Ассаламуғалейкум! Молда Хұсрау жайында мағлұмат алғым келеді.
Жауап: Уағалейкумуссалам!
Молда Хусрау жайлы бірер сөз.
Аты жөні: Мехмет ибн Фарамурз ибн Қожа Әли.
Тегі: Тарихи деректерде түрікмендердің Уарсақ атты руынан шыққан деген мәлімет кездеседі.
Туған жері: Қазіргі Түркия республикасы, Сивас аймағы мен Токат аймағы аралығында орналасқан ауылдардың бірінде дүниеге келген.
Туған жылы: Қай жылы дүниеге келгендігі нақты дерек жоқ.
Лақабы: Молда Хусрау. Әйгілі ғалым Ташкөпризаданың айтуы бойынша әкесі Фарамурз дүниеден өткеннен кейін, жасы кіші Мехметті жездесі Хусрау мырза өз қарауына алады. Осы себептен алғашқы жылдары «Хусраудың қайнысы» деген лақап тағылады. Есейген жылдары тікелей жездесінің атымен толықтай танылады. (Қар. әш-Шақаиқ, 116 бет)
Білім жолына түсуі:
Деректер молда Хусраудың өз замананында өмір сүрген үлкен ғалымдардан білім алғандығын көрсетеді. Олардың арасында танымал ғұлама, молда Фәнәридің ұлы, Бурса қаласының қазысы Юсуф Балиден ижазат алады. Атап айтсақ әйгілі ғалым, ақида ғылымының білгірі Сағдуд-дин әт-Тафтазанидің (722-792) шәкірттерінің бірі Бурһануд-дин Хайдар әл-Һарауиден, молла Яған және шейх Хамза секілді осман халифатының мәшһүр ғалымдарынан дәріс алды.
Қызмет жолы:
Алғашқы ресми қызметін һижри 839жылы (1435) Едирнедегі Шаһ Мәлак медресесінің мударрисі болып бастайды. Осман сұлтаны 2 Мұраттың, билікті ұлы Мехметке тапсырған жылы (848/1444) әскердің бас қазисы қызметіне тағайындалады. Алайда 2 Мұраттың екінші мәрте таққа қайта отыратын аталмыш қызметті өз еркімен тәрк етеді. 851-854/1447-1450 жылдар аралығында Едирне қазисы қыметін атқарады. Кейбір деректерде тақтан түскен 2 Мехметпен бірге Манисаға кетті деген мәлімет бар. Сұлтан 2 Мехметтің екінші мәрте таққа отыруынан кейін молда Хусраудың қандай қызмет атқарғындығына байланысты нақыты дерек жоқ. Алайда Стамбулды бағындыру жылында (1453) 2 Мехмет сұлтанды қолдағандардың бірі ретінде танылған. Стамбулдың алғашқы қазисы Хызыр бей дүниеден өткеннен кейін (863/1459), Стамбулдың қазилық қызметіне молда Хусрау тағайындалады. Сонымен қатар оған Ускудар мен Галата қазилық қызметі және Айасофия медресісінің ұстаздық қызметі беріледі. Бағзы деректерде 877 жылы (1472) бір тойда сұлтан Фатих 2 Мехмет әйгілі ғалым молда Ғураниді оң жағына, ал молда Хусрауды сол жағына отырғызады. Сұлтанның аталмыш әрекетін ғылыми дәрежесіне сай көрмеген ол қызметтен бас тартып, Бурса қаласына кетіп қалады. Бурсада бір жер сатып алып, «Хусрау» атындағы медресе салдырады. Сол жерде дәріс бере бастайды. Алайда Фатих Сұлтан 2 Мехмет молда Хұсрауды Стамбулға қайта алдырады. Шамамен 878 жылы (1473) оны қайта Стамбул қазисы етіп тағайындайды. Ол қайтыс болғанға (885/1480) дейін аталмыш қызметті атқарады.
Қарапайымдылығы:
Молда Хусрау дәулетті кісі бола тұра, қарапайым ғұмыр кешуді артық көрген. Байсалдылығымен, жақсылық жасауға құмарлығымен, тақуалығымен танылып, халықтың ыстық ықыласына, құрметіне бөленген ғалымдардың бірі болған. Қазилық қызметті ықылассыз қабыл еткендігін тілге тиек еткен молда Хусрау бір жағынан уақытты босқа сарп етумен сыналғандығын қайғыра алға тартады. Екінші жағынан құқық саласына тікелей араласуы арқылы, аталмыш салада «Ғұрарул-Ахкам» атты еңбек жазуға итермелегендігін айтып, хайырлы бір сынақ болғандығын сөз етеді. Ол бір сөзінде, Ғұрарул-Ахкам атты еңбегін жазып бітіруге шақ қалғанда қазилық қызметтен құтылғандығын, және осылайша іркес-тіркес келіп қалған екі нығметтің шүкірі ретінде оған шарх (түсінік ) кітабын жазуға кіріскендігін айтады. (Қар. Дурарул-Хуккам, 1том/3 бет)
Ғылыми жолы:
Тарих кітаптарына Фатих сұлтан 2 Мехметтің молда Хусрауға үлкен құрмет көрсеткіндігін, қатты жақсы көргендігіне қатысты деректерді көптеп кездестіруге болады. Тіпті сұлтанның ол жайында «Осы заманның Әбу Ханифасы» деп айтатындығы нақыл етілген. Осман халифаты құқық тарихының ең көрнекті өкілдерінің бірі саналатын молда Хусрау, сұлтанның құзырында тұрақты өткізіліп тұрған ғылыми тартыстарда «ғұламалар басшысы» ретінде төрелік жүргізетін болған. Ол фиқһ, усулул-фиқһ, тәфсір, араб тілі және әдебиеті, каллиграфия секілді ғылым салаларында құнды еңбектер жазған ғалым. Усулул-фиқһ ғылымына қатысты жазған «Мир-атул-Усул», және фиқһ ғылымына қатысты жазған «Дурарул-Хуккам» атты еңбектері ұзақ жылдар бойы осман халифатындағы медреселерде дәріс кітабы ретінде қолданылған. Фатих сұлтан 2 Мехмет өз атына салдырған әйгілі мешіттің жанынан «Сахн-Саман» атты медресе салдырады. Аталмыш медресенің оқу бағдарламасын сұлтанның бастамасымен бас уәзір Махмұд паша, молда Хусрау және Әли Құсшы жасайды. Осылайша молда Хусрау осман халиифатының ғылыми мектебінің қалыптасуына үлкен септігін тигізеді.
Шәкірттері:
1. Зәнбилли Али Жамали Әфанди (932/1526)
2. Фәнари Хасан Шелеби (891/1486)
3. Молла Хасан Самсуни (881/1476)
4. Ахизада Юсуф ибн Жунайыд әт-Тоқати (905/1500) т.б.
Еңбектері:
1. Мирқатул-усул илә илмил-усул. Усулул-фиқһ ғылымына қатысты еңбек. Аталмыш кітапка Мир-атул-Усул атты шарх (түсініктеме) жазған.
2. Дурарул-Хуккам. Молла Хусраудың Ғурарул-Ахкам атты кітабына жазған шарх (түсініктеме) кітабы. Фиқһ ғылымына қатысты. Тағы да басқа көптеген құнды шариғи шығармаларды авторы.
Молда Хусрау һижри 855/1480 жылы дүниеден өтеді. Денесі Бурсаға апарылып, Хусрау медресесінің қабірстанына жерленді. Жәләлуд-дин атты бір ұлы, Хусраузада лақабымен танылған Мұстафа Әфанди атты немересі болғандығы кейбір деректерде кездеседі. Бурса қаласындағы медресесінен басқа Стамбул қаласы, Шәһзадабашы ауданында өзінің атынан салдырған бір мешіті әлі күнге дейін бар. Алла оны рақымына бөлесін!
Мағлұмат: «Turkiye Diyanet Vakfi Islam Ansiklopedisi, 30 cilt, 252-254 sayfasindaki Molla Husrev maddesinden» алынған.