«Сен шын мәнінде, ұлы мінезге иесің!»
Қара жерді ержүректігімен, жомарттығымен, жуастығымен, ақылымен аты шыққан талай пенде басып өтті. Бірақ, Алланың сүйіктісі Мұхаммедтен ﷺөзге ешкім де кемел пенде бола алған жоқ. Ол – жақсы мінез атаулының жалғыз қожайыны.
Кемшілік атаулыдан Пәк Алла: «Және сен шын мәнінде, ұлы мінезге иесің» («Қалам» сүресі, 4-аяттар), «Сендерге – Аллаға және Ақырет күніне үміт ететіндер әрі Алланы көп еске алғандарға – Алланың Елшісінде көркем өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят), «Алланың рақымдылығымен сен оларға жұмсақтық таныттың. Егер қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарап кетер еді»(«Әли Имран» сүресі. 159-аят) деу арқылы Алла Елшісінің кемелдігін, көркем мінезін танытады. Ол адамдардың арасындағы ең сабырлы, ең кішіпейіл, ең мейірімді, ең жомарт, ең батыр, ең кешірімді, ең байсалды, ең жұмсақ, ең әділ, ең шыншыл, ең ұялшақ адам. Алланың сөзі Құранның адам бойынан көрініс табуы, Құранмен сусындағанның, оған амал жасағанның шынайы келбеті, үлгісі – Мұхаммед Пайғамбарﷺ. Аиша анамыз (оған Алла разы болсын) бұл туралы «Оның мінезі – Құран еді» деп сипаттайды (Муслим).
Адамның бойында өмір сүретін Құран? Ол қандай? Біз ұмтыла алатын биік пе? Көркем мінездерді топтастыру үшін жіберілген көркем жанның өмірінен алынған төмендегі көркем мысалдарды жұқтыра алсақ одан асқан жетістік бар ма?
Ол – ғұмырында жеку сөздерді айтпаған жан
Алла Елшісі ﷺқызметкерлеріне өте кішіпейіл болатын, оларды өзі қалай тамақтанса, солай тамақтандыратын, өзі қалай киінсе, солай киіндіретін, қызметкердің жұмысын өзі істей беретін. Ешқашан қызметкеріне наразы болмайтын, жекімейтін. Ұзақ жылдар оның қызметінде болған Әнәс ибн Мәлик (оған Алла разы болсын): «Мен Алла Елшісініңﷺжұмсақтығына тең келетіндей не жібек, не парша матаны ұстап көрген емеспін және Алла Елшісінің ﷺ бойынан шыққан жұпар иістей иісті еш жерде кездестірген емеспін. Мен Алла Елшісіне ﷺон жыл қызмет еттім, сонда мен бір нәрсе істесем: «Мұны неге істедің?» деп те айтып көрген емес және де егер мен бір нәрсе істемесем: «Сен бұны неге істемедің?» деп те айтқан емес. (Бұхари, Муслим)
Ол – ашулы жұдырықты күліп тұрған жүзбен жеңетін жан
Әнәс ибн Мәлик (оған Алла разы болсын): «Мен бірде үстіне дөрекі (қатқыл) жимекті Нажранда (тоқылған) шапанды жамылған Алланың Елшісімен ﷺбір жерге кетіп бара жатқанымда, бір бәдәуи оны қуып жетіп, шапанының жиегінен қатты тартты. Оның қатты тартқаны соншалық Пайғамбардың ﷺиығында шапанның астарының ізі қалғанын көрдім, ал бәдәуи болса: «Ей, Мұхаммед, өзіңдегі Алланың байлығынан маған бір нәрсе беруін бұйыр», - деді. Бұны естіген Пайғамбар ﷺ бұрылып қарап күлді де, оған бір нәрсе беруге әмір етті (Бұхари , Муслим).
Тағы бірде Пайғамбарға ﷺ қарыз беріп, бірақ, қайтару уақыты келмеген яһудилердің бірі үй көлеңкесінде отырған Алла Елшісінің ﷺ жағасынан ұстап: «Ей, Мұхаммед, қарызымды қайтар! Мен сендер секілді қарыздарын қайтаруды тастап қойған адамдарды көрмедім!» деп дөрекі сөздер айтады. Сонда Омар (оған Алла разы болсын) мұны көріп ашуға беріледі: «Сен осы нәрсені Алланың Елшісіне ﷺ қалай ғана жасадың? Және осы сөздеріңді қалай айттың? Қажет болса, қолымдағы қылышыммен басыңды шабар едім» дейді. Сонда Пайғамбар ﷺ: «Ей, Омар, сен одан да маған қарызымды көркем қайтаруға кеңес берсең қайтті? Және мына кісіге қарызды дұрыс сұрауды үйретсең болмай ма? Бұл кісіге қарызымды қайтар да, әлгі сөздеріңмен үрей сыйлағаның үшін оған қосымша құрма бер» деген екен. Мұны көрген яһуди ислам дінін қабылдайды (Тирмизи).
Ол – дұшпанына дұға жасап, игілік тілей білетін жан
Пайғамбарﷺ дағуат жолында бәріне шыдады. Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қағбада намаз оқып, сәждеге барған кезінде меккелік мүшріктер оны бір күн бұрын сойылған түйенің ішек-қарны, қан-жынымен бастырып қояды. Сөйтіп барлығы Пайғамбарды ﷺәжуалап күледі. Ибн Масғуд: «Егер менде (мүшріктерге)қарсы тұрар қауқар болғанда Алла Елшісінің ﷺ үстінен оны алып тастар едім», – деп қынжылған. Ол біреу барып қызы Фатимаға хабар беріп, ол келіп үстінен түйенің қан-жыны мен ішек-қарнын алып тастағанша сәждеден басын көтере алмай сол қалпында жатқан (Бұхари, Муслим).
Алла Елшісі ﷺТаифтағы сақиф тайпасынан дағуат жолында жәрдем сұрап барғанда, олардың көмектесуден бас тартып, есерсоқтарына таспен атқызғанын есімізге алайықшы. Олардан бас сауғалап қашқан Пайғамбар ﷺрабиға әулетінің бағына келіп паналады. Оның мүбәрак аяқтарынан қан сорғалады. Ол бір жүзім ағашына арқасын сүйеп тұрып Раббысына: «Уа, Алла! Өзіңе күшімнің әлсіздігінен, айла-шарамның аздығынан және адамдарға қорлығымнан шағым жасаймын. Уа, рақымдылардың Рақымдысы! Сен – әлсіздердің Раббысысың әрі менің Раббымсың. Мені кімге тапсырасың?! Жақтырмайтын жатқа ма әлде ісімнің билігін беріп дұшпанға ма? Маған ашулы болмасаң, (көрген қиындығыма) көңіл де аудармаймын...Риза болуың үшін Саған ғана шағым айтамын. Сенікінен өзге күш те, қуат та жоқ», – деп дұға жасайды (Ибн Һишам).
Айша анамыз Алла Елшісінен ﷺ: «Сен үшін Ухуд күнінен ауыр күн болды ма?» – деп сұраған. Алла Елшісі ﷺ Ухуд шайқасында күрек тісі сынып, басы жарылып қанға малынып қайтқан-ды. Пайғамбарﷺ: «Сенің қауымыңнан (құрайыштардан) мен көресімді көрдім. Олардан көргенімнің ең ауыры – Ақаба (Таифтың іргесіндегі мекен)күні. (Сол күні) Ибн Абдуялил ибн Абдукуләлға өзіме (ілесуді) ұсынғанымда, ол менің өтінішіме жауап қатпады. Сонда мен жүзім салыңқы қайтып, Қарн әс-Сағалибқа (Мекке мен Таифтың арасындағы, Меккеден бір күншілік жердегі тау) жеткенше өз-өзіме келе алмадым. Басымды көтерсем, мені бір бұлт көлеңкелеп тұр екен, қарасам, оның ішінде Жәбірейіл тұр. Ол маған: «Расында, Алла қауымыңның саған айтқанын және қайтарған жауабын естіді де, оларға қатысты қалағаныңды бұйыруың үшін саған таулар періштесін жіберді», – деп үн қатты. Сонда таулар періштесі тіл қатып, менімен сәлемдесті де, сосын: «Ей, Мұхаммед! Қалағаныңды (бұйыр), егер қаласаң олардың үстіне Ахшабайнды (сол кезде Меккенің қос қапталында орналасқан екі тау) төңкеремін!» – деді», – деп айтқан.
Бірақ, Пайғамбар ﷺ: «Керісінше, олардың үрім-бұтағынан Алла Тағаланың жалғыз Өзіне, ештеңені серік қоспай ғибадат ететіндерді шығаруын Алладан үміт етемін», – деген (Бұхари, Муслим).
Ол – сабыр мен шүкірдің шыңына жеткен жан
Ол кісі дүние аяғының астында жатса да көбіне-көп аштыққа сабыр ететін. Бір түні Алла Елшісі ﷺ үйінен тысқа шықса, Әбу Бәкір мен Омар да (ол екеуіне Алла разы болсын) сыртта отыр екен. Пайғамбарымыз ﷺ олардан:
– Сендерді мұндай мезгілде үйлеріңнен шығарған не жағдай? – деп сұрады. Олар:
– Аштық, уа, Алланың Елшісі! – деді. Сонда Пайғамбар ﷺ:
– Жаным қолында болған Алламен ант етейін, мені де сендерді шығарған жағдай тысқа шығарды, – деді.
Сосын Алла Елшісі ﷺ ол екеуін ертіп алып мәдиналық Әбул-Һайсам Мәлик ибн Тайиһан деген кісінің үйіне барды. Әбул-Һайсам:
– Ата-анам жолыңда құрбан болсын, уа, Алланың Елшісі! Аллаға мақтау болсын, бүгін мен сияқты қонақтарымен құрметті ешкім жоқ, – деп оларды ішке кіргізіп отырғызып, өзі жүгіріп барып піскені де, піспегені де бар бір құрма бұтағын алып келіп:
– Мынадан жей тұрыңыздар, – деді. Сосын пышағын алып қой союға шықпақ болды. Пайғамбарымыз ﷺ оған:
– Сауын қойларыңды союшы болма, – деп ескертті.
Сөйтіп Әбул-Һайсам қой сойып, ас дайындап әкелді. Олар құрма, сосын ет жеп қарындарын тойғызды. Сол кезде Пайғамбарымыз ﷺ Әбу Бәкір мен Омарға қарап:
– Жаным қолында болған Алламен ант етейін, Қиямет күні осы нығметтен сұраласыңдар. Сендерді аштық үйлеріңнен шығарды, сосын осы нығмет нәсіп болып қайттыңдар, – деді (Муатта).
Омар ибн әл-Хаттаб: «Алла Елшісінің ﷺ аштықтан бұратылып жүргенін көрдім. Талғажау қылар жаман құрма да таппай қалатын» (Ибн Мәжаһ), – деген.
Алла Елшісінің ﷺ отбасы бидай дәніне қол жеткізе алмай көбіне арпа нанын жейтін. Тіпті Айша анамыз: «Мұхаммедтің отбасы ол дүниеден өткенге дейін арпа нанына екі күн қатарынан тойынған емес», – депті (Мәжаһ).
Ол – сұрағанға «жоқ» деп жауап бере алмайтын жан
Алла Елшісініңﷺ жомарттығы теңдессіз еді, адамдарға кедейліктен қорықпайтын жандай тарту жасайтын. Алла Елшісі ﷺжаны да, қолы да жомарт жан еді. Жақсылыққа жоқ демейтін, сұрағанның қолын қайтармайтын. Әнәс ибн Мәликтен риуаят етілген хадисте: бір кісі Пайғамбардан ﷺекі таудың арасындағы қойды (яғни, екі таудың аралығын толтыратындай көп қой) сұрағанда, Пайғамбар ﷺоған осыншама қой береді. Кейін ол тайпасына келіп: «Уа, тайпаластарым! Исламды қабылдаңдар! Алламен ант етейін, ақиқатында Мұхаммед кедейліктен қорықпастан тарту береді екен», – депті.
Әнәс осы хадисті айтқаннан кейін: «Егер кісі Исламды дүниені ғана қалап қабылдаса, дінге кіруімен Ислам ол үшін дүние мен ондағылардан сүйікті болып кететін», – деген (Муслим, Ахмад).
Жәбир ибн Абдуллаһ: «Алла Елшісінен ﷺ әлдене сұралса, ешқашан «жоқ» демейтін», – деген (Бұхари). Яғни, Пайғамбар ﷺ біреу әлдене сұраса, ешқашан бас тартып: «жоқ» демейтін. Қолында болса, сұраушының тілегін қанағаттандыратын да, мүмкіндігі болмаса, үнсіз қынжылыс білдіретін не үзір айтып ақталатын.
Пайғамбарымыз ﷺ сахабаларына жәрдем ретінде мал-дүние ұсынғысы келгенде, олардың жанын жаралап алмауға тырысатын. Бір сапардан қайтып келе жатқанда Алла Елшісі ﷺЖәбир ибн Абдуллаһтан отбасына құр қол бармасын деген ниетпен, әбден шаршап арыған түйесін сатып алады да, оның қолына түйенің құнын ұстатады. Бұл сахаба үйленген, қолына қарап отырған қарындастары бар кедей жігіт болатын. Мәдинаға жеткен соң Жәбир түйені Алла Елшісіне ﷺбермек болғанда, ол кісі түйені де, ақшаны да алудан бас тартады. Пайғамбарымыздың ﷺбұл ісі Жәбир өзін қайыр-садақа алып жатқандай сезінбесін деген ниеттен туған еді (Бұхари).
Ол – шымылдық ішіндегі қыздан да ұялшақ жан
Алла Елшісі ﷺөте ұялшақ, бәрінен арлы жан еді. Әбу Сағид әл-Худри: «Пайғамбарﷺшымылдық ішіндегі қыздан да қатты ұялшақ еді. Егер бірдеңені жақтырмаса, оның жүзінен білінетін», – деген (Бұхари). Ол ешкімнің жүзіне қадалып қарамайтын, жанарын төмен түсіріп, көзін көбіне жерге салып жүретін. Ұялшақтығы мен кеңпейілділігі себепті ешкімге өзіне ұнамайтынды ашып айтпайтын. Біреу туралы өзіне ұнамаған бірдеңе естісе, оның атын атамастан: «Былай жасап жүрген адамдарға не болған?!» – дейтін.
Ол – қарапайымдылық пен кішіпейілдіктің кемел үлгісін көрсеткен жан
Пайғамбарымыз ﷺөте кішіпейіл еді. Атақ-абырой мен мал-дүниеге, мансапқа қызықпайтын. Раббысының алдында өзін құлша ұстап, мүміндерге кішіпейілділік көрсететін, ауру-сырқаулардың көңілін сұрайтын, жоқ-жітіктерге барып халін біліп, оларға қарайласатын, бақытсыздыққа ұшырағандарды жұбататын, адам таңдамайтын, кедейлермен бірге отыруға арланбайтын, балалармен ойнайтын, әйелдерімен қалжыңдасатын, топыраққа отырып, тақыр жерге жататын, адамдардан ерекшеленбеуге тырысатын. Ол: «Шын мәнінде, мен құл ғанамын, құл қалай тамақтанса, солай тамақтанамын, құл қалай отырса, солай отырамын», – деген («Мусаннаф Абдур-Раззақ» (10/415), Ибн Сағдтың «әт-Табақат әл-кубра» кітабы (1/371).
Бірде онымен жолыққан бір кісіні Пайғамбардың ﷺмысы басып, әлгі кісі дірілдеп қорқа бастады. Сонда Алла Елшісі ﷺоған: «Өз-өзіңді бас, мен патша емеспін, шын мәнінде, мен қақталған ет жейтін бір әйелдің баласы ғанамын», – деді («Сунән Ибн Мәжәһ» (3303-хадис).
Алла Елшісі ﷺастамшылықтан алыс еді, төрге шықпайтын, мәжілісте қай жерден орын тисе, сол жерге отыратын, адамдардан ерекшеленуді қаламайтын, сырттан келген адам оны қатардағы адамдардың бірі деп ойлап қалатын.
Ол – ең керемет қожайын болған жан
Пайғамбар ﷺ қолы бос кезінде әйелдеріне көмектесіп, үй қызметтерін істейтін, киімдерін өзі тазалап, өзі жамайтын, үй сыпыратын, қойларын сауатын, ет турап, тамақ таситын. Әсуәд ибн Язид ән-Нахағи: «Айшадан: «Алла Елшісі ﷺ үйінде не істейтін еді?» – деп сұрадым. Ол: «Үй жұмысын істейтін, егер намаз уақыты кірсе, дәрет алып намазға шығатын», – деп жауап берді», – деген («Сахих әл-Бұхари» (635-хадис). Сондай-ақ Айша анамыз: «Алла Елшісі ﷺ аяқ киімін өзі жөндейтін, киімін өзі жамайтын, сендердің әрбіреуің сияқты үйінде жұмыс істейтін. Киімін тазалап, қой сауып, өз қызметін өзі істейтін қарапайым адам еді», – деген («Муснәд Ахмад» (23606, 24998-хадистер).
Пайғамбар ﷺ сапарларының бірінде сахабаларына қой союды бұйырғанда, бір кісі:«Мен оны бауыздаймын», екіншісі: «Мен терісін сыпырамын», ал үшіншісі: «Мен оның етін пісіремін», – деп жұмыстарды өзара бөлуге кірісті. Сонда Пайғамбар ﷺ: «Ал мен отын жинаймын», – деді. Адамдар: «Мұны сенің орныңа біз жасаймыз», – деп өре түрегелген еді, Алла Елшісі ﷺ: «Мұны менің орныма сендердің жасайтындарыңды білемін, бірақ мен сендерден ерекшеленуді қаламаймын. Өйткені Алла пендесін жолдастарынан ерекшеленген күйде көруді ұнатпайды», – деді де, орнынан тұрып отын жинады («Хуласат әс-сиәр» (22-бет).
Оның бүкіл тұрмыс-тіршілігі қарапайым болатын. Жүн шекпен киетін, арпа ұнын жейтін, кедейлердің көлігі есекке мінетін, кезінде қой да баққан. Бірде ол сахабаларына: «Алла қой бақпаған бірде-бір пайғамбарды жіберген емес», – деді. Сахабалар: «Сені де ме?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі ﷺ: «Иә, мен де азын-аулақ ақыға меккеліктердің қойларын бағатынмын», – деген («Сахих әл-Бұхари» (2102-хадис).
Айша анамыз Пайғамбарымызды ﷺ: «Арсыз, әдепсіз емес еді, базарларда шу шығармайтын, жамандыққа жамандықпен жауап қайтармайтын, керісінше, кешіріп, кеңпейілдік танытатын», – деп сипаттаған («Жамиъ әт-Тирмизи» (1936-хадис).
Ол – даналықтың, үнсіздікпен үздік өмір сүрудің үлгісін көрсеткен жан
Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын): «Бір кісі Әбу Бәкірді балағаттады. Ал Пайғамбарﷺтаңғалып, жымиып күліп отырды. Әлгі кісі тілдеп қоймаған соң Әбу Бәкір оған жауап ретінде кейбір сөздерін қайтара айтып қалды. Пайғамбар ﷺ ашуланып орнынан тұрып кетті. Әбу Бәкір оны қуып жетіп: «Уа, Алла Елшісі! Ол мені балағаттап жатқанда отырған едің. Ал мен оған жауап ретінде кей сөздерін қайтарғанымда ашуланып орныңнан тұрып кеттің ғой?!» – деді. Сонда Пайғамбарﷺ: «(Үндемей отырған кезіңде) сенің жаныңда бір періште оған жауап қайтарып отырған. Ал сен оған жауап қайтарған кезде шайтан келді. Ал мен шайтанмен бірге отырмаймын. Ей, Әбу Бәкір! Бәрі де ақиқат үш нәрсе бар: қайсыбір пенде әлдебір зұлымдыққа ұшырағанда, Алла Тағала үшін ұстамдылық танытса, Алла бұл үшін оған жәрдемін күшейтеді; қайсыбір кісі қайырымдылықты қалап сый-сыяпат есігін ашса, Алла оның байлығын арттырады; ал қайсыбір кісі баюды қалап тіленшілік есігін ашса, Алла оның кедейлігін арттырады», – деп айтты», – деген («Муснәд Ахмад» (9251-хадис).
Әнәс: «Алла Елшісі ﷺ (ешқандай) арсыздық жасамайтын, қарғамайтын, тілдемейтін. Өзін біреу тілдесе: «Не болды оған?! Маңдайы топыраққа тигір!» – дейтін», – деп айтқан («Муснәд Ахмад» (12007-хадис).
Ол – әлемдерге мейірім шуағын төгуге келген жан
Бірде Пайғамбарымыз ﷺ немересі – қызы Зәйнәбтың баласының өлуге айналғанын көріп жылайды. Адамдар неге жылағанын сұрағанда: «Бұл – мейірім. Алла оны қалаған пендесінің жүрегіне салады. Сондай-ақ Алла мейірімді пенделеріне ғана мейірім көрсетеді», – деп айтқан (Бұхари).
Ол кісі жақын деп, жат деп бөлмей бәріне бірдей, әсіресе, асырауындағыларға мейірімді, жанашыр еді. Әнәс: «Асырауындағыларға Алла Елшісінен ﷺмейірімді ешкімді көрген емеспін», – деген (Муслим).
Пайғамбар ﷺ адамдарға қиындық тудырудан қатты сақтанып, оларға мүмкіндігінше жеңілдетуге тырысатын. Намазда жас баланың жылаған даусын естісе, ғибадатта тұрған анасына жаны ашып намазды созбауға әрекет жасайтын. Зәйнәбтың қызы, немересі Умама жылағанда оны қолына көтеріп тұрып адамдарға имам болып намаз оқыған. Сәждеге барған кезінде оны жерге қойып, тұрғанда қайта қолына алған (Бұхари).
Бірде намаз оқып тұрып сәждеге барғанында үстіне кішкентай немересі Хасан шығып алады. Пайғамбар ﷺ сәждеде ұзақ болады. Сәлем бергеннен кейін адамдардан кешірім сұрап: «Мына Хасан балам үстіме мініп алды. Басымды көтерсем жерге құлап түсе ме деп қорықтым» дейді.
Алла Елшісі ﷺадамдарға ғана емес, барлық тіршілік иелеріне жанашырлықпен қарайтын. Суһәйл ибн Ханзалияның айтуынша, бірде Пайғамбар ﷺ іші ішіне қабысқан түйені көріп: «Мына тілсіз жануарларға қатысты Алладан қорқыңдар. Оларды дұрыстап мініп, дұрыстап азық етіңдер», – деген (Әбу Дәуд).
Абдуллаһ ибн Масғуд: «Алла Елшісімен ﷺ бір сапарда бірге болдық. Ол түзге шығып кеткен кезде біз екі балапаны бар қызғыш құсты көріп, оның балапандарын ұстап алдық. Қызғыш құс төбемізде айналшақтап ұшып жүрді. Қайтып келген Алла Елшісі ﷺоны көріп: «Мынаны баласынан кім айырды? Оған балапандарын қайтарып беріңдер», – деді. Сондай-ақ біз құмырсқа илеуін көріп, оған от қойған едік, мұны көрген Алла Елшісіﷺ: «Мынаны кім өртеді?» –деп сұрады. «Біз өртедік, уа, Алланың елшісі!» дедік. Сонда ол: «Оттың Раббысынан басқаға (әлденені) отпен азаптауға болмайды» деп айтты» деген (Әбу Дәуд).
Пайғамбар ﷺ: «Ақиқатында, Алла барлық істі жақсы орындауды міндеттеді..., мал соятын болсаңдар да жақсы тәсілмен бауыздаңдар, әрқайсың пышағын өткірлеп, сойылатын малды азаптан құтқарсын», – деп айтқан (Муслим). Сондай-ақ, пышақты сойылатын малды жықпай жатып, оның көзінен тыс жерде қайрап алуды, бір малды екінші малдың көзінше соймауды және малды оны соятын орынға сүйреп апармауды бұйырған.
Ол туралы замандастары сыр шертеді:
Һинд ибн Әбу Һала Алла Елшісін ﷺ сипаттап: «Ол үздіксіз мұңда, әрдайым ойда жүретін, өмірі тынымсыз кісі еді. Қажетсіз сөйлемейтін, ұзақ үнсіз жүретін, бастаған сөзін езулерімен аяқтайтын (мұнда Алла Елшісінің ﷺ аузының үлкендігі сипатталған. Арабтарда үлкен ауыз мақтаулы, ал ауыздың кішкентай болуы ұнамсыз сипат саналатын), аз сөзбен көп мағыналарды қамтып, артық-кемсіз анық сөйлейтін. Биязы жан еді, дөрекі де, елеусіз де емес-ті. Кішкентай игілікті үлкен санайтын, ештеңені айыптамайтын, жеп отырған тағамын талқыламайтын. Ақиқатқа әлдене соқтықса, ол үшін кінәліні жазалағанға дейін ашуын ештеңе баса алмайтын, өзі үшін ашуланбайтын және кеңпейілділігі себепті өзі үшін жазаламайтын. Әлденеге ишара жасаса, бүкіл алақанымен ишара жасайтын, таңғалғанда алақанын төңкеретін, ашуланғанда теріс айналып, бұрылып кететін, қуанғанда жанарын төмен салатын. Көбінесе жымиып қана күлетін және езу тартқанда бұршақтай аппақ тістері көрінетін.
Тілін өзіне қатысы жоқтан сақтайтын, сахабаларын ымыраға келтіріп, бөлінулеріне жол бермейтін. Әр тайпаның құрметтісін сыйлайтын, осындай адамды тайпаластарына басшы етіп тағайындайтын. Бөтен адамдардан сақтанғанымен, ешкімнен жасырынбайтын.
Сахабаларын көрмей қалса іздейтін, адамдардан халықтың арасында не болып жатқаны туралы сұрайтын, жақсыны жақсы деп бағалап, оны дұрыстайтын, жаманды жаман деп бағалап, оны төмендететін, барлық істе орташа қалыпты ұстанып, осыдан ауытқымайтын. Басқалардың бейғамдыққа салынуынан және кейін тартуынан қауіптеніп, бейғамдыққа жол бермейтін, әрбір жағдайға дайын тұратын. Ақиқатқа қатысты кемшілік жібермейтін және одан ауытқымайтын. Оның етегін ала отыратындар адамдардың таңдаулылары еді, оның алдында адамдардың ең артықшылыққа иелері жалпыға адалдық көрсететіндері, дәрежесі ең үлкендері өзгелерге ең көп қолдау, көмек беретіндері еді.
Отырса да, тұрса да Алланы есіне алатын. Орын таңдамайтын, адамдарға келсе, мәжілістегілердің шетіне отыратын және басқаларға да осыны бұйыратын. Әрбір сұхбаттасқан адамына лайықты сый көрсететін, тіпті онымен сұхбаттасқан жан ол үшін өзінен құрметті ешкім жоқ деп ойлайтын. Біреу әлдебір шаруасымен келіп қасына отырса немесе жанында тұрса, ол алдынан кеткенге дейін сабыр сақтайтын. Біреу керегін сұраса, сұрағанын беретін немесе жылы сөзін айтып қайтаратын. Барлық адамдар оның кеңдігі мен көркем мінезін көретін. Осылай ол мұсылмандардың әкесіне, ал мұсылмандар оның алдында шынымен де жақын жандарға айналды, оның алдында адамдар артықшылыққа тақуалықтары арқылы ие болатын. Оның мәжілісі биязылық пен ұяттылықтың, сабырлылық пен аманатшылдықтың мәжілісі еді. Оның мәжілісінде дауыстар көтерілмейтін, әйелдер туралы жаман сөз қозғалмайтын, ағаттықтар сөз болмайтын, адамдар тақуалық арқылы бір-біріне жанашырлық танытатын, үлкенді құрметтеп, кішіге мейірім көрсететін, мұқтаждың қажетін өтейтін, жатты жақын тартатын.
Ол әрдайым жылы жүзді, биязы мінезді, жанындағыларға жайлы кісі еді, дөрекі де, қатыгез де емес-ті. Шу көтермейтін, арсыздық жасамайтын, біреуді мінемейтін, шектен тыс қолпаштап мақтамайтын, өзіне ұнамайтынға көз жұма қарайтын және одан қол үзіп кетпейтін. Өзіне қатысты үш нәрседен: көзкөрсін риядан, көп сөйлеуден және өзіне маңызы жоқтан тыйылатын. Адамдарға қатысты да үш нәрседен: біреуді жамандаудан, жазғырудан және айыбын іздеуден тыйылатын. Сауабын үміт ететін сөзді ғана сөйлейтін. Ол сөйлегенде мәжілісіндегілер үнсіздік сақтап, бастарына құс қонғандай халге енетін де, ол сөзін аяқтаған соң сөйлеуге кірісетін, бірақ оның алдында сөз таластырмайтын. Біреу оның алдында сөйлесе, сөзін аяқтағанға дейін мәжілістегілер оған құлақ салатын және алғашқылары қозғаған тақырыпта сөйлесетін. Ол сахабаларының күлгеніне күлетін, таңғалғандарына таңғалатын. Жатжерліктердің дөрекі сөздеріне сабыр ететін және: «мұқтаждың өзіне қажеттіні сұрағанын көрсеңдер, қажетін қанағаттандырыңдар», – дейтін. Мақтауды шын Марапаттаушы Алладан ғана күтетін», – деген (Қазы Ғиядтың «әш-Шифа» (1/121-126) және әт-Тирмизидің «Шәмәил» кітаптары).
Харижа ибн Зәйдтің: «Пайғамбар ﷺ мәжілісінде ең құрметті адам еді, отырғанында аяқ-қолдарын созбайтын, көбіне үнсіздік сақтайтын, қажетсіз сөйлемейтін, жаман сөздерді сөйлеген адамнан теріс бұрылатын. Езу тартып қана күлетін, артық-кемсіз анық сөйлейтін. Сахабалары да оны құрметтеулері және оны үлгі тұтулары себепті оның алдында езу тартып қана күлетін», – дегені риуаят етілген (Қазы Ғиядтың «әш-Шифа» кітабы (1/107).
Я, Алла! Мұхаммедке және оның отбасына Ибраһимге және Ибраһимның отбасына салауат еткеніңдей салауат ет! Шын мәнінде, Сен – Мақтауға лайық, аса Даңқтысың!
Я, Алла! Мұхаммедке және оның отбасына Ибраһимге және Ибраһимның отбасына береке бергеніңдей береке бер! Шын мәнінде, Сен – Мақтауға лайық, аса Даңқтысың!