«... Адамдардан есеп алатын уақыт таяды,
бірақ олар қаперсіз күйде... »
Таһа сүресі, 79 аят.
...Жетем деп жарлы байға, бай құдайға
Жарысқа жанталасқан жан шыдай ма?
Бұл жалған, боқ дүние жоқ секілді
Бір күні өтер деген ешбір ойда!..
Келмейтін сирағынан Сырдың суы,
Билік пен дүниенің буған жыны,
Алланың атын білмес арсыздар мен
Алаяқ, арамзаның туды күні!..
Ел анау – айырылған еркінен,
Жер мынау – жан шошырлық көркінен!..
Ерлердің есі кетіп еліреді
Билік пен дүниені бөлісуден!
Тырбаңдап тіршіліктің түнегінде,
Білсе де жеңілерін түбі өлімге.
Біткенше ақтық демі арпалысқан
Адамға қанша керек бұл өмірде?!.
Тәңірім тартқызбасын жан азабын,
Фәниден сен де бір күн жоғаларсың!..
Арқалап алып кеткен адам бар ма –
Артыңда ойладың ба не қаларын?
Алайда, айтылған сөз – атылған оқ,
Дертімді әуре болман жасырған боп...
Мықтылар менсінбейді біз байғұсты
Дегендей ақша жоқта – ақыл да жоқ!
Мейлі ғой, кімнің қанша шаруасы бар,
Көзіне ілмегені жөн де шығар?..
Тоқтыққа адам, шіркін, қой ма шыдар
Көп болса ол да өзімдей пенде шығар?!
Амал не, заң да басқа – заман басқа,
Арың да, асылың да, анаң да – ақша!
Жаным-ау, жеңілмеске шараң қанша
Бұл күнде құдірет жоқ одан басқа!..
«Бар жақсы батырлықтан, биліктен де,
Әр істі ақша бұзар киліккенде!..»
Бай болса жасық артық асылыңнан –
Бар болса жаман озар жүйріктен де!..
Алмағайып өлара кезде мынау,
Салмаса да ойға – шек, қолға – бұғау...
Бір тамақтан басқа ойлар шамасы жоқ
Талай сорлы қалқиып зорға жүр-ау!..
Жаныма желеу етіп өлеңімді,
Күтемін алабұртып келер күнді.
Беймезгіл лайлаған тереңімді
Білмеймін бұл өмірге не дерімді?..
Жазар, бәлкім, жүректің жарасын күн,
Қажеті не тартысып, таласудың?..
«...Өлсең орның қара жер, сыз болмай ма?..»
Бір болмай ма ханың кім, қарашың кім?!.
Жанымды жегідей жеп нала, күдік
Көңілім құлазыды қазан ұрып...
Ақынды адамзаттың күнәсі үшін
Тәңірім жаратыпты жазалы қып!
Алдымнан арайланып атқан таңдай,
Атқан таңдай, жаратқан жаққан шамдай...
Жоғалттым сенімімді – серігімді
Соғылды қара тасқа аппақ маңдай!..
Ауырды нар көтермес мен көтердім,
Білемін бір күн ақыр бел кетерін!..
Ақында айтып өткен арман бар ма –
Түймедей тисе болды елге себім!
Жаяулап жеткен кім бар жер шегіне,
Алланың амал бар ма бермесіне?!
...Айтсам деген сырым да, шыным да осы –
Тәңірдің Нұры түскен пендесіне!..
Кенжебаев Тұрмағанбет
Аллаға мадақ (таңдаулы өлеңдер)
Алматы қаласы.