Анасынан айрылған алты жасар Мұхаммедті (с.а.у.) атасы Әбдімүттәліп қолына алады. Құрайыштың алдыңғы қатарлыларынан саналатын Әбдімүттәліп адамгершілігі мол, жомарттығымен, мәрттігімен аты шыққан, сабырлы, ақылды, түсінігі мол жан. Қапсағай денелі, жарқын жүзді Әбдімүттәліпті ол төңіректе білмейтін жан кем де кем. Кедей-кепшікке көмектесіп, жарлы-жақыбайдың көңілін тапқанды жаны сүйетін оны барша жұрт сыйлайтын, ерекше құрметтейтін. Адам түгіл, жыбырлаған жәндікке қиянат етпейтін. Қонақжайлылығын айтпағанда, туған-туыстың, ауру-сырқаудың ахуалын сұрау оның күнделікті әдеті еді. Кеңпейілділігіне қарап құрайыш оны “екінші Ибраhим” атандырды. Қарт Әбдімүттәліптің бала дегенде, әсіресе, немерелеріне шығарда жаны бөлек. Айналасын нұрға бөлеп жүретін немересі Мұхаммедті (с.а.у.) қайда барса қасынан тастамай алып жүреді. Еркелетіп жетімдігін сездірмеуге тырысатын. Тіпті онымен үлкендерше сөйлесіп, жиын-тойларда әлдеқалай бір мәселе туындай қалса Хазіреті Мұхаммедпен кеңесіп шешетін. Көптің көзі көреген емес пе, мұны да жұртшылық сезбей қалмаған.
Қағбаның төрінде құрайыштардың басшысы Әбдімүттәліптің арнайы орны бар еді. Өзге түгіл өз балалары да отыруға батпайтын осы орынға бала Мұхаммедті (с.а.у.) атасының өзі отырғызатын. Жайшылықта туған балаларын құшағына алмайтын Әбдімүттәліптің немересіне деген сүйіспеншілігі шексіз. Кейде ағалары Мұхаммедті (с.а.у.) төрден тұрғызбақ болғанда:
“Тимеңдер, төр – соныкі. Абдуллаһтан қалған жалғыз тұяғымның орны келешекте дүниенің төрі болмақ. Әлі-ақ көрерсіңдер”, – деп немересін қасына алып, арқасынан қағып, ойға бататын.
Әбдімүттәліпті оятуға да Мұхаммедтен (с.а.у.) басқаның батылы жетпейтін. Атасының бөлмесіне одан өзгелер рұқсатсыз кіре алмайтын.
Бір күні Әбдімүттәліп сүйікті немересін жоғалған түйелерін іздеуге жібереді. Мұхаммед (с.а.у.) біраз кешіккен соң атасы адасып кетті ме деген оймен тағатсыздана бастайды. Уайымдағаны сондай, Қағбаға барып: “Құдіретті, күшті жасаған ием! Мұхаммедіммен тезірек қауыштыра гөр!”- деп жалбарынады.
Арадан көп өтпей-ақ Мұхаммед (с.а.у.) түйелерді айдап келіп қалады. Әбдімүттәліп жанары жасқа толып: “Жалғызым, жаным. Сен үшін жанымды беруге әзірмін. Мұнан былай жалғыз өзіңді ешқайда жібермеспін”,-дейді. Расында да, абзал ата Нұр немересін өле-өлгенше қасынан бір елі шығармаған.
Йемен билеушісінің хабары
Сол тұста Йемен билеушісі — Сайф ибн Зиязан бір кездері әкесі билеп, кейіннен хабаштықтардың қол астына өтіп кеткен жерін қайтарып алып, Гумдан деген қалада салтанатты түрде таққа отырады. Тілеулестері жер шалғайлығына да қарамастан құттықтап барады.
Әбдімүттәліп басшылығындағы Меккенің де мұнан тыс қалуы мүмкін емес. Бір топ адаммен Әбдімүттәліп сапарға шығады. Қанша қиын болса да нұр келбетті немересін осы жолы үйінде тастап кетуге мәжбүр.
Ұзақ жолдан арып-ашып келген меккелік делегацияны Сайф ибн Зиязанның өзі қарсы алады. Әбдімүттәліп қуанышқа ортақтаса келіп, сөзін:
“Біз Аллаhтың тікелей қарауындағы киелі мекеннен келдік.
Бәйтуллаһ аталатын Аллаhтың үйі – Қағбаның қызметшілеріміз. ” – деп түйіндейді.
Гумдан билеушісі Әбдімүттәліптің сөзіне риза болып:
– Ей, тілектес бауырым, өзіңді таныстырып өтсең, – дейді.
– Мен — Хашимнің ұлы Әбдімүттәліппін.
– Демек , жиеніміз болдың ғой.
– Иә, солай.
Жеңіс тойы жалғасып жатты. Қуанышты жүздер, шат-шадыман халық. Бірде Сайф әлдене есіне түскендей, Әбдімүттәліпті оңаша шақырып алып былай деді:
“Ей, Әбдімүттәліп, саған бір сыр айтпақпын, осы бір мәселенің саған қатысы бар сияқты болады да тұрады. Киелі кітаптардан оқып-білгенбіз, өте маңызды хабар, білетіндер бірен-саран ғана. ”
Әбдімүттәліп дегбірсізденіп: “Не хабар? Не?”– деді.
Сайф :
“Киелі Кітаптағы хабарға қарағанда, Тихама аймағында осы жылдары ерекше бір сәби дүниеге келуге тиіс. Екі жауырыны арасында меңі бар. Нәрестенің әке-шешесі ерте дүние салады да, баланы атасы қамқорлығына алады. Өскенде сол бала ұлы тұлға болады, даңқы жер жүзіне жайылады. Қиямет-қайымға дейін жақсылықтың жаршысы боп өтетін көрінеді. Дұшпандары не қысастық жасаса да, жеңе алмайды. Ол көпқұдайлылықты, тозығы жеткен ырымдарды жойып, Аллаhтың бірлігіне сенуге, соған құлшылық етуге үндейді. Әділеттілігі, көрегенділігі, адамгершілігі бүкіл әлемге үлгі болады” – дей келіп, бірнеше дәлелдерін тағы да айтады.
Әбдімүттәліп айтылғандарды тыңдап бола салысымен сәждеге бас қойды. Бұл жолы Сайф аң-таң болды.
“Бір нәрсе сезгеннен саумысың, баянда тезірек”, – деп Әбдімүттәліпті қолқалай бастады. Әбдімүттәліп қуаныштан жүрегі жарылардай кейіпте:
“Билеушім, өзге ұлым – бір төбе, Абдуллаһым – бір төбе дейтін балам бар еді. Ер жеткен соң оны тәрбиелі жердің қызымен – Уәһб ибн Әбдіманаптың Әминасымен үйлендіргенмін. Құдай беріп бір ұлды болған. Амал нешік, көп ұзамай балам мен келінім бірінен соң бірі өмірден озды. Солардың артында қалған ұрпағы бүгінде менің қолымда. Бойындағы бар қасиеттер сенің айтқандарыңмен сәйкес келеді”, – деп жылап жіберді.
Сайф та ақиқатқа көз жеткізіп тұрып:
“Ұзағынан сүйіндірсін. Баланы көзіңнің қарашығындай қорғағайсың, әсіресе, яһудилер оның басқан ізін аңдып тұзақ құрумен болады. Зияны тиіп кетіп жүрмесін. Бәле-жаладан Аллаhтың өзі сақтайды, дегенмен аманатыңа абай бол. Кітаптағы жазбаға қарағанда, заман өзгеріп немерең Ясрибке (Мәдинаға) хижрет етуге мәжбүр болады, ол жерде де қолдаушылары аз болмайды”, – деді.
Иә, Сайф көрегендік жасады, жалпақ жұртқа беймәлім дүниеден алдын ала хабар берді.
Әбдімүттәліптің еліне қайтар шағы жетті. Керуенді Меккеге шығарып салып тұрып Сайф:
“Баланың бойындағы өзгерістерден хабардар етіп тұрғайсың”,-деген. Амал не, осы оқиғадан соң бір жылға жетпей, ол да өмірмен қош айтысты.
Арадан көп уақыт өтпей-ақ Әбдімүттәліп аяқ астынан ауырып, төсек тартып жатып қалады. Буын-буынынан әл кетіп қарттықты жеңе алмасын сезген оның уайымы – нұрлы немересін көзі тірісінде сенімді біреуге аманат ету.
“Қай баламның қолына табыстасам екен?. . ” Қарияны күндіз-түні мазалаған сұрақ осы…
Әбу Ләһаб өз басымен әлек, қатыгездігімен аты шыққан. Оған беруге әсте болмайды. Аббас ше? Жо-жоқ, ол өз бала-шағасын асыраса да жақсы, үйелмелі-сүйелмелі шүкір баршылық қой. Мұхаммедке (с.а.у.) ерекше көңіл бөле алмас. Хамза болса жас, басы да бос, жастық қызуымен таңертеңнен қара кешке дейін аң аулаудан қолы тимейді. Баланы бағар-ау, бірақ көңілімдегідей бола қояр ма?. . Ау, Әбу Тәліп бар емес пе? Ең лайықтысы – сол. Мал-байлығы шамалы болғанмен, мейірімі мол. Сол ғана Мұхаммедтің (с.а.у.) нағыз қамқоры бола алар…”
Осылайша іштей түйіндеген соң балаларының бәрін жинап, Мұхаммедті (с.а.у.) орталарына алып “Қай ағаңның қолында тұрғың келеді?” –деп сұрады атасы. Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) атасының сауалына жауап ретінде орнынан тұрып, көкесі Әбу Тәліптің мойнына асылды. Әбдімүттәліп ойының дөп шыққанына қуанды. Сонан соң Әбу Тәліпке қарап:
“Мұхаммед (с.а.у.) — саған Аллаhтың аманаты. Басыңа нендей күн туса да оны жаныңнан жақын көріп қорғайтындығыңа уәде бер, арманда кетпейін”, – деді.
Әбу Тәліп әкесінің өзін таңдағанына әуелде сенер-сенбесін білмей аңтарылған күйі былай деп жауап берді:
“Еш уайымдама, оны өз баламнан, тіпті өз жанымнан артық қорғаймын. Мен тірі тұрғанда жан баласы оған зиян келтірмейтіндігіне серт берем”.
Әбдімүттәліп милади 578 жылы сексеннен асқан шағында мәңгілікке көз жұмды. Мекке базары Әбдімүттәліптің қазасына байланысты ұзақ уақыт жабық тұрды. Құрайыштар ардақты да аяулы ақсақалды жоқтап, бірнеше күн қара жамылды. Әбдімүттәліп Хажун бейітіне атасы Құсайдың қасына жерленді.
Бала Мұхаммедке (с.а.у.) атасының өлімі қатты әсер етті. Аяулы адамнан айрылу бұл жолы өте қиын тиген. Жаназа шығарылған сәтте біресе үнсіз егіліп, біресе еңіреп жылаумен болды.
Иә, пайғамбарымыздың бал балалығы осыншалықты ауыр қайғы-мұңға, қасіретке толы. Болашақта басына түсетін қиыншылықтарға, машахатқа толы өмірге рухы мен жүрегі сол кезден бастап әзірленіп жатқандай еді.
Дамира Өмірзаққызы Ибрагим
Адамзаттың асыл тәжі атты кітабынан үзінді