Жәһилия кезінде Арабстан саяси тәртіп, қоғамдық бірізділік дегеннен мақұрым, халықтың басым бөлігі көшпенді тұрмыс кешетін. Ру-руға бөлініп, әр ру өзіне тән тәртібін, дәстүрін ұстанатын. Ұдайы өзара қырқысып, басқа шауып, төске өрлеуге әзір тұратын. Өзгенің малын талан-таражға салу, ар-намысын таптау тіршіліктің айнымас қағидасына айналған. Алауыздықты жоқ жерден, болмашы сылтаумен тудырып, тұтқиылдан шауып, малын-мүлкін алып, тіпті әйел, баланы күң, құл ету дағдысы қалыптасқан-ды.
Дұшпандық, қысастық, бітіп болмайтын дау-дамай арта түскен.
Соғыс, қан ағызуға машықтанып, үйреніскендіктері сондай, тиісерге қара таппаса жоқты-барды сылтау етіп өз іштерінде бірінің етін бірі жеуден тайсалмайтын. Бұған шайыр Құтамидің:
“Төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылған ағайындарымыз – Бәкір руынан басқа соқтығысарға ешкім болмай қалса, солардың өзіне тарпа бас салатынбыз”, – деп келетін бәйіті куә.
Ежелден ру-ру, тайпа-тайпаға бөлініп өмір сүретін арабтар бір орталыққа бірігу, бас қосу жайын ол кезде ойлап, бас қатырмады. Осы себепті Арабстан түбегінде әлеуметтік-мәдени заңдылық жоғалып, соның салдарынан зорлық-зомбылық, шабуыл-шайқас толастаған емес. Әркім өз қалауынша тірлік қылатын, мықтының дәурен сүрген кезі еді ол.
Арабстанның әдеби ахуалы
Қай салада болсын, не бір тәртіп, не бір жүйе жоқ дегенмен осы тұста арабтардың ілгерілеген саласы — әдебиет, сөз өнері еді. Ислам діні таралмас бұрын Арабстанда шешендік өнері шырқау шегіне жетті. Бұл мәселеде дүниежүзінде оларға тең келер халық та жоқ-тын.
Шайыр, өлең дегенде надан араб ішкен асын жерге қоятын. Өйткені ата-баба дәстүрі, тарих пен шежіре, наным-сенім тақырыптары осы өлеңдерде өрнектелетін. Өлең — қоғамның бірден-бір айнасы тәрізді еді.
Араб қоғамында шайырлар керемет құрметке бөленетін, нағыз қаһарман саналатын. Әрбір ру өкілдері араларынан батыр емес, ақынның шыққанын қалайтын. Өйткені қол жетпес армандарындай болған даңқ-мансапты ақындарының арқасында иеленетін. Қара халықтың өзі шайырлардың қалжыңына ілігуден, сынына ұшыраудан қорқатын.
Шайыр сөзі анау-мынау заңнан күшті қабылданатын. Оның бір ауыз сөзіне бола ру-ру болып таласқандар да, қырық жылғы кегін ұмытып татуласқандар да аз болмаған.
Ертеден-ақ өлең — арабтың дәптері деп аталған. Араб халқының тұрмысы, салт-санасы, тарихи мұралары өлең арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен.
Ақынды құрметтеу – тіршіліктің негізіндей көрінетін.
Мықты ақынның өзі де, руы да биік мәртебелі деп есептелетін.
Әсіресе, жылдың белгілі маусымдарында жиі-жиі өткізілетін жәрмеңкелерде өлеңді өсіруге, өркендетуге айрықша мән берілетін. Жәрмеңкелер бір жағынан әдеби жиын секілді болатын… Қазылар сайланып, олардың алдында өлең жарыстары ұйымдастырылып, шартараптан келген шайырлар мен шешендер тілінің майын тамызып, жеңіп шығу үшін бар күшін салатын.
Мүшәйраның жеңімпаздары анықталған соң көп ішінен озып шыққандардың төл туындылары бөз матаға жылтырақ бояумен өрнектеліп, безендірілген күйі баршаның көзіне шалынатын биікке — Қағбаның қабырғасына ілінетін.
Сол кезеңдегі ең үлкен, халық көп жиналатын жәрмеңке — Тайф пен Нахла алқабы арасындағы Уқаз жәрмеңкесі еді. Шайырлар сайысы көбінесе осы жерде өткізілетін.
Жәрмеңкелер көп салалы көрмелерге ұқсайтын, өйткені мұнда барлық рулар сауда-саттық, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық-саяси жағынан танылатын. Зилхиджа айында ашылған жәрмеңкелер жиырма күнге созылатын. Біреуге құл болып кеткен адамдарын підия[1]беріп сатып алу, ұзаққа созылған бітіспес дауларын шешу, татуласу, іздегенін табу, көксегенін іздеу, өлең оқу, сөз сөйлеп, шер тарқату үшін барша жұрт жәрмеңкеге қарай ағылатын.
Өлең-сөздің қадірін көтеру арқылы тіл (араб тілі) сол кезеңде-ақ екшеліп, байып, толыққан.
Ислам жұлдызы жарқырап тууға таяған уақытта Арабстанда әдебиет, көркем сөйлеу шеберлігі барынша дамыды. Қаптаған надандықтың қараңғылығы ішінде ғайыптан белгісіз бір құдірет адамдар санасын Құранның керемет тілін түсінуге, сөздердегі әуезділікті жан-жақты ұғуға дайындап жатқандай еді.
Құран түсе бастағанда иманға келе қоймағанмен, әдеби көркемдікті қастерлеп үйренген көптеген арабтар Аллаhтың кәламының кереметтігіне бас иген, ең үздік деп бағалаған қасидаларының Құран тілінің жанында түкке алғысыз болып қалғанын мойындап, биікке көтерген жерлерінен алып тастаған.
Кейбіреулері Құран тіліндегі әуезділікке, дыбыс үйлесімділігіне тәнті болып, соның әсерінен мұсылмандықты қабылдаған. Бұл да, әрине, құдіреті күшті ұлы Аллаhтың көп хикметтерінің бірі.
Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) ұлы елшілік міндеті жүктелер алдындағы Арабстанның жалпы діни, әдеби, мәдени, қоғамдық жағдайы осындай…
Жауыз жүректерді жібітетін, қатулы қабақтарды күлдіретін, надандық шырмауындағы көңілдерге нұр құятын тұлғаға Арабстан зәру еді. Оның, яғни ұлы құтқарушының кім боларын да мәңгілік жазмыштың Жаратушысы – Аллаһ Тағала белгілеген: Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) …
… Ол осынау әлемнің материалдық-рухани бет-бейнесін өзгертуге келетін… Ол нұрымен айналаға шұғыла шаша мына дүниенің жалғандығын, ақыреттің баяндылығын айтып, жалған өмірдегі махаббаттың да өткінші екенін ұқтырып, үмметін мәңгі бақытқа – бақилық Аллаhқа бастауға тиіс еді.
Аллаh Тағала тарапынан пайғамбарлық міндет жүктелетін бұл тұлға адамдардың басы бос еместігін ұғындырып, дүниеде атом бөлшегінен күн системасына, жұлдыздардан алып галактикаларға дейін бір ғана әмірге бағынатынын, қасиетті де ұлы мақсат жолында қызмет ететіндігін түсіндіру үшін келетін.
Ол айуандықтың, настықтың шегіне жеткен адамзатқа жоғары адамгершіліктің, биік парасаттылықтың өнегесін көрсету үшін келетін.
Ол дүниенің жаратылыс себебін, адамдардың қалай пайда болып, ақыры немен тынатынын баяндау мақсатымен келетін.
Ол адамдардың иесі – Аллаhтың өз құлдарынан не талап ететінін, дұрыс пен бұрысты ажыратып көрсетіп, сананы жаулаған сауалдарға жауап беруді мұрат етіп келетін.
Ол тек бір руға, тайпаға не ұлтқа ғана емес, бүкіл адамзат баласына Аллаhтан алған әмірлері бойынша жөн сілтеп, жол көрсету үшін келетін.
Міне, күллі әлем араб түбегінен шығуға тиіс осындай ауыр міндетті арқалаған ұлы тұлғаның келуін асыға күтті.
ПӘК ШЕЖІРЕ
Хазіреті Ибраһим пайғамбар ұстанған дін «Ханифтік» деп аталады. Аты мұсылманшылық болмағанмен заты исламға сай, яки Аллаһтың қалаған ақ жолы еді.
Пайғамбарлардың әкесі саналатын Хазіреті Ибраһимнің Ысқақ және Ысмайыл атты екі ұлы бар еді. Ол, Аллаhтың құдіретімен, Ысқақтың ұрпақтары арасынан бірнеше пайғамбар шығатынын алдын-ала сезіп, білген-ді. Алайда сүйікті жары Aжaрдaн туған ұлы Ысмайылдың нәсілінен пайғамбар шығып-шықпауы беймәлім-тін. Ақырзаманда соңғы пайғамбардың келетіндігінен хабардар Хазіреті Ибраһим, оның жанындай жақсы көретін ұлы Ысмайылдың ұрпағынан тарағанын шын көңілімен қалайтын. . .
Адам ата тарапынан іргетасы қаланған жер бетіндегі тұңғыш құрылыс – Қағба да ұзақ жылдар әсерінен әбден ескіріп, құлауға айналған еді. Аллаh Тағала Хазіреті Ибраһимге осы қасиетті ғимаратты қайта қалпына келтіруді бұйырады. Ұлы әмірді есітер-есітпес Ибраһим пайғамбар Ысмайылмен бірге құрылыс жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетеді.
Қағбаның құрылысы аяқталған соң әке мен бала қол жайып, былайша Аллаhқа жалбарынады:
“Уа, Раббымыз! Біздің ұрпақтарымыз арасынан сенің аяттарыңды оқып, кітабың мен үкімдеріңді үйрететін, оларды күнәдан аулақ болуға үндейтін пайғамбар шығар.”
Хақ Тағала шын ықыласпен оқылған бұл дұғаны жауапсыз қалдырған жоқ. Арадан жүздеген жыл өткенде Хазіреті Ысмайылдың ұрпағы Мұхаммед (с.а.у.) – соңғы пайғамбар «Хатамул-Әнбия» атанды. Бүкіл болмыстың сұлтаны саналатын Мұхаммед пайғамбар «Мен – арғы бабам Ибраһимнің дұғасымын…” дегенде жоғарыда аталған оқиғаны меңзейді.
Хазіреті Ысмайыл үбірлі-шүбірлі болды, оның немере-шөберелерінен тараған тайпалар Араб түбегінің шартарабына жайылды. Олардың арасында — Аднан ұлдары, одан Мұдар ұлдары, оның ішінде Құрайыш тайпасының Хашим руы өзгелерінен ерекшеленіп, биік мәртебе, жоғары құрметке ие болды. Бұл жөнінде де пайғамбардың өз айтқаны бар:
“Аллаh Тағала, Хазіреті Ибраһимнің балалары арасынан Бәни Хашимді[2], олардың ішінен мені таңдаған.”
Мұхаммед пайғамбардың ата-бабалары жайында толық мәлімет жоқ. Уақыт тұрғысынан ең жақын саналатындары жөніндегі мағлұматтар ғана бізге жеткен. Қолдағы барға қанағат деп, солар туралы әңгімелеуді жөн көрдік.
Құсай. Пайғамбардың үлкен атасы Құсай (шын аты – Зәйд) — өз заманының айтулы тұлғаларының бірі. Құсайдың Зухра есімді жалғыз інісі болған.
Жасы үлкен болғандықтан әулетті басқаруға да сол лайық деп табылады. Бала жасынан басқалардан артық қабілетімен ерекшеленетін Құсай, өсе келе Меккенің алдыңғы қатарлы адамдарының біріне айналады. Ұйымдастырғыш қабілеті, басшылықтағы ұстамдылығы, әділ үкімдері меккеліктердің назарынан тыс қалмайды. Халық оған үлкен сенім артып, Меккені басқаруды тапсырады. Мекке қаласын алғаш рет аудандарға (махaллаларға) бөліп, әрбір руды өз ауданына орналастырған да — сол. Меккенің маңызды мәселелері Құсайдың үйінде талқыланып, шешімдер сол жерде қабылданатын. Қағбаның күзеті, қажыларды ауыз сумен қамтамасыз ету, оларды күту, шайқасқа кірерде байрақ тігу және Мекке мәжілісіне жетекшілік жасау, т.с.с. мәселелер оған аманат ретінде тапсырылады.
Қағбаның қарсы алдында, есігі Қағбаға қарайтын алғашқы үй Құсайға арнап тұрғызылған. Бұл үй – Меккенің үкімет үйі, түсініктірек айтсақ, ішінде Мекке қалалық мемлекетінің күллі мәселелері қаралатын парламент ғимараты еді. Құсайдың бұл отауы тарихта «Дарун-Нәдуа” аталған, хижреттен соң жарты ғасырға дейін сақталған.
Мекке жұртшылығы Құсайға аса құрметпен, ізгі ілтипатпен қараған.
Хашим. Хашим – Пайғамбарымыздың үшінші атасы. Меккенің құрметті азаматтарының бірі Хашим сауда-саттықпен айналысқан. Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келетін күні жақындағандықтан, аманат нұр оның маңдайында ерекше көрінген. Хашим жан-жақты қабілетті, байсалды, жігерлі, кең пейілді, жомарт әрі баршаның сүйіспеншілігіне ие болған, оның есімімен әулеті, қала берді руы аталған. Пайғамбарымыз да содан тарайтын биік мәртебелі бұл ру кейін де осы құрметті хашимилер атауын сақтап қалған.
Хашимнен төрт ұл туған: Шәйба (Әбдімүттәліп), Әсет, Әбу Сәйфи және Надла.
Хашимнің ұрпағы Шәйба мен Әсеттен тарайды. Шәйба- Ардақты Пайғамбарымыздың екінші атасы. Әсеттен туған Хүнәйіннен перзент болмай, хашимилер шежіресі Әбдімүттәліптен тараған ұрпақтармен жалғасын тапқан.
Шәйба (Әбдімүттәліп). Дүниеге келгенде ақ шашты болғандықтан оны Шәйба (ақ шашты) деп атаған. Әбдімүттәліп – лақап аты, осы лақаппен танылған. Бұл лақапқа қалай ие болғаны жөнінде мынадай әңгіме бар.
…Шәйба бала кезінде Мәдинадағы нағашыларына жиі баратын. Бір күні көрші балалармен бірге ол Мәдинаның орталық алаңдарының біріне оқ атып жарысатын ойынға барады. Әп-сәтте балалар ойынын тамашалаған үлкендер де әлгі жерге жиналып қалады. Көп баланың ішінен маңдайы жарқыраған Шәйба жұрттың назарын еріксіз өзіне аударады. Ату кезегі өзіне келгенде, Шәйба асықпай садағын оқтап, өзіне деген асқан сенімділікпен садағын керіп кеп қалады. Оқ нысанаға дәл тиеді. Жиналған жұрт таңғалыса, сүйсіне қараған сәтте Шәйба:
“Мен Хашимимін, Бетһа бегінің ұлымын. Нысананы көздей алмасам, атамның атына кір келтірген болар ем,”– дейді шабыттана шалқып.
Оның айтқандарын жиналғандардың бәрі естиді. Әбдіманапұлдарының бірі Шәйбаға жақын барып, Хашимнің ұлы екенін нақтылап сұрап біледі. Меккеге оралған соң әлгі адам болған жайтты әкесінің бауыры Мүтәліпке баяндап береді. Осыншалықты қабілетті, ақылды баланың бөтен елде жүргендігін қаламайтынын да сөз арасында айтып қалады.
Мүттәліп мұны ести сала Мәдинаға жол тартады да, Шәйбаны алып, қайта оралады. Меккеге кірген сәтте-ақ Мүттәліптің жетегіндегі балаға көзі түсіп « Бұл кімнің баласы?” деп сұрағандар көп болды. Көз тиер деп қорыққан Мүттәліп еш ойланбастан «Бұл — менің құлым” деп қалай айтқанын өзі де байқамай қалады. Тіпті әйеліне де осылай жауап береді. Ертесіне ағасы алып берген қымбат киімдерді киіп далаға шыққан балаға көңіл аудармаған жан қалмайды. Барша жұрт оның кім екенін, қайдан келгенін таңырқай сұрайды. Білетіндер «Әбдімүттәліп, яғни Мүттәліптің құлы -деп (Абд, Әбду – араб тілінде құл дегенді білдіреді – Д. Ө.) жауап береді. Кім екендігі кейінірек белгілі болғанмен, сол күннен бастап Шәйба Әбдімүттәліп аталып кетеді.