ән-Ну‘ман бин Сабит бин әл-Мәрзубән әл-Куфи атақты парсы әулетінен шыққан және Ауғаныстанның астанасы Қабылда дүниеге келген. Оның атасы әл-Мәрзубән екінші салиқалы халифа Омар ибн әл-Хаттабтың, Алла оған разы болсын, билік құру кезінде Исламды қабылдады және Куфаға көшіп барды.
Ең таралған пікірге сәйкес, Әбу Ханифа, Алла оны рахым етсін, хижраның 80 жылы Куфа қаласында дүниеге келді. Сол кезде халифалық билік Абд әл Мәлик бин Мәруанның, Алла оны рахым етсін, қолында еді.
Имамның сыртқы бейнесі және адамгершілік сипаттары
Имам Әбу Ханифа, Алла Тағала оны рахым етсін, орта бойдан биіктеу, қараторы адам болған. Ол ұнамды және жылы жүзді келбетке ие еді, ұзын сақалы бар еді, әдемі киім, сәлде және жеңіл аяқ киім киетін. Оның дауысы әдемі еді, сөзге шешен болатын, хош иістерді жиі пайдаланатын және олардың иістерінен оның келгенін білуге болатын. Ол ерекше арық еді, өйткені Алладан қорққандығынан және ұзақ ғибадаттарынан оның сүйектерінде май түгілі, ет те қалмауға жақын еді.
Әдетте адамның адамгершілік сипаттары оның иманының жемісі болып табылады және оның жүрегін қандай дәрежеде иман, салиқалылық және тақуалық толтырғанына нұсқайды. Иман қаншалықты күшті болса, ол жүректе қаншалықты мығым орнықса және оны өзінің нұрымен қаншалықты толтырса, соншалықты адамның адамгершілік сипаттары да жоғары болады, ал бұл оның өмірінің барлық жақтарына әсерін тигізеді, өйткені кез-келген ыдыстан оның ішінде болған нәрсе ғана төгіледі.
Әбу Ханифа, Алла Тағала оны рахым етсін, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең жақсы ғасырлар деп атаған Исламның алғашқы үш ғасырының ғұламаларына жатады және сондықтан да оның Алламен және адамдармен болған қатынасын ескерсек, ол – алғашқы мұсылмандардың ішіндегі ең құрметтілерінің бірі болып табылатыны таң қаларлық нәрсе емес.
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Ең жақсы бұын (ұрпақ) – менің кезімдегі буын (ұрпақ). Ал содан соң – олардан кейін келетіндер, содан соң – олардан кейінгілер».(Бұхари, Муслим).
Осы орайда, біз бір неше мысалдарды келтіруді және оларды екіге бөлуді пайдалы деп санадық. Бірінші топқа жататын мысалдар Әбу Ханифаның, Алла Тағала оны рахым етсін, Алла Тағалаға қалайша құлшылық еткенін және қалайша Одан қорыққанын көрсетеді. Ал өзге мысалдарға келер болсақ, олар оның жомарттығы, кішіпейілдігі, сабырлығы және адамдарға ықыластылығы туралы куәлік етеді.
Имамның білім алу жолына түсуі
Имам Әбу Ханифа, Алла оны рахым етсін, Куфада, бай, ауқатты, салиқалы және атақты отбасыда тәрбиеленді және ол өз ата-анасының жалғыз ұлы боған болуы көбірек ықтимал. Оның әкесі Куфада өз дүкенінде жібек сататын еді, ол қайтыс болғаннан кейін дүкен баласына мұрагерлік бойынша өтті. Басқа да білімді және салиқалы адамдар сияқты Әбу Ханифа бала кезінде-ақ Құранды толығымен жаттап алған еді. Ол сахабалардың ізбасарларының қатарынан болған әш-Шәғби деген ғалыммен кездеспейінше ешбір ғалымдардан білім алмаған және өз әкесінің дүкенінде отыратын болған. Бұл кездесу имам үшін, Алла оны рахым етсін, ұлы игілікке жол ашты.
Ол он алты жасты толтырған кезде әкесі оны өзімен бірге қажылыққа және Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қаласын зиярат жасауға Меккеге және Мәдинаға алып барды.
Ғылымдарды игеру ол үшін діннің негізін үйренуден және құдайсыздар және адасушылыққа түскендермен пікірталас жүргізуден басталды. Осы мақсатпен ол жиырма жеті реттен көбірек Басраға келіп, сол жерде шариғатты күмәндардан және адасқандар оған байлағысы келген нәрселерден қорғап, пікір-таластар жүргізді. Бұл – Әбу Ханифа үлкен атақтылыққа ие болғанша жалғаса берді, ал сол кезде ол тек жиырма жаста болатын. Сол кезден бастап Куфа мешітінде оның оқушыларының осындай ғылымдарды зерттеумен айналысатын үйірмесі жинала бастады.
Алла Әбу Ханифаның өзін, Алла Тағала оны рахым етсін, және сонымен бірге барлық мұсылмандарды ұлы игілікке келтіруді қалағандықтан имам фиқхты үйренумен айналысты. Мұның себебі Зуфәрдың ол Әбу Ханифаның, Алла Тағала оны рахым етсін, былай деп айтақанын жеткізген дерегінде айтылады:
— Мен үлкен танымалдылыққа ие болғанымша қаләммен (логика мен философияны оқып үйренуге ерекше назар қою) айналысатынмын. Бірде біз Хаммәд ибн Әбу Суләйманның үйірмесіне жақын отырғанымызда маған бір әйел келді де, былай деді: «Бір ер кісі әйелімен Сүннетке сәйкес ажырасқысы келеді. Ол әйеліне қанша рет талақ беруі керек?» - деп сұрады. Мен оған мұны Хаммәдтан сұрауын және кейін бәрін маған келіп айтып беруін бұйырдым. Ол бұл сұрақты Хаммәдқа қойды, ал ол: «Ол әйеліне талақты бір рет оның хайызы біткен соң беруі керек және онымен жыныстық қатынасқа бармауы керек. Кейін ол тағы екі хайыздың аяқталуын күтуі керек, бірінші хайызы мен барлығы үшеу болғанға дейін, кейін тұрмысқа шығуына болады», - деп жауап берді. Оны тыңдап болып, әлгі әйел қайтып келіп, Хаммадтың сөздерін маған жеткізді. Ал мен: «Қаләмның маған қажеті жоқ», - дедім де, содан соң сандалилерімді алып, Хаммадтың алдына барып отырып, ол талдаған мәселелерді тыңдауға кірісіп, оны айтқандарын есте сақтай бастадым. Келесі күні ол тағы да мен есте сақтап қалған сол мәселелермен айналысты, ал оның оқушылары қателесті, сонда ол: «Шеңбердің ортасына менің жаныма Әбу Ханифадан басқа ешкім отырмасын!» - деді.