https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Уарақаның айтқандары

12 May 2015 0 comment Оқылды: 1774 рет

Болған оқиғалардың астарында көп тылсымның бары түсінікті еді. Мән-жайды сұрастыру –  Хазіреті Хадишадан басқа ешкімнің міндеті емес-ті.

Бірақ кімге ашып, кіммен кеңесуге болады? Құпияны ақтаратындай сенімді адам бар ма өзі? Хазіреті Хадиша жүз ойланып, мың толғанып ақыры тоқтамға келді: немере ағасы Уарақа ибн Нәуфал ше? Соған айтып көрсе қайтеді?

Уарақа ибн Нәуфалды бұл кезде әбден кәрілік жеңген, көзі тіпті көрмейтін. Дегенмен, көңіл көзі ашық, христиандықты берік ұстанған, кезінде Тәурат пен Інжілді оқып, көп ақиқаттың сырына қанған.

Хазіреті Хадиша көп уақыт оздырып жатпастан, Хазіреті Мұхаммедпен бірге Уарақаға барады. Қария алдымен сүйікті Пайғамбарымыздың айтқандарын тыңдады. Ол  басынан өткен оқиғаларды баяндаған сайын Уарақаның жүзі мың құбылды. Пайғамбарымыз сөзін бітірген сәтте:

“Құддыс! Құддыс қой көргенің! Сен періштемен жолыққансың, кәдімгі бір кездері ұлы Аллаhтың Хазіреті Мұсаға (а.с.) жолдаған періштесі, яғни «Намус Әкбардың»[1]  нақ  өзі! Сен осы үмметтің пайғамбарысың”,

– деп сәл үнсіз қалды да, терең күрсініп:

“Сен халқыңды дінге шақырған кезде мен де жас болғанымда ғой, шіркін. Өз қауымың сені өгейсіп елден қуатын сәтте мен тірі болғанымда… Әттең, ол күндерді көру қайда енді?!” — деді. Хазіреті Мұхаммед те (с.а.у.), Хазіреті Хадиша да Уарақаның айтқандарын тыңдаған соң біраз рақаттанып, үрейлерін басқандай күй кешті. Тек түсінбегендері: неліктен Мұхаммедті (с.а.у.) өз қауымы өзекке теуіп, елден шығаратындығы. Ойларына келген түйткілді жасырып қала алмады, бүкпесіз оны да сұрады.

“Иә”,- деді Уарақа, “Небір күндер туар басыңа. Сені халқың туған мекеніңнен қуып азаптайды. Өйткені мына көптің арасынан ұлы қызметке таңдалған, Жаратушыдан уахи алған сен ғана, қызғанып, пендешілікпен қастандық ойлайтындар да көп кездеседі. Егер сол күнге жетсем, аянбай саған көмектесер ем”.

Иә, Уарақа ибн Нәуфал ақиқатты көре білді… Айта білді… бұл – боямалауға келмейтін бағзы дұшпандар үшін ащы да болса ашық шындық еді.

Әңгімені осымен түйіндеп, ерлі-зайыпты екеуі – Аллаh тың ең сүйікті құлы мен оның өмірсерігі Уарақаның үйінен шықты.

УАХИДЫҢ БІРАЗ УАҚЫТ ТОЛАСТАУЫ КЕЙІНЕН ҚАЙТА КЕЛЕ БАСТАУЫ

Арадан көп уақыт өтпей жатып пайғамбарымызға Аллаhтан түсетін уахи толастайды. Оның себебін пендешілікпен олай-былай деп айту тілге жеңіл болғанмен сол кездегі  Мұхаммедтің (с.а.у.) көңіліндегі ауыр азабын, әрине, әр пенде сезіне алмасы хақ. Дүние тарылғандай әсер алып, осынау дүниеден өзге түгіл, өзіне де беймәлім бір жаққа қашып кеткісі келді де тұрды. Осылай қиналып жүргенде Жебірейіл мен Исрафил періште көзіне көрініп, бірнеше рет жұбату айтқан.

Азапты мезгіл қырық күнге созылды…

Осынау дүние, данышпан сөзімен айтқанда, дарул-хикмет, яғни даналықтың бесігі. Мұнда болып жататын  әрбір оқиға астарында міндетті түрде терең мән болары анық. Оған әр пенденің пайымы жете бермейді. Дегенмен, пайғамбарға белгілі бір уақыт уахидің толастауының түрлі себептерін көрсеткендер де бар. Төменде сол дәлелдердің кейбіреулерін ұсынғанды жөн көрдік, яғни:

А) Аллаh Расулы уахи келе бастағанда қатты толқып, рухы қатты қиналған. Сол себепті рухты тынықтырып, келесі уахиді қабылдауға дайындау мақсатымен толастаған.

Ә) Пайғамбар рухын болашақта басына келуі мүмкін ауыртпалықтарға қазірден үйрету, шыдамдылыққа әзірлеу  мақсаты көзделген.

Б) Әрбір уахиды асыға күтуге, оған деген зарығу сезімін оятуға бағытталған.

Араға қырық күн салып пайғамбарымызға Аллаh тарапынан аян қайта келе бастады.

Бұл оқиға хақында Мұхаммедтің (с.а.у.) өзі былайша баяндайды:

“Бір күні жолда келе жатып көктен бір дауыс есіттім. Басымды көтеріп, төбеме қарағанда баяғы Хирада жүздескен Жебірейіл періштенің жер мен көк арасында алып тақта отырғанын көрдім. Бойымды түсініксіз бір сезім билеп, тұрған жерімде тіземнің әлі құрып отыра қалдым. Әлден уақытта есімді жиып, үйге қарай бет алдым. Келе салысымен:

“Менің үстімді жабыңдар, тезірек жамылғы беріңдер”, — дедім де, қымтанып жата қалдым.

Сол сәтте Аллаh Тағаладан мына аят түсті:

«Ей, жамылғымен қымтанып жатқан (пайғамбар)!

Орныңнан тұр, адамдарға (ақырет азабын) ескерт.

Раббыңды ұлықта.

Үсті-басыңды тап- таза ұста!

Әр түрлі (заттық және рухани) лас нәрселерден аулақ бол!

Істеген ісіңді міндетсініп, көпсінбе!» (Мүддәсир           сүресі, 1-6)

Мұнан соң уахи бірінен соң бірі келіп, тіпті арасы жиілей түсті.

Аян ала бастаған соң Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) жаны жай тауып, рухани ләззатқа қауышты.

Ұлы Жаратушы көркем мінез-құлықпен безендіріп жаратқан сүйікті құлы Мұхаммедке (с.а.у.) пайғамбарлық міндетін жүктеу арқылы оның адамзат атаулының ең таңдаулысы екенін білдірді. Осылайша “Жаратылыстағы әрбір түрдің өз арасынан біреуін таңдап, үлгі етеміз, ол өзгелерге мақтаныш әрі өнеге болады” деген Аллаhтың тарапынан қойылған заңдылық Мұхаммед  (с.а.у.) арқылы жүзеге асты.

Аллаһ Тағаланың мыңдаған есімдері арасында біреуі ең жоғары дәрежеге ие болатыны сияқты, асқан шеберлік туындылары арасында да біреуі ерекше жаратылып, толыққандылық сипатқа ие болады.

Толыққандылық сипат жанды тіршілік иесіне тән.

Жанды тіршілік иелері арасында саналылары ерекшеленері сөзсіз.

Ал саналылық адамға ғана тән.

Ал, адам баласының ішінде ақыл-ой, мінез-құлық жөнінен биікте – Мұхаммед (с.а.у.) тұрады.

Өйткені Адам атадан бері осы күнге дейін ешбір тарих Оған тең келерлік пендені көрсете алмады, көрсете алмайды да. Ол жер жүзінің жартысын және адамзат баласының бестен бірін қамтыған қауымға рухани салтанат құрып, бір мың төрт жүз жыл бойы өнегесін өшірмей, ақиқат атаулының ұстазы саналып келеді.

Досы да, дұшпаны да мойындағандай, Ол (с.а.у.) парасаттылықтың ең жоғары дәрежесіне ие болған, пайғамбарлығының алғашқы күндерінде-ақ бүткіл әлемді аузына қаратқан. Әр минут сайын жүз миллиондаған адамдарды баураған Құран Кәрімді тікелей қабылдап алушы Ол, әрине, пенделер арасында ең биік сатыда тұрары даусыз.



[1] Жебiрейiл перiштенiң бiр аты.

Дамира Өмірзаққызы Ибрагим

АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛ ТӘЖІ атты кітабынан алынды

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз