https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

ХУДАЙБИЯ: жеңіске бастаған шегініс

12 May 2015 0 comment Оқылды: 2401 рет

Исламның бастапқы тарихы, соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) ғұмырбаяны – біз үшін қашандаүлгі. Алла елшісінің әрбір айтқан сөзінде, істеген ісінде баға жетпес өнеге бар. Дін ісінде болсын, дүние ісінде болсын, мейлі саудада, мейлі саясатта, яғни, қоғам өмірінің қай бөлігінде болмасын сүннет деп аталатын осы бір ұлы жолдан ғибрат іздеп, пайда алмаққа әрекеттенсек, оныңнәтижесінің әлбетте жеңіс болатынына тарих куә. Жалпы, тарих ілімінің өзін жетістіктен жігер,қателіктен сабақ алу үшін зерттеп зерделейміз деп жатамыз. Ал нағыз шынайы, ақиқи, бұрмаланбаған тарих – Алланың пайғамбарының тарихын бағдар ете білсек, тіпті де қателеспейтініміз анық. 

Сол сүйікті пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмір жолында ғұламалар ерекше атап көрсететін бір оқиға бар. Ол оқиға Худайбия келісімі деп аталады. Тап қазіргідей болашаққа деген үмітіміз бен күдігіміз санамызды сарсаңға салған сын сағаттарда, ертеңге деген сенімімізге, бүгінге қажет сабырымызға сеп болар ма деген ниетпен осы бір ғажайып уақиғаны қысқаша баяндап көрмекке бел будық. Бисмиллаһ!    

Хижраның 6-жылы. Яғни, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) пен оған ерген азғантай мұсылманның өз туған шаһарлары Меккеден қуылып, Мәдинаны пана тұтып жүргендеріне 6 жыл ғана болған уақыт.Құрайыштар қастасып, төңіректегі өзге араб тайпалары менсінбей, яхудилер бұлардың қашан қырғынғаұшырап жойылып кетуін күтіп жүрген; шайқасса, бір жеңіп, бір жеңіліп, үміті мен күдігі арпалысып, жалғыз Аллаға ғана тәуекел етіп, Алла елшісінен ғана сүйеніш тапқан қиын-қыстау сәт. Осындай бір аумалы-төкпелі мезгілде мұсылмандарға күтпеген жерден үлкен бір жеңіс келді. Соғыссыз, шығынсыз келді. Бірқызығы, оны басында көбі жеңіс деп ойлаған жоқ, жеңіліс деп, шегініс деп білді. Бұл – Ислам үшін жаңа бір кезеңнің бастамасы болған Худайбия келісімі еді.

Әлқисса, Мәдинада жүрген Алла елшісі (с.а.с.) түсінде өзінің және сахабаларының әл-Харам мешітіне кіргенін, Қағбаның кілтін өз қолына алғанын, барлығы тауап етіп, кіші қажылық (умра) жасағандарын, кейбірі шашын қырғызып, кейбірі қысқартқанын көреді. Мұны естіген сахабалардың қуанышында шек болмапты. Олар бұл түсті Меккеге осы жылы кіретініміздің белгісі деп топшылаған. Сөйтіп, Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларымен бірге Меккеге қарай, «умра» сапарына аттанады.

Өшпенділіктері шегінен шығып тұрған Меккедегі құрайыш мүшріктері мұсылмандар жолғы шықты деген хабарды есіткен соң қарап қалсын ба? Дереу кеңес мәжілісін құрып, мәжілісте мұсылмандарды мүмкіндігінше Қағбаға кіргізбеуге шешім қабылдайды. Сөйтіп, Мекке мүшріктері өз араларындағы ең мықты жауынгер Халид ибн Уалидті  (Халид ибн Уәлид – кейіннен исламға келген, «Алланың қылышы» атанған ардақты сахаба (р.а.) аттылы сарбаздарымен жол бөгеуге жөнелтеді. Бұл кезде мұсылмандар Меккеге жақындап қалған еді. Құрайыш әскері көз жетер жерге келіп тоқтап, екі жақ бір-бірінің аңысын аңдап тұрған сәтте Алла елшісі (с.а.с.) құрайыштарға өзінің келген мақсатын түсіндіру үшін әйгілі сахаба Османды (р.а.) елшілікке жібереді. «Оларға біздің соғысу үшін емес, умра жасау үшін ғана келгенімізді айт әрі оларды Исламға шақыр», – деп тапсырады. Сонымен қатар, Алла елшісі (с.а.с.) Османға Меккедегі иман келтірген ер-әйелдерге баруды, оларға мұсылмандардың жеңіске жететіні туралы қуаныш хабарын жеткізуді, Алла тағаланың Өз дінін Меккеде үстем ететінін, бұдан кейін меккеліктерден ешкімге иманын жасыру қажет болмайтынын хабарлауды бұйырады.

Османның өлтірілгені жайлы хабар тарауы және ризашылық анты

Осман (р.а.) елшілікке кетуін кеткенмен, күтілген мерзімде қайтып орала қоймады. Бұл жағдай сахабалардың көңіліне күдік ұялата бастаған. Тіпті, мұсылмандардың арасында оның өлтірілгені жайлы хабар да тарап кетеді. Мұндай суыт хабарды естіген Алла елшісі (с.а.с.): «Біз бұл адамдармен соғыспайынша, ешқайда кетпейміз», – дейді де, сахабаларын ант беруге шақырады. Сахабалар өре түрегеліп, Пайғамбарға (с.а.с.) соғыс бола қалған жағдайда қасық қаны қалғанша шайқасу үшін ант беруге кіріседі. Серт беру барысында Пайғамбар (с.а.с.) өзінің қолын ұстап: «Бұл Осман үшін», – дейді.   Кейіннен, ант беру аяқталған соң Османның өзі де келіп, серт береді. Ал оның кешігу себебі,құрайыштар орын алған жағдайға қатысты өзара кеңесіп, істерін айқындап алу үшін және Пайғамбардыңелшісін нақты жауаппен қайтаруды көздеп, елшіні ұзақ уақыт жібермей ұстап отырғаны еді.

Алла елшісі (с.а.с.) бұл антты бір ағаштың түбінде қабылдайды. Омар (р.а.) Пайғамбардың қолынан ұстап тұрады, ал Мағқил ибн Ясар Пайғамбарға (с.а.с.) кедергі жасамасын деп қолымен ағаштың бұтағын көтеріп тұрады. Алла Тағала: «/Ей, Мұхаммед!/ саған имандылар, ағаш түбінде серт берген кезде, Алла олардан разы болды. Ол /Алла/ олардың жүректеріндегіні білді әрі олардың үстінен тыныштық түсірді және оларды жақын бір жеңіспен марапаттады…», («Фатх» сүресі, 18-аят) – деген аятын түсірген «ризашылық анты» – осы.

                Келісімнің түзілуі және оның тармақтары

Сахабалардың соғысқа әзір екенін аңдаған құрайыштар енді, керісінше, келісім түзуге асыға бастады.Құрайыш басшылары Суһайл ибн Амр деген адамды мұсылмандар тарапқа елшілікке жіберген. Оған Алла елшісін (с.а.с.) умра жасамастан Мәдинаға қайтуға көндіру қадап тапсырылды. Өйткені, осы жолы умра жасауға жол берсе, төңіректегі өзге араб тайпалары тарапынан: «Мұхаммед Меккеге күшпен кіріпті», – деген сөзге қаламыз деп қорықты.

Сонымен, мұсылмандар мен құрайыштар арасында екіжақты келісім түзу үшін Суһайл ибн Амр мұсылмандарға қарай бет алады. Суһайлдің келе жатқанын көргенде Пайғамбар (с.а.с.): «Міне, енді тірліктерің оңайласатын болды» , – деген екен (Пайғамбардың (с.а.с.) Суһайл есімді елшініңкелгеніне қарай айтқан бұл сөзі: «Енді құрайыштармен бітім жасасуға болады», – дегенді аңғартып еді. Араб тілінде «сәһулә» сөзі – «жеңілденді», «оңайланды» деген мағыналарды білдіреді, ал «Суһайл» есімі осы сөздің түбірінен алынған). Суһайл келіп, Алла елшісімен (с.а.с.) ұзақ сөйлескеннен кейін, екі тарап ортақ келісімге тоқтайды. Келісімнің мазмұнына мынадай шарттар кірген еді:

1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл жылы Меккеге кірместен қайтады да келесі жылы мұсылмандар қалаға кіріп, үш күн тұрады. Оларға өздерімен бірге жолаушының қаруларынан – қындарына салынған қылыштарын ғана алып кіруге рұқсат етіледі. Үш күн ішінде құрайыштар оларға ешқандай қысым көрсетпейді.

2. Екі тараптың ортасында он жылға дейін соғыс тоқтатылады. Осы мерзім ішінде адамдарға тыныштықорнайды, екі жақ бір-біріне соқтықпайды.

3. Мұхаммедтің келісімі астына кіргісі келгендерге де, құрайыштардың келісімі астына кіргісі келгендерге де ерік беріледі. Екі жақтың әрбіріне қосылған тайпа сол тараптың бір бөлігі ретінде саналады, ал бұл тайпаларға жасалған кез-келген дұшпандық олар қосылған тарапқа көрсетілген дұшпандыққа баланады.

4. Кімде-кім құрайыштардан Мұхаммедке қамқоршысының рұқсатынсыз (яғни, олардан қашып) келсе, ол кері қайтарылуы тиіс, ал Мұхаммедтің жанындағылардан кімде-кім (одан қашып) құрайыштарға келсе, ондай адам кері қайтарылмайды.

Байқасаңыздар, шарттың екінші және үшінші тармақтары екі жақ үшін де тиімді болғанмен, бірінші және төртінші тармақтары мұсылмандарды ашық төменсіту еді. Келісімде екіжақты теңдіктің сақталмауы кез-келген мұсылманның қитығына тиетіндей-ақ әрекет болатын. Бұдан кейінгі орын алған оқиғалар тізбегі тіпті ашу шақырарлық. Мысалы, келісім-шартты қағазға түсіру үшін Пайғамбар (с.а.с.) Әлиді (р.а.) шақырып, оған: «Бисмилләһир-Рахманир-Рахим (Аса Мейірімді, Ерекше Рақымды Алла атымен)», – деп жазуды бұйырады. Мұны естіген Суһайл: «Алламен ант етейін, әр-Рахманның  не екенін білмеймін (Әр-Рахман – Алла тағаланың есімдерінің бірі), әйтсе де бұрын жазып жүргеніңдей: «Бисмикә, Аллаһумма (Уа, Алла, сенің есіміңмен)!» – деп жаз», – дейді. Пайғамбар (с.а.с.) қарсыласпайды. Ары қарай: «Бұл – Алла елшісі Мұхаммедтің жасаған бітімі», – деп бастауын әмір етеді. Осы кезде Суһайл: «Алламен ант етейін, сенің Алла елшісі екеніңді білсек, Қағбаға кіруіңе кедергі жасамас едік және сенімен соғыспас та едік! Оның орнына Мұхаммед ибн Абдулла», – деп жаз», – дейді, қарсылық танытып. Пайғамбар (с.а.с.): «Алламен ант етейін, сендер жалғанға санасаңдар да мен Алланың елшісімін», – дейді де,Әлиге: «Алла елшісі» деген сөзді өшіріп, «Мұхаммед ибн Абдуллаһ» деп жаз», – дейді. Әли (р.а.) болса, “Алламен ант етейін, бұл сөзді өшірмеймін”, — деп бұлай істеуден бас тартады. Сахаба Алла атымен ант етіп қойғаннан соң, Алла елшісі (с.а.с.) оған әлгі сөздің қайсы екенін сұрайды да (өйткені Пайғамбар (с.а.с.) хат танымайтын еді), “Алла елшісі” деген сөзді жобалап өз қолымен өшіреді.

Осылайша, Пайғамбар барынша сабыр қылып, көптеген шегіністерге барды. Ал өзге сахабалар үшін Суһайлдың бұл әрекеті ашық басыну боп көрініп, өздерін әрең тежеп тұрған-тын.

Мұсылманның мүшріктерге қайтарылуы

Соққы үстіне соққы болып, сахабалардың еңсесін түсірген тағы бір жайт мынау болды. Келісімшарт жазылып жатқанда, кенеттен Меккенің төменгі жағынан кісендерін сүйреткен бір кісі шықты да, мұсылмандардың арқа тұсына жетіп жығылды. Бұл Әбу Жәндәл ибн Суһайл ибн Амр  (Әбу Жәндәл ибн Суһайл ибн Амр (Алла оған разы болсын) – Пайғамбарымызбен (с.а.с.) келіссөз жүргізуші Суһайл ибн Амрдың баласы. Ол Исламды қабылдап, сол себепті құрайыштар тарапынан қысымға ұшыраған, оны Мәдинаға жібермей, азаптап, Меккеде ұстап отырған. Кейін Әбу Жәндәл бір шайқаста шәһид болады, аз уақыт бұрын оның бауыры Абдуллаһты та дұшпандар азаптап өлтірген еді) болатын. Мұсылмандардың Меккеге келе жатқанын естіп, үйінен қашып шыққан беті еді. Оны көрген Суһайл: «Ей, Мұхаммед! Бұл біз жасайтын келісімнің алғашқысы, оны бізге қайтарып бересің», – дейді шарттың 4-тармағын меңзеп. Пайғамбар (с.а.с.): «Біз шартнаманы әлі бекіткен жоқпыз ғой», – деген уәж айтады. Суһайл: «Алламен ант етейін, онда сенімен мүлдем келісім жасаспаймын!» – деп шорт кеседі. Пайғамбар (с.а.с.):«Осыны маған бер!» – деп сұрайды, ол: «Саған оны бермеймін!» – дейді. Пайғамбар (с.а.с.):«Жарайды енді, осылай етші!» – деп тағы өтінеді. Бірақ Суһайл: «Мен олай етпеймін!» – депқасарысады да, өз баласы Әбу Жәндәлдің бетінен ұрып, жағасынан алып, мүшріктерге қайтару үшін сүйрей бастайды. Осы кезде Әбу Жәндәл бар даусымен: «Уа, мұсылмандар қауымы! Дінімді бүлдірулеріүшін мүшріктерге қайтарыламын ба?! Менің не күй кешкенімді көрмей тұрсыңдар ма?» – деп, жан даусымен айқайлайды. Ол Аллаға деген сенімі үшін, иманға келгені үшін қатты азапталған еді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны жұбатып: «Ей, Әбу Жәндәл! Сабыр ет және Алладан сый күт. Әлбетте, Алла саған және жаныңдағы әлсіз мұсылмандарға кеңшілік әрі шығар жол жасайды. Шындығында, біз мына адамдармен бір келісімге отырдық және оларға осы үшін сөз бердік, олар да бізге Алла атымен серт берді, сондықтан да оларға опасыздық жасамаймыз», – дейді…

Мұсылмандардың умра ихрамынан шығу үшін құрбандық шалуы және шаштарын алдыруы

Шартнама жазылып бітті. Сахабалар аңсаған, сағынған қадірлі туған жер Мекке иек астында тұр. ҚасиеттіҚағба, туған-туыс, кейбірінің әйел-баласы сонда. Алты жыл алыста жүрген сахабалар қаншама жолды артқа тастап келіп тұр. Бірақ, сол сағынған мекендеріне кірместен, сағынған жандарын көрместен, тәуап жасамастан кері қайтулары тиіс. Шарт солай. Қандай қиын жағдай десеңізші! Оның үстіне жаңа ғана, келісімге келу барысында мүшіріктің басынғаны тағы бар. Осының бәрі сахабаларға оңай тиген жоқ. Содан да, Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларына: «Тұрып, құрбандық шалыңдар, сосын шаштарыңды алыңдар!» – деген бұйрық бергенде бірде-бір кісі орнынан тұрмады. Пайғамбар (с.а.с.) бұйрығын үш ретқайталаса да олар қозғалмай отыра берді. Бұған қапаланған Пайғамбар (с.а.с.) әйелі Умму Сәләмәға кіріп, оған адамдардан көргенін айтып, бөліскен-тін. Сонда Умму Сәләмә: «Уа, Алланың пайғамбары! Соны қалайсыз ба? Ендеше сыртқа шығыңыз да олардан ешкімге ештеңе деп тіл қатпай, түйелеріңізді құрбандыққа шалуды өзіңіз бастаңыз және шаш алушыңызды шақырыңыз, ол шашыңызды алсын», – деп, көркем кеңес айтты. Содан кейін Пайғамбар (с.а.с.) сыртқа шықты да, олардан ешкімге тіл қатпай, жұбайының кеңесін орындап, түйелерін құрбандыққа шалды және шашын алды. Пайғамбардың (с.а.с.) өзі бастап, көрсеткен бұл ісіне ерген сахабалар да орындарынан тұрып,құрбандық шалып, шаштарын алысты. Олар бір түйені жеті адамның атынан, сондай-ақ бір сиырды да жеті адамның атынан құрбандыққа шалған. Пайғамбар (с.а.с.) осыдан кейін шашын алдырғандарға үш рет, ал қысқартқандарға бір рет кешірім тілеп дұға жасады.

Омардың ашулануы

Жоғарыда айтып өттік, Худайбия келісіміне қатысты екі жайт мұсылмандарды қатты қапаландырды. Оныңбіріншісі – Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларына: «Жақында біз Қағбаға барып, оны тауап етеміз», – деп хабарлағаны. Олар: «Пайғамбар (с.а.с.) енді неліктен кері қайтуға шешім қабылдады?!» – деген ойдақалды.

Екіншісі – «Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) Алланың елшісі және ақиқатты ұстанушы болса да Алла тағалаӨз дінін үстемдікке жеткізетінін уәде еткен болса да, ол не үшін құрайыштардың қысымына көнді, не себептен келісімнің шарттарында төмендетілуге жол берді?» – деген ойлар болатын. Осы екі жайт мұсылмандар арасында азғырулар мен күмәнді ойлар тудырды. Мұсылмандардың көңілдері жараланып, келісімнің шарттары беретін нәтижелерді ойламастан, қайғы-мұңға салынды. Әсіресе, олардың ішіндегі ең қатты қапаланған Омар ибн әл-Хаттаб Пайғамбарға (с.а.с.) келіп:

– Уа, Алланың елшісі! Біз ақиқатта, ал жауларымыз адасуда емес пе? – дейді. Пайғамбар (с.а.с.):–Әлбетте, – деп жауап береді.

– Бізден өлтірілгендер жәннатта, ал олардан өлтірілгендер тозақта емес пе?

– Әлбетте.

– Онда неге дінімізге қатысты төмендетілуге жол береміз және Алла біз бенен олардың арасын шешпестен бұрын кері қайтамыз?

– Ей, әл-Хаттабтың ұлы! Расында, мен Алланың елшісімін, Оған қарсы келуші емеспін, Ол маған жәрдемдеседі және мені ешқашан құрдымға тастамайды.

– Бізге жақында Қағбаға барып, оны тауап етеміз деп айтпап па едің?!

– Әрине, бірақ оған осы жылы барамыз деп айттым ба?

 Жоқ, уа, Алланың елшісі!

Пайғамбар (с.а.с.) Омарға (р.а.) қарап:

– Сен оған (әлі) келіп, тауап жасайсың, – дейді нық сеніммен. Осыдан кейін Омар (р.а.) Әбу Бәкір әс-Сыддыққа барып, оған да Алла елшісіне (с.а.с.) айтқан сөздерін айтады. Әбу Бәкір де (р.а.) оған тура Алла елшісі айтқан сөздермен жауап қайтарады да соңында: «Сен өле-өлгеніңше одан айрылма, Алламен ант етейін, ол ақиқатта» – деп түйіндейді.

Ұлы жеңіс

Көп ұзамай: «Ақиқатында, Біз саған анық жеңіс бердік», («Фатх» сүресі, 1-аят) – деп басталған аяттар түседі. Алла елшісі (с.а.с.) Омарды шақыртып, оған бұл аяттарды оқып береді. Омар (р.а.): «Уа, Алланыңелшісі! Бұл жеңіс пе?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.а.с.): «Иә», – дейді. Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) алдынан үлкен қуанышпен шығып, жадырап қайтады.Осыдан кейін Омар (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.)өзінде білімі болмаған нәрселер жайлы сұрақтар қойғаны үшін қатты өкініп, пұшайман болады. Ол (р.а.): «Осы (күнәмді жуу) үшін (көптеген игі) амалдар жасадым. Сол күні жасаған ісім үшін, (білмей) сөйлеген сөздерім үшін Алладан қорыққандықтан, сол ісімнің игілікке айналуын үміт еткеніме дейін садақа берумен, ораза ұстаумен, намаз оқумен және құл азат етумен болдым», – деген.

Келісімнің жемістері

Жоғарыда айтып өткеніміздей, аталмыш келісім бір қарағанда құрайыштардың пайдасына шешіліп, мұсылмандарды кемсіткендей көрінгенмен, орасан зор пайда алып келді.

Ең бастысы, аймақта тыныштық орнады. Мұсылмандардың Меккеде көрген 13 жылдың құқайлары мен Мәдинада өткен 6 жылдық толассыз соғыс амалдары әйтеуір тоқтады. Қауіп-қатердің сейілуі ислам насихатына жол ашты. Көрші ру-тайпалардан бастап, ірі-ірі мемлекеттердің патшаларына дейін елшілер жөнелтіліп, хаттар жолданып, ақиқи діннің асқан жылдамдықпен өркен жаюына қолайлы жағдай туды. Мысалы, келісімнің кезінде мұсылмандардың саны үш мыңға жетер-жетпес болса, екі жылдан соңолардың саны он мыңнан асты.

Екіншіден, құрайыштар мұсылмандармен келісімге келді деген сөздің өзі өзге халықтардың алдында мұсылмандардың мерейін өсіріп жіберді. Алты жыл ілгеріде ғана бұлар кім еді? Туған қалаларынанқуылып, жат жерді пана тұтқан, әне-міне құрайыштардың қырғынына ұшырайды деп күтілген азғантай топ еді. Енді міне, меккеліктердің өздері олармен келісімге келіп жатыр. Осындай ой сырттан кіжінген талай дұшпанның дымын құртты. Ендігі жерде Мұхаммедпен (с.а.с.) санасуға итермеледі.

Тіпті, шарттың мұсылмандарды ашық кемсіткен төртінші тармағы да исламның пайдасына жұмыс істеп кетті. Ол бойынша, кімде кім Меккеде жүріп ислам қабылдап, Мәдинаға қашып барса, ол қайтарылуы тиіс. Керісінше, Мәдинадан біреу Меккеге қашып келсе, ол мұсылмандарға қайтарылмайды. Келісімнен соңмеккелік жастардың арасында мұсылмандар көбейді де, өз елдерінде зәбір көретін, ал Мәдина келісім бойынша оларды қабылдай алмайтын болғандықтан, қаладан қашып шығып, түз далада өздерінше топтала бастады. Сөйтіп олар әжептеуір күшке айналып, жол бойында құрайыштардың сауда керуендеріне шабуылдар жасап, оларға экономикалық соққы беріп отырды. Олардың Мәдинамен байланысы жоқ болғандықтан, құрайыштар бұл үшін кімді айыптарын білмей амалдары құрыды.

Осының бәріне екі-ақ жыл уақыт жеткілікті болды. Екі жылдық бейбітшілік ұзақ уақыттық жаугершілік сыйламаған табыстар сыйлады.

Келісімнің бұзылуы

О баста сахабалардың көңілін түсірген бір нәрсе келісім-шарт мерзімінің ұзақтығы еді. Олар енді он жыл соғыспасақ, демек, тағы он жыл Меккеден, ондағы туған-туысымыздан жырақта өмір сүреміз деп ойлаған-ды. Бірақ, мұсылмандар әл жиып алған тұста шартты құрайыштардың өзі бұзды. Ол былай болған. Жоғарыда айтылғандай, Худайбия келісімінде «Мұхаммедтің келісімі астына кіргісі келгендерге де,құрайыштардың келісімі астына кіргісі келгендерге де ерік беріледі. Екі жақтың әрбіріне қосылған тайпа сол тараптың бір бөлігі ретінде саналады, ал бұл тайпаларға жасалған кез-келген дұшпандық оларқосылған тарапқа көрсетілген дұшпандыққа баланады» деген тармақ бар болатын. Келісімшарттан кейін осы тармақ бойынша хузаға тайпасы Алла елшісінің (с.а.с.) келісімі астына, ал бәну бәкір тайпасықұрайыштардың келісіміне кірген-ді. Сөйтіп екі тайпа да бір-бірінен қауіпсіз өмір сүруге кірісті, жәһилият кезінде олардың арасында дұшпандық, қырғиқабақтық бар болатын. Ислам келіп, Худайбия келісімі түзіліп, екі тайпа бір-бірінен енді тыныштала бастағанда, бәну бәкір бұрынғы әдетіне басып, хузағадан ежелгі кектерін алуды қалады. Сөйтіп һижраның 8-жылы шағбан айында бәну бәкір тайпасының бір тобы түн ішінде хузағалықтарға шабуыл жасайды және аңдаусыз жатқан олардың біраз кісілерін жайратып тастайды, қалғандарымен де соғысып, қырғын салады. Құрайыштар бәну бәкір тайпасына қару-жарақберіп көмектескен-ді әрі бұл шайқасқа түн қараңғылығын пайдаланып құрайыштың біраз адамдары да араласады. Бұл келісімнің жоғарыдағы тармағына қайшы әрекет еді. Мұны естіген мұсылмандар қалыңқолмен Меккеге аттанады. Бұл кезде, бірақ, баяғыдай басымдық құрайыштарда емес, керісінше мұсылмандарда еді. Мекке мүшіріктеріне қырғынға ұшырамай, әйел-баласын аман алып қалу үшінқақпаны ашып, соғыссыз берілуден басқа амал қалмаған болатын.

Худайбия ғибраттары       

Осынау ұлы келісім өз заманында асыл дініміздің өркен жаюына қалай сеп берген болса, содан бергі дәуірлер бедерінде де маңызын жоғалтпай, көмескі тартпай, қай заманның, қай қоғамның болмасынқажетіне қапысыз жарап келеді. Ғұламалар Худайбия келісіміне қатысты хабарлардың бәрін саралай келе, одан 150-ден астам түйінді ойлар тізбегін таратқан. Төменде соның дәл осы күні өзекті боп тұрған және жоғарыдағы мәтінде қамтылған бір парасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Бірінші. Алла Тағаланың қасиетті Құрандағы мына бір хикметті сөзінің мәні ашылады:   «Сендер бір нәрсені ұнатпағанмен, ол сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал сендер бір нәрсені жақсы көргенмен, ол сендер үшін жамандық болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер», («Бақара» сүресі, 216-аят)
Екінші. Адамдардың ең білімдісінің өзі Пайғамбар (с.а.с) сөзін дұрыс түсінуде қателік жіберуі мүмкін. (Омардың (р.а) Пайғамбарға (с.а.с) келіп: «Сіз бізге: «Қағбаға барамыз», – деп айтып едіңіз ғой?!» – деп, асығыстық жасауы секілді)
Үшінші. Алла Тағала кейде ұлы ғұламалардың ақылы жетпейтін ауыртпашылықтармен сынауы мүмкін.
Төртінші. Әйел адамның ақылы мен кеңесіне құлақ асу – айып емес.
Бесінші. Әрқашан ақылдасып отырудың маңыздылығы.
Алтыншы. Басшының өз қол астындағы бағынышты адамдарға мейірімділік көрсетуі – керек жағдайда оларға ұнамайтын істі жүктеуді жоққа шығармайды. Жетінші. Керек кезде өзге дін өкілдерінің діни рәсімдеріне келісіп, құптау рұқсат етіледі.
Сегізінші. Тыныштық пен бейбітшілік үшін стратегиялық шегіністер жасау –  Пайғамбар (с.ғ.с) сүннетінен.
Тоғызыншы. Соғыс пен жауластықты тоқтату –  дін мен елдің дамуына алып келеді.
Оныншы. Сабыр етіп, істің нәтижесін Аллаға тапсыру – әрқашан жақсылыққа жеткізеді.

Мұхамеджан ТАЗАБЕК,

«Асыл арна» телеарнасының директоры

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз