https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Пайғамбарымыздың Зәйдті асырап алуы

12 May 2015 0 comment Оқылды: 1846 рет

Пайғамбарымыз Зәйдтің өзіне шын берілгендігіне қайтарым ретінде оны қолынан жетелеп қалың құрайыш жайлаған Хижр махалласына апарды да, халыққа былай деп үндеді:

“Уа, халайық! Мұнан былай Зәйд менің ұлым болмақ, куә болыңдар. Мен – оның, ол да менің мирасқорым”.

Меккеліктер бала асырап алғанда осылай жар салып, халыққа білдіруді әдет қылған. Пайғамбарымыз да осы әдет бойынша көп алдында жариялап, Зәйдті асырап алғандығын паш етті.

Алғашқыда ештеңенің мәнісін ұқпаған Хариса Хазіреті Мұхаммедтің бұл әрекетінен соң өзінен-өзі көңілі жайланып сала берді. Демек, ұлы құл емес, сенімді қолда қалатын болғаны ғой. Ләм-мим деместен Хариса еліне қайтты.

Осы оқиғадан соң Меккеде жұрт Зәйдті Мұхаммедтің ұлы деп атай бастады.

Кейінірек Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар болғаннан кейін Аллаhтан түскен аян бойынша асырап алынған балаларды туған әкесінің атымен атап шақыру бұйырылды. Соған байланысты Зәйдті Зәйд ибн Хариса, яғни Харисаның ұлы Зәйд деп атайтын болды.

Бұл жөніндегі аяттың түсіндірмесі төмендегідей:

“Оларды өз (туған) әкесінің атымен атаңдар. Аллаhтың назарында дұрысы да – осы. Әкесінің кім екенін білмесеңіздер, оларды діндес бауыр немесе дос деп санаңдар. (Яғни бауырым не досым деп шақырыңдар. (Ахзаб сүресі, 5-аят)”.

Хазіреті Омардың ұлы Абдуллаһ бұл жайлы былай деп баяндайды:

“Біз асырап алған баланы өз әкесінің атымен атаңдар” аяты түскенге дейін Зәйдті Харисаның ұлы деп емес, Мұхаммедтің ұлы деп атайтынбыз”.

Сондай-ақ, сол аяттың үкіміне сәйкес асырап алынған балалар өгей әкесінің мирасқоры саналмайтын болды.

 Хазіреті Зәйд  Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) пайғамбарлық түскеннен кейін Хазіреті Хадиша мен Хазіреті Әлиден соң үшінші мұсылман атану құрметіне ие болған.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) Зәйдті ерекше жақсы көретін. “Уа, Зәйд, сен өз бауырымызсың” дегенді жиі қайталайтын.

Жанындай жақсы көретін Зәйдті кейіннен өзінің бір кездердегі күтуші-тәрбиешісі Үммү Әйменге үйлендіріп, бұл некеден пайғамбарымыздың ерекше ілтипатына бөленген Хазіреті Усама дүниеге келген.

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ

ХAЗІPETІ ӘЛИГЕ ҚАМҚОРЛЫҒЫ

Екі дүниенің сұлтаны отыз алты жаста… Біздің эрамыздың 607 – жылы…

Меккені адам төзгісіз қуаңшылық жайлаған. Көптеген отбасылар ішіп-жемнен тарығып, бала-шағаның халі күннен-күнге мүшкілдене түскен.

Жұттан жабығып, азық-түлікке мұқтаж болғандар арасында Хазіреті Мұхаммедтің көкесі Әбу Тәліптің отбасы да бар.

Бүкіл болмыстың сұлтаны Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) тағы бір мейірімділігін айтып өтпеу мүмкін емес… Ол ешқашан зәредей де болса көрген жақсылығын ұмытпайтын-ды. Шамасы келсе, еселеп қайтаруға әзір, қайырымдылықта алдына жан салмайтын. Бұл мәселеде оған теңесер жан баласы жоқ!

Бір кездері жетімдіктің тақсіретін тартқан тұста барын аямай, балаларының аузынан жырып берген аяулы адам – Әбу Тәліптің  күнкөрісі күннен-күнге қиындап бара жатқанын көре тұрып көз жұму сірә мүмкін бе?!

Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) қолынан келген жәрдемін аямауға ұмтылды. Алдымен асқан байлығы болмаса да, орташа ауқатты екінші көкесі Хазіреті Аббасқа барып, Әбу Тәліптің жай-күйінен хабардар етті. Ағайын адамға қиыншылықта қол созу қажеттігін ескертті.

Аббас бауырының айтқандарын ден қоя тыңдап, ең болмаса балаларынан біреуін қамқорлығына алуды, сөйтіп, ағасының жанын жегідей жеген шиеттей бала-шағаның қамын сәл де болса жеңілдетуді ойлады. Осы оймен Мұхаммед (с.а.у.) екеуі Әбу Тәліптің үйіне барды. Мақсаттарын ашып айтқанда Әбу Тәліптің көзінде күлкі ойнап, бауырларының тілегін құптап, риза көңілмен арқаларынан қақты.

Сөйтіп, Мұхаммед (с.а.у.) туылғанда атын өзі қойған Әлиді, ал Аббас болса, Жағфарды қамқорлықтарына алып, олардың нәпақасын тауып беруге міндеттенді.

Ол кезде Әли төрт-бес жасар бала. “Мен әсем мінез-құлықты тәмамдау үшін жіберілдім”,-деген асқақ қасиетті  жанның панасына алынуы Әли үшін тағдырдың тамаша сыйы еді. Ол кішкентайынан пайғамбар тәрбиесін көріп, иман атты тылсымнан тиесілі үлесін алады. Тоғыз-он жасында мұсылмандықты мойындап тұңғыш бала мұсылман құрметіне ие болды.

Дамира Өмірзаққызы Ибрагим

 АДАМЗАТТЫҢ АСЫЛ ТӘЖІ кітабынан алынды

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз