https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Мұхаммед Әлидің Исламға келуіне себепкер болған Малкольм Икс туралы не білесіз?

12 Dec 2015 0 comment Оқылды: 1499 рет
Малкольмнің Исламға дейінгі өмірі

Малкольм Литтл 1925 жылы 19 мамырда Небраска штатының Омаха қаласында дүниеге келген. Анасы мектепте ұстаздық етсе, әкесі баптист, яғни дін қызметкері болатын. Ол Американың қара нәсілділерді жануарға теңеп, адам қатарына қоспайтын кезі. Мұндай қысымға шыдай алмаған Эрл Литтл азат өмір сүру үшін қара нәсілділерді өздерінің тарихи отаны Африкаға қайтуға үгіттей бастайды. Оған алты ағасының төртеуі ақ нәсілділердің құлдығында қайтыс болғаны да себеп болса керек. Сонымен не керек, расистер Малкольмнің әкесіне де тыныштық бермеді. Үйін өртеп қоқан-лоққы көрсетті. Ақырында пойыздың рельсіне таңып, байлап тастап өлтірді. Бұл кезде Малкольмнің жасы небәрі алтыда болатын. Міне, осы кезден оның бойында ақ нәсілділерге деген өшпенділік қалыптасты. Малкольм тоғызға келгенде анасы басына түскен ауыртпалықтарға шыдай алмай, жүйке ауруларының ауруханасына жатқызылады. Панасыз қалған Малкольм Мичиган штатының Лансинг қаласындағы балалар үйіне орналастырылады. Алтыншы сыныпқа дейін жақсы оқыған ол заңгер болуды армандайды. Бірақ ақ нәсілді ұстазының «Заңгер болу негрге қол емес, өзіңе лайық мамандық таңда» деген сөзіне намыстанған ол 12 жасында мектепті тастап кетеді. 14 жастан 21-ге дейін түрлі жолмен ақша тапқан Малкольм кейін Бостондағы әпкесінің қолына келеді. Үлкен қалада ол айналыспаған қарақшылық іс қалмайды. Ұрлықшы, нашақор, зинақорға айналады. Есірткі сатып, жеңгетайлық жасауға дейін барады. Оның қылмыс әлеміндегі лақап аты шашының қызғылт түсіне орай «Жирен» («Рыжий») болатын. Әрине, мұндай жолмен жүргендердің өмірінің соңы екі-ақ жерде жалғасатын еді. Бірі – түрме болса, екіншісі – мезгілсіз келетін өлім. Малкольмге біріншісі бұйырған екен. 19 жасында ұрлық жасағаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылып, түрмеге кете барды.

Түрмеде отырып, Исламмен танысу

Алла қалаған адамына иман береді, қалаған адамын тура жолға салады ғой. Түрмедегі Малкольмнің Элайдж Мұхаммед басқаратын «Ислам ұлты» қозғалысының мүшесі Джон Бембримен таныстығы өміріндегі үлкен бетбұрысқа себеп болды. Бембри қара нәсілділердің теңдігі туралы сөз қозғап, өзі білетін Ислам қағидаларын Малкольмге түсіндіреді. Бірақ «Ислам ұлты» ұйымының адамдарын Ислам дінін толық ұстанатын мұсылмандар еді деп айту қиын. Өйткені олардың күпірлікке толы «Алла қара адамның, яғни Уоллес Фаррд Мұхаммедтің бейнесінде жерге 1935 жылы келді» деген сөздері бар-тын. Уоллес кейіннен Элайдж Мұхммедті өзінің елшісі етіп тағайындап кетеді. Осы Элайдж Мұхаммед «Жұмақ та, тозақ та жоқ, оның бәрі осы дүниеде» дегенді айтты. Оның басқа да Исламға қайшы келетін көптеген күпірлігі бар болатын. Бірақ дәл сол сәтте Малкольмнің Ислам дінінен мүлде хабары жоқ еді. «Ислам ұлты» қозғалысы өкілдерінің «Біз шошқаның етін жемейміз», – дегенін естігенде, анасының мұны балалар үйіне әкетіп бара жатқанда «Ұлыма шошқа етін жегізбеңдерші», – деп шыр-пыр болғанын есіне алды. Анасы сондай тақуа жан еді. «Ішімдік ішпейміз, наша шекпейміз, зина жасамаймыз. Ақ нәсілділердің алдында өз құқығымызды қорғаймыз. Құдай біздің жағымызда», – дегеннің бәрі құлағына жақты. Азат болуды ойлады, ақ нәсілділермен тең дәрежеде сөйлескісі келді. Нашақорлық, ішімдікке үйірлік секілді әдеттерін тастады. Шошқа мен зинадан бас тартты. Алла тыйым салған нәрселерден тыйылғаннан кейін оның жүрегі тазара бастады. Христиан дінін жеккөретіндігі үшін түрмеде «Шайтан» атанса, Ислам дініне өткеннен кейін үлгілі мұсылмандардың біріне айналды. Малкольм солай түрмеде отырып-ақ «Ислам ұлты» қозғалысының мүшелерінің бірі болды. Ақ нәсілділерді жеңу үшін біліммен қарулану керектігін жақсы түсінді. Қайғы-қасіретінің барлығын ұмытып, оқуға ден қоя бастайды. Осы кездер туралы естелігінде Малкольм түрмеде отырса да, өзін бостандықта жүргендей сезінгенін есіне алады. Түрмеден шыққанынша Америкадағы қара нәсілділер ұйымының көсемі Элайдж Мұхаммедпен үзбей хат жазысып тұрды. Элайдж оған Америкаға күшпен қоныс аударған ата-баба тарихын айтып берді. Қара нәсілділердің өз фамилияларынан айырылып қалғанын, қазір иемденіп жүрген фамилиялары құлдықта ұстаған иелерінің меншігі екенін білдіретінін естиді. Малкольм осы 1950 жылдан өзінің «Литтл» атты фамилиясынан бас тартып, өзін «Х» яғни «белгісіз» деген фамилиямен атай бастайды. Ол осылай ақ нәсілділер мойнына ілген құлдық қамытынан құтылмақ болған еді.

Ағылшын тілінің 24 мың сөзін жаттап алған Малкольм

Малкольм Икс өзіне кесілген 15 жылдың 9 жылын түрмеде өткізіп, 1952 жылдың тамызында мерзімінен бұрын босап шығады. Ол бостандыққа шыққанда интеллектуалдық деңгейі ең жоғары дәржеде еді. «Алтыншы сыныпта оқуды тастап кеткен, кейін түрмеде отырған адам ондай жоғары дәрежеге қалай жетті?» деп ойлауыңыз заңды да. Малкольм дінді білгеннен, оны қабылдағаннан кейінгі өмірі туралы былай дейді: «Мен осыдан кейін өтірік айтқан жоқпын. Ұрлық жасап, бөтен әйелге көз салған емеспін. Осыдан кейін ішімдікті де аузыма алмадым. Нашаға да жоламадым. Темекі шекпедім, құмар ойындарын ойнамадым. Себебі мен өзіме Алланың құлы болуға, Оған ғана қызмет етуге серт берген едім». Алланы таныған Малкольм түрме кітапханасын түгелдей оқып тауысады. Түрмеде болған уақыттың төрт жылында ағылшын тілінің бүкіл сөздігін, яғни 24 мың сөзді жаттап алады. Ол: «Жауымыз бізді тілімен жеңіп отыр. Сондықтан мен оларды өздерінің тілімен жеңгім келеді» деп ағылшын тілін ақ нәсілді америкалықтардан артық меңгерді. Сөздіктерді жаттап, адамдар колледжде, университетте оқитын математика, тарих, ботаника, биология, әлеуметтану, психология ғылымдарының барлық негізгі кітаптарын оқып болған соң «мен оқуды бітірдім» деп жариялады. Кейін осы уақыттары оқыған кітаптары туралы үлкен-үлкен очерктер жазды. Солай түрмеден жарты әлемнің білімін арқалап шыққан Малкольм азаттықта дін жолындағы қызметін бастап кеткен еді.

 

50 мың адамды «Ислам ұлты» ұйымына кіргізген Малкольм

«Ислам ұлты» қозғалысы өздерінің құлшылық ететін үйлерін «мешіт» деп атамайтын, «Мұхаммедтің Ислам храмдары» дейтін. Олардың алғашқы храмдарының іргесі 1953 жылы маусымда Детройтта қаланып, Малкольм негізгі дін қызметкерінің көмекшісіне айналады. Дәл сол жылы Бостонда 11-ші храм салынса, 12-ші құлшылық үйі 1954 жылы наурызда Филадельфияда бой көтереді. Олардың «Мұхаммед айтады» атты газеттері жарық көрді. Білімді, сөзге шешен Малкольм Икс аз уақытта «Ислам ұлтының» лидерлерінің біріне айналды. Оны көргендер бойы 2 метрге жуық, үнемі тап-тұйнақтай, тап-таза жүретін еді деп сипаттайды. Ал сөйлегенде адамдарды баурап алатын, айтқанына сендіретін ерекше қасиет болатын дейді. Оның артынан ерген афроамерикандықтардың санында есеп жоқ еді. Макольмнің өмірін зерттеушілердің жазуынша оның түрмеден шыққаннан 1960 жылдарға дейінгі тынымсыз қызметінің нәтижесінде «Ислам ұлтының» мүшелерінің саны 1200 адамнан 70 000 адамға дейін өскен екен. Олардың арасы аты аңызға айналған боксшы Мұхаммед Әли де болатын. Малкольммен енді билік те санаса бастайды.     

Мұсылман шариғатына сай үйлену

1955 жылы Малкольм өзінің лекцияларына жиі келетін Бетти Сандерс атты арумен танысады. Кейін ол қыз да аты-жөнін Бетти Икс деп өзгертіп, «Ислам ұлты» ұйымына мүше болады. Исламның өзі білетін қағидаларын, соның ішінде қызбен кездесуге қатысты тыйымдарын қатаң ұстанған Малкольм Беттимен ешқашан оңаша кездеспейді. Тек көпшілік жүретін музей, кітапханаларға шақырып, әңгімелесіп жүрді. Ал 1958 жылы телефонмен үйленуге ұсыныс айтып, екі күннен кейін шаңырақ көтерді. Бетти Малкольмге алты қыз туып берді әрі естеліктерінде оның өте үлгілі мұсылман, отбасына қамқор әке болғанын айтады.  

Ақиқатты іздеп қажылыққа аттанған Малкольм

Уақыт өте Малкольм Икстің «Ислам ұлты» ұйымымен қарым-қатынасы күрделіленіп кетті. Ол ұйым басшыларының сөзі мен ісі сай келмейтінін байқап, некесіз балалары бар екенін біледі. Ал олар Макольмнің мұншалық танымалдылығы Элайдж Мұхаммедтің абыройына нұқсан келтіреді деп түсінді. Ақыры не керек, 1964 жылдың 8 наурызында Малкольм Икс бұл ұйымнан кеткенін ресми түрде мәлімдейді. Бірақ Ислам дінін ары қарай да ұстана беретінін, өзі жеке қара нәсілділердің құқығын қорғайтын ұйым құратынын айтады. Айтса айтқанындай ол діни «Ислам мешіті корпорациясы» мен зайырлы «Афроамерикандықтар бірлестігі» ұйымдарын құрады.

Малкольм өзін үнемі жетілдірген, ақиқатты іздеген адам болды. Ол өмірінің аяқталуына бірнеше ай қалғанда ғана нағыз Исламды Меккеден тапты. Сүннит достарының бірі оған: «Малкольм, егер Исламды шын танығың келсе, қажылық жаса, Меккеге бар. Жолыңның қаражатын мен көтерейін», – деп дұрыс жолға бағыттап жіберді. Жиддаға келген кезін Икстің өзі былай суреттейді: «Мен өзімді Ислам дінінің қызметшісі санап жүріппін. Бірақ ақымақ екенмін. Мұсылмандарша құлшылық жасауды да, тіпті дұрыс дәрет алуды да білмейді екенмін ғой. Мұнда келіп, Ислам туралы ештеңе білмейтінімді ұқтым». Расымен де ол Құранның бетін Жиддада алғаш ашты. Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) кім екенін сол жерде түсінді. 1964 жылы сәуірде қайтадан шәһадат айтты. Қажылықты қалай атқаруды үйренді. Арабтар да ағылшын тілінде сөйлеп, құжаты Америкадан келгенін айғақтап тұрған Малкольмнің мұсылмандығына алғашында сенбеді. Тек бұрыннан таныс Мысыр елшісі Абдурахман Хасан Аззамның куәлігінен кейін ғана оны қасиетті Мекке қаласына кіргізді. Қасиетті мекенге табан тигізгендегі Икстің алған әсері ерекше еді. Алты күн өткеннен кейін ол сондағы әсерінің бәрін сипаттап, Минадан Арафатқа аттанайын деп тұрған жерінде Америкаға хат жазды. Хаты бойсұнған, өкінген тәубе еткен, өзін құлшылықпен тазартқан адамның хаты еді.

Малкольмнің Американы дүр сілкіндірген Меккеден жазған хаты

Мен Ибраһим (а.с.) мен Мұхаммедтің (с.а.у.) үйі, басқа да қасиетті кітаптар келген көптеген пайғамбарлардың отаны болған қасиетті жерге табаным тигенге дейін мұншалық қонақжайлық пен осыншалық дін бауырластығын көрмеген, сезінбеген екенмін. Осында болған бір аптада терілерінің түсі әркелкі болғанына қарамастан айналамдағылардың маған көрсеткен мейіріміне таңғалып, таңырқағаным сондай, тілімді жұтып қойғандай күйде жүрмін.

Маған берілген ең үлкен нығмет – қасиетті қала Меккеге келуім шығар. Мұхаммед атты жас топ басшымызбен Қағбаны жеті рет айналып шығып, Зәм-зәм бұлағынан су іштім. Сафа мен Мәруаның арасында жеті рет жүгірдім. Мина жазығы мен Арафат тауында құлшылық еттім.

Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген ондаған мың қажылар бар. Олардың түрлері де, түстері де әртүрлі. Бірінің көзі көк, түрі аққұба болса, бірі – қап-қара африкалықтың дәл өзі. Соған қарамастан біз қажылық рәсімдерінің барлығын бірге атқардық, нағыз бауырластықтың үлгісін көрсеттік. Өз тәжірибемнен білемін ғой, Америкадағы ақ нәсілділер мен қара нәсілділердің арасында мұндай жағдайдың орын алуы ешқашан мүмкін еместей.

Америкаға Исламды дұрыс түсіну ауадай қажет. Себебі, қоғамдағы нәсілдік бөлінушілік пен өшпенділікті жоятын бірден-бір дін осы ғана. Мұсылман әлеміне жасаған осы сапарым барысында жүректері Исламмен тазаланған ақ нәсілді адамдармен кездестім, сөйлестім, тіпті бірге тамақ іштім. Мұндай жағдайдың Америкада мүмкін емес екендігі бесенеден белгілі. Түрлеріне, түстеріне қарамастан адамдар арасында шынайы бауырластық, бір-бірін жақсы көру дегеннің болатынын осында жүріп ұқтым.

Менің бұл сөздерім сізді таңғалдыруы мүмкін. Шынымен де, осы қажылық барысында көрген-білгендерім мені ойлануға, өткеніме қайта үңілуге мәжбүрледі. Бұрынғы көзқарастарым мен ойларымнан оңай бас тарттым. Себебі мен шындықтың бетіне тура қарап, оны сол қалпында қабылдап, білімімді жетілдіріп үйренген адаммын ғой. Мен ақиқатты іздеу жолында әлемге сергек қарауға тырыстым емес пе?!

Америкалықтар бір Құдайға сиына бастаса, адамзаттың да бір қалыптан шыққанын түсінер еді деп ойлаймын. Оны түсінсе терісінің түсі үшін адамдарға жасаған жаманшылықтарынан да арылар еді. Америкадағы нәсілшілдік ауруы жазылмайтын рак сынды. Германияның немістерін де құртқан расизм еді ғой. Ендеше Американы мына жамандықтан құтқаратын уақыт келген сынды.

Қасиетті жерде жүріп Америкадағы ақ адамдар мен қара нәсілділердің арасындағы жағдайды түсіне түскендеймін. Америкалық негрді нәсілшіл деп кінәлауға болмайды, ол тек америкалық ақ адамдар тарапынан қаншама жыл бойы көрсетілген кемсітулерге жауап берді. Расизм Американы құрдымға тартып бара жатқандықтан, өз тәжірибеме көз жүгірте отырып, ақ нәсілділердің болашақ ұрпақтары, колледж, университеттерде оқитын студенттері жалғыз жол – ақиқат жолына түсіп, расизмге қарсы тұратынына сенемін.

Осыған дейін маған дәл осындай құрмет ешқашан көрсетілген емес. Бірнеше күн бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының елшісі, корольдердің қонағы болып жүрген ақ адам маған өзінің қонақүй жабдықтары мен төсегін ұсынды. Америкада мұндай құрмет тек корольдерге көрсетілетінін білетін мен, өзіме, қара негрге осындай құрмет көрсетіледі деп ойладым ба?

Мен – расист емеспін. Өткен өмірімде ақ нәсілді адамдардың барлығын кінәладым, менің сөздерім олардың кінәсіздеріне де зиян тигізген болуы мүмкін. Діни білімім өсіп, қасиетті қала Меккеге қажылығымнан кейін ешбір нәсілді кінәламаймын. Енді мен сүннетті ұстанатын, нағыз, шын мұсылманның жолымен жүруге тырысамын. Қайталап айтамын, мен – расист емеспін, енді олардың пікірлерін қолдамаймын. Маған енді азаттық, теңдік, әділдік қана керек. Шын жүрегіммен барлық адамның бақытты болғанын қалаймын.

Мен қасиетті қаладағы қажылығымды жаңа ғана аяқтадым. Мұсылман еместерге кіруге тиым салынған бұл қалаға ең болмаса 10 америкалықтың келгеніне күмәнім бар. Америкада туған афроамерикалықтардың арасынан қажылық жасаған бірінші адам мен шығармын.

Барлық мақтау-мадақатар мен шүкіршіліктер Әлемдердің Раббысына ғана болсын!».        

Афроамерикандық мұсылман, адам құқығын қорғаушы Макольм Икстің 1964 жылы Меккеден өз қолымен жазған осы алты бет хаты 51 жылдан кейін 2015 жылы  Калифорнияның зат сақтайтын шкафтарының бірінен табылған. Бүгінгі күні бұл хаттың құны 1,25 млн доллар. Бұл дін соңынан ерген адамның дәрежесін осылай көтеріп қойды.

 

Барлық адамға бақыт тілеп, расистіктен бас тартқан Малик Шабаз

Пайғамбарымыз (с.а.у.) шын ниетпен қажылық жасаған адамның анадан жаңа туғандай тазаратынын айтады. Біз де Малкольмнің сондай адамдардан болуын үміт етеміз. Ол Малкольм Икс боп Меккеге барып, Малик Шабаз қажы болып қайтты. Тазарған, шынайы күйде өкінген, құлшылық істеуге ұмтылған күйде қайтты. Ол: «Меккеден қайтқан жолда 7 мемлекеттен өттім. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ЦРУ) адамдары мені бес рет өлтіре жаздады», – деп жазды. Алланың жаулары ол кезде де бар болатын. Бірақ Малик Шабаз Мысыр, Судан, Нигерия, Эфиопия, Алжир, Марокко, Франция, Ұлыбритания елдерінде болып, көптеген халықтың алдында асыл дініміз туралы лекциялар оқыды. Оның Америкаға жазған «Мен Америкаға оралған соң оларға Ислам туралы бар шындықты айтамын. Өзім адастырған адамдарды тура жолға шақырамын. Элайдж Мұхаммедтің өтірікші екенін, «Ислам ұлты» қозғалысының қылмысты ұйым екенін әшкерелеймін. Ал Американың менің ата-бабаларыма істеген қысастығын әлемге әйгілеймін» деген хаты 1964 жылдың қарашасында «Нью-Йорк Таймс» газетінде жарық көреді. Америка оның атының өзінен қорықты. Артына Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің (ЦРУ) адамдарын салып қойды. Үш рет у беріп өлтірмек болды.  

Қажылық Малкольм Икстің ұстанымын да, көзқарасын да мүлде басқа бағытқа өзгертті. Оған дейін «ақ адам – шайтан, түптің-түбінде қара адам оны жеңеді» деген расистік көзқарасынан бас тартты. Америкаға келгеннен кейін Малкольмнің үні бүкіл газет беттерінен, радио-телевидениеден естіліп жатыр еді.

Әрине, «Ислам ұлты» ұйымы оны солай қалдыра салған жоқ. 1965 жылы 21 ақпанда оны кезекті лекциясының алдында атып өлтірді. Мұсылман ғалымдары оның шәһиттердің қатарынан табылуын үміт етеді. Малкольмді соңғы сапарға шығарып салуға 30 мыңнан астам адам келді. Американың негізгі Бұқаралық ақпарат құралдары да сонда еді. Олар тікелей эфирден Американың мұсылман көшбасшысы туралы хабар таратып жатты. Солай қара нәсілділерге теңдік әперем деп бұлқынған жүрек оны Исламнан кездестірген күйінде тыныштық тапты. Бүгінде Америкада Малкольмнің әсерімен жүректеріне Исламның дәні себілген талай мұсылман бар. Олардың саны Алла қаласа ақырет күніне дейін жалғаса беретініне де сенімдіміз.

 

 
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз