"Фатима - менің бір бөлшегім. Оны ренжіткен адам мені де ренжіткен болады, оны қуантқан адам мені де қуантқан саналады".(Хадис)
Хазірет Фатима - Пайғамбарлар мөрі, Екі Жаһан Сұлтанының (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүт кенжесі. Пайғамбарымыздың пәк ұрпағын жалғастырған ең сүйікті қызы. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын ) басқа қыздарынан: Рұқииядан туылған Абдуллаһ кішкентай кезінде қайтыс болған. Үммү-гүлсүмнен ұрпақ болмаған, Зейнептен туылған Әли сәби кезінде шетінеп, оның екіншісі Умамадан бала болмаған. Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үш қызы да Пайғамбарымыздың өзінен бұрын қайтыс болған.
Ол жер жаһандағы ең бақытты, Ислам дінінің дүниеге алғаш есік ашқан сәтінде Ұлы Елшіге (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) иман еткен, өмір бойы жақсылықтарын жыр ғып өткен асыл жары Хадиша Кубрадан Пайғамбарымызға әлі пайғамбарлық міндеті берілместен аз ғана уақыт бұрын дүниеге келген[Сира, 1:202.].
Оның ес біліп, етек жапқан кезі мүшріктердің Алла елшісіне дұшпандықтарының асқынып, қысастық көрсете бастаған кезге сай келді. "Қаралы жылда" Хадиша Кубра дүние салып, Фатима ананың аялы алақанынсыз қалады. Мейірімділік пайғамбары (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған әрі әке, әрі шеше бола білді.
Өзінің ұрпағын осы қызы жалғастыратынын сезіп білген Пайғамбарымыз оны көзінің қарашығындай көретін. Үйінен ұзап шыққан сайын жалғыз қызын мейірлене сүйетін. Сапардан оралғанда да ең алдымен осы қызының үйіне соқпай кетпейтін[Усдул-ғаба, 5:525.].
Хазірет Фатима да әкесін шексіз сүйді. Әкесін мұңлы көрсе, қайғыға батып, қуанғанын көрсе, жүзіне күлкі үйіріліп шыға келетін.
Пайғамбарымыздың ағасы, қорғап-қолдаушысы Әбу Тәліп қайтыс болғаннан кейін оның бар кезінде батып жасай алмаған зұлымдықтарын мүшріктер барынша істеп бақты. Әсіресе, Алланың сүйікті елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазға тұрғанда ойларына келген қорлықты жасады. Маңдайын сәждеге қойған сәтте түйенің ішек-қарнын арқасына қотара салатын. Жүрген жолына тікен төсеп, тас атып, басына топырақ шашатын.
Жағдай жан төзгісіз деңгейге жеткен күндердің бірінде Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үсті-басы сауыс-сауыс топырақ болып табалдырықтан аттағанда шешесінен бір айырылып, жалғыз әкесінің жүдеу көңілін екі көріп, хазірет Фатима оның мойнына асылып ботадай боздады. Көздері қанталаған мүшріктер сүйеніші болған әкесіне бір қиянат жасай ма деп қорқып, жаралы жүрегі сыздады. Әлемді қараңғылықтың тоңмойын тар қапасынан құтқаруға жіберілген Ардақты елші (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаға деген шексіз сеніммен: "Қорықпа, ботақаным! Аллаһ сенің әкеңді қорғайды", - деп көңілі жаралы қызын жұбатты[Сира, 2:58.].
Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға көшкенде бала-шағасын уақытша тастап кетуге мәжбүр болған еді. Мәдинаға барып орналасқаннан кейін Меккеде қалып қойған қыздары Фатима мен Үммүгүлсүм және жұбайы Сәуда анамызды қасына алдырады. Осылайша "Фатима - менің бір бөлшегім. Оны ренжіткен адам мені де ренжіткен болады, оны қуантқан адам мені де қуантқан саналады"[ Тирмизи, манақыб:61; Сахабилер ансиклопедиси, 2: 700-701.] деп әспеттеген сүйікті қызымен аман-есен қауышады.
Хазірет Фатиманы сахабалар да жақсы көріп, құрмет көрсететін. Әкесіне аумай тартқан оны "Үмму Әбиһа" (Әкесінің анасы) деп атайтын еді. Бұл жайлы Айша анамыз былай дейді:
"Фатима үйге кіргенде Расулаллаһ орнынан тұрып, қызының маңдайынан сүйіп өз орнына отырғызатын. Пайғамбар оның қасына барған кезде ол да орнынан тұрып, әкесін сүйіп өз орнын беретін. Жүріс-тұрысы, мінез-құлқы жағынан дәл Фатимадай Алла расулынан аумайтын адам көрген емеспін[Тирмизи, манақыб: 61.]."
Сахабалардың арасындағы хазірет Әбу Бәкір мен Омар сынды ұлы тұлғалар Пайғамбарымызбен (с.а.с.) туыстасу үшін оның сүйікті қызына құда түсті. Пайғамбарымыз оларға: "Қызым Фатима үшін Алланың әмірін күтудемін", - деп, ұсыныстарын қабыл етпеді.
Фатимада хазірет Әлидің де көңілі бар еді. Алайда Пайғамбарымыздың Әбу Бәкір мен Омар сияқты жан қиыспас достарының ұсыныстарын қабыл етпегенін біліп, Әлидің құда түсуге батылы бармады.
Сөйтсе де Әли (р.а.) тәуекелге бел байлап, көңіліндегі көрікті ойын Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізбек болды. Алайда жеме-жемге келгенде ұялғаннан тілі күрмеліп сөйлей алмай қалады. Оның сыңайын айтқызбай байқаған Пайғамбарымыз: "Сен Фатиманы қалыңдыққа сұрауға келгендейсің ғой", - дегенде Әлидің "иә" деуге ғана шамасы келді. Пайғамбарымыз одан мәхир[Үйленетін кезде ері тарапынан қалыңдығына міндетті түрде берілуге тиіс белгілі мөлшердегі ақша не алтын] ретінде не бере алатынын сұрағанда, ол өзінің ештеңесі жоқ екенін айтты. Пайғамбарымыздың Әлиге берген бір сауыты бар болатын. Соны сатып, мәхирін өтеуге келісті [Табақат, 8:20.].
Сүйікті Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фатиманың некесін өзі қиды. Хазірет Әли мен Фатиманы екі жағына отырғызып, Ұлы Жаратушыға қол жайып:
"Алла Тағалам! Екеуінің некесін қасиетті ет. Олардан өрбитін ұрпақтарды да мүбәрак ет! Аллаһым, оларды шайтанның азғыруынан сақта", - деп тілек тілеп, "Ықылас" сүресі мен "Муауиззатәйн" сүрелерін оқыды[Табақат, 8:21.].
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасының берекетімен бір жылдан кейін хазірет Хасан, одан кейін Хусәйн дүниеге келді. Пайғамбарымыз "Дүниеде иіскеп сүйген қос райханым" деп екі немересін екі тізесіне отырғызып ерекше еркелететін. Пайғамбарымыздың мүбәрак ұрпақтары осы екі немересінен тарады.
Бірде Пайғамбарымыз үстіндегі шапанымен хазірет Әли, Фатима, Хасан мен Хусәйннің үстін жауып тұрып: "Аллаһым, міне мыналар Әһли Бәйтім [Пайғамбарымыз «Әһли бәйт» деп Хазірет Әли мен Фатимадан тараған ұрпақтарын айтқан] Сен оларды өзіңнің разышылығың болмаған істерден қашық ет"[ Тирмизи, манақыб:32.], - деген болатын. Осы отбасынан кейін Ислам үмбеті үшін үлкен қызмет сіңірген көптеген ғалым, әулие кісілер дүниеге келді. Пайғамбарымыздың әһли бәйтке деген сүйіспеншілігі - тек өз кіндігінен тарауынан емес, олардың Ислам үмбеті үшін қызметтерінің маңыздылығынан туындағандай.
Алла расулы (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ірге тасын өзі қалаған бұл шаңырақпен терең байланыста болды. Өз қолында өскен ақылды да парасатты Әлиді жанындай жақсы көрген Пайғамбарымыз шаңырақтың шайқалмауы үшін қолынан келгенін аямады. Бір күні хазірет Әли мен жұбайы Фатиманың (р.а.) арасында бір келіспеушілік туып қалады. Мұны ести сала Пайғамбарымыз олардың үйіне жеткенше асығады. Көзінің қарашығындай екі сүйіктісінің арасындағы келеңсіз жайтқа мұңайған Пайғамбарымыз неке қиған кездерін естеріне салып, екеуін екі жағына отырғызып татуластырды. Үйден шыққан кезде Пайғамбарымыздың шат жүзін көргендер: "Уа, Расулаллаһ! Үйге кірерде мұңды едіңіз, ал, қазір қуанып тұрсыз. Мұның себебі не екен?", - дегенде, ол: "Өйткені, ең жақсы көретін екі адамымды татуластырдым"[ Табақат, 8:26.], - деп қуанышын жарияға жар салады.
Расулаллаһтың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниедегі ең сүйікті екі адамы Пайғамбарымыздың өзі сияқты қарапайым өмір сүрді. Аллаһ елшісі оларды солай тәрбиелеген еді. Пайғамбарымызға қатты ұқсайтын Фатима анамыз әкесі сияқты өз тірлігін өзі істейтін. Алайда шелекпен су тасып, тас диірменмен ұн тарта-тарта екі алақаны мүйізденіп кеткен жұбайының жағдайына Әлидің қабырғасы қайысып, жаны ашитын.
Бір шайқаста мұсылмандардың қолына тұтқындар мен олжа түседі. Олар Мәдинаға жеткізілгенде Алла елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әркім келіп өз бұйымтайын білдірді. Хазірет Әлидің кеңесімен Фатима анамыз да әкесіне бұйымтайын айтпақ болады. Пайғамбарымызды үйінен таба алмаған хазірет Фатима оның жұбайларына келгендегі шаруасын айтып кетеді.
Өзі жоқта сүйікті қызының келіп-кеткенін, үйіне көмекші ретінде бір қызметші сұрағанын естіген Пайғамбарымыз сол сәтте хазірет Фатиманікіне тартады. Фатима анамыз төсегінде жатқан еді. Әкесін көріп, орнына тұрмақ болғанда Пайғамбарымыз оны тұрғызбай, қасына отырады. Ол әкесінің тізесінің суықтығын бүйрегімен сезді. Мейірім Пайғамбары (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Қызым, Суффа сахабаларының қажеттілігін өтеместен саған еш нәрсе бере алмаймын. Бірақ, саған бұл қызметшіден де қайырлы бір нәрсе үйретейін. Ұйқыға жатар кезіңде 33 рет Субханаллаһ, 33 рет Әлхәмдулиллаһ, 33 рет Аллаһу Әкбәр деп жатсаң, сенің сұраған нәрсеңнен сол артық", - деген еді[Бухари, Фадаилул-асхаб, 9 ; Муслим, зикр, 80-81.]. Хазірет Фатимаға әкесінің разышылығынан артық еш нәрсе де қажет болмағандықтын, ол Пайғамбарымыздың айтқандарын құп алды.
Пайғамбарлар падишасы хазірет Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бойын сырқат меңдеп жатқанда, жан дегенде жалғыз қызы Фатиманы қасына ымдап шақырып құлағына сыбырлайды. Хазірет Фатиманың басына жай түскендей есеңгіреп, өңі қашып, еңіреп жылап жіберді. Пайғамбарымыз екінші құлағына сыбырлағанда жүзі күлімдеп сала берді.
Бұл жағдайды көріп, таңданған Айша анамыз Фатимадан мұның сырын сұрайды. Ол: "Бұл Алла расулының жеке сыры" деп айтпай қояды. Пайғамбарымыз дүние салған соң Айша анамыз мұның себебін қайтара сұрағанда, "Алдымен әкем өзінің бұл дүниемен жақын арада қош айтысатынын айтты. Сол үшін жыладым. Екіншісінде арғы дүниеде отбасының арасынан өзіне бірінші болып менің қауышатынымды айтты... Қуануымның себебі сол", - деп жауап берген еді[Бухари, манақыб; Муслим, Фадаилус-сахаба, 98,99.].
Әкесі дүние салғанда хазірет Фатима үшін өмірдің мәні қашты. Күндіз-түні көз жасын төгіп, жүрегі қан жылады. Пайғамбарымыздың жоқтығына бар-жоғы алты ай ғана шыдай алды. Алты айдан кейін Пайғамбарымыздың айтқаны айдай келіп, сүйікті әкесіне туыстарының арасынан ең алғаш қауышқан хазірет Фатима болды[Муснәд, 1, 6.].
Хазірет Фатима хижраның он бірінші жылының Рамазан айында ақтық сапарға аттанды. Жаназасын құдай қосқан қосағы хазірет Әлидің өзі шығарды.