https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 285

Әбдімүттәліптің түсі

12 May 2015 0 comment Оқылды: 1914 рет

Арадан ұзақ жылдар өтті. Әбдімүттәліп Құрайыш тайпасының басшысы болып тағайындалады. Жаздың аптап күндерінің бірінде Қағба маңындағы Хижр деген жерде көлеңкеде демалып жатып,көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсінде бір адам оған:

 “Тұр жылдам, Таибaны қаз!”-деп бұйырады, “Таибa не?”-деп сұрап үлгергенше әлгі адам ғайып болады.

Оянған соң Әбдімүттәліп түсін неге жорырын білмей дал болады. “Таибaсы несі екен? Оны қазу керек дегені несі?” -секілді сан сұраудың шырмауында қалады.

Ертесіне тағы да сол жерде көз шырымын алмақ болады. Сол-ақ екен түсінде кешегі кісі:

 “Тұр, Бәррені қаз!” -деп мазалайды. “Бәрре не?” -деген сауалы тағы жауапсыз қалады.

Үшінші күні дәл сол жерде жатып, сол түсті қайта көреді.

Бұл жолы аян беруші:

 “Тұр, Мәднунені қаз! ”-дейді де жоқ боп кетеді.

Әбдімүттәліп үш күн қатарынан көрген түсінің астарындағы сырды шеше алмай әбден басы қатады. Өз ойымен әуре боп төртінші күні сол жерге тағы да жантая кетеді. Бұл жолы түсінде аян беруші:

 “Зәмзәмді қаз!”-деп бұйырады. “Зәмзәм дегеніңіз не? Ол қайда?” -деп бастырмалата жөнелген Әбдімүттәліп мынадай жауап есітеді:

“Зәмзәм – еш бітпейтін, азаймайтын түпсіз терең тұнық құдық. Қажылардың су мұқтаждығын сонымен өтерсің. Оның көзі — Қағбада құрбандыққа шалынған малдардың қаны төгілген жер мен терілері көмілген жердің арасында. Сол екі араны ден қойып қадағала. Күндердің күнінде ала қанатты бір қарға сол жерді шұқығанын көрерсің. Сол маңда құмырсқа илеуі де бар.”

Әбдімүттәліп үлкен бір іс тындырғандай боп оянады. Қуанышы қойнына сыймайды. Зәмзәм құдығы жөніндегі бірталай әңгімені бұрын да көп естіген. Бірақ оның орнын нақты білетін ешкім болмаған соң сол күйі ұмытыла бастаған-ды. Ертеректе Меккені жау шапқанда  жергілікті халық Қағбаның бар байлығын Зәмзәм құдығына тастай қашқан. Сол заманнан бері Зәмзәмнің аты бар да, заты жоқ боп қалған екен.

Әбдімүттәліп Зәмзәмнің көзін тауып ашу міндеті өзіне жүктелгенін іштей түйсінген-ді. Уақыт оздырып жатпастан белгі берілген жерге келді. Дәл сол сәтте ала қанатты қарғаның көктен құлдилай келіп қонғанын, тұмсығымен бір жерді шұқып, қайта ұшып кеткенін көреді. Ұзақ жылдар бойы құпия боп, ұмытылған тіршілік көзін тауып, көпшілік қажетіне ұсыну бақытына ие болған Әбдімүттәліп балаша қуанады. Құдықты қайта қазуға асыққанмен бір Аллаhтан басқа өзіне ғана мәлім құпияны жан баласына сездіргісі келмейді. Ертесіне жан дегенде жалғыз ұлы Харисті қасына ертіп белгіленген жерге барады да, қаза бастайды. Біраз қазған соң дөңгелек пішінді құдықтың аузы, тастан өрілген қабырғасы көріне бастайды. Әбдімүттәліп өз көзіне өзі сенбейді.

Әбдімүттәліптің әрбір қимылын көзден таса қылмай бақылаумен болған құрайыштықтар әу баста аса мән бермегенмен, жеме-жемге келгенде қарап қала алмай ақсақалдарына хабар бергізеді. Құрайыштың үлкендері құдық қазылып жатқан жерге келіп:

“Ей, Әбдімүттәліп! Бұл – біздің атамыз Ысмайылдың құдығы. Мұнда біздің де үлесіміз бар. Бұл іске біз де ортақ болайық, жұмыла көтерейік”, — дейді. Әбдімүттәліп:

 “Бұл шаруаға ешкімді де араластыра алмаймын, өйткені бұл міндет тікелей өзіме жүктелді”, – деп келіспейді.

Әрине, оның бұл жауабы құрайыш ақсақалдарына ұнамайды. Араларынан Ади ибн Нәуфал суырылып шығып:

 “Сен кіміңе сеніп бізбен салғыласасың? Жалғыз ұлыңнан басқа тігерге тұяғың жоқ екенін ұмыттың ба?” — дейді. Оның сөздеріне ызаланған Әбдімүттәліп:

 “Сен, немене, менің жалғыздығымды бетіме басқың келе ме? — деп ашуға булығып бір сәтке үнсіз қалады да, көкке алақанын жайып:

 “Уа, құдіреті күшті Аллаhым! Мені жарылқап он ұл берер болсаң, біреуін дәл осы Қағбаның жанында сенің жолыңа құрбан етер ем. Антым – осы. ” – деп айтып салады.

Оқиға мұнымен бітпесі айтпаса да түсінікті еді. Жағдайлар шиеленісе түсті, ел ішін алауыздық жайлады. Әбдімүттәліп құдық қазуды уақытша доғарып қойып, мәселені шешуді хакімге[1]тапсыруға ұсыныс жасайды. Оның бұл ұсынысы қабыл болып, Шамда тұратын Саад ибн Хүзейм есімді хакім таңдалады.

Қасына әкесімен туыс ағаларын ертіп, бір топ құрайыштықтармен бірге Әбдімүттәліп Шамды бетке алып жолға шығады. Жолдың ортасына келгенде бұлардың ауыз суы таусылып, аптап сахарада үлкен қиындыққа ұшырайды. Шетсіз-шексіз шөл далада су іздеу сағымның соңынан жүгіргенмен бірдей екенін білетін Әбдімүттәліп және оның ағайындары құрайыштықтардан жәрдем сұрауға мәжбүр болады. “Суымыз өзімізге ғана жетеді”- деген қатал жауаптан соң бұлар тіпті сасады.

Әбдімүттәліп ұшы-қиырсыз шөлде тұрғандықтарына қарамастан су іздемекке белін бекем буады. Ішкі жанайқайы «Ізде, іздесең табасың»  дейтіндей болады да тұрады. Сол сезімнің жетегіне еріп байыз таппаған ол түйесінің жатқан жеріне келеді. Түйесін айт шулеп тұрғызған сәтте өз көзіне өзі сенбейді, жануардың аяғының түбінен жылт-жылт еткен суды көреді. Қуаныштары қойнына сыймаған олар аяқ астынан қауқылдасып мәз болысады. Әбдімүттәліп су көзін қылышының ұшымен кеңейтіп ашқан сайын су молая түседі. Бір жұтым суды қимаған құрайыштықтар да бұл оқиғаға таңғалысады. Әбдімүттәліп пен оның жолдастары мөп-мөлдір судан айыздары қанғанша ішіп, жануарларын да суарып мәре-сәре болады. Сонан соң құрайыштықтарға қарап:

“Келіңдер, сендердікі не тұрыс? Жаратқан бізге су берді. Қанып ішіңдер, көліктеріңді суарыңдар”,- деп айқайлайды.

Құрайыштықтар аң-таң боп, қысыла-қымсына жақындап, суық судан рахаттанып ішіп, түйелерін суарып, ыдыстарындағы ескі суларын төгіп, жаңалап алады. Мұнан соң өз қателерін түсінген олар әп-сәтте өзгеріп сала береді.

 “Ей, Әбдімүттәліп, саған тағар кінәміз, артар айыбымыз жоқ. Мұнан былай Зәмзәмді қазуға тек сен лайықсың. Еш таласымыз жоқ. Хакімге де бармай-ақ қояйық – деді олар өкінген кейіппен. Сөйтіп, олар хакімге бармастан жарты жолдан Меккеге қайтып оралады.

Меккеге келген соң Әбдімүттәліп ұлы Хариспен бірге Зәмзәмді қазып, азғана уақыт ішінде халықтың қызметіне ұсынады. Ол кезде Әбдімүттәліп нағыз қамал алар шағында.

Арадан зулап отыз жыл өте шығады. Аллаhтың құдіретімен Әбдімүттәліптің ұлдарының саны онға жетеді. Қартайған Әбдімүттәліптің ойына мұнан көп жыл бұрын Аллаhқа берген анты оралады: серті бойынша ұлдарының бірін Қағбада құрбандыққа шалуы ләзім-ді.

Ұлдарының қай-қайсысы да ақылына көркі сай, бірінен-бірі өткен айбарлы да, ажарлы боп өсіп келе жатады. Әсіресе, он ұлдың сегізіншісі Абдуллаһ ерекше-тін. Тән сұлулығында да, жан сұлулығында да басқа бауырларынан өзгешелігі мен мұндалайтын. Өйткені дүниеге келген сәтінде әкесінің маңдайындағы аманат нұр соның маңдайына көшкен болатын. Осы нұр бет-әлпетін ерекше ажарландырып, сүйкімді ете түсетін. Алайда ешкім бұл әдеміліктің сырын білмейтін-тұғын.

 

Әбдімүттәліптің ұлдарымен

арасында болған әңгіме

Әбдімүттәліптің ұлдары зіңгіттей жігіт болып ер жетеді. Аллаhқа берген антына адал болуды көксеген әке балаларының басын қосып, өткен өмірінен сыр шертеді, қиын да болса бауыр етіндей баласының біреуін құрбан ету қажеттігін баяндайды. Тәрбиелі ұлдардың ешбірі әкелеріне қарсы келместен, мәселенің мән-жайына қаныққан соң бұл іске разы болады.

“Кімді құрбан ету жайын қалай шешеміз? Не істеу керек?”   деп сұрайды балалары.

Әбдімүттәліп көп ойланбастан:

 “Әрқайсысың бірер оқтарыңның үстіне аттарыңды жазып маған беріңдер ”-деді.

Ұлдар әке сөзін екі етпестен оқшантайларынан бір-бір оқ суырып алып, үстіне есімдерін жазып әкелеріне ұстатады. Әбдімүттәліп оқтарды ала салысымен Қағбаны бетке алып жүріп кетеді.

Әбдімүттәліп Қағбаның қасына барғанша  айналасына қалың көпшілік жиналып үлгерді. Жұрттың көзінен көкейіндегі ойды, таңғалысты байқамау мүмкін емес еді. Аллаhқа берген сөзінде тұру үшін Әбдімүттәліп ойланып жатпастан оқтарды жеребе тастаушыға ұсынды. Әрбір оқта он ұлының әрбіреуінің есімі жазулы. Жеребені тастаушы қай оқты суырып алса да Әбдімүттәліптің ет жүрегі езілері шындық еді. Өз қолыңмен өз балаңды құрбан ету дүниедегі ең ауыр сезім, ең қиын іс болса керек-ті.

Қызметкер бір оқты суырып алды. Даусы жарықшақтана: “Абдуллаһ”,- деді.

Мейірімді әке өз құлағына өзі сенгісі келмеді, оқты жеребешінің қолынан көз ілеспес жылдамдықпен суырып алып мұқият жазуды оқып шықты.

«Аб-дул-лаһ…»

Көзі жасаурап, даусы дірілдеді. Ішін аласапыран бір сезім кернеді сол сәтте. “Жоқ, мүмкін емес!”  деп айқайлап жібере жаздады. Алайда тез бойын тіктеп, Аллаhқа берген сертін есіне алып жігерін жаныды, мейірімін табандылығына жеңдірді. Ұлына қарап:

“Ұлым Абдуллаһ! Аллаh өзінің жолына құрбан етуге сені таңдады. Кез-келгенге бұйыра бермейтін осындай құрметке тоғыз бауырыңның ішінде сені лайық көрді”,  – деді.

Жиналған көпшілік те сапырылысып, дабырласып кетті.

“Қалайша Абдуллаһ? Қалай ғана көз қиып құрбан етілмекші?…. ”

Әбдімүттәліп ет жүрегі езіліп тұрса да, ішін өртеген алай-дүлей сезімді тежей білді. Жанындай жақсы көретін ұлы – Абдуллаһтың қолынан ұстап жеңін түрді. Абдуллаһ еш қарсылық көрсетпестен, айналасына қайраттана қарады, сол сәтте ол құдды ұлы бабасы Хазіреті Ысмайылдың тағдырға шын мойынсұнғандық қасиетін паш етіп тұрғандай еді.  Ибраһим пайғамбардың баласы Ысмайылды құрбандыққа шалмақ болғанда шешуші мезетте көктен Аллаһ тарапынан құрбандық қошқардың түсірілуі сәтіндегідей жүзінен титтей де қарсылық, наразылық сезілмеді.

Әбдімүттәліп бір қолымен жалт-жұлт еткен өткір пышақты, екінші қолымен баласының білегін ұстап тұрды. Құрбандық дайындығы бітті. Сол мезетте көпшілік арасынан айбарлы дауыс естілді. Құрайыштың ел басқарған тектілері келіп жеткен-ді.

 “Ей, Әбдімүттәліп, не істемек ойың бар?” -деді біреуі.

Әбдімүттәліп нұр жүзді ұлына көзін қадай тұрып:

 “Ұлымды Жаратқанның жолына құрбандыққа  шаламын”, — деді.

Жиналған жұрт тағы да жан-жақтан дабырлай сөйлеп кетті.

 “Ей, Әбдімүттәліп, мұның не? Сен Меккенің басшыларының бірісің. Сен бұлай етсең, ертеңгі күні жұрттың бәрі сенің істегеніңді қайталайды ғой. Әркім баласын құрбан ете берсе, ұрпағымыз қалай өсіп-өнбек? Мұны ойландың ба?”

Наразылық, кейіс білдіргендер ұзақ шулап, тынышталмай қойды. Жиналғандардың бәрі Әбдімүттәліптің әрекетіне қарсылық білдірді. Әбдімүттәліптің ішкі сезімдері де бұл амалына наразы еді. Тек табандылығы, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы, сөзіндегі тұрақтылығы оны жақтай түсті. Жаратқан Аллаhқа ант еткендіктен, оны орындаудан басқа шарасы жоқ еді. Өйткені Тәңір оның тілегін қабыл етіп, он ұлды болған-ды. Солардың біреуін Аллаh жолына құрбан қылмаса, жақсылыққа қанағат етпеген боп шығар еді.

Осылайша жұрт абдырап тұрғанда, ортаға Абдуллаһтың нағашы ағасы Абдуллаһ ибн Мұғира шықты.

 “Ей, Әбдімүттәліп! -деді ол гүрілдеген даусымен “Жаратқаннан ерекше жарлық келмеген болса құрбан ете алмайсың оны. Баланы аман алып қалу үшін бар мал-мүлкімізді беруге әзірміз”.

Әбдімүттәліптің де әкелік мейірімі тілге келгендей, Мұғираның ойымен келіскендей сыңай танытты. Сонда да болса қайсарлығы алған бетінен қайтпауға шақырып бақты.

Құрайыштықтар мен қалған тоғыз ұлы Әбдімүттәліпке әбден жалбарынса да, оны көндіре алмаған соң мынадай бір ұсыныс айтылды.

 “Ей, Әбдімүттәліп! Олай болса, Абдуллаһты алып Шамға бар. Сонда бір білгір әйел бар. Соған жолық, басына қиындық туған жұрт ат арытып шартараптан әлгі   әйелге   баратын,   соның  кеңесін  тыңдап  қауіп-қатерден құтылатын көрінеді. Саған да көмектесер”  – дейді.

Әбдімүттәліп бұл айтылғанды құп алады. Абдуллаһты ертіп Шамға сапар шегеді. Мәдинаға келгенде бұл білгір әйелдің Хайбарда екенін естиді де, солай қарай жол тартады. Аррафа есімді білгірмен кездесіп, бар болған жағдайды бүге-шігесіне дейін ақтарып, одан жәрдем сұрайды.

Әйел Әбдімүттәліптен:

“Сендердің дәстүрлерің бойынша бір адамның құны неге тең?” -деп сұрайды. “Он түйеге ”, -дейді Әбдімүттәліп.

“Олай болса, еліңе барып он түйе дайында, сол түйені айдап, ұлыңды жаныңа ертіп жеребе тартқан алаңға қайтып барыңдар. Жануарлар мен ұлыңның екі арасында  тұрып тағы да оқтармен жеребе тартыңдар. Жеребе балаңа шықса, қашан түйелерге түскенге дейін қайта-қайта тастай бер. Балаға шыққан сайын түйелердің санын онға арттырып отыр. Ақыры түйелерге түскен кезде оларды сол жерде бауыздап құрбан етіңдер. Осылайша әрі Раббыңның ырзалығын аларсың, әрі балаңды құтқарып қаларсың.”

Бұл білгір әйелдің ақылына разы болған Әбдімүттәліптің қуанышында шек болмайды. Уақыт оздырмай Меккеге оралады. Әбдімүттәліптің отбасы да, Мекке халқы да бұл сүйіншілі хабарға қатты қуанады.

Ертеңіне Әбдімүттәліп Абдуллаһын ертіп, он түйесін алдына салып Қағбаға келеді. Әйелдің айтқанын бұлжытпай орындайды.

Әбдімүттәліп жеребе тастаушыға:

 “Ал, баста! ”-деп бұйырады.

 Жеребе Абдуллаһқа шығады. Түйе саны жиырмаға жетеді. Тағы да тастағанда құрбандық түйелер отызға шығады. Келесісінде де, одан кейін де тағы төрт рет Абдуллаһқа түседі.

Әбдімүттәліп сасқалақтап, әбден абыржиды. Жеребе тасталған сайын қолын көкке созып бата қылумен, дұға етіп жалбарынумен болады. Ақыры түйелердің саны жүзге жеткенде барып, жеребе түйелерге шығады. Жиналған жұрт қуаныштан жылап та жібереді. Әсіресе, әкенің қуанышы ерекше-тін. Бірақ сонда да сенімді болу үшін, Аллаhтың алдындағы адалдығын сақтап қалу үшін байсалды қалпынан танбастан:

 “Үш рет тағы да тастайық. Сеніміміз нақты болсын, ішімізде күмән қалмасын”,  – дейді.

Жеребе үш рет қайта тасталады, үшеуінде де халықтың қуана айқайлағаны естіледі. Әбдімүттәліп те “Уа, құдірет! ”-деп дауыстап, тізесін бүгіп, дұға етеді. Сөйтіп, Абдуллаһ құрбандықтан құтқарылады.

Сүйікті ұлы үшін барын беруге әзір әке жүз түйені Сафа мен Мәруа төбелері арасына айдап апарып құрбан етуге бұйырады. Бұйрық сол сәтте орындалады. Сол күннен бастап бір адамның құны құрайыштар мен арабтар арасында жүз түйе болып белгіленеді.

Кейіннен Мұхаммед пайғамбар да (с.а.у.) бұған қарсы келмеген.


[1] Қазы, үкім шығарушы.

Дамира Өмірзаққызы Ибрагим

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз