Арадан жылжып жылдар өтті. Абдуллаһ көркем мінезі мен жүріс-тұрысына сымбаты сай жігіт болды. Оған ынтық бойжеткендер де көбейе түсті. Жас жігіт мұны сезсе де білмеген сыңай танытып бақты. Баласының аяқтанар шағы жеткенін байқаған әке ұлына жар боларлық бойжеткенді қарастыра бастайды.
Әбдімүттәліптің өмірлік тәжірибесі бұл істе де дұрыс таңдау жасауына себеп болды. Бәни Зухра тайпасының ақсақалы Уәһб ибн Әбдіманаптың қызы Әминаны баласына лайық деп білген ол айттыра барады. Уәһб Әбдімүттәліптің бұл өтінішін қуана қарсы алады. Амандық-саулықтан соң Уәһб:
“Уа, бауырым! Біз бұл ұсынысты сен келмес бұрын естідік. Әминаның анасы өткен түнде бір түс көріп, үйімізге бір нұрлы сәуленің енгенін, айналаның жап-жарық болып кеткенін көріпті.
Менің де бүгін түнде түсіме бабамыз Ибраһим пайғамбар еніпті. Маған “Әбдімүттәліптің ұлы Абдуллаһпен қызың Әминаның некесін мен қидым. Сен де қабыл еткейсің”,” – деді.
Уәһбтің қызы Әмина ибалы да инабатты, әрі шежіресі жөнінен де құрайыш қыздары арасында жоғары тұратын. Қай жағынан да Абдуллаһқа лайық-тын. Жасы он төрттегі Әминаның нағыз толған айдай толысып тұрған шағы бұл. Абдуллаһ болса жиырма төрттегі қылшылдаған жігіт.
“Тойдың болғанынан, боладысы қызық демекші”, апыр-топыр екі жастың үйлену тойы өткізіліп, болашақта барша болмыстың сұлтаны болатын Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар дүниеге келетін шаңырақ құрылады.
Үйленгеннен кейін арада бірнеше апта өткенде мынадай қызық жағдай шықты. Хазіреті Абдуллаһтың жүзіндегі нұр Хазіреті Әминаның маңдайында жарқырады. Мұны көптің көзінен таса ету де мүмкін емес еді. Әмина дүниенің болашақ сұлтанына аяғы ауыр еді.
Үйленгеніне бір ай толғанда Хазіреті Абдуллаһ бір сауда керуеніне қосылып, Сирияға жол тартады. Бұл оның соңғы сапары еді. Араға айлар салып керуен елге оралғанда араларында Абдуллаһ жоқ болатын, тек оның қайтар жолда Мәдинада қатты сырқаттанып, жолға жарамайтын болған соң нағашыларының жанында қалғаны жайында суыт хабар жетеді. Мұны ести сала Әбдімүттәліп ұлы Харисті Мәдинаға жолдайды. Алайда өзгермес тағдыр тағы да өз дегенін істейді, ағасы келгенге дейін Абдуллаһ о дүниелік болады. Бақытты әкеге дүние сұлтаны боларлық ұлының нұр жүзін бір иіскеу де бұйырмайды. Абдуллаһтың денесі Мәдинадағы Ади ибн Нәжжарұлдарының бірі — Нәбиға үйінің ауласына жерленеді.
Харис суық хабарды Меккеге жеткізеді. Мекке қайғы жамылып, аза тұтады. Жас-кәрі деместен өз қалауын жүзеге асыратын аяусыз ажал Абдуллаһтың отбасына да ауыр соққы боп тиеді. Бүкіл меккеліктер аяулы ұлдарын жоқтап, көз жастарын көл қылады. Кенеттен болған қайғылы қаза, әсіресе, жас келін Әминаның қабырғасын қайыстырады. Күйеуін жоқтап ботадай боздаған Әминаның ащы даусын естіген пенденің сай-сүйегі сырқырамауы мүмкін емес еді.
…Ажал құрық салды да,
Мені тастап сен кеттің.
Кебін киіп кетіпсің,
Оны қайдан білейін.
Көзім жасын селдеттім.
Бүкіл елің ішінде
Тең келер пенде жоқ саған.
Мейірімді едің, кең едің,
Сымбатты едің, ер едің.
Дос-жараның құрметтеп
Аза тұтып, қайғыма
Ортақтасып жатқанмен
Керегі маған сен едің…
Хазіреті Әмина осылайша зар еңіреп, жан жарын жоқтап қалған тұста құрсағындағы сәбиінің дүниеге келуіне екі айдай ғана уақыт қалған.
Хазіреті Абдуллаh үйленгелі аз ғана уақыт өткен. Сол себепті анау айтқандай мал-мүлкі де жоқ. Кенеттен дүниеден озған оның соңында қалдырғаны – Үммү Әймен есімді күңі, бес түйе, бірнеше қой, бір қылыш пен азғана күміс ақша.
Ең маңызды мұрасы – Аллаhтың нәсібімен екі дүниeнің нұры болған қайырлы ұрпақ қалдырды. Иә, нұрымен бар ғаламға жарық шашатын, адамзаттың құтқарушысы атанатын Хазіреті Мұхаммедтен (с.а.у.) артық мирас болуы мүмкін бе?
ПІЛ ОҚИҒАСЫ
Адалдықтың жеңер күні де алыс емес. Қағбаға шартараптан келіп зиярат етушілер күн өткен сайын арта түсті. Қасиетті қара тастың мұншалықты көп зияратшысы барын қызғанатындар, көре алмайтындар халықтың мұнда келуіне кедергі қоймақ болады. Сондайлардың бірі – Хабаш (Эфиопия) сұлтанының қарамағындағы Йемен әкімі Әбраха Әшрам еді.
Әбраха Қағбаға келушілердің санын азайту мақсатымен Византия императорының көмегімен алдымен Сана қаласында Куллейс деп аталатын шіркеу салдырады. Алтынмен аптап, күміспен күптеп дүниенің түкпір-түкпірінен асыл тастар алдырып безендіреді. Мұндай шіркеу бұрын-соңды ешбір жерде болмаған. Шіркеуді әшекейлеп, әрлеп Әбраха халықтың назарын аударуды көксейді. Сөйтіп, Қағбаға қарай ағылған көпшіліктің сенімін, сүйіспеншілігін жоймақ болады. Шіркеу құрылысы аяқталған сәтте Әбраха Хабаш билеушісінің марапатына ие болу мақсатымен оған былай деп хат жазады:
“Уа, жоғары мәртебелі билеушім! Сенің құрметіңе таңғажайып сәулет ескерткішін тұрғыздым. Мұндай құрылысты бұған дейін арабтардан да, ажамдардан[1] да ешкім көрген емес. ”
Алайда Әбраханың тыраштануы босқа шашылу еді. Шіркеудің көз жауын аларлық безендірілуін көру үшін ғана келгендер болды. Келгендердің қай-қайсысы да құрылыстың әсемдігіне бас шайқасатын да, көп аялдамай шығып кете баратын. Ал, Қағбаға қарай ағылушылар легі сағат санап арта түсті.
Әбраханың Қағбаның беделін түсіру мақсатымен керемет шіркеу салдырғанынан арабтар тез-ақ хабардар болады. Оның бұл пиғылы халықтың ашу-ызасын туғызады. Кинана тайпасынан Нәуфал есімді араб шіркеуді ластап мазақ етуді ойлайды. Бір түні осы оймен шіркеуге барып ішіне, айналасына дәрет сындырады. Ертеңгісін болған жайды естіп-білген Әбраха ашуланып:
“Арабтарға осы қарсыласқаным-қарсыласқан. Қағбаның күлін көкке ұшырмасам ба?” -дейді.
Сонан соң Қағбаны құлату үшін Меккеге жорыққа әзірленеді. Хабаш билеушісінен бүкіл дүниеде аты аңызға айналған Махмұт атты пілді сұратып алдырады.
Әбраха әскерін жан-жақты дайындайды. Меккеге жолға шыққанда өзі Махмұтқа мініп қол бастайды. Меккеге жақын келгенде алдын ала жаушыларын жібереді. Алғаш барғандар Меккеге кірер-кірместе Мұхаммед пайғамбардың атасы Әбдімүттәліптің екі жүз түйесін, құрайыштар мен жергілікті бір тайпаның бірталай малын алып қояды. Ол кезде Әбдімүттәліп — құрайыш тайпасының басшысы еді.
Әбраха құрайыштықтарға елшісін жіберіп былай дейді:
“Мен сендермен соғысуға келгем жоқ, тек мына қара тасты құлатуға келдім. Қарсыласпасаңдар, мал-жандарыңа титтей де зияным болмайды. Егер құрайыш тайпасының басшысы менімен шайқасқысы келмесе, қасыма келсін.”
Әбдімүттәліптің жауабы:
“Біз сенімен шайқасқымыз келмейтіні бір Жаратқанға мәлім. Соғысатындай қарулы да емеспіз. Қағба – Аллаhтың үйі, оны қиратамын деу де бос әурешілік. Оны бір Аллаhтың өзі қорғамаса, бізде оны қорғайтындай, Әбрахаға қарсы тұратындай күш те жоқ ”.
Осылай деген соң Әбдімүттәліп келген елшімен ілесіп, Әбрахаға барады. Әбдімүттәліп келбетті, бойшаң, жарқын жүзді адам. Оны бір көргеннен-ақ күліп қарсы алып, амандық-саулық сұрасқан соң:
“Не тілегің бар? ” — деді Әбраха.
Әбдімүттәліп: “Әскерлерің екі жүз түйемді алып кеткен екен. Соны қайтарсаң”, – дейді.
Әбрахаға бұл жауап ұнамайды. Кекесінді түрде:
“Сені бір көргенде арыдан ойлайтын ірі адам деп қалып едім. Мына сөзіңе қарағанда жаңылысқан болуым керек. Мен ата-бабаңнан мирас боп келе жатқан құтты дүниені — Қағбаны қиратайын деп келсем, сен оны ысырып қойып, екі жүз түйеңді түгендедің ”,-деді.
Әбдімүттәліп Әбраханың зілді кекесініне мән берместен:
“Мен өз түйелерімнің ғана иесімін. Қағбаның иесі, құдіретті қорғаушысы бар. Әрине, оны қорғап қалады”, — дегенде, Әбраха ашуға мініп:
“Маған қарсы келіп, оны ешкім де қорғай алмайды”,– деп айқайлайды. Әбдімүттәліп бұл жолы да түк болмағандай:
“Оған менің еш қатысым жоқ”,-дейді тағы да.
Әбраха ақырында Әбдімүттәліптің түйелерін қайтарып береді. Әбдімүттәліп Меккеге қайтып келіп, болған оқиғаны құрайыштықтарға баяндайды. Сонан соң «қайтқан малда қайыр бар» деп екі жүз түйесін Жаратушының жолында құрбандыққа шалмақ болып, белгі соғып қоя береді.
Әбдімүттәліп Әбраханың әскерлерінің зұлымдығынан сақтану үшін халқын жинап, уақытша Меккеден кетулерін талап етеді. Өзі де бірнеше адамымен бірге Қағбаға барып, есігіне сүйеніп тұрып:
“Уа, Жаратқан Ием! Сен сақтанғанды – сақтайсың. Құлдарың осылайша сақтанып, қорғанбақшы. Сен де өз үйіңді залымдардан қорғағайсың. Зұлымдық ойлаушылар жеңіліс тапсын”, – деп жалбарына дұға етті.
Мекке босатылды. Халық тау мен тасты паналап, Әбраха әскерінің шабуылын сырттай бақыламақшы.
Мекке мен Қағба қайғылы, құрайыштықтардың жүзі солғын-ды…
Әскер әзірлігі тәмамдалды, бірақ …
Тағы бір таң атты. Меккеге баса-көктей кіріп Қағбаны жермен-жексен етуге Әбраха әскері сақадай сай, тек бір бұйрықты күтуде еді.
Милади 571 жылғы мұхаррам айының 17-сі, жексенбі. Әскер шабуылға енді кірісейін деген сәтте Әбраханың бағдар көрсетуші, жолбасшысы Нуфайл ибн Хабиб есімді адам алып піл – Махмұттың құлағына иіліп сыбырлады:
“Шөк Махмұт, шөк. Аман-есен тұрғаныңда келген жолыңмен кері қайт. Сен Аллаh тарапынан қасиетті саналған аймақтасың!” Осылай дейді де өзі тауды бетке алып кетіп қалады.
Нуфайлдың сөздерінен соң піл тұрған жерінде шөкті, әскерлер оны қанша тұрғызбақ болса да орнынан жылжыта алмады.
Йеменге бағыттап айдаса, ештеңе болмағандай шабатын піл, Шамға қарай да, Шығысқа қарай да қайқаңдай жөнеледі. Бірақ бетін Меккеге бұрғанда әл-дәрмені біткендей шөгіп жата қалады.
Ел-жұрт бұл оқиғаға таң-тамаша боп аңтарылып қалды. Дәл сол сәтте құдіреті күшті Аллаh Тағала (Құранда) «Әбабил» деп аталатын құстарды топ-тобымен теңіз жақтан Әбраха әскерінің үстіне ұшырып қоя береді. Тұрқы кішкене ғана, түрі қарлығашқа ұқсайтын әбабилдердің әрқайсысының аузында бір-бірден тістеген, аяқтарының арасында екі-екіден қыстырған үлкендігі бұршақтай тастары бар еді. Олар осы тастарды келген беттерінде әскерлердің үстіне жаудырып кеп жіберді. Тас тигені тигендей сұлап түсіп, өліп жатты.
Әп-сәтте не болғанын аңдамаған әскерлер айнала құлаған адамдар мен жануарларды көргенде беталды қаша бастайды. Әбраха да әрең дегенде құтылады. Алайда тас тиген денесінің жарасы жазылмай, ақыры арманына жете алмай о дүниеге аттанды.
Қағбаға шабуыл жасаудан бас тартқаны үшін Махмұт атты піл де аман қалады.
Аллаhтың жазуымен әбабилдер ұшып кеткен соң сол төңірекке нөсер жаңбыр жауып, өліктер мен қалдықтарды жуып-шайып әкетеді.
Ұлы Раббымыз Құран Кәрімнің Піл сүресінде бұл оқиға жайында былай баяндайды:
“Раббыңның піл иелеріне істегенін көрмедің бе?
Олардың айлаларын түкке алғысыз етпеді ме?
Олардың үстінен топ-топ құс ұшырды.
Оларға отқа қыздырылған тастар жаудырды.
Раббың оларды шөп-шаламға айналдырды.”
Бұл оқиға — ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) пайғамбарлығының бір дәлелі.
Әлбетте, Аллаh Тағала рахымы мен хикметі арқылы Хабибінің, яғни ең сүйікті құлы – Хазіреті Мұхаммедтің құрметі үшін қасиетті мекенді Әбраха әскеріне таптатпасы айтпаса да түсінікті.
[1] Арабтардан өзге ұлт өкілдері.
Дамира Өмірзаққызы Ибрагим
Адамзаттың асыл тәжі атты кітаптан үзінді