https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Пайғамбардың балаларға мейірімділігі

02 Mar 2016 0 comment Оқылды: 1213 рет

Тасжүрек, қатал жандар мейірімділікті білмейді, олардың көкіректерінде сезімге деген орын жоқ! Олар тас секілді тасбауыр сараң, адамгершілік қасиеттер мен сезімдерден жұрдай! Ал кімде-кімнің Алла көңіліне жұмсақтық пен аяушылық желін ессе, міне сол мейірімді, мінсіз жүрек иесі, бұл қасиеттер оны мейірбандылыққа бөлейтіні сөзсіз!

Әнәс (Алла одан разы болсын): «Пайғамбар (саллаАллаһу алайһи уә саллам) баласы Ибраһимді алып сүйіп, иіскеді»,– дейді (Бұхари). Бұл мейірімділік тек өзінің жақындарына ғана тән емес, бәлкім барлық мұсылмандардың балаларын да қамтиды десек артық айтқандық емес. Жағфардың әйелі Ұмайстың қызы Әсма: «Алланың елшісі маған келіп Жағфардың балаларын шақырды, мен оның оларды иіскеп, екі көзіне жас алғанын көріп: «Йә! Алланың елшісі, саған Жағфар туралы бір нәрсе жетті ме?,–дедім», Ол(саллаАллаһу алайһи уә саллам): «Иә, ол бүгін шәһид болды»,– деді, біз барлығымыз тұрып жыладық, (кейін) қайтып Жағфардың отбасына тағам дайындаңдар, өйткені оларды алаңдататын жағдай туды»,– деді (Тирмизи, Ибн Мажаһ).

Олардың қайғысымен Пайғамбарымыздың (саллаАллаһу алайһи уә саллам) көздері жасқа толған кезде Сағд ибн Ұбада (Алла одан разы болсын): «О, Алланың елшісі, бұл не?»,– деді. (Алланың елшісі (саллаАллаһу алайһи уә саллам)): «Бұл – Алланың пенделерінің жүректеріне салған мейірімі, Алла пенделерінен мейірімділерге ғана мейірім көрсетеді»,– деді (Бұхари).

Алланың елшісінің (саллаАллаһу алайһи уә саллам) баласы Ибраһим жан тапсырып жатқан кезде көздерінен жас аққан болатын, сол кезде оған Абдуррахман ибн Ауф (Алла одан разы болсын): «О, Алланың елшісі! Сенде жылайсың ба?»,– деді. Сонда (Пайғамбар (саллаАллаһу алайһи уә саллам)): «Уа, Ибн Ауф! Расында, бұл – мейірім»,– деді де, сосын сөзін жалғап: «Көз жылайды, жүрек қайғырады, бірақ Раббымызды разы ететінді ғана айтамыз! Расында, біз сенен айрылғанымызға қайғылымыз, О, Ибраһим!»,–деді» (Бұхари).

Пайғамбардың асқақ мінез-құлықы, оның (саллаАллаһу алайһи уә саллам) ізімен жүріп, оны шамшырақ етіп ұстануға шақырады! Біз қазіргі таңда балаларға деген сүйіспеншілік сезімі жоғалып, оларға лайықта көңіл бөлінбей жатқан бір шақтамыз. Олар болашақ ата-аналар мен үмбеттің сенім артар ер-азаматтары, олардың жарқын болашағы алда! 
Пайғамбар балалардың жанынан өтіп бара жатып, оларға сәлемдесіп, балалардың да машақаттары, шаршаулары мен көп әрекеттері болғандықтан Алланың елшісі оларға ашуланбай, көңілдерін аулап, жұмсақтық пен биязылық танытатын.

Әбу Һурайра (Алла одан разы болсын): «Алланың елшісі(саллаАллаһу алайһи уә саллам) немересі Хасан ибн Алиға тілін шығаратын, сәби тілінің қызылын көріп оған мәз болатын еді»,–дейді.

Адамзаттың ардақтысы балардың көңілін аулап олармен әзілдесетін де еді. Әнәс (Алла одан разы болсын) былай дейді: «Үммү Салимнің Әбу Ұмайр деген баласы болатын, Ол келсе, Пайғамбарымыз (саллаАллаһу алайһи уә саллам) кейде әзілдесетін. Бір күні оны әзілдейін деп кірсе, көңілсіз екендігін көреді де: «Неге мен Әбу Ұмайрды көңілсіз көріп тұрмын?»,–дейді, Олар: «Ей! Алланың елшісі оның ойнап жүрген құсы өліп қалған болатын»,–дейді, сосын Пайғамбарымыз оны: «Ей! Әбу Ұмайр, не істеді Нұғайыр (құстың аты)?!»,–деп шақыратын болды»,– дейді.

Әнәстен (Алла одан разы болсын) жеткен тағы бір деректе: «Алланың елшісі (саллаАллаһу алайһи уә саллам) Үммү Сәләмәның қызы Зәйнәппен «Йә Зәйнәб, Йә Зуәйнәб...»,– деп бірнеше мәрте айтып ойнайтын»,– деп келеді. Махмуд ибн Рабиғтан (Алла одан разы болсын), ол: «Бес жасар кезімде Пайғамбардың (саллаАллаһу алайһи уә саллам) шелектен су ұрттап алып, бетіме бүркіп жібергені есімде қалған»,– деген. Оның (саллаАллаһу алайһи уә саллам) балаларға деген мейірімділігі соншалықты ол ұлық ғибадатында «Алланың елшісінің қызы Зәйнәб пен Әбу әл-Ас ибн Рабиғаның қызы Үмәмәны көтеріп намаз оқитын. Сәждеге барғанда оны жерге қойып, түрегелгенде қайта көтеріп алатын». 

Мінекей, Адамзаттың асыл тұлғасының көркем қасиеттері мен жарқын өмірінің кейбір тұстарын тілге тиек еттік. Бәлкім, осы күйбең тіршілігімізде осы жолды басшылыққа алып, жүректерді жандандырармыз. Үйлеріміз нәзік көңілдері әкенің қамқорлығы мен ананың мейірім сезіміне бөленген балалармен толсын.

Қайрат Құрманбаев

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз