елшісі алақандарын көкке жайып:
– Иа Алла, Әбу Һурәйра мен анасын бүкіл мүминдерге сүйікті ет!”, – деді.
Әбу Һурәйраның айтуы бойынша, осыдан кейін оны жақсы көрмеген ешкім қалмаған еді[3]. Қазір де оны таныған адамның сүйері сөзсіз.
Ол керемет ақылды әрі алғырлығымен ерекшеленді. Хадис үйренуге деген құштарлығы шексіз еді. Бұл мәселеде оған ешкім тең келмеді. Бұл ерекшелігін Пайғамбарымыз жиі-жиі айтып отыратын. Бір ретінде Пайғамбарымыздан:
– Қиямет күні сіздің шапағатыңызға аса лайық болатын кім? – дегенде, Пайғамбарымыз:
– Ей, Әбу Һурәйра, сенің хадис үйренуге деген құштарлығыңның шексіз екенін білгендіктен, мұны сенен бұрын ешкімнің сұрамайтынын, шынында да, сезген едім. Қияметте шапағатыма аса лайық болатын шын жүректен “лә иләһә илләллаһ” деген адам” – деп жауап берген еді[4].
Ол: “Расулаллатан әдемі, одан нұрлы ешкімді көрмедім. Жүзі атқан таңдай арайланып, күндей жарқырайтын”,– деп, Пайғамбарымызға (ﷺ) деген сүйіспеншілігін осылайша білдірген еді[5].
Пайғамбарымызды қаншалықты жақсы көрсе, ілімге деген құштарлығы да сондай-ды. Оның ең асқақ арманы – ілім еді.
Түннің үштен бірінде ұйықтап, үштен бірінде құлшылық етіп, дұға оқитын. Қалған үштен бөлігін жаттаған хадистерін санасына сіңіріп, ұмытпас үшін үнемі қайталайтын. Ол үлкен ғалым, фақиһ және хадис хафызы (хадистерді жатқа білуші) болды. Бір күні мешітте оның: “Иа Алла, маған еш ұмытылмайтын ілім нәсіп ет” деп дұға етіп жатқанын естіген Пайғамбарымыз зор даусымен ауаны жаңғыртып “Иа Алла, әмиин!”, – деді[6].
Әбу Һурәйраның көп хадис жаттауына Пайғамбарымыздың (ﷺ) осы әмин деуінің де үлкен септігі тиді. Бір реті келгенде ол Пайғамбарымызға келіп: “Уа, Алланың Елшісі! Сенен естіген нәрселерімнің ешқайсысын ұмытуды қаламаймын”,– дейді. Пайғамба-рымыз (ﷺ): “Шапаныңды шешіп, жерге төсе”, – деді. Содан кейін қолын көкке көтеріп дұға еткеннен кейін, алақанына көктен шуақ уыстап алғандай шапанының үстіне төкті. “Шапаныңды орап кеудеңе бас”,– деді Пайғамбарымыз. Әбу Һурәйра айтқанындай істеді. Осыдан кейін Алла Расулынан естігендерінің ешбірін де ұмытпаған екен[7].
Оның хадисті көп риуаят еткеніне тәнті болып, “хадисті көп риуаят етесің” дегендерге, адал да пәк көңілмен “муһажир бауырларым базарда саудамен, ансарлар бау-бақшада шаруашылықпен айналысқанда, мен қарным тоқ болып Пайғамбарға қызмет ететінмін” деп жауап беретін еді[8]. Әбу Һурәйра Пайғамбарымыздың (ﷺ) көлеңкесі сияқты үнемі қасынан табылуды қалайтын. Ілім үйрену үшін неше күн аш қалып ораза ұстайтын. Тіпті үш-төрт күн қатарынан ауыз ашарға тісіне сыздық қылар нәр таппай, ертеңгі күнгі оразаға Аллаға көзжұмбайлықпен ниет еткен күндері де көп болды. Бұрай соққан аштықтан жатқан жерінен қарны қабысып тұра алмай қалатын, тіпті қарнына тас байлап та жүретін. Өткен-кеткенге аштығын білдіріп біреу-міреу “маған Құран оқып берер адам бар ма?” деп, осылай қолқа салып үйіне шақырар деп үміттенетін. Алайда бәрі оны жөнді түсіне бермейтін. Жафар ат-Тайяр оның бұл халін жақсы білгендіктен, көбіне сол үйіне апарып тамақтандыратын. Кейде Пайғамбарымыздың өзі үйіне апарып қарнын тойғызатын[9].
Ілім қазынасы Әбу Һурәйра Алланың адамзатқа рақым етіп жіберген асыл тұлғасының аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып кейінгі ұрпақтарға аманат етуде айрықша қызмет көрсетті. Мұның себебін ол:
“Негізінен біз Кітапта ап-ашық үкімдерді әрі тура жолды адамдарға баян еткеннен кейін оны жасырған-дарды Алла лағынет етеді әрі барлық лағынет ету-шілер оған қарғыс айтады” деген Құрандағы “Бақара” сүресінің 159-шы аяты болмағанда, мен хадис риуаят етпес едім, – деп түсіндіретін. Пайғамбарымыздың қасында төрт жыл бойы жүрудің өзі сахабалар арасында оның қадірін арттырды.
Алла Елшісінің (ﷺ) „Ақаба” келісімінде алғаш қолын қысқандардан және Оны (ﷺ) Мәдинада сегіз ай бойы құтты қонақ еткен қадірлі сахаба Әбу Әйюб әл-Ансаридің өзі де Әбу Һурәйрадан хадис риуаят ететін. Одан: “Сен одан бұрын мұсылман болдың және сен де Алла Елшісінің сахабасысың”, - дегендерге: “Ол біз есті-меген көптеген нәрселерді естіді”, - деп, Әбу Һурәйраның ерекшелігін атап кеткен еді[10]. Сонымен бірге сахабалар арасында Абдуллаһ ибн Омар, Хибрул-Умма Абдуллаһ ибн Аббас, Жабир ибн Абдуллаһ әл-Ансари, Әнәс ибн Мәлік және Уасилә ибн Әсләм сынды хадис ғылымының негізгі тіректері және Табиундардың арасында да аттары әйгілі Хасан Басри, Зәйд ибн Әсләм, т.б. белгілі хадис ғалымдарының көбі Әбу Һурәйрадан хадис риуаят еткен. Осы сияқты сегіз жүзге жуық белгілі кісілер одан хадис алған[11].
Пайғамбарымыздың қасында төрт жыл жүріп, хазіреті Әбу Һурәйра бес мыңнан аса хадис риуаят етті. Оның көп хадис риуаят етуінің себебі, ол бүкіл ғұмырын Алла Елшісінің (ﷺ) жолында сарп етуінде еді. Апталап аш қалса да, Алла Расулының (ﷺ) қасында болып, Пайғамбарымыздан Исламның жаңа үкімдерін үйреніп, жаттау оның ең қымбатты ісіне айналған.
Әбу Һурәйра (р.а.) Пайғамбарымыздың мейірімі жайлы былай дейді:
“Бір шайқаста Пайғамбарымыздан кәпірлердің тып-типыл құруы үшін дұға етуін сұрағанда, Ол:
“Мен лағынет айтып, елге азап беру үшін емес, қайта жақсылық жасап, оларды бақытты ету үшін жіберілдім”, – деп “Әнбия” сүресінің “Сені әлемдерге рақым етіп жібердік” деген 107-аятын дәлелге келтіреді.
Жоғарыда атап өткендей, оның есте сақтау қабілеті өте күшті болатын. Оның бұл қабілеті өз дәуірінің қатал сыны мен сынағынан сүрінбей өткен-ді. Бірде Әбу Һурәйра Мәруанның алдында хадис риуаят етеді. Кейбіреулер оған білдірмей айтқан хадистерін жазып алады. Мәруан келесі жылы Әбу Һурәйраға жолығып, өткен жылы айтқан хадистерін қайтадан айтуын өтінді. Әбу Һурәйра “Бисмиллаһ” деп сол хадистерді айна-қатесіз, бір сөзін де өзгертпей қайталап айтып беріпті[12].
Хазіреті Әбу Һурәйра Муғауия ибн Әбу Суфиянның кезінде бірнеше рет Мәдинаға әкім болып тағайындалды. Ел билеген кездің өзінде қарапайымдылығы мен кішіпейілдігін сақтап, арқанын асынып, құшақ-құшақ отын таситын.
“Әбу Һурәйра (р.а.) төсек тартып қалыпты” дегенді естігендер бұл ардақты сахабаның халін сұрауға келгенде, оның жылап жатқанын көреді. Себебін сұрағанда:
“Дүниеден өтіп бара жатқаныма жыламаймын. Сапарымның тым ұзақтығына, мұнымен қоса азығымның аздығына налимын. Бұл жолаушылықтың соңында Жәннатқа кіремін бе, Жәһаннамға кіремін бе, мұны да білмеймін. Соған жылаймын”, – деп жауап берген еді[13].
Бүкіл хас сахабалар осындай болатын. Дәрежелері қаншалықты жоғары болса да, ақыретте есеп бере аламын ба деп соншалықты қорқатын. Олар дүниедегі дәрежелеріне марқайып асып та, тасып та кетпей, бетегеден биік, жусаннан аласа бола білді.
Ислам дінінің көптеген қағидаларының кейінгі ұрпаққа уыз да саф күйінде келіп жетуі үшін жанын салған бұл сахаба хижраның елу сегізінші жылы дүниеден озды. Осылайша көк күмбезінен маздай жанып, шырақтай жарқыраған тағы бір жұлдыз шерлене ағып, шеті мен шегі ғарыш пен кеңістіктің өзін дедек қақтырып, құлдилатып әкететін, арыстан жалды айбарлы уақыттың алдында қас қаққанша өте шықты. Оның бақытына – ол жанып үлгерді.
[1] Ибн Кәсир, әл-Бидая уә-н-нихая, Бейрут, 1966, 8: 108-110.
[2] Ибн Хажәр, әл-Исәбә, 4/202 ; аз-Зәһәби, Тәзкиратуль-хуффаз; Хайдарабад, 1956, 1: 32.
[3] Муслим, Фәдәилус-сахаба, 158; Табақат, 4:328.
[4] Бухари, Риқақ:51.
[5] Р. әл-Бәша, 1:369.
[6] Мустәдрәк, 3:508.
[7] Муслим, Фәдәилус-сахаба, 159; Табақат, 4-330.
[8] Бухари, илм, 42; Муслим, Фәдәилус-сахаба, 159.
[9] Бухари, Фәдәилус-сахаба, 10.
[10] Мустәдрәк, 3:512.
[11] Ибн Хажар, әл-исәбә, 4:205.
[12] Мустәдрәк, 3:509-510.
[13] Р. әл-Баша, 1, 374.