https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ХАЗІРЕТІ ХАМЗА МҰСЫЛМАНДАР ҚАТАРЫНДА

13 Aug 2015 0 comment Оқылды: 2100 рет

Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) елшілік міндеті берілгелі де алты жыл өткен… Мүшріктер бәз-баяғы тайталас текетіресін тоқтатпаған, өмір алға жылжи берген. Ислам, иман ақиқаты құлақтан-құлаққа жетіп мұсылмандар қатары толыса түскен… Пұтқа табынушылар жеңіліске ұшыраған сайын түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылған. Қулық-сұмдықтары нәтижесіз қалып өңдері қуарып, үмітсіздіктен қалжыраған…

Батырлығымен Мекке өңірінде аты шыққан Хазіреті Хамзаның иманға келуі мүшріктерді қажыта түскен.

Пайғамбардың  әкесінің інісі, әрі емшектес бауыры Хазіреті Хамза әділетсіздікке жаны төзбейтін, адалдықтың жақтаушысы еді… Құрайыш оны батырлығы, батылдығы үшін дәріптейтін.

Құдайдың құдіретінің шексіздігі сол, кімнің қалай иманға келері бір Аллаhқа ғана аян. Хазіреті Хамзаның мұсылмандықты мойындауы да кенеттен болды.

Бір күні ол ең сүйікті ісінен – аңнан қайтып келе жатады. Қаланың кіре берісінде алдынан Абдуллаһ ибн Жуданың күңі ұшырасып: “Ей, Умараның әкесі Хамза! Қуанып келеді екенсің көтеріңкі көңіліңді бұзғым-ақ келмей тұрғаны. Бірақ көргенімді айтпасам да жаным жай таппас. Ана жерде бауырың Мұхаммедке Әбу Жәһил мен жолдастарының айтпағаны қалмады, сөзбен түйреп жібере салса бір сәрі ғой, жұдырықтап та жіберді. Мұхаммед (с.а.у.) үнсіз қала берді”, - деді.

Хазіреті Хамзаның қабағы түйіліп кетті: “Осы айтқандарыңды өз көзіңмен көрдің бе, әлде пәленшеден-түгеншеден естігендерің бе?”- деп сұрады.

“Өзім көрдім, әрине”,- деген жауаптан соң Хазіреті Хамза ашуға булығып Қағбаға қарай беттейді.

Әбу Жәһилдің бір топ достарымен бірге әңгіме-дүкенінің үстінен түскен ол бір ауыз сөзге келместен, Әбу Жәһилді көздеп, садағын тартып кеп қалады. Басы жарылып қанға бөккен Әбу Жәһилдің жағасына жармасып: “Сен неңе сеніп қоқаңдап жүрсің? Менің бауырымды балағаттап, боқтаған сен ғой. Айт, тез жаныңның барында. Мына мен де соның дініндемін, ал әйтпесе. Мықты болсаң енді маған көрсет күшіңді”, - деп жұлқылады.

Әбу Жәһил қорықса да өзін қорғаштап: “Өзі ғой, бізді ақымақ санап, пұттарға тіл тигізген. Аталар дінін сатып, қайдағы жоқты шығарып, елді арбап жүрген соң… ”, - деді.

Хазіреті Хамза тістенген күйі: “Ақылсыз демей, не десін. Аллаhтан басқа бар нәрсені Тәңір санайсыңдар. Мына мен де Аллаhтан өзге Жаратушының жоқтығына, Мұхаммед те оның елшісі екендігіне куәмін”, - деп айтып салды.

Мүшріктер Хазіреті Хамзаға қарсы шығуға батылы жетпей, дымдарын ішіне бүкті. Әбу Жәһил ғана: “Мұхаммедті (с.а.у.) балағаттағаным рас. Осы соққыны өзім тілеп алдым”, - деп кінәсін мойындады мырыңдап.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз